Жетісу көркем қоласы. Табылған олжалардың көпшілігі Алматы аумағымен және оның төңірегімен тікелей байланысты. Әдетте, бұлар кездейсоқ табылған көмбелер. Көмбелер тау алды аймағынан, әдетте шөбі шүйгін әрі жері құнарлы қоныстардан табылады. Осында тіршілік еткен ерте көшпенділер – сақтар мен усуньдердің көмбелері, б.з.б.VІІІ ғасырдан б.з. ІV ғасырына дейінгі аралықта мерзімделінеді. Алайда бұйымдардың көпшілігі б.з.б. І-мыңжылдық екінші жартысынан б.з. ІІІ-ғасырына дейінгі кезеңде жасалынған. Көбіне қызығушылық тудыратын көмбелер құрамында шырақ, үстел, қазандық болады, сонымен қатар қанатты барыстар мен жолбарыстар, қодастар мен зебу-өгізі, түйелер мен жылқылар, тау текелер, қасқыр мен құстар, сондай-ақ адамдардың мүсіндері де кездеседі. Соңғы аталғандар қарулы жауынгерлерді – салт атты садақшыларды бейнеледі. Кейбір мүсіндер, сірә әйел адамдардың (киіміне қарағанда) мүсіні ғұрыптық үстелді қолымен көтеріп тұрған «атлант рөлін атқарды». Мүсіндермен әдетте ғұрыптық бұйымның шеттері мен бұрыштары, шырақтардың шеттері мен жалпақшалары әшекейленді, кейде олар «шырағдан» (шырақ) ретінде, ішінара болса да ұстағыш-сап, қазан аяғы секілді де пішінде пайдаланылды.
Көне шеберлердің қолымен жасалынған көпшілік бұйымдар қолөнердің аса көркем туындылары қатарына жатады. Саналы адамдар табылған жәдігерлерді көне заман куәсі ретінде музейлерге өткізіп отырған. Айталық, ХХ ғасыр басында Алматы ауданынан табылған, шартты түрде «Жетісулық алтарь» деп аталған олжа Санкт-Петербургтағы Эрмитажға жеткізіліп, зерттеу нысанына айналған. Нәтижесінде бұл қола үстел-алтарь ғұрыптық мәнде жасалған, оны ежелгі сақ және усуньдер жосын-жоралғыларды жүргізу үшін пайдаланылған деп топшыланған.
1979 жылы М.Қ.Қадырбаев Алматының оңтүстік бөлігіндегі Үлкен Алматы өзенінің сол жағалауынан алаңқайды қазған. Бұл жерден жоспары дөңгелек келген, аумағы 130 шаршы метр алаңқай аршылған, ол 0,4 м тереңдікке дейін қазылған. Зерттеушілердің пікірінше, «ғибадатхананың» (мінәжат орнының) ұзақ уақыт жұмыс істеп тұрғандығын сазды платформа-алтарь, жағылған от қалдықтары, құрбандыққа шалынған мал сүйектері (қой мен сиыр), құю қалпы, керамикалық ұршықбастар, жапсырып жасалынған қыш ыдыстары (тостаған, көзе, банка, хумшы) нақты көрсетеді. Дегенмен табылған заттар сақ-усунь молаларынан алынған бұйымдардан аздап өзгешелеу. Алаңқайдан шырақ (шырағдан), бүтін қазандық және тағы екі қазандықтың бөліктері шыққан. Көлденең ұстағышты қазандықтардың бірі темірден дайындалған, бөліктері сақталған қалған екеуінің тағандары бар. Ғибадатхана алаңқайы жоба бойынша бұрын топырақ жалмен немесе қабырғамен көтерілген.
Сақ және усунь ғибадатханалары (мінәжат орындары) оларды тұрғызған адамдардың күрделі түсінігінен хабардар етеді. Ғибадатхана мен одан табылған заттар арасынан шырақ-қазандық-құрбандық үстелі секілді триадаға ден қою тегіннен тегін емес еді. Әрбір заттың өзіндік қадір-қасиеті болды. Оларға сан алуан жыртқыш аңдар мүсінінің жасалынуы белгілі бір таным-түсініктен келіп туындады. Айталық, шырақта бейнеленген жолбарыс образы космогониялық сипатта да болды, ол Ғарыш шекарасын қорғап тұрды. Көпшілік сюжет отқа табынуды білдіреді. Сонымен қатар шырақта мүсінделген бейнелер жарықты, жыл мезгілдерінің ауысуын, қоршаған орта мен тылсым-дүниенің байланысын, зұлымдық пен қайырымдылық арасындағы күресті, т.б. білдіреді.
Келесі бір құрбандық үстел Алматы қаласының оңтүстігіндегі «ашық аспан астындағы ғибадатханадан» табылған. Ол – конус тәрізді жасалған нәзік тұғырға орнатылған табақша. Бұл заттың табақшасында негізгі танымдық ой-өріс қамтылған. Оның шетіне зебудің скульптуралық мүсіндері осы жануарға тән өркештерімен қоса берілген. Сиыр (өгіз) тұмсығы аздап түсіңкі және солға, сыртқа қарай қаратылған. Салт аттылардың екі мүсіні табақтың жалпақ бөлігіне орнатылған, бұлардың тек біреусі ғана сақталынған. Салт аттылар қарама-қарсы беттерге қаратылған. Қолдарында М-тәрізді пішіндегі тартылып тұрған садақ бейнеленген. Сайып келгенде барлық композиция экспрессияға толы және де мұнымен бірге шиеленісіп тұрған жағдайды күтіп тұрған сәт – жайылып жүрген хайуанаттар қатып қалған, жылқы төрт тағандап тұра қалған, садақ адырнасы тартылған, тағы бір сәт... одан жылдам түрде ысқыра жебе ұшады. Бұл көрініс нені білдіреді? Сірә, әлемнің төрт тарапын қорғап тұрған салт атты Әлем тауының шыңдарын мекен ететін күн құдайы Митраны бейнелейтін шығар. Көне замандардағы түсініктерге қарағанда, Митра – мол мүмкіншіліктері бар құдай, бұл ретте ол жайылым әміршісі, жердің сақшысы, ғарыш әлемінің қорғаушысы ретінде бейнеленген.
Алайда көріністі тағы басқалай түсіндіруге де болады. Шырақта жын-перімен күресіп жатқан Митра құдай бейнеленген, және де ол найзағай – жебе – көмегімен қара түнекті сейілтіп, жын-пері тұмшалаған өмір нұрын қайта шашып тұр. Ол жауын-шашын, жерге өмір нәрін беретін бұлтты сипаттайтын сиырларды аспанға жайып тұр. Сөйтіп, қыс пен қараңғылық кері шегініп, сиырмен бірге сайылатын көктем мен жарық келеді.
Үшінші шырақ – Алматыдағы Ремизовка маңынан табылған, бұл да нәзік таған-тұғыр мен шетті (өңірлі, қаусырлы) табақшадан тұрады. Табақшаның ортасына бес жан-жануардың мүсінінен тұратын композиция жасалынған: өлген тау теке, екі қасқыр мен екі қарға. Тау теке бір бүйірімен жатыр, алдыңғы және артқы аяқтары созыла жайғасқан, пышақ пішіндес мүйізі қайырылған. Түрегеп тұрған бір қасқыр мүсіні теке тұмсығының үстіне төне түскен, екіншісі қарама-қарсы жақта оның сауырының үстінде. Мүсіндер құйылған, іші қуыс, арқа тұсында білте орнатылған дөңгелек тесігі бар. Қасқырлар тұмсығымен құрбан болған хайуанға төніп тұр, тістері мен азу тістерін айқара ашқан. Құлақтары басына жабысқан. Көздері тамшы пішіндес, ұзынша келген. Денелері ұзын, іші тартылған, табандары мығым, тырнақтары ірі, құйрықтары ұзын.
Басқа екі жағында кішкентай шаршы тұғырға бөтеннің олжа қалдықтарын күтіп отырған екі қарға мүсіні жабыстырылған. Қарғалардың бастары бір жаққа қарай аздап қисайған, тұмсықтары қатты қайырылған, көздері дөңгелек келген. Құстардың қанаттары жиналған, денелері аздап алға қарай созылған.
Ыдыстың шетіне (қаусырына) 16 мысық тұқымдас хайуанның (барыс немесе жолбарыс) іші қуыс қола мүсіндері жабыстырылған, олар бірінен кейін бірі сағат тілінің жүрісі бойынша, аса сақ кейіпте орналасқан. Олардың ауыздары ақсиған, көздері тамшы тәрізді пішінде, дөңгеленген құлақтары, мұрындары айқын бедерленген; табанында бес тырнағы бар, құйрықтары ұзын әрі ұштары сақина секілді оратылған.
Жоғарыда сипатталған шырақтар секілді табақшадағы көріністің мифтік мағынасы бар екендігі анық. Табақшада бейнеленген кейіпкерлер усуньдердің генеалогиялық аңызында кездеседі. Қытай дереккөздерінде усунь билеушісі күнби (гуньмо) деп аталынды. Оның әкесі усуньдерді басқарған, бірақ оларға юечжилер шабуылдап, әкесін өлтірген. Алайда күнби тәрбиешісі қашып шығып, нәрестемен бірге Сюнну еліне келеді. Тәрбиеші баланы шөптің үстіне қойып тамақ іздеп кетеді, қайта оралған кезінде ол баланың жалғыз өзі емес екендігін, оны қасқыр қаншығы тамақтандырып жатқандығын, ал төбеде тұмсығында еті бар қарға ұшып жүргендігін көреді. Сөйтіп, күнби құтқарылады, ал қасқыр мен қарға усуньдер үшін қасиетті түз тағылары болып саналады.
Дегенмен көрініс семантикасының басқа да нұсқалары болуы да ықтимал.
Табақшадағы композиция ортасында ұсталынған таутеке орналасқан, оның бейнесі сақтар мен усуньдердің жартас суреттерінде кеңінен таралған. Таутеке бейнесі таудың культымен, құнарлылықпен тығыз байланысты. Таутекемен От құдайы – Агни байланыстырылды.
Қасқыр, әдетте, шөп қоректі жануарларға, бұл ретте таутекеге қарсы қойылды. Қасқыр бейнесі түн мен қыс түнегімен байланыстырылды. Шөп қоректі жануарлардың жер бауырлап келе жатқан қасқыр секілді жауы болған сияқты, Митра немесе Күн мен Жарық құдайлары жаюға алып шығатын және қорғайтын аспан үйірінде де мифтік қасқыр сынды өзінің жауы болды.
Қарашадан ақпанға дейін созылған қыстың ұзақтығы «көкжал уақыты» атауын иемденгендігі белгілі. Және де көріністегі қарға жөнінде де бірер сөз айта кеткен абзал. Әдетте жалпыадамдық түсініктерде бұл құс аспан мен күннің бейнесі болып табылады. Ә.К.Ақышевтың пікірінше, Есік обасынан табылған қанжар ұштығындағы қос самұрық Әлем ағашы үстінде отырған құстар туралы мифті білдіреді, бұл жерден олар барлық әлемді бақылап, уақыт ағымын «қадағалап» отырады. Бәлкім, өлтірілген таутеке қасындағы жарық пен отты білдіретін қарғалар аспанмен, ғаламмен байланыстырылған шығар, сөйтіп олардың қасқырлардан жеңілуі жыл мезгілдеріндегі өзгерістерді, яғни бұл жерде жарықты жеңген түнек пен жазды ығыстырған қысты бейнелеуі де ықтимал.
Жетісуда қоладан жасалған қасиетті заттар арасында қазандықтар (қазандар) да ерекше орын алады. Қазіргі таңда Алматы музейлеріне мұндай қазандықтардың ондаған данасы қойылған. Көмбелерден табылған қазандықтар саны 1-ден 10-ға дейін жетеді, бірақ ғибадатханалар (мінәжат орындары) мен культтық қола кешендеріне қатысы жоқ жекелеген даналары да ұшырасады. Қазандықтар денесі жартылай сфера тәрізді немесе тұрқы конус секілді тағанға орнатылған, тағандары кейде жыртқыш аң табаны немесе аша тұяқты мал аяғы секілді болып та сәнделген, үш тағанды қазандар сирек ұшырасады. Тағаны қайырылған жерінде арқар, айдаһар тәрізді хайуандар мен құлақты жануарлар (бәлкім құлан) бедерленген қазандар да кездеседі.
Қазандық денесі (тұрқы) әдетте жылтыратылады, кейде білікпен, жартылай сопақша, үш бұрыштармен сәнделінеді. Оларды тасымалдау үшін шетіне ұстағыштар не болмаса құлақтар жасалынады. Құлақтары бір-біріне қарама-қарсы қойылған екі немесе айқыш секілді орнатылған төрт дана болады, соңғысында екі құлағы тігінен, екеуі көлденеңінен орнатылады.
Шетінен шығып тұрған құлақтары тігінен орналасқан жұмыртқа пішінді қазандықтар да ұшырасады. Мұндай құлақтар әдетте бүркеншікті шеге (кнопка) түрінде әшекейленеді.
Кейбір қазандықтардың су ағары (шүмегі), көлденеңінен ұзын келген құлақтары да болады.
Қазандықтар сыйымдылығы әркелкі: 5-7 литрден жүз шақты литрге дейін жетеді.
Талғар қаласынан шығысқа қарай 7 км жердегі Орман қонысынан кейінгі уақытта табылған қазандар көмбесі алты данадан тұрған, олар бір-бірінен көлемі, құлақтар саны мен әшекейлері бойынша ерекшелінеді.
Әлбетте, қазандықтар саны кездейсоқтықты білдірмесе керек, олар ғибадатхана тиесілі болған жекелеген ұжымдардың (отбасы, ру, тайпа) санын да білдірген секілді. Қазандықтардың сыйымдылығы олардың ғұрыптық қолданыстағы мәніне тікелей байланысты болды.
Қазандардың символикалық мәні Геродоттың скифтер туралы әңгімесінде де келтіріледі: «... Скифтердің Ариант атты патшасы скифтер санын білгісі келді. Бұл үшін ол әрбір скифке бір-бірден жебе ұшын алып келуге бұйрық берді, оны тыңдамағандарды өлтірем деп қорқытты. Сонда скифтер орасан көп жебе ұштарын алып келді, нәтижесінде патша олардан өзіне ескерткіш соқпақ болды: ол жебе ұштарынан... мыс ыдыс жасаттырып, оны Эксампайға қоюды бұйырды». Жасалған ыдыс өте үлкен еді: қабырғасының қалыңдығы алты саусақ, ал сыйымдылығы 600 амфораға тең болды. Сөйтіп, бұл «патша-қазаны» әскердің өте мол екендігін, скиф патшасының құдыреттілігін білдірді және де Ариант патшалығының символы болды.
Қоладан жасалынған ғұрыптық көмбелердің үшіншісі құрбандық үстелдері болған еді. Олардың бірнеше даналары ғана белгілі. Арасынан «жетісулық алтарь» деп аталынған көмбе ғылыми әдебиеттерде кеңінен танымал болып отыр.
Үстел – тікбұрышты (113х126 см), шеттерінің (қаусыры) биіктігі 6,5 см-ге дейін жетеді, әрбір жағына көлденеңінен тасымалдау үшін ұстағыш (құлақ) жасалынған. Сондай-ақ биіктігі 22 см-ге жететін дөңгеленген төрт аяғы (тағаны) бар. Шетін бойлай ритмикалық қайталаумен қанатты барыс (жолбарыс?) бірінен кейін бірі орналасқан. Олардың саны 30 болған, бірақ 25 ғана сақталынған. Бейнелер жоғарыда сипатталған Алматы маңынан табылған шырақтағы қанатты барыстар мүсінін дәлме-дәл қайталайды.
Үстел шетіндегі қанатты барыс мүсіндері шырақтағы хайуанаттар секілді кеңістікті қорғап тұрғандығы сөзсіз, бәлкім бұл кеңістік сақтар мен усуньдердің жері де шығар.
Басқа құрбандық үстелдеріндегі бейнелер де көз тартады. Мәселен, бұрыштарына қодас бейнеленген құрбандық үстелі де ерекше.
Аяқтары түйе табандарына (аяқтарына) ұқсас етіліп жасалынған тағы бір үстел табылған.
Үстелдердің қолданыстағы орны түсінікті, оларға қазанда пісірілген құрбандық еттері қойылған, оны культтық салт пен салтанатты жиынға қатысушылар жеген, бұл ең алдымен жаңадан оянған табиғатқа, көктемгі күн мен түннің теңелуіне арналған Жаңа жыл – Наурызды тойлау болуы да мүмкін. Бұл Еуразия халықтарындағы маңызды да, ең көне мейрам болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |