Сармат ескерткіштері
Б.з.б. ІV-ІІ ғасырлардағы Прохоров мәдениеті. Б.з.б. ІV ғасырда антикалық авторлар жазған Оңтүстік Орал мен Каспий маңында сармат тайпалары тіршілік етті. Олар мыңдаған жылдар бойы осында өмір сүріп әрі осында келген тайпалармен біте қайнаса отырып, бірқатар археологиялық мәдениеттер қалдырды. Оның алғашқысы «прохоров мәдениеті» б.з.б. VІ-V ғасырлар шебінде скиф, массагет және савромат секілді басты үш этномәдени құрауыш (компонент) негізінде қалыптасып, дами бастады. Қазба материалдары бұл этникалық топтардың бір мезгілде емес, бірінен кейін бірін алмастыра отырып б.з.б. VІ ғасырдан бастап ене бастағандығын нақты аңғартады.
Оңтүстік Орал археологиясында екінші кезең ескерткіштері жерлеу құрылыстары, қыш ыдыстар, қару-жарақ және де өзге бұйымдар негізінде жіктелінеді. Әдетте олар б.з.б. ІV-ІІ ғасырлармен мерзімделінеді де, ерте сармат мәдениеті немесе прохоров мәдениеті (Н.С.Рыков, И.В.Синицын, К.Ф.Смирнов, М.Г.Мошкова) деп аталынады. Кейде бұл хронологиялық кезеңді ерте темірден сармат мәдениетіне «өтетін» кезең деп те атайды.
Б.з.б. ІV-ІІ ғасырлар ескерткіштерін М.Г.Мошкова зерттеді де, олардың кезеңдестірілуін жасады.
Б.з.б. ІV-ІІ ғасырларға жататын далалы Орал маңындағы сармат ескерткіштеріне шұңқыр мен қаңқалардың оңтүстік бағыты тән.
Ерте прохоров кезеңінде солтүстіктен оңтүстікке бағытталған тікбұрышты шұңқырлары қабір шұңқырының негізгі түрі бол бастайды. Жерленген адамдардың басы оңтүстікке қаратылған. Ұжымдық қабірлер де кездеседі. Олардың ерекшелігі – ер адамның да, әйел адамның да мүрделері қатар жата береді, кейде жас бала қаңқасы аяқ жаққа орналасады.
Прохоров ескерткіштерінен алынатын құрал-саймандар біркелкі: қолдан істелінген керамика; ыдыстардың түбі дөңгелек, кейде түбі қалыңдау, көлемдері аса үлкен емес; ыдыс формасы шар түрінде, мойын тұсы тар, ою-өрнегі сирек, кейде ол денесінің жоғарғы жағынан төмен қарай түсірілген сызықтар қатарынан да тұрады. Дөңгелек немесе қалыңдау түпті, сағасы кең түтіндеткіш (курильница) те жиі кездеседі. Б.з.б. ІІ ғасырда жалтыратылған ыдыстар пайда бола бастайды.
Прохоров мәдениетіне тән обалар: Шалқар-3 қорымындағы №6, 13 обалар, Барбастау-5 қорымындағы №23 оба; Факел қорымындағы №1 обаның 2-қабірі.
Шалқар-3 қорымындағы №6 обаның диаметрі 23 м, биіктігі 1,1 м, ондағы ілкідегі жер бетінен бірі тікбұрышты, келесісі сопақша қабір дағы табылған. Біріншісінің (орталық) ұзындығы 2 м, ені 1,4 м; екіншісінің (батыс) ұзындығы 1,8 м, ені 1,5 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған. Шұңқырды толық тазалағаннан кейін біріншісі ұзындығы 3,8 м бұрыс сопақ түріндегі тұрпатқа енді. Екінші шұңқыр сопақ тұрпатын сақтап қалды, тек ұзындығы өзгеріп 3,5 м-ге жетті, ені 3 м болды. Бірінші шұңқыр тереңдігі 2,3 м, ал екінші шұңқыр тереңдігі 2,1 м. Алғашқы шұңқырдағы мүрде шалқасынан созыла жатқызылған, қолдары денесіне жабыстырылған, басы оңтүстікке бағытталған, ал қаңқасының өзі қамыс төсенішке қойылған. Қабір құрал-саймандарынан оң қолының саусақтары жанына қойылған ұзындығы 40 см темір қанжар шыққан. Сабында орақ секілді ұштығы мен көбелек түріндегі айқыштамасы (балдағы) бар. Ақинақ ағаш қынға салынған. Оң қолының саусақтары қасынан куб тұрпатты ирек ою-өрнегі бар үш тас моншақ пен дөңгелек қалыптамада жасалған қола әшекей алынған. Сол қолының саусақтарының қасынан ұңғылы, үш қалақты қола жебе ұштарының жиынтығы мен темір пышақ жатқан. Қаңқаның кеуде тұсындағы сүйектерден темір айылбас, ал аяқ жағынан қой сүйектері мен қайрақ тастармен бірге екі пышақ алынған.
№2 шұңқырдан басы оңтүстікке бағытталған, ұзынынан (шалқасынан) созыла жатқызылған екі әйелдің мүрдесі табылған. Батыс жақтағы қаңқаның оң және сол қолдарынан ирек өрнекті шаршы және дөңгелек тұрпаттағы тас моншақтардан дайындалған білезіктер алынған. Қаңқаның сол жағында үш қырлы және үш қалақты қола жебе ұштары салынған (бұрын) тері қорамсақ жатқан. Шұңқыр қабырғасы маңынан ішінде тері кесектері бар спираль түріндегі қола әшекей табылған. Оң жақ жамбасының тұсынан сынған қола айна, ал сол жақ жамбасынан сәндік қыш ыдыс алынған. Мойын сүйектері үстінен лазурит, сердолик, тас және пастадан жасалған моншақтар, құлақ қабыршағының орнынан қос спираль түріндегі алтынмен қапталған екі қола сырға аршып алынған. Бас сүйегінің артқы жағында мойыны биік, денесі шар тәрізді керамикалық ыдыс тұрған. Шығыс қаңқаның сол қолынан тастан дайындалған білезік пен үш қалақты және үш қырлы ұңғылы жебе ұштары алынған. Мойын сүйектерінде моншақтардан жасалған алқа, бас сүйегінің қасынан негізі қола сымнан істелінген екі алтын сырға табылған. Бас сүйек қасында керамикалық ыдыс тұрған.
Шұңқырдың оңтүстік қабырғасынан тоқылған боқша қалдықтары аршылған, оның ішінде сапты қола айнаның бөлігі, сәнденуге арналған сүйек таяқша, бор кесегі, жоса жатты.
Сайып келгенде, прохоров мәдениеті ерте темір дәуіріндегі ірі археологиялық мәдениеттердің бірі болып табылады. Археологиялық материалдар арқылы бірқатар топтардың Орта Азияға, т.б. өңірлерге қарай жылжуын байқауға болады. Сонымен қатар Орал өңірінде бұрын белгісіз болған ғұрыптар мен заттай мәдениет те байқалады. Мәселен, тас жәшікті пайдалану да орын алады (Жаман-Қарғалы-1, Мешітсай). Бұлардың генезисі шығыста екендігі анық. Қазақстанның батыс өңірінде б.з.б. ІІІ-ғасырға қарай тұрғындар саны біршама азайып қалады, дегенмен олардың қалдықтары Орал, Елек, т.б. өзендердің бойындағы ескерткіштерден толымды түрде көрінеді. Б.з.б. ІІІ-І ғасырларға жататын ескерткіштердің алдыңғы кездерге қарағанда өте мол болуы осы пікірді қуаттайды әрі осы кезеңде прохоров мәдениетінің мейлінше гүлденген кезі болғандығын дәлелдейді.
Батыс өңірлердегі үздіксіз мәдени даму сан ғасырлар бойы өз жалғастығын тауып отырды. Мұның ерте темір дәуіріндегі және одан кейінгі замандардағы барлық археологиялық мәдениеттерге қатысы бар. Прохоров мәдениетінің соңына қарай оның тұрғындарының этникалық келбеті күрделене түскенімен, жерлеу құрылысы, ғұрпы мен заттық мәдениетінің ықпалы келесі археологиялық мәдениеттерде ішінара болса да сақталынды.
Достарыңызбен бөлісу: |