Қазақстан археологиясы


Ерте көшпенділердің шаруашылығы, тұрмысы мен қоғамдық құрылысы



бет79/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Ерте көшпенділердің шаруашылығы, тұрмысы мен қоғамдық құрылысы
Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығына өту. Ертедегі халықтың ұлан-байтақ далалық, таулы-далалық және шөлейт кеңістіктерді игеру дәуірі, Еуропа мен Азия далалары тайпаларының шаруашылық кәсібінің жаңа формасы - экстенсивті мал шаруашылығының қалыптасу дәуірі б.з.б. І-мыңжылдықтың бас кезімен байланысты.
Б.з.б. I мыңжылдықтың бас кезінде-ақ Қазақстанның далаларында, шөлейт және таулы аудандарда жартылай көшпелі және көшпелі мал шаруашылығы негізгі шаруашылық түріне айналады. Мұндай өзгерістер бірқатар себептерге байланысты еді, ал олардын ішіндегі ең бастысы бір-бірімен аса тығыз байланысты табиғи-географиялық және әлеуметтік-экономикалык факторлар болатын.
Б.з.б. II мыңжылдықтың аяғы мен I мыңжылдықтың басында, басқа далалық аудандардағы сияқты, Казақстанда да климат өзгеріп, ол барған сайын қуаң тарта берді. Табиғи су көздері кеміді, оның өзі үлкенді-кішілі өзендердің жайылмаларында егіншіліктің өрістеуін тежеді, ал кейбір аудандарда оны күрт қысқартты.
Көшпелі мал шаруашылығына көшу дала мен шөлді жерлердегі тайпалар өміріндегі экономикалық прогресс болды. Ұлан-байтақ кең даланы шаруашылық тұрғысынан игеруге б.з.б. I мыңжылдықтың басында ерекше кең өріс алған жылқы шаруашылығының тез есуі себепші болған еді. Дала тұрғындарының мініс атын пайдалануы, атты әскердің пайда болуы жекелеген аудандардың мәдени-шаруашылық жағынан томаға-тұйықтығын бұзды, сөйтіп көршілерімен, шалғай тайпалармен, халықтармен, мемлекеттермен экономикалық және мәдени байланыстар жасалуын камтамасыз етті.
Археология деректері сол уақытта мал шаруашылығының негізгі үш түрі: көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы түрлері болған деуге мүмкіндік береді.
Шаруашылықтың бірінші түрі Батыс және Орталық Қазакстанның құрғақшылық далаларында, шөлдері мен шөлейттерінде жыл бойы көшіп-конып жүруге негізделді.
Екінші, жартылай көшпелі шаруашылық түрінде қыстап шығатын тұрақты үйлер болды, мұнда мал өсірушілер жыл сайын қыстауға оралып отырды. Шаруашылық кәсібінің бұл түрі Жетісу және Шығыс Қазақстан аудандары сияқты дала, орман және биік тау араласып отыратын шөбі шүйгін өңірлерде кең таралды. Жетісудағы экономиканың негізгі базасының екіншісі егіншілік болды, ол отырықшы қоныстарда дамыды.
Мал шаруашылығының үшінші түрі - отырықшы мал шаруашылығы бәрінен де гөрі Оңтүстік Қазақстан аудандары мен Жетісуда, сондай-ақ Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерінің бойында, Қаратау жотасы баурайларында, табиғи су қоймалары мен кең-байтақ шабындық алқаптары бар жерлерде кеңінен тарады. Табиғат жағдайлары және Соғды, Шаш пен Ферғананың егіншілік орталықтарына жақын орналасуы шаруашылықта суармалы және тәлімі егіншіліктің басым болуына, халықтың тұрақты отырықшылануына, әсіресе б.з.б. I мыңжылдықтың аяғында, мал өсіретін ірі қауымдардың жерге жаппай отырықшылануы кезеңінде ірі-ірі егіншілік коныстарының ерте пайда болуына себеп болды.
Көшпенділердегі мал шаруашылығының негізгі бағыты қой мен жылқы өсіру болды. Бұған көптеген обалардан табылған қой сүйектері дәлел бола алады. Қой етті мал ретінде ғана өсірілген жоқ, одан киіз басу, арқан есу үшін және жіп иіру үшін жүні де пайдаланылды. Обалардан табылған заттар дәлелдеп отырғанындай, сақтар киіздің неше түрін: киіз үйге ұстауға және жерге төсеуге арнап қарапайым қалың, қара киіздер және киім мен бас киім тігу үшін жұқа әрі жұмсақ талдырма киіздер баса білген. Обалы қабірлерден шыққан мал сүйектерін зерттеу осы заманғы қазақтың кұйрықты және ұяң жүнді тұқымдарына жакын қой өсірілгенін көрсетіп берді. Отарда қылшық жүнді қой басым болған, бірақ биязы жүнді қой да өсірілген.
Көшпелі-малшы және жауынгер сақтың тұрмысында жылқы үлкен рөл атқарды. Сақ заманындағы жылкының екі тұқымы болды. Тез семіретін және қысқы тебінге әбден төзімді, жатаған тебін жылқысы ең көп тараған тұқым болған еді. Жауға мінетін ең жақсы сәйгүліктерге ерекше күтім қажет болды, оларды көшпелілер айрықша жоғары бағалады, сірә, оған тек ру-тайпа ақсүйектерінің қолы ғана жетсе керек. Олар жауынгердің жеке меншігінде болды және иесі өлсе, бауыздалып, оның заттарымен бірге обаға көмілді.
Мүйізді ірі қара да өсірілген. Екі өркешті түйе көлік құралы ретінде пайдаланылды.
Шаруашылықтың жетекші түрлері - мал шаруашылығы мен егіншіліктен басқа бірқатар сақ тайпаларында қосалқы кәсіп ретінде аңшылык пен балық аулау кәсіптері де қоса жүрді. Жартастағы суреттер таулы-далалық тайпаларда аңды салт атпен қаумалап аулау, иттердің көмегімен қуып аулау болғандығын нақты көрсетеді. Таутеке, арқар, қабан, бұғы, бұлан, дуадақ ауланған.
Балық аулау Ертіс жағалауы мен Сырдария атырауында кеңінен таралды. Жетіасар және шірікрабат мәдениеттеріне жататын қоныстардан балық аулау сайсандары көптеп табылған.
Қолөнер. Еңбек кұралдарын, киімдер, қару-жарақтар, тұрғын үйлер, түрлі аспаптар жасауға керекті шикізаттардың көпшілігін ертедегі мал өсірушілер жергілікті жерде ендіріп, еңдеді. Өнерлі шеберлер өз қауымы мүшелерінің қажет заттарын жасап беріп, оған айырбасқа ауыл шаруашылық өнімдерін алды. Қауым ішіндегі айырбасқа қоса руаралық және тайпааралық айырбас та кеңінен тарады. Ұлы Жібек жолы бойында халықаралық сауда да дамыды. Кен-руда шикізаты, бірқатар шаруашылық бұйымдары, әшекейлер кейде шалғай жерлерден тасып әкелінді.
Қазақстан, Орта Азия және Сібір аумағының ертедегі халықтары өздерінің батыстағы көршілері - скиф-сармат тайпаларына қарағанда темір-мен неғұрлым кейінірек танысты деп топшыланатын еді. Мәселен, Геродот массагеттер тайпаларын суреттей келіп, «темір және күміс олардың күнделікті тұрмысында мүлде жоқ, өйткені бұл елде ол металдарды атымен кездестірмейсің. Мұның есесіне онда алтын мен мыс мол» деп тура айтады. Алайда, зерттеу жұмыстары б.з.б. I-мыңжылдықтың басында Қазақстан аумағының ертедегі тайпалары қызыл және қоңыр темір тасы, магнитті темір жылтыры сияқты тез балқитын кен түрлерімен таныс болғандығын көрсетті. Мұны б.з.б. VII-VI ғасырларда темірден соғылған бұйымдардың Орталық Қазақстан мен Жетісу обаларынан табылған едәуір жиынтығы (темір канжарлар, пышақтар, жүген әшекейлері), сондай-ақ Аралдың шығыс өңірінің ертедегі сақтар тұрақтарындағы тікелей кентастан алынған темір балқымасының (кесектер мен қоқыстар) көптеген іздері де осыны дәлелдейді.
Мыс пен қалайы өндіру неғұрлым басым болды. Саяқ пен Жезқазғандағы, Қалба мен Нарымдағы ірі-ірі түсті металлургия орталықтарынан алынған құрамында күшала және қалайы бар қоладан жасалған жоғары сапалы қола бұйымдары темір бұйымдарымен бәсекеге түсе алады.
Кен ісі техникасы мен кентасты алғашқы өндеу андронов дәуірімен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріске ұшырай қоймады. Сақ, усунь, кангюй, сармат тайпалары әсіресе қола құю ісі мен басқа металдарды өңдеу техникасында елеулі табыстарға жетті.
Өндірістік және шаруашылық-тұрмыстық мақсаттарға арнап алуан түрлі бұйымдар жасалды. Құйма қалыптар ретінде қыш, металл, кейде тас пайдаланылды. Жебенің құйма ұштары мен қанжарлар жасау үшін олар екі немесе үш ұялы жармалардан тұратын карапайым кұйма калыптарды қолданды, сақ металлургтері металл бұйымдарын жасаудың «жойылатын үлгі» тәсілімен құю сияқты күрделі әдістерін де білген. Оның мәні балауыздан немесе тоң майдан үлгі жасап алып, оның сыртын балшықпен қаптау болатын. Балшық кепкеннен кейін қалып тұтас қыздырылып, еріп кеткен балауыздың немесе майдың орнына металл құйылады. Нақ осындай тәсілмен ірі бұйымдар: үлкен мыс қазандар, құрбан шалатын үлкен үстелдер, үлкен қоңыраулар құйылды. Құйма қалыптарда олардың салмақты жармаларын бөлетін тіректер ретінде құбырлар деп аталатын арнайы істелген кішкентай цилиндрлер қолданылды. Жануарлардың қуыс мүсіндерін жасау үшін мәнерлі біліктер мен құйма жалғамалар пайдаланылды. Құйып жасалған заттардың көбі кейін қырналып, тегістелді, қажет жерлері бұрғыланды. Қалайымен аптау техникасын меңгеру ертедегі құюшылардың елеулі жетістігі болды. Қалайымен апталған бұйымдар онша таттанбайды әрі көпке шыдайын еді.
Шаруашылықтың жаңа түрлері, мәдениеттің біршама биік деңгейге жетіп дамуы, тұрмыстың қиындауы келе-келе еңбек құралдарының, қару мен тұрмыс және табыну заттарының алуан түрлі болуын талап етті. Алайда қола дәуірінің шой шүйделі балталары, қырлы және ұшты қашаулары, орақтары сияқты қола бұйымдарының ең мінсіз түрлері сақталып қалды.
Ертедегі құймашылар ат-тұрманын, қару-жарақ пен тұрмыстық керек-жарақтар жасауға ерекше назар аударды. Ерте сақ заманы жүгендерінің конструкциясы ебедейсіз әрі күрделі болатын. Оның қола ауыздықтары екі ұшы кішкентай үзеңгі тәріздес етіліп жасалды. Үзеңгі тәріздес ауыздықтар жүген жақтауларына айшықтармен жалғастырылды; үш тесігі немесе ілгегі бар бұл айшықтар қоладан, сүйектен, мүйізден жасалды. Б.з.б. V ғасырдан бастап жүгендер барынша ыңғайлы етіліп жасалатын болды; ауыздықгардың ұштары шығыршықталып, екі тесікті айшықтар шықты, тұтас алғанда жүгеннің құрылысы біршама қарапайым бола түсті. Осы уақыттан бастап ауыздық темірден жасалатын болды. Ат әбзелдерінің басқа да көптеген керек-жарақтары: айылдың күйма тоғалары, каңылтыр қаптырмалар, тартпалардың айқасқан жерлеріне арналған алуан түрлі өткермелер де мәлім.
Сақтардың қару-жарағы жебелі шағын садақтардан, парсылар ақинақ деп атаған, шабуға да, түйреуге де ыңғайлы қанжарлардан, ұзын семсерлерден, сүңгілерден, найзалардан және бітімі әр түрлі (бір жағы істік не жалпак жүзді, екінші жағы балға секілді ұзын сапты қарулар) жауынгерлік балталардан тұрды. Жауынгердің сауыт-сайманы қоладан істелген дулығадан, шағын қалқаннан және жебе салынған қорамсақ ілінген белдіктен тұрды.
Жебелердің ұшы әр түрлі: коладан жасалған неғұрлым ертедегі ұңғылы және қысқа сапты түрлері болды. Ұңғылы түрлері сүйір жапырак тәрізді, ромб тәрізді немесе бір жағы сүйір ромб тәрізді болды. Жебелердің сапты ұштарының қанды басы үш қырлы етіліп жасалды. Б.з.б. V ғасырдан бастап Қазақстан аумағында, сірә, скифтерден ауысқан болса керек, қанды басы үш қырлы, ұңғылы жебелер тараған. Жебелердің ұштары көптеп жасауға неғұрлым ыңғайлы болу үшін біркелкі түрде келеді де, бұрынғы үлгілер біртіндеп қала бастайды. Темірден жасалған жебелер шыға бастайды, бұлардың бастапқылары үш қырлы сапты қола ұштардың бітіміне ұқсас болды. Б.з.б. IІI—III ғасырларда темір жебе ұштары барлық жерде тарала бастайды.
Б.з.б. VII-VI ғасырларда соғыс канжарлары қоладан құйылды. Алғашқы ақинақтардың ерекше белгісі саңырауқұлақ тәрізді қалпақша немесе шомбал кесек бәйегі, көлденең келген сопақша калағымен немесе кол тірейтін қырымен қоса құйылған сабы болды. Неғұрлым кейінгі кезендегі қанжарлардың тұтқыры б.з.б. VI ғасырдың аяғынан бастап ұштары төмен немесе жоғары қараған айшық түрінде болды. Тұтқырлар көбінесе ғажайып жыртқыш құс — самұрықтың бас бейнесімен безендірілді немесе сақиналанып тұйықталды. Мұндай канжарлардың бәйектері бітімі жағынан көбелектің қанатына ұқсас болды немесе қарапайым қалақша тәріздес жасалды. Патша қабірлерінен (Есік) табылған семсерлер мен қанжарлар алтынмен апталған. Б.з.б. VI ғасырдың аяғында-ақ темірден не қола аралас темірден жасалған қанжарлар кездеседі. Солтүстік Қазақстандағы Айдабол қорымынан табылған ақинак осындай қоспа металдан жасалған қанжарлардың мысалы бола алады. Б.з.б. IV-III ғасырлардан бастап соғыс қанжарлары тек темірден ғана жасалатын болды.
Қорамсақтар мен ақинақтар әдетте жауынгерлердің белдіктерімен бірге табылады. Сақгардың белдіктері салмақтылығымен ерекшеленген, әдетте кұрастырмалы болып, іші куыс ірі қола қаптырмалардан тұрған. Мұндай қаптырмалардың сыртқы беті ою-өрнекпен әшекейленді, кейбіреуі мүсіндер тәріздендіріліп жасалды.
Тұрмыстық керек-жарақтан ең көп табылатын олжасы - пышақтар. Олардың бәрінің де жетесі шағын тікше, сабының ұшы дөңгелетіліп жасалған немесе тура сабының өзіне дейін тесілген болады. Б.з.б. VI ғасырдың аяғында-ақ қола пышақтардың орнына түгелдей дерлік темір пышақтар жасалатын болды. Темір пышақтар ең қарапайым әдіспен - б. з. б. VII-V ғасырлардан-ақ қолданыла бастаған темірді суықтай соғу әдісімен жасалады. Жоны бар темір пышақтар усуньдер мен кангюйлер қабірлерінен жиі кездесетін олжалардың бірі болып табылады.
Б.з.б. VII-VI ғасырлардан бастап салмақты, жиегі шығыңқы, дөңгелек табақша қола айналар кеңінен тарады. Олар айнаның сыртына орнатылған ілмегімен әйелдердің белдіктеріне ілінді. Б.з.б. V-IV ғасырларда олардың орнына дөңгелегі жайпақ және жиегінде қарапайым тұткасы бар айналар шықты. Елеулі бір нәрсе, сақ айналарының өзінің алдындағы андронов айналарынан айырмашылығы — олардың бетіне балқытылған қалайы жалатылған, мұның өзі оларды жылтыратып тұрған.
Сақ заманында металл өңдеумен бірге қолөнердің тұрмыстық ыдыс-аяқ жасау, тас қашау, сүйек ою, тері илеу, жіп иіру және тоқымашылық сияқты басқа түрлері де болды.
Тайпалардың көшпелі салты ыдыстың жаңа түрлерін туғызып, жаңа материалдарды — металл, тері және ағашты қажет етті. Көшпелі тұрмыс басым болған Орталық Қазақстанда керамикалык ыдыс тым аз жасалды, тері, ағаш және металл ыдыстар пайдаланылды. Жетісу, Ертіс бойы және Батыс Қазақстанның орманды-далалық аудандары сияқты басқа аудандарда керамикалық ыдыстар бұрынғысынша жасала берді. Жетісуда көшіп-қонғанда алып жүруге қолайлы тұрқы аласа, жатаған ыдыстар кеңінен таралды. Олардың арасында жайпақ дөңгелек тостағандар, шомбал саптыаяқтар, текше тәріздес ыдыстар мейлінше жиі ұшырасады. Түбі дөңгелек ыдысты Батыс және Солтүстік Қазақстанның мал өсірушілері де пайдаланған, ол бірінен бірі үлкейе беретін жеке-жеке таспа сияқты саздан жасалған. Жетісудағы усунь обалы қабірлерінен табылған керамика тұрпаты мен түрлері бойынша сан алуан. Қазба барысында қоныстардан астыққа арналған үлкен ыдыстар мен қазандар көптеп кездескен.
Шығыс Қазакстанның таулы аудандарының тұрғындары түрі басқаша қыш ыдысты артық санаған. Мұнда майқұйғыш тәрізді және тік мойынды кұмыралар мен аласа көзелер жиі кездеседі. Б.з.б. V-IV ғасырларда мұндай кұмыралардың сыртына көбінесе қоңыр түсті минерал бояумен әшекей салынған. Арал маңындағы сақтар мен кангюйлердің қабірлерінен сан алуан керамика кездескен: бұлар – хумдар, ас үйлік көзелер, су таситын және асханалық құмыралар, саптыаяқтар, табақтар. Керамиканы отқа қақтайтын ошақ қалдықтары табылған.
Тасқа қашап өрнек салу, бір және екі жағынан бұрғылап тесу және абразив материалмен тегістеп жылтырату техникасы кемелденді. Қанжармен және пышақпен бірге белдікке тағылып жүретін қайрақ тас малшы мен жауынгердің жанынан тастамайтын заттары болған. Белдікке таққанда ыңғайлы болу үшін оның жоғарғы жағы арнайы тесілетін болды. Қайрақ тасқа арналған негізгі материал құмтас болған еді. Бұл тас неғұрлым күрделі бұйымдар тастан кұрбан шалатын үстел жасау кезінде қолданылды. Мұндай заттарды жасарда өз ісіне жетік шебер өзекті әрі өрнекті құмтастың неғұрлым әдемі түрлерін іріктеп алған, ғұрыптық үстелдердің аяқтары түз тағыларының, әсіресе қасқырдың басымен жиі сәнделді.
Ертедегі сүйек оюшылар материал ретінде оларға шаруашылык кәсіп пен аңшылықтың өзі беретін шикізатты пайдаланды. Ең алдымен жылқының, қойдың, маралдың жілік сүйектері, жылқының тақта сүйектері, марал мен таутекенің мүйіздері өңделді. Барлық сүйектер өңделердің алдында ұзақ қайнатылған. Өткір металл кұралдардың жиынтығы пайдаланылып, сүйектен және мүйізден жебе ұштары, айшықтар, белдікке салынатын алуан түрлі қаптырмалар, түйреуіштер, тізбелер, жайпақ бедерлі тоғалар мен ілгектер, шаш түйрегіштер жасалды.
Іле өзеніндегі Бесшатыр қорымының Тянь-Шань шыршасымен жабылып, шірімей сақталған қабірлері, Берел мен Шілікті қорымдарындағы обалар ағаш өндеу мен ағаш құрылыстарды салудың кейбір ерекшеліктерін білуге мүмкіндік береді. Бесшатыр мазарларын салу үшін құрылыс ағашы Іленің қарсы беттегі жағасынан 200-250 шақырым жердегі Іле Алатауының сілемдерінде дайындалды. Ағаш кесілген жерде бұталып, тегістеліп, бөренелерге кертелер салынған. Дайындалған бөренелер арнаулы ағаш сүйретпелермен өзеннің жағасына тасылған, содан кейін байланып, қарсы бетке өткізіліп, кұрылыс орнына жеткізілген. Ауыр бөренелерді үш метрден астам биіктікке көтеру кезінде иіндер мен шығырлар жүйесі пайдаланылған. Беренелерде сақталған өндеу іздері балташылық құрал-саймандарының ішінде ауыр қола балталар — шапашоттар, алуан түрлі шоттар, қашаулар, үскілер, пышактар болғанын аңғартады. Ағаш ұсталығы да дамыды. Ағаштан сүт құятын ыдыстар, ағаш тостағандар, табақша, келілер және үй ішінің басқа да керек-жарақтары жасалды, қабықтан зооморфтық және өсімдік бейнелес күрделі өрнектер қиылды, олармен ер-тоқымдар, ағаш табыттар, жебе салынған қорамсақтар, әр түрлі қын-қынаптар әшекейленді.
Алтай тайпалары ағашты көркемдеп оюды меңгерді. Көптеген аң стилінде жасалған әшекейлердің негізін ағаш құрады, содан соң ол алтын қаңылтыршамен қапталды.
Берелден бүтін самырсын бөренесінен ойылып жасалған табыт-астау табылып, ағаш өңдеудегі қима дайындау техникасы анықталған.
Шикі кірпіштен тұрғынжай құрылысын салу, дуалдар тұрғызу, ағашты пайдалана отырып күмбезді және қабықты жабын жасау Арал маңындағы сақтарда, Кангюй тұрғындарында дамыды. Шикі кірпіштерден жартылай жер асты, жер асты сағаналарын тұрғызумен отырар-қаратау мен жетіасар мәдениеттерінің өкілдері кеңінен айналысты. Кірпіш дуал, мұнара және қаланың басқа да фортификациялық құрылыстарын тұрғызу үшін пайдаланылды.
Қоғамдық құрылыс. Б.з.б. I-мьңжылдықтың басы алғашқы рулық қатынастар ыдырап, жаңа әлеуметтік кұрылымның қалыптасу үрдісінің жедел жүруімен сипатталынады.
Қоғамдық кұрылыс кұрылымын схемалык тұрғыдан былайша елестетуге болады: шағын туыс отбасылар тобы (патронимия) – көшпелі қауым — тайпа – тайпалар одағы – мемлекет.
Бұл тұрғыдан алғанда, Бесшатыр корымы мәдени және ежелгі сәулет өнерінің ескерткіші ретінде ғана емес, сонымен қатар мүлік теңсіздігінің ескерткіші ретінде де ғылыми назар тудыртады. Жетісу атырабында «патша обалары» деп аталатындардың көп болуы бұл жерде б.з.б. VII-IV ғасырларда мал өсіруші сақтар арасында мүлік теңсіздігінің айқын анықталғанын көрсетеді.
Мұндай ескерткіштер қоғамның әрбір мүшесінің моласының үстіне тұрғызыла бермейді, олар адамдардың шағын тобының (элитаның) еншісіне айналған. Мындаған шағын үйінділермен салыстырғанда үлкен обалар санының аз болуы қоғамның бөлінгенін даусыз түрде дәлелдейді.
Б.з.б. V-IV ғасырлардың өзінде-ақ жетісулық сақтар қоғамдық дамудың неғұрлым жоғары сатысында тұрды. Оларда мемлекет болған еді.
Б.з.б. ІХ-V ғасырларда Қазақстанда Бесшатыр, Есік, Жетітөбе, Шілікті мен Ұйғарақ сияқты тас пен топырақтан үйілген алып обалардың, ал егінші-малшы сақтар аймағында сәулеттік шешімі бойынша күрделі шикі кірпіштен салынған Түгіскен кесенесі мен Шірік-Рабат некропольдерінің (Арал маңы) пайда болуы бекерден-бекер емес еді. Қазба жүмыстары олардың сақ қоғамының жоғары дәрежелі адамдарының сағаналары екенін дәлелдеп берді. Обалы үйінділердің ауқымдары адамның белгілі бір әлеуметтік дәрежеге жатуына сай белгіленген. Сақ обаларын осылайша түсіндіріп бағалаудың дұрыстығына олардың біреулерін (патшалық) қазған кезде лақыттардан көп материалдық қазыналардын табылуы, Есік обасында болғанындай, киім-кешек пен қарудың байлығы, басқаларында (қатардағыларында) мұндай заттардың болмауы да дәлелдей түседі.
Есіктегі жерлеуге жұмсалған түрлі бұйымдар – қоғамның жоғары дәрежелі тұлғасының байлығы мен билігінің өлшемі. Лауазымды адамдарды сақтардың өздері қалай атағаны белгісіз, бірақ Бесшатыр мен Есік обаларында жерленгендерді патшалар деп атауға болады.
Иерархиялық сатының биік тұғырында – патша мен ханша, шонжарлар мен «ақсүйек» адамдар, салт атты жауынгерлер, төменгі сатысында тәуелді адамдар, құлдар, қызметшілер, жаяу жауынгерлер орналасқан.
Сақтарда мүлікке қарай қоғамның топтарға бөлінуі еуропалық скифтерге ұқсас болды. Соңғыларында, антикалық жазба деректеріне қарағанда, арнайы патша некрополь-бейіттерінде үлкен обалар болған. Мұндай жағдай Батыс Қазақстандағы Қырық-Оба, Тұңғыш секілді обалары бар савромат және сармат қоғамына да тән болды.
Өлген патшаларға алтын киім киіндіріліп, мүрдесі кең лакытқа қойылған, ал олардың үстіне зәулім архитектуралык ескерткіш – алып оба тұрғызылған. Қоғамның басқа мүшелерін жерлеу ғұрпы иерархиялық басқыш сатыларының төмендеуіне қарай оңайлатылып отырған.
Ғұрыптық іс-әрекеттердегі патшаның жеке басының дәріптелуінде саяси астар жатты, ол жерлеу ғұрпының рәсімдерін сақ патшалары әулетінің бұлжымастығын идеологиялык жағынан негіздеу максатымен бұқараға діни ықпал жасау ретінде пайдаланған. Жарқыраған киім патшаның тұлғасын асқақтатып, оны күн бейнелі кұдай дәрежесіне көтерген. Бас киіміндегі зооморфтық бейнелердің діни-идеологиялық мазмұны осы қорытындыны растайды. Есік жауынгері бас киімінің маңдай жағындағы канатты және мүйізді пырақ бейнесіне күрделі символика негіз етіліп, сақтардың діни дүниетанымының қағидалары бейнеленген.
Есік олжаларының қарастырылып отырған проблема үшін маңызы жазу ескерткішінің — жазбасы бар күміс тостағанның табылуына байланысты арта түседі. Кез келген қоғамда жазудың болу фактісі әлеуметтік-экономикалык ұйым дамуының жоғарғы деңгейін білдіреді. Мемлекеттік құрылым үлгісіндегі қоғамдық құрылыс түрі осындай орган болуы мүмкін. Мемлекет пен жазудың пайда болу үрдістері өзара байланысты болған еді. Усунь, кангюй, хуннулар ендігі жерде жеткілікті дәрежеде дамыған мемлекеттілік қалыптастырды. Оларда әлеуметтік дифференциация, патша билігі, бюрократиялық аппарат, дипломатиялық практика белгілері толығымен кездеседі.
Мәдениет пен өнер. Ерте көшпенділер кезеңіндегі Қазақстан тайпаларының мәдениеті мен өнері дамудың біршама жоғары сатысына жетті. Темір металлургиясы, көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы материалдық және рухани мәдениет түрлерін түбірімен өзгертті. Еуразияның мал өсіретін тайпаларының өз негізінде біртұтас экономикалык базисі, экономикалық және мәдени байланыстары Оңтүстік Сібір, Алтай, Қазақстан аумағын, Еділ бойын, Солтүстік Қара теңіз өңірін мекендеген тайпалар мен халықтардың – сақ, сармат, скиф, усунь, кангюй, хуннудың көптеген ұқсастығы бар мәдениетін өмірге әкелді.
Ғылымда көшпенділердің тұрмыс салты мен тұрғын жайы туралы деректер көп емес. Кейінгі қола дәуірінде көшіп-қону тұрмыс салтына лайықты, тігіліп-жығылатын киіз үй келіп шықты. Аңызға айналған аргиппейлерді сипаттай келіп, Геродот былай деп жазды: «Олардың әрқайсысы ағаштың астында өмір сүреді. Қыста ағаш кез келген сәтте тығыз ақ киізбен жабылады, ал жазда жабусыз қалдырылады». Көшпелі тұрғын жайдың бұдан кейінгі эволюциясы барысында киіз үйдің құрылымы кемелдене түсті, бірақ оны жасаудың принципі қола дәуірінде-ақ белгілі болған еді.
Геродот пен Гиппократтың хабарлайтынындай, мал өсіретін тайпалардың көш-қоңды тұрғын үйлерімен бірге, көшпелілер мен жартылай көшпелілерде барынша кеңінен тараған төрт және алты доңғалақты арбаларға орнатылған киіз үйлер де болды. Қазақстан аумағының оңтүстік, шығыс және солтүстік аудандарында тұрақты тұрғын үйлер: оңтүстікте - шикі кірпіштен, солтүстікте және шығыста – бөренелерден салынған үйлер болғаны мәлім. Сырдария мен Арал маңындағы, Жетісудағы сақтарда фортификациясы, баспаналары дамыған қоныстар мен қалалар пайда бола бастайды. Усуньдер мен кангюйлер дәуірінде қала мәдениеті толығымен қалыптасады.
Сақтардың киім, бас киім және аяқ киім үлгісі туралы мәліметтер бар. Мәселен, Геродот сақтар топтарының бірі жайында олардың тығыз киізден тігілген шошақ бөрік, кафтан киетінін, түземдік садақ асынғандығын, қысқа семсерлер мен айбалта ұстағандығын хабарлайды. Персепольдегі Ксеркс сарайының бедеріндегі және Пасаргадтағы Дарий мазарындағы бейнелер сақтардың киімі туралы айқын түсінік береді. Оларда бейнеленген сақтар биік шошақ бөрік, денемен дене, тізесіне дейін жететін бешпент киген, белбеу буынған, тар шалбар және өкшесіз аяқ киім киген; белбеудің оң жағына канжар, ал сол жағына садақ ілінген.
Археологиялык олжалар осы түсініктерді қуаттап, толықтыра түседі. Б.з.б. VI-V ғасырлардағы Орта Азия тұрғындарының Әмудария көмбесінен табылған алтын және пластина табақшаларында бейнеленген киім-кешек пен аяқ киім иран бедерлеріне жақын, бірақ бас киімінің шошақ төбесі мұнда төмен қайырылған. Тараздан табылған сақтың қола мүсінінде тік жағалы қысқа бешпент, қырлы дулыға киген адам бейнеленген; Жетісудан табылған алтын тоғалардан жалбағайлы шекпен киген салт атты бедерленген.
Есік обасынан табылған олжа ақсүйек сақтың сән-салтанат киімін, бас киімін, аяқ киімін, үстіне тағатын сәндік заттарының қалай орналасатынын қалпына келтірудің ілуде бір кездесетін мүмкіндігін береді.
Тоң болып қатып жататындықтан Таулы Алтайдағы сақ обаларында неше түрлі киімдер: тігіс-тігісіне қызыл жүн бау жүргізіліп әшекейленген ак мата көйлектер, ақ талдырма киізден және бұлғын терісінен тігілген бешпент, жалбағайлы киіз күртешелер, ерлер мен әйелдердің киіз ұйықтары, әйелдердің тар жеңі кестеленген бешпенттері мен қысқа қонышының ойығы бар шегірен етігі, бұлғын терісінен тігілген балалар мен әйелдердің кеудешелері және т. б. сақталған.
Жетіасардағы қазба жұмыстары сақталған мата қалдықтары, белдік, әшекейлер мен тоғалар негізінде кангюй ер адамы мен әйел адамының киімдерін қалпына келтіруге мол мүмкіндік берді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет