Қазақстан археологиясы


Діни нанымдары мен ғұрыптары



бет80/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Діни нанымдары мен ғұрыптары. Жерлеу материалдарына карағанда, ата-баба аруағына, отбасылық-рулық әулиелер мен желеп-жебеушілерге сыйыну ғұрыптары болған. Бұл ғұрыптардың шығуы өлген тумаларының мәңгі жасайтынына, өлгендер өзінің рулық қауымының салттары, үйреншікті ғұрыптары мен ережелері бойынша өмір сүре беретін о дүние бар деген сенімге негізделген. Осыдан келіп өлген адаммен бірге оның беделі мен қауымдағы алатын орнына лайық мүліктің көмілуі, қауымның жеріндегі ру зиратында атқарылатын әрбір тайпаға немесе тайпалар тобына тән күрделі жерлеу ғұрпы шыққан. Малшыларда бұл ең алдымен қыстау маңы болды. Өлгендердің бәрі әдетте жылдың қай мезгілінде болса да, шалғай жерден болса да осы жерге жеткізілді.
Сақ пен усунь тайпаларының жерлеу ғұрпы алдындағы уақыттың ғұрыптарынан едәуір ерекше болды. Егер қола дәуірі үшін тас қоршаулар мен тас жәшіктерге жерлеу тән болса, сақтар мекендеген аудандардың бәрінде обалы қорымдар болып, адамдар көбіне сопақша етіліп қазылған қабірлерге жерленді. Лақыттап және ақымдап жерлеудің жаңа түрлері шықты.
Жерлеу ғұрыптарының салттарында да бірсыпыра айырмашылықтар орын алып, олар шағын және уақытша сипатта болған. Мәселен, Оңтүстік Орал сырты мен Батыс Қазакстанның савроматтары өлген тайпаластарын бетін ағашпен жапқан тар немесе кең тік бұрышты шұнкырларға көмген. Осы аумақтағы кейбір тайпаларда шаршы және шеңбер түріндегі кабірлерге жерлейтін болды, ұзын қабырғаларының жақтауынан шығарылған кертпешелері немесе ойықтары бар кабірлер ұшырасады.
Арал маңы сақтарында түбін айнала шамалап орлаған, жерден ойып нар жасаған және түбінің бұрыш-бұрышына не оны айналдыра орнатылған діңгектердің орны бар өзінше бір үлгідегі кабірлер кездеседі. Жетісуда және Алтайда ауқатты адамдар сол кездегі жердің бетіне салынған не жерді қазып орнатқан үлкен ағаш қималарға қойылатын болған. Бұл аудандарға карапайым адамдарды бір қабірге бірнешеуін жерлеу немесе аса терең қазылмаган қабірлерге бірінен кейін бірін жерлеу ғұрпы да тән. Орталық Қазақстанда жалпақ тақта тастармен жабылып, жерден қазылатын сопақша жерлеу тұрақты дағдыға айналды, нақ осында тас кешенді обалар түріндегі мола құрылыстардың ерекше үлгісі де болған. Тайпалардың жерлеу ғұрпындағы айырмашылықтар оларда біртұтас жүйелі діни ұғымдардың болмағандығын көрсетеді. Кангюйлерде оба астындағы катакомбаларда, бүйірлі молаларда, жер бетіндегі және жер астындағы сағаналарда, қолдан балшықпен платформа жасалған молаларда жерлеу кеңінен орын алды.
Қазақстанның мал өсіруші тайпаларының отқа, жылқыға, күнге және басқа аспан шырақтарына табынумен байланысты ғұрыптары да болған. Антик деректемелері мен көне ирандық деректемелер бірқатар сақ тайпаларының сыйынатын басты құдайы Күн болғанын анық көрсетеді, онымен аспан отының бейнесі тығыз байланысты болған. Орталық Қазақстан мен басқа аудандардың сақ қабірлерінде Күн-құдайға құрбандыққа жылқы шалу дағдысы талай рет анықталды, әр түрлі нұсқалары: аттың өлігі мен оның тұлыбын көму, аттың басы мен аяқтарының терісін көму, ат әбзелдерін немесе олардың жекелеген бөлшектерін көму нұсқалары да мәлім.
Бәрінен тазартатын киелі күш деп біліп, отқа табыну Күнге табынудан келіп шыққан. Ол Еуразияның мал өсіретін көптеген тайпаларында кеңінен таралған. Батыс Қазақстандағы ағаштан жасалған мола үстіндегі құрылыстарды өртеу ғұрыптары зұлым рухтарды жолатпайтын оттың тазарткыш күшіне сенумен байланысты. Арал маңы сақтары сияқты, Елек пен Жайық савроматтарының қабірлерінен де қызыл бояу – от пен Күннің символы жиі ұшырасады. Қола (Жетісу) және тас (Арал өңірі, Орталық Қазақстан, Оңтүстік Орал сырты) құрбандық мехраптарының көптеп табылуы күнге, отқа және үйдегі ошаққа сыйынумен байланысты.
Діни нанымдарында өлген адамға екі түрлі қарау айқын аңғарылады: бір жағынан, оны кұрметтеп, оған сыйынатын болса, екінші жағынан тайпаластарға өлген кісінің жаны қайтып келіп кіреді деп қорқатын болған. Соңғы жағдайда отқа табыну, сірә, өзінше бір сақтану қызметін атқарған болса керек. Нақ осы мақсатпен жерлеу ғұрпы атқарылған кезде обаларды айнала ондаған жерге от жағылатын болған, мәселен, Орталық Қазақстандағы Қараоба және Жетісудағы Бесшатыр қорымдарында осылай істелген.
Анимизм, тотемизм және магия сияқты алғашқы ең ежелгі діни ұғымдар да сақталды. Қабірлерден әдейі сындырылған бұйымдардың жиі кездесетінін ғалымдар анимизмен, заттардың жаны болады деген сенімнен деп түсіндіреді. Тайпалас адамдар өлген кісінің қаруын, айнасын және басқа да меншікті заттарын әдейі сындырғанда, өлген адамның жанымен бірге өліктер еліне жететін заттардың жанын азат етуге көмектестік деп сенген.
Тотемизмнің және магияның сарқыншақтары әр түрлі тұмарларда, тылсымдар мен бойтұмарларда сақталған. Рудың немесе тайпаның қайсыбір мифтік хайуан тегінен шығуы туралы ұғым жануарлардың металдан жасалған мүсіндерінде бейнеленген. Шайқастарда желеп-жебейді деп онымен қару, жауға мінетін атты сақтасын деп жүгенді безендірген. Сақтарға жақсы таныс жабайы андар бейнесіндегі киелі хайуандар туралы олардың шапшаңдығын, ептілігін және көбіне киелі күшін мадақтайтын аңыздар шығарылған.
Бейнелеу өнері. Сақ заманы тайпаларының мәдени шығармашылығының ең жарқын керіністері арасында қодданбалы өнер ерекше орын алады. Оның басты құрауышы б.з.б. VIIІ-VI ғасырларда қалыптасып, Сібірдің, Қазақстанның, Орта Азияның және Оңтүстік Еуропаның тайпалары арасында тараған аң стилі деп аталатын өнер болды.
Алғашында Скифияда, ал кейіннен Сібірде де бастапқы табылған орны бойынша бұл бейнелеу шығармашылығы шартты түрде скифтік-сібірлік аң стилі деп аталады. Оның негізгі тақырыбы андарды, хайуандарды және аңыздағы зооморфтық ғажайыптарды бейнелеу болды.Мазмұны жағынан мифо-логиялык, түрі жағынан реалистік аң стилі өнері сәндік сипатта колданылды. Бейнелеу әдістерінің көбі қазандар мен құрбандық ыдыстарын, семсер, қанжар, қорамсақ, айбалта, жүген, айна секілді заттарды, киімді, тулардың сабын әшекейлеу үшін пайдаланылды.
Ертедегі шеберлер көп жағдайда заттардың пайдалылығын бейнелеуді мазмұндылығымен жақсы үйлестіріп отырды, осының нәтижесінде олардың жасаған көптеген бұйымдары дүние жүзіндегі ең тандаулы үлгілерден қалысқан жоқ. Ертедегі суретшілердің шығармашылығы өздерінің айналасындағы жануарлар дүниесінің нақты бейнелеріне етене жақын болды. Сақ шеберлері арқар мен таутекенің, жолбарыс пен қабанның, марал мен түйенің, дала қыраны мен киіктің, қасқыр мен қоянның, жылқы мен бұланның өздеріне жақсы таныс бейнелерін сомдай білген. Андарды бейнелеуде әр түрлі материалдар қолданылды. Бізге дейін жеткен бұйымдардың көбі қола мен алтыннан жасалған, сүйектен, мүйізден, темірден, киізден жасалған андардың бейнелері де кездеседі. Ағаштан, теріден, киізден ойып жасалған аңдардың бедерлері де мәлім.
Аң стиліндегі өнерді шартты түрде үш кезеңге: көне заманғы кезеңге, өрлеу мен құлдырау кезеңдеріне бөлуге болады. Б.з.б. VIII—VII ғасырлар үшін аңдарды бір орында тұрған қалпында жеке немесе ішінара бейнелеу тән болып келеді. Таутекенің, арқардың мүсіндері, басын кетеріп жатқан қабанның немесе тұрған жыртқыштың, аяғын бүккен немесе тұяғының ұшымен тұрған бұғылардың бедерлеп салынған суреттері көп кездеседі. Қос шеңберлі тұғырда тұрған екі текенің құйма қола мүсіні назар аударарлық: текелер біршама схемалы түрде, бейне бір секіруге оңтайланған кейпінде, бастары тұқырта бейнеленген, ал бедерлі үлкен мүйіздері арқаларына тиіп тұр.
Жетісудан табылған екі қола мүсінде мүйіздері айнытпай түсірілген текелердің басы реалистік тұрғыда көрсетілген; мүсіндер ұзын конус тәріздес төлкелерге орнатылған. Алдыңғы қола құю өнерінің тағы бір үлгісі — Солтүстік Қазақстаннан табылған, басын жоғары кетерген және мүйіздері бірнеше рет бұралған арқардың іші қуыс мүсіні, ол соғыс қаруы – балға-шотқа (Бурабай) салынған. Шілікті обасынан (Шығыс Қазақстан) табылған заттардың арасында үлкен мүйіздерін арқасына кайыра жатқан бұғы кейпінде шебер жасалған алтын бұйымдар, қабандардың ойып жасалған шағын мүсіндері ерекше көзге түседі. Қола пышақтарды жыртқыштардың басын салып немесе тұтас мүсіндерін салып әдемілеу, ал жүген тоғаларына аттың басын немесе ат тұяғының таңбасын салып әшекейлеу сол кездегі көп тараған әдіс болған еді.
Алдыңғы кезеңнің өнеріне жануарлардың қимыл-қозғалысының болмауы тән, олар ең жақсы дегенде, мысалы, Шіліктіден табылған бүркіттің алтын мүсіндері сияқты, басы сәл бұрылып бейнеленеді. Бейне бір құрсақта жатқандай кейіпте орала бүктетіліп жатқан жануарлардың бейнесі кеңінен тараған сюжет болып табылады. Бұл кейіптес бейнелердің ең ертедегі үлгілері Еуразия далаларының шығыс аудандарынан табылған.
Б.з.б. VI-IV ғасырларда Еуразия далаларында аң стиліндегі өнер стилистикалық жағынан өзгерістерге ұшырады. Бір орында тұрған күйінде бейнеленген жануарлар бейнелерінің орнына құрылымы күрделі, серпінділікке толы сюжеттер шығады. Мүсіндік бейнелер азайып, қозғалыс үстіндегі андардың бедерлі бейнелері, аңдардың шайқасып жатқан, жыртқыштардың шабуыл жасап жатқан көріністері бар композициялар көбірек кездеседі. Атыла ұмтылған козғалыс мүсіндердің «бұратылуы» тәсілімен беріледі, бұл жағдайда аңның жарты денесі қарама-қарсы жағына бүктетіле салынады. Бейненің қозғалыста екендігін керсетудің басқа да техникалык әдістері: қисық сызықтар жүйесі, жануарлардың дене мүшелерін бұрамалар, шырмауықтар, орамалар, үш бұрыштар, жақшалар және т. б. түріндегі арнайы белгілермен беру әдістері қолданылады.
Есік обасынан табылған сақ қанжарының жұқа алтын қаптырмаларында жатқан күйінде бейнеленген андардын ширатылуы орындау шеберлігі жөнінен бірегей дүние. Ақинақ жүзінің екі жағына алтын каптырмалар көмкерілген; олардың бірінде жұқа бедермен он екі, екіншісінде – тоғыз бейне бар. Олардың арасында жыланның, түлкінін, қасқырдың, арқардың, киіктің, таутекенің, коянның шағын мүсіндері кездеседі, олардың барлығы ерте кезең өнеріне тән кейіпте аяқтарын бүгіп жатқан күйінде берілген.
Б.з.б. III-II ғасырларда аң стиліндегі өнер біртіндеп кұлдырай бастайды. Аң стилі ою-өрнекке айналады. Оның орнына түрлі-түсті тастармен көз салып безендіру техникасы және басқа да әшекейлеу тәсілдері қолданылатын полихромдық деп аталатын стиль келеді, қолданбалы өнер туындылары пайда болып, оларда жануарлар дүниесінің бейнелері схемаға айналып, полихромдық бай өрнекпен араласып кетеді. Бұл өнер дайын күйінде сырттан, бір жақтан әкелінген жок, ол сақ өнерінің қойнауынан шыққан. Ою-өрнектік полихромияның кейбір әдістері б.з.б. VII-VI ғасырларда-ақ жетіле бастады. Мәселен, түрлі-түсті тастан көз салу, бедерлеу (алтын түйіршіктерін дәнекерлеп бекіту), тоспа эмаль (жекелеген ұяларды арнайы құрамдағы заттармен толтырып құю) Шілікті, Жалаулы және басқа ескерткіштерден белгілі. Б.з.б. V-IV ғасырлардағы полихромдық өнер туындыларының Қазақстанның, Орта Азия мен Сібірдің бүкіл аумағынан ондаған үлгілері табылды. Бәлкім, нақ осы үш аймақта б.з.б. I-мыңжылдықтың аяғында сақтар өнеріндегі аң стилін ығыстырған полихромдық өнердің қуатты ошағының негізі калыптасқан да болуы мүмкін.
Аң стилінің шығуы жөнінде тарихи әдебиетте екі негізгі көзқарас бар. Бірінші болжамды жақтаушылар скиф-сақ тайпалары бұл өнерді Алдыңғы Азиядан қабылдаған деп санайды, Еуразияда оның пайда болу мерзімін б.з.б. VII ғасырдың 70-жылдарында скиф тайпаларының Кіші Азияға басып кіруімен байланыстырады. Мидиялықтармен этникалык жағынан туыстық пен мәдени жақындық скиф-сақтар арасында көне шығыс өнерінің кейбір үлгілерінің тез тарауына себепші болды, кейін бұл үлгілерді скифтер мен сақтар өздерінің талғамдары мен қажеттеріне бейімдеп алды. Одан әрі, шамамен, б.з.б. V ғасырдан бастап еуропалык және азиялық өнердің даму жолдары түбегейлі ажырайды, ғалымдардың пікірі бойынша, мұның өзі Қара теңіз жағалауындағы скифтерге көне Грекия ықпалының күшеюінен болған, ал сақтардың мәдениеті мен өнеріне Алдыңғы Азияның Ахеменид өнері тікелей ықпал жасады.
Екінші пікірді жақтаушылар аң стилі өнерінің қалыптасуына Алдынғы Азия мәдениетінің ықпалы болғанын теріске шығармайды. Бұл ықпал б.з.б. VI ғасырдың соңынан бастап, Ахеменид уақытында ерекше күшті болды делінеді. Нақ осы кезенде сақ өнерінде оған бұрын тән болмаған арыстанның, жарты денелі арыстан самұрықтың бейнелері, негізгі мүсіні қасиетті ағаш не құдайдың мүсіні болып табылатын геральдикалық композициялар, гүлдер немесе тұтас алғанда лотос түйнегі түріндегі өсімдік тектес ою-өрнектер пайда болады. Алайда, аң стиліндегі өнердің шығуын бұл зерттеушілер жергілікті ортамен байланыстырады да, оның тууын соңғы қола дәуіріне жатқызады.
Аң стилі өнерінің мазмұнын анықтаумен байланысты мәселелер әлі де болса айқын емес. Оның діни наным сипатында болуы ықтимал. Скиф-сақ өнерінің мазмұнына кіретін хайуандар бейнелері нақты этникалык және тайпалық топтардың тотемдік арғы тегін бейнелеген. Сонымен бірге аң стилі өнері мазмұны жағынан мифологиялық өнер болған еді. Бұл өнер аңдар таласының көптеген сюжеттерінде шиеленіскен тартысқа толы рулық және тайпааралық күресті, ерлік даңкы мен жаулап алушылықтың қатыгездігін бейнеледі.
Сақтардың қолданбалы өнерінің маңызды түрі ою-өрнек болды, ол аң стилі өнерімен қатар, онымен өзара байланыста дамыды.
Сақ заманындағы ою-өрнектің бірнеше түрін: геометриялық, өсімдік тектес, зооморфтық, символдық түрлерін бөліп көрсетуге болады. Сақтардың металдан, киізден жасалған бірқатар бұйымдарында және керамикасында сақталған геометриялық ою-өрнек өзінің бастамасын андронов тайпаларының өнерінен алады. Ол сақ бұйымдарында үш бұрыштар, шеңберлер, ромбылар, шаршылар, шыршалы, меандрлық және шеңбер бөліктері тектес ою-өрнек түрінде болып келеді.
Ежелгі усуньдердің зергерлік өнерін Алматы маңында орналасқан Қарғалыдан табылған алтын бұйымдар мейлінше жарқын түрде сипаттайды. Табылған олжалар арасында қос өркешті түйе мүсіндері бейнеленген екі сақина, тау ешкілерінің ондаған мүсіндері, адамды тістеп тұрған тышқан бейнеленген сырға, көптеген тоғалар кездеседі. Барлық бұйымдар алтыннан жасалған және оларға асыл тастар орнатылған.
Қарғалы тәтісі (диадемасы) ерекше қызығушылық туғызады. Ол жөнінде жоғарыда толымды сипаттама берілген.
Арал-Каспий өңіріндегі көшпенділер өнеріне монументтік тас мүсіндер тән болып келеді. Олардың жүзден астам мүсіндерінің басым бөлігі Үстірт пен Маңғыстаудағы ғибадатханалардан табылған. Бұл мүсіндер әктастан жасалған, онда жауынгер ер адамның фигурасы бедерленген: оң қолы төмен түсірілген, сол қолы білек тұсында қайырылған және қарнына жабыстырылған. Сонымен қатар мүсіндердің көлемдері 0,9 м-ден 3,8 м-ге дейінгі аралықты қамтиды.
Аталған ескерткіштердің ерекше құндылығы антропологиялық тип (моңғолоидтық араласқан еуропоидтық) пен киім-кешекті (бешпент, белдік, етік, т.б.) дәл беруінде. Сондай-ақ бедерленген адамның қару-жарағы (қанжар, қорамсақ, т.б.), таққан әшекейлері (сырға, т.б.) де аса шеберлікпен бедерленген. Мұндай заттар сарматтар мен сақтар мекендеген солтүстік аудандардағы қабірлерден молынан ұшырасқан.
Кангюй тайпаларының өнері де сақтардың, усуньдердің қолданбалы өнері сияқты өте тартымды. Олар тіптен сан алуан. Кангюйлерге тиесілі әрбір археологиялық мәдениеттердің (отырар-қаратау, қауыншы, жетіасар) өзіндік ерекшеліктері, қайталанбас туындылары бар. Солардың арасынан ұстағышына қой, елік, жыртқыш аңдар бейнелері түсірілген қыш ыдыстар да ерекше көзге түседі. Қой мүсіні, өгіз мүйізі түрінде жасалынған ғұрыптық ошақ тұғырлары да көз тартады. Үй ғибадатханаларынан алынған пұт – күмістен дайындалған ер адамның мүсіні де кеңінен белгілі. Айта кету керек, ежелгі өнер байырғы тайпалардың діни түсініктерімен тығыз байланысты және оны тек діни көзқарастар аясында ғана талдауға болады. Әрбір жасалған өнер туындысынан сол кездегі шебердің, қоғамның тыныс-тіршілікке, қоршаған орта мен тылсым-дүниеге деген таным-түсініктері нақты байқалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет