Қазақстан археологиясы



бет66/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   62   63   64   65   66   67   68   69   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Жерлеу инвентары. Қыш құмыралар мен көзелер тазартылған қабірлердің 90%-нан кездескен. Қыш құмыралардың екі түрі бар, бірінде су ағатын жері болса, екіншісінде мұндай бөлік жоқ. Көзелерді де ұстағышына қарай екі типке бөлуге болады: сақина түріндегі ұстағыш иық тұсына немесе ортаңғы бөлігіне орнатылады; ұстағыш иық тұсы мен ернеуді біріктіріп тұрады. Керамикалардың көпшілігі қауыншы мәдениетінің қыш ыдыстарына ұқсас болып келеді.
Көп шыққан олжалардың қатарына моншақтар да жатады. Олар хрусталь мен сердоликтен жасалған дөңгелек және қырланған ірі моншақтар болып табылады. Сонымен қатар қабырғалы және дөңгелек шыны пастасынан дайындалған моншақтар да ұшырасады. Қара ақық, цилиндр тәрізді ұсақ маржандар, дөңгелек жұмыр янтарьлар да кездеседі. Миниатюралық құмыралар түріндегі керамикалық моншақтар да өте қызықты.
Кей жағдайларда ер адамдар мен әйел адамдар қабірлерінен бір сырға да табылады. Олардың типі әркелкі. Қола сымнан жасалған басы біріктірілмеген сақина секілді мұндай сырғалардың орталық бөлігі аздап жұмыр, ұштары үшкірленіп келеді. Қола сырғалар сақина іспеттес, олардың бір шеті спираль-конус алқаны құрайды. Жұқа қола жапырағынан іші қуыс етіп жасалған конусқа алқа орнатылса керек. Төменгі бөлігіне ойықша түскен жұмыр күміс сырға табылған. Әйелдердің үш қабірінен қаңқа мен мойын сүйегі арасынан және сол шынтағынан екі-екіден тұрған тау теке түріндегі қола бойтұмарлар аршып алынған. Бұлар кеуде тұсында хрустальдан, сердолик пен паста моншақтарынан түзілген алқа жиынтығына кірген. Бір рет мұндай заттар кешенінің жиынтығында қола қоңырау мен үлкен ине түріндегі тескіш те болған. Келесі бір әйелдің қабіріндегі алқа құрамына тек бір ғана тау теке түріндегі бойтұмар, түз тағыларының сүйектерінен жасалған алқа кірген.
Әйелдердің шаштары сүйектен жасалған түйреуіштермен сәнделді. Мойындарын екі сақина түріндегі бекітілген қола шынжыр жауып тұрды. Сопақша келген күміс алқа-кулон жасалуы жағынан өте өызықты. Оның ортасына қызыл тас (гранат) орнатылған, ұсақ түйіршікті белбеумен оқаланған. Пластинаның шетіне де түйіршіктердің тағы бір қатары орнатылған.
Қазба кезінде байқалған нәрсе және алдын-ала олжаларға жасалған талдау аршылған қабірлердің біртұтас мәдени-тарихи кешенге кіретіндігін пайымдауға мүмкіндік береді. Аталмыш қорымның жерлеу ғұрпы мен олжалар құрамы бұрын зерттелген Мардан (Талтақай) қорымындағы материалдарға жақын екендігін нақтылады. Сағаналардан қазылған мұндағы қабірлер б.з.б. І ғасыр мен б.з. ІІ ғасырларына жатады, ол «У-шу» типіндегі монеталар мен кедір-бұдыр өрнегі жоқ қыш құмыралар негізінде анықталған.
Ғұрпы бойынша заттар кешеніне Қыркескен қорымы да жақын, ол б.з. ІІ-ІҮ ғасырларымен мерзімделген. Көк-Мардан қаласының жанындағы қорым материалдары да бұларға өте ұқсас.
Мардан-Күйік қорымынан табылған жекелеген заттардың түрлері Орта Азия, Қазақстан, Еділ маңы, Солтүстік Кавказ өңірлеріндегі ескерткіштер материалдарынан да белгілі болып отыр. Айталық, бастың мүсіні жасалынған сүйек түйреуіштер Орта Азия ескерткіштерінен кездесетін әдеттегі жағдай. Жартылай бағалы тастар салынған, түйіршіктермен оқаланған медальондар Еуразия далалы аудандарында кейінгі сармат заманында кеңінен таралған болатын. Б.з. ІV-V ғасырларына жататын Бурабай маңындағы қабірден алынған заттар кешені де оларға ұқсайды. Аталмыш қорымнан алқа-медальон; қиыстырылған (септелген) айылбастар; қос пирамида тәрізді сердолик моншақтар; үш қалақты темір жебе ұштары; сондай-ақ дөңгеленген, бір шеті спираль секілді шиыршықталып төмен қарай түсірілген, екі ұшы бір-біріне қайыстырылған, жұқа сым түріндегі алтын сырғалар табылған. Б.з. ІV-V ғасырларына жататын Қанаттас қорымынан көлденеңінен тар күміс қапсырмалар жапсырылған белбеу аршып алынған. Мұндай бұйым онымен бір мезгілдегі Қызыл-Қайнар қонысы жанындағы бейіттен де табылған. Сол себепті де Қоңыртөбе қорымын ІІІ-ІV ғасырларға, бәлкім, VІ ғасырларға да жатқызуға болатын сияқты.
Бөріжар (Бөржар) қорымы. Оңтүстік Қазақстандағы ауқымды да, толымды зерттелген нысандардың бірі ретінде Бөріжар қорымы Орталық Азия археологиясының тарихнамасында бұрыннан белгілі. Бөріжар қорымы Арыс өзенінің жоғарғы террасасы мен оның беткейлеріндегі кең аумаққа созылып жатқан (8 км) обалар шоғырынан тұрады деп сипатталынады. Алайда, бүкіл қорым алқабы «түрлі кезеңдерге жататын обалар кешенінен, жекелеген молалардан тұрады, олар уақыт өте келе бір үлкен массивке айналған» деп те көрсетіледі. Қазба жұмыстары оба астындағы катакомбаларда, оба астындағы қабірлер мен жер үстіндегі сағаналарда жүргізілген. Катакомбалар міндетті түрде террасаның жоғарғы жағында және беткейдің ең жоғарғы бөлігіне орналасады. Ал сағаналар беткейдің төменгі жағында. Сағаналар орнында қалыптасқан жоталар алып жатқан беткейдің террасасы төменгі террасада орналасқан Жуантөбе қаласына қарай бағытталған. Катакомбада жерленген обалы қорым материалдары ерте уақытқа жатады (б.з.б. І ғасыр – б.з. ІV ғасыры). Бөріжар қорымы (катакомбалы жерлеу мен сағаналарда жерлеу) Арыс өзенінің орта ағысындағы Жуантөбе мен Қараспан секілді ірі екі қаланың қорымы секілді.
Дәлізді (дромосты) катакомбалардан тоналған ұжымдық қабірлер тазартылған. Керамика, сондай-ақ құты сауыт (фляга), темір пышақ сынықтары, моншақтар табылған. Қыш ыдыстарына қарағанда, катакомбалар І-ІV ғасырларға жатады. Осы уақыттарда Жуантөбе мен Қараспан қалалық қоныстары қалыптасқан болатын.
Сағаналарға қойылған оба астындағы қабірлер үстіне құрылыстар салынған. Олардың жер бетіндегі жоспары тік бұрышты тұрпатта және де шикі кірпішпен күмбезделген жабынмен жабылуы да ықимал.
1 сағана диаметрі 20 м-дей, биіктігі 2,8 м жота астынан аршылған. Жайылмаға қараған солтүстік беткейі тік болып келген. Екі жерлеу камерасына өтетін жері бар бұл сағананың негізіндегі ұзындығы 15 м, ені 12 м. Жерлеу камералары еденінен бастап есептегендегі қабырғасының биіктігі 1,2 м, ал солтүстік-батыс шетіндегі сыртқы бөлігінің биіктігі 1,8 м.
Құрылыс кезінде, камералар еденінің деңгейінен бастап, құрылыс қабырғасы көтерілген пахса платформа салынса керек. Оның камера ішіндегі сыртына ірі малта тастар қаланған, ал үстіне саз балшық құйылған. Камераларға кіретін есіктері орналасқан оңтүстік-батыс қабырға қалыңдығы 1,3-1,25 м (1,2 м биіктік деңгейінде), 1,2 м биіктіктегі оның еңістігілігі 0,3 м. Камераларды бөліп тұрған қабырға қалыңдығы 0,7 м.
1 камера көлемі 2,3х2,8 м. Оған ені 0,4 м, биіктігі 0,9 м, ұзындығы 1,5 м жебе ұшты арка арқылы өтуге болады. Тегіс еденіне алдымен тас төселіп, бетіне саз балшық құйылғандығы анықталған. Камераға кіретін тұс бүйірінен қаланған көлемі 50х25х10 см кірпішпен өрілген.
Камераның солтүстік-батыс бұрышынан, қазіргі жер бетінен 1,05 м тереңдіктен қыш құмыраның (биіктігі 46 см) ауызы аршып алынған. Бұл деңгейден адам қаңқасының шашылып кеткен сүйектері (саусақ, жамбас, тіс, жақ сүйек бөлігі) кездесе бастаған. Еден астындағы қабаттан (тереңдігі 1,1-1,25 см) шіріген және шашылып жатқан қаңқа сүйектері ұшырасқан. Солтүстік-батыс қабырғадан ірі құмыраның бір бүйірімен жабылған бас сүйек аршылған. Қасынан басқа да құмыралардың сынықтары аршып алынған.
Сағана еденінен, шамамен орта тұсынан басқа бір қаңқаның жамбасы мен аяқ сүйектері тазаланған. Қалған сүйектері камераның еденінде шашылып жатыр. Бұл деңгейден тағы бір қаңқаның сүйектері, соның ішінде төменгі жақ сүйегі, қабырға, иық және жамбас сүйектері анықталған.
Сөйтіп, №1 камерадан мүрделер жерленген еденнің екі деңгейі (қабаты) анық байқалған. 2,2 м тереңдіктегі алғашқы еденге өзен малта тас төселіп, саз балшық құйылған. Бұл еденнен бас сүйегі жоқ екі қаңқа шыққан. Ол жерден екі темір пышақ, белбеудің екі ірі айылбасы, жебе ұштары табылған. Еденнен 20 см жоғарырақта екінші еден анықталған. Одан бас сүйегі бар қаңқа мен екі қыш құмыра шыққан.
2 камераның ауданы 2,1х2,7 м. Камераға өтетін жер №1 камераға ұқсас болғанымен, оған шикі кірпіш өрілмеген.
1,1 м тереңдіктен аздап қисайып жатқан, аяқтары 1,55 м тереңдіктен анықталған бас сүйегі жоқ қаңқа аршылған. Қаңқа анатомиялық тәртіппен жатқан, бірақ бас сүйегі, оң аяғы жоқ, сол аяғының сүйектері тізеден төмен, саусақ сүйектері шашылып кеткен. Мойын омыртқаларының тұсынан алқаның сан алуан моншақтары мен жүзік сияқты қола сырға жинастырылған. Мұның сағана жартылай бұзылған кездегі кейінгі замандарда жерленген кешен екендігі анық.
№2 камераның алғашқы едені 2,2 м тереңдікте болды. «Түсірілген» қабірді алып тастағаннан кейін 1,75 м деңгейден негізінен еденде тұрған шашылған қаңқа сүйектері, құмыра ернеулері шыққан. Бұл қалыңдығы 0,35-0,4 м болатын едендік қабаттан 7-ден кем емес қаңқа тазартылған. Өйткені солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс бұрыштарға үйілген 7 бас сүйек пен ұзынша келген құйымшақтар табылған. Олардың арасынан 6 қыш құмыра (үш құмыра, 3 көзе); қола айна сынығы, 8-ден кем емес жебе ұштары (темір, үш қалақты, сапты); темір айылбастар мен пышақтар; 2 қола айылбас (аяқ киімдікі болуы мүмкін), қола түйреуіш; 2 сүрме тас таяқшасы; 2 янтарь, 4 хрусталь моншақтар; үш тас ұршықбас; шарикті-алқалы сырға; гранат орнатылған және түйіршіктер жапсырылған алтын кулон аршып алынған.
2 сағана біріншісінен оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Қазбаға дейін ол диаметрі 8х9 м, биіктігі 1 м-дей жайылып кеткен дөңгелек төбешік түрінде болды. Сағана шаршы пішінді. Сыртқы контуры бойынша өлшемі 3х3 м, жерлеу камерасының өлшемі 2х2 м. Сақталған биіктігі 0,7-0,75 м.
Камераға кіретін есік оңтүстік-шығыс қабырғаның ортасында орналсса керек, алайда бұл қабырға ішінара тонаушылар тарапынан бұзылған. Еденге ұсақ және орташа өзен малта тастары төселген.
Камераны тазалау барысында қазіргі жер бетінен есептегенде 0,2 м тереңдіктен қола айылбас табылған. 0,3 м тереңдіктен қола айнаның бөлігі шыққан.
Қалған олжалар жерлеу камерасының еденінде шоғырланған. Бұл жерден екі бас сүйек пен толық сақталған екі қаңқа аршылған. Сүйектердің барлығы солтүстік-батыс қабырға жанына үйіліп қойылған. Сүйектер арасынан екі жебе ұшы, темір пышақ сынығы, 6 қола тоғадан тұратын белбеу жиынтығы (екеуі «жалған айылбас») алынған.
Сағаналардағы (наустардағы) жерлеулер Сырдария өңірінде, зеравшанда, Жетісуда исламға дейінгі уақыттарда кеңінен таралған болатын. Бөріжар сағаналарына ұқсас ескерткіштер Ташкент жазирасынан және көршілес Түркістан жазирасынан (Шаға мен Сидақ некропольдері) да белгілі болып отыр. Олар ерте орта ғасырлармен мерзімделінеді. Аршылған Бөріжар сағаналары VІ-VІІІ ғасырлармен мерзімделген.
Сағаналардың бір бөлігі V-VІ ғасырлармен мерзімделінеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   62   63   64   65   66   67   68   69   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет