«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым»
62
және т.б. мамандықтар бойынша білім алуға жіберіледі. Олар Ташкент, Хиуа, Бұхара, Ферғана,
Самарқанд, Ходжент қалаларынан барған Абдулуақап Оқтай, Тахир Шағатай, Саидали Усмани,
Саттар Джаббар, Ахмеджан Ибрагимов, Салих Мұхаммед, Марьям Сұлтанмұрадова, Хайринисо
Маджидханова, Саида Шерахмедова, Шамсулбанат Идриси, Ахмад Шукри, Билал Фатхулла,
Бахоулдин Амин және тағы басқалармен бірге қазақ даласынан оқуға түскен төрт қазақтың
бірі болып, Әлихан Бөкейханның жөн сілтеуімен Берлин университетінің ауылшаруашылығы
факультетіне Ғазымбек Бірімжанов та аттанады [4].
Ғазымбектің Алаш қозғалысының танымал өкілі екендігі және Германияға барған бойда
ұлттық қозғалыс істеріне белсенді араласуы және сол уақытта шетелде жүрген Мұстафа
Шоқайға жақын жүруі біраз жайтты аңғартса керек. Себебі, Мұстафа Шоқайдың елмен
байланысы 1920-жылдардың бас кезінде Германияға
оқуға жіберілген қазақ, өзбек жастары
арқылы да нығая түскен болатын.
1923 жылдың қыркүйек-қазан айларында Түркістандық студенттердің жағдайымен танысып
қайту үшін Германияда Т.Рысқұловтың басшылығымен үкімет делегациясы келеді. 1923 жылы
30 қазанда Халық комиссарлары кеңесінің отырысында Т.Рысқұловтың Германияға барып
қайтқан іссапарының нәтижелері туралы мәселе тыңдалып, онда шетелдердегі студенттердің ісі
бойынша Уақытша басқару бюросын құру туралы жоба бекітіліп, бюро төрағалығына Ғазымбек
Бірімжанов тағайындалады. 1930 жылдың 1 желтоқсанында М.Тынышбаев Алматыда ОГПУ
саяси өкілдігі шығыс бөлімінің тергеушілеріне берген жауабында 1922 жылдың жазында
оған М.Дулатұлы пен Д.Әділовтің келгенін, содан соң олардың Ғ.Бірімжановтың Германияға
оқуға бара жатқанын айтқанын, оған М.Шоқайды қазақ
халқының жағдайымен таныстыру,
ал Мұстафаға қазақ халқына төніп тұрған апат жөнінде әлем жұртшылығын хабардар етуді
тапсыру керек дегенін айтады [5]. Арада екі жыл өткеннен соң Ғ.Бірімжановтан қазақ
зиялылары М.Шоқайдың Парижден Берлинге келіп студент-жастармен кездесіп тұратыны
және шетелдерде бірсыпыра жұмыс атқарып жүргені туралы мағлұмат алады. Осы мақсатта
Ғазымбек Бірімжановқа Кеңес өкіметіне қарсы ішкі және сыртқы күштер арасында байланыс
орнату жөнінде қауіпті де жауапты міндеттер жүктеледі. Ғазымбек Бірімжанов Германияға
барған бойда С.Қожановқа хат жолдап, «Мұстафа өте нашар тұрады, студент-практиканттар
оған
көмектескісі келеді, бірақ ол одан бас тартты және «бұл ақша өздеріңе керек болады,
өйткені алда көп істер күтіп тұр» дегенді айтты» деп хабарлайды. Ғ.Бірімжанов Германияда
оқи жүріп, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлының бірнеше жауапты тапсырмаларын
орындаған. 1929 жылы ОГПУ өкілдерінің алған жауаптарында 1922 жылы Ә. Бөкейханның
М.Шоқайға Ғ.Бірімжанов арқылы жабық хат жібергенін, онда Кеңес өкіметіне қарсылық
әрекеттерді ұйымдастыру туралы айтылғанын көрсететін маңызды деректер келтірілген.
Мұстафа Германиядағы студенттер жеткізген баспасөзден Орынборда 1924 жылдың 12-18
маусымында қазақ және қырғыз интеллигенциясының бірінші съезі өткендігін естиді, ол жөнінде
А.Байтұрсынұлының Ғазымбек Бірімжанов арқылы жіберген хатынан да хабардар болады.
Съезге Ә.Бөкейхан, Н.Төреқұлов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, М.Дулатов, С.Сейфуллин,
қырғыз қайраткері К.Арабаев қатысады. А.Байтұрсынұлының қысқа қайырылған хатында:
«Барлықтарыңа бәрімізден сәлем» делінеді [6].
Ғазымбек Бірімжанов Берлинде оқыған кезде ерекше білімдарлығымен көзге түскен. Неміс
тілін жетік меңгергені соншалық, сол уақытта Мұстафа Шоқаймен бірге Францияда эмиграцияда
жүрген Заки Валидидің неміс шығыстанушысы, ғалым И.Марквартпен әңгімелескен кезінде
аудармашылық рөл атқаруы және cол уақытта Ғазымбектің шетелге оқудан гөрі М.Шоқай
бастаған ұлттық қозғалысқа көмекке келгендігінің белгісі еді. М.Тынышбаевтың
тергеуде
берген жауабында (1930 жылдың 1 қазаны): «Германиядан оралған Бірімжановтан Шоқаевтың
Парижде екендігін, Берлиндегі студенттермен кездескенін, оның біздің ұстанымымызды
жақтайтындығын және елдегі ұйым жұмысына сырттан қолдау көрсету бағытында іс-әрекет
жасайтындығын білдік» делінеді [7].