Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының гарнизондық ЖӘне қарауылдық Қызметтер жарғысы


Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін ұрыстарда, әскери



бет3/13
Дата09.06.2016
өлшемі0.82 Mb.
#125359
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін ұрыстарда, әскери

борышты орындау кезінде қаза тапқан жауынгерлердің

ескерткіштеріне және қабірлеріне гүлшоқтарын қою

кезінде әскери құрметтер көрсету

66. Әскери бөлімдердің делегациялары гүлшоқтарды Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін ұрыстарда, әскери борышты орындау кезінде қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштеріне және қабірлеріне қояды.

67. Мемлекеттік және әскери делегациялар гүлшоқтарын қойған кезде гарнизон бастығының бұйрығымен гарнизон әскери бөлімдерінің бір немесе бірнеше Жауынгерлік Туы бар қаруланған құрметті қарауыл және оркестр тағайындалады.

Гүлшоқтарын қоюға қатысатын құрметті қарауылдың, оркестр мен әскери қызметшілердің киім нысаны салтанатты.

68. Ескерткішке (қабірге) гүлшоқтарды қояр алдында құрметті қарауыл құрамынан бір-екі жұп сақшылар қойылады. Сақшылар саптық қалыпты қабылдайды, бұл ретте автоматтар - «кеудеге» (карабиндер «аяққа») күйінде болады. Сақшыларды қою уақытын гарнизон бастығы белгілейді.

Құрметті қарауыл ескерткіш (қабір) алдында оған маңдайшеппен немесе оң қапталмен (ескерткіштің немесе қабірдің орналасуына байланысты) сапқа тұрғызылады. Мемлекеттік Ту (Жауынгерлік Ту) бар туды алып жүруші топ құрметті қарауылдың оң қапталына тұрады, оркестр Мемлекеттік Тудан (Жауынгерлік Тудан) оңға қарай сапқа тұрғызылады.

69. Гүлшоқтарын ұстаған делегация белгіленген орынға сапқа тұрады және құрметті қарауыл сабының бойымен жүре отырып, ескерткішке (қабірге) қарай қозғалысты бастайды. Делегация алдында құрметті қарауыл офицері жүреді. Одан кейін екі-үш адым арақашықтықта - гүлшоқтарын ұстаған адамдар (екі адам) және одан әрі осынша арақашықтықта - үш-бес адамдық лекте делегация жүреді.

Гүлшоғын ұстаған делегация құрметті қарауылға 40-50 адым жақындағанда «кеудеге» күйінде болатын автоматтармен қаруланған қарауыл бастығы: «Қарауыл - ТҮЗЕЛ», «ТІК ТҰР», «Назар оң-ҒА (сол-ҒА)», ал карабиндермен қаруланғанға - «Қарауыл - ТҮЗЕЛ», «ТІК ТҰР», «Оңнан (солдан) қарсы алу үшін, қарауыл-ҒА» командаларын береді.

Құрметті қарауыл команданы орындап, гүлшоғын ұстаған делегацияның қозғалысын басын бұра отырып шығарып салады. Оркестр қаралы-салтанатты әуендерді орындайды. Мемлекеттік Ту (Жауынгерлік Ту) алға еңкейтіледі.

70. Ескерткішке (қабірге) жақындағанда делегация гүлшоқты қояды және бір минут үнсіздікпен қаза тапқандарды еске алады. Оркестр ойнауын тоқтатады.

Бір минут үнсіздіктен кейін оркестр Мемлекеттік Әнұранды орындайды. Мемлекеттік Әнұранды орындау аяқталғаннан кейін гүлшоқ қойған делегация ескерткіштен (қабірден) кетеді және өтіп бара жатқан қарауылға қарап сапқа тұрғызылады, ал қарауыл бастығының командасы бойынша құрметті қарауыл жорықтық лекке қайта сапқа тұрғызылады және оркестрдің салтанатты маршымен ескерткіш (қабір) және гүлшоқты қойған адамдар алдынан жүріп өтеді.

71. Шетел мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары, сондай-ақ қорғаныс министрлері мен ресми әскери делегациялары гүлшоқтарын қойған кезде осы Жарғының 66-70-тармақтарында мазмұндалған тәртіп сақталады.

Бұл ретте қаралы-салтанатты әуендер тек делегация басшысының келісімі бойынша орындалады. Бір минут үнсіздіктен кейін гүлшоқты қоятын делегация мемлекетінің әнұраны және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны (бір шумақтан) орындалады. Шетел әскери делегацияларына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының өкілі ілесіп жүреді.

Жауынгерлер ескерткіштері мен қабірлеріне басқа шетел делегациялары гүлшоқтарын қойған кезде құрметті қарауыл мен оркестр тағайындалмайды. Бұл жағдайда ескерткішке (қабірге) гарнизон бастығының бұйрығы бойынша бір-екі жұп сақшылар қойылады, олар гарнизон бастығы белгілеген уақытта алынады. Қажет болған кезде гүлшоқ қойылатын орынға дейін оны жеткізу үшін екі әскери қызметшісі бар офицер бөлінеді.



4-тарау. Әскерлердің табиғи және техногендік сипаттағы

төтенше жағдайлар салдарларын жоюға қатысуы

ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен 72-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

72. Төтенше жағдай - адамдардың қаза табуына, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық етуші объектілерге зиян келтіруге, елеулі материалдық шығындарға және халықтың тіршілік ету шарттарын бұзуға әкеп соқтырған немесе әкеп соқтыруы мүмкін авария, зілзала немесе апат нәтижесінде туындаған белгілі бір аумақтағы жағдай.

Қазақстан Республикасы Президентінің шешімдері негізінде Қорғаныс министрінің, Қарулы Күштер Бас штабы бастығының және басқа да әскерлер мен әскери құралымдар тиісті басшыларының бұйрықтарымен әскери бөлімдер төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, адамдардың өмірін құтқару және зардап шеккен халыққа көмек көрсетуге тартылуы мүмкін.

Ерекше жағдайларда әскери бөлімдер гарнизон бастығының шешімімен төтенше жағдайларды жоюға қатысуы мүмкін, ол бұл туралы Қарулы Күштер Бас штабының бастығына, аумағында гарнизон орналасқан өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысына, сондай-ақ өзінің тікелей бастықтарына дереу баяндайды.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдері төтенше жағдайлардың салдарларын жою үшін Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерін қолдану ережелері бойынша тартылады.

73. Төтенше жағдайлардың салдарларын жою үшін немесе халыққа көмек көрсету үшін бөлінген әскерлерге гарнизон бастығы тапсырма қояды, онда мыналар көрсетіледі: әрбір әскери бөлім (бөлімше) қандай командирдің (бастықтың) бағынысына баратыны, қозғалыс тәсілі, берілетін техникалық құралдар, қойылған тапсырманың орындалу мерзімі, қару-жарақ, киім нысаны мен жабдықталым тәртібі.

74. Тағайындалған орынға келгені туралы әскери бөлім (бөлімше) командирі, ол қарамағына тағайындалған лауазымды адамға жедел баяндайды және оның нұсқауы бойынша қойылған міндеттің орындалуын ұйымдастырады.

Егер авария, апат немесе зілзала болған жерде қарамағына әскерлер тағайындалған лауазымды адам болмаса, әскери бөлімнің (бөлімшенің) командирі өз іс-қимылын мемлекеттік жергілікті басқару органдарымен және олардың өкімі бойынша бөлінген күштермен келісе отырып, қойылған тапсырманы дербес орындауға кіріседі.

Қойылған тапсырманың орындалғаны туралы әскери бөлімнің (бөлімшенің) командирі гарнизон бастығына және өзінің тікелей бастығына баяндайды.

75. Авария, апат немесе зілзала болған жерде қалған немесе одан шығарылған мүлікті күзету үшін төтенше жағдайлардың салдарларын жою үшін бөлінген әскери бөлім (бөлімше) командирінің бұйрығымен уақытша қарауылдар тағайындалады.

Осы қарауылдар, олар тағайындалған әскери бөлімнің (бөлімшенің) командиріне, гарнизон бастығы және қарауылдар бойынша (әскери бөлім бойынша) кезекшіге бағынады және қызметті жалпы негіздерде өткереді.

76. Әскери бөлімдер, бөлімшелер немесе командаларды мемлекеттік жергілікті басқару органдарының өкілдеріне бағындыруға тыйым салынады.

5-тарау. Гарнизондық наряд

Жалпы ережелер

77. Гарнизондық наряд көшелерде және гарнизонның басқа да қоғамдық орындарында әскери қызметшілер арасында әскери тәртіп пен реттілікті ұстау, гарнизондық объектілерді күзету мен қорғау үшін, сондай-ақ әскери бөлім көлік құралдары жүргізушілерінің (механик-жүргізушілерінің) жол жүру ережелерін сақтауын бақылау және гарнизон қызметінің басқа да міндеттерін орындау үшін тағайындалады.

Штаттық құрылымымен және санымен әскери полиция органдарын ұстауға мүмкін болған гарнизондарда Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалған міндеттер көлемінде гарнизонда қызмет өткеру гарнизонның әскери полициясына жүктеледі.

Әскери бөлімдердің командирлері (бастықтары) гарнизондық қызметті ұйымдастыру және өткеру мәселелері жөнінде гарнизон бастығына бағынады.

Гарнизондық нарядтың құрамына:

қарауылдар бойынша кезекші (командирі гарнизон бастығы болып табылатын әскери бөлім бойынша кезекші);

қарауылдар бойынша кезекшінің көмекшісі;

гарнизондық қарауылдар;

кезекші бөлімше;

гарнизондық патрульдер;

жол жүру ережелерінің сақталуына бақылау постылары (жол жүруді реттеуші) тағайындалуы мүмкін.

Әскери бөлімдердің командирлері жол жүруді реттеушілерді даярлауға жауапты болады.

78. Гарнизондық наряд нарядқа түсер алдында бір тәуліктен кешіктірілмей тағайындалады. Ол осы наряд тағайындалған әскери бөлімдерден көлік құралдарымен қамтамасыз етіледі.

79. Гарнизондық наряд тағайындалатын әскери бөлімдердің (бөлімшелердің) командирлері жеке құрамды іріктеу мен орналастыруға, оның қызметті өткеруге даярлығына, нұсқау алуға уақтылы жіберу мен таралымға келуіне, кезекші бөлімшенің ұдайы әзірлігіне және белгіленген орынға шақыру бойынша оның уақтылы келуіне жауапты болады.

80. Гарнизонның штаб бастығы әр айға гарнизондық нарядтың ведомосын (3-қосымша) жасайды, оны гарнизон бастығы бекітеді.

Гарнизондық нарядтың ведомосынан үзінді көшірме жаңа ай басталғанға дейін 10 тәулік бұрын қызмет өткеруге тартылатын барлық әскери бөлімдерге жіберіледі.

Гарнизондық нарядтың ведомосындағы әрбір өзгеріс туралы гарнизон бастығы әскери бөлімдердің командирлеріне уақтылы хабарлайды.

81. Нарядқа түсер алдында әскери бөлімнің штабында қарауылдар бойынша кезекшіге, гарнизондық патрульдердің бастығына және жол жүру ережелерінің сақталуын бақылау жөніндегі постшыларға (жол жүруді реттеушілерге) нұсқама беріледі, олардың негізінде гарнизонның штаб бастығы қарауылдар бойынша кезекшіге бұрынғы және жаңа парольдері бар жазбаны, патрульдер бастықтарына - қозғалыс бағыты, патрульдеу уақыты, ерекше міндеттері көрсетілген патруль бастығының куәлігін, ал жол жүру ережелерінің сақталуын бақылау жөніндегі әрбір постшыға (жол жүруді реттеушілерге) - жол жүру ережелерінің сақталуын бақылау жөніндегі постшының (жол жүруді реттеушінің) куәлігін (4-қосымша) береді.

82. Қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіде, оның көмекшісінде, патруль және жол жүру ережелерінің сақталуын бақылау жөніндегі постының құрамында (жол жүруді реттеушілерде) кеудесінің сол жағында тиісті жазуы бар кеуде белгісі, одан басқа жол жүру ережелерінің сақталуын бақылау жөніндегі постшыларда (жол жүруді реттеушілерде) реттеушінің бағдартаяғы болуы тиіс.

83. Гарнизондық нарядты тағайындау және даярлау тәртібі Ішкі қызмет жарғысында белгіленген тәуліктік нарядты тағайындау және даярлау тәртібіне сәйкес жүргізіледі.



Гарнизонның кезекші бөлімшесі

84. Гарнизонның кезекші бөлімшесі гарнизондық қарауылдарды күшейту немесе гарнизонда өрт, зілзала және өзге де оқиғалар болған кезде жедел шақырту жағдайында гарнизон бастығының бұйрығымен тағайындалады.

Бұйрықта оның құрамы, қару-жарағы, оқ-дәрілермен, қажетті мүлікпен және көлік құралдарымен қамтамасыз ету, киім нысаны мен демалу тәртібі көрсетіледі.

Кезекші бөлімшені шаруашылық жұмыстарын орындау үшін пайдалануға тыйым салынады.

Үлкен гарнизондарда бірнеше кезекші бөлімше тағайындалуы мүмкін.

85. Кезекші бөлімше әрбір тәулікке, гарнизон бастығы бекіткен кестеге сәйкес, әдетте, гарнизондық қарауылдар тағайындалған сол әскери бөлімнен тағайындалады және гарнизон бастығына және қарауылдар бойынша кезекшіге бағынады.

Кезекші бөлімшені шақыруды гарнизон бастығы немесе оның рұқсатымен қарауылдар бойынша кезекшісі (гарнизон бастығына бағынысты әскери бөлімнің) жүргізеді.

Кезекші бөлімшені шақырған кезде: қайда, қай уақытқа және кімнің қарамағына келуі, сондай-ақ өзімен бірге қандай мүлік, жабдық, қару-жарақ, оқ-дәрілер саны болуы тиіс және оларды беру тәртібі көрсетіледі.

Кезекші бөлімшеге оқ-дәрілер әскери бөлім командирінің (штаб бастығының) немесе әскери бөлім бойынша кезекшінің бұйрығымен беріледі.

Кезекші бөлімшені шақырумен бір уақытта гарнизон бастығының бұйрығымен, егер қажет болса, жаңа кезекші бөлімше тағайындалады.

86. Кезекші бөлімшемен сабақтар өз әскери бөлімі орналасқан жерде өткізіледі. Кезекші бөлімшенің орналасқан жері және оны шақыру тәртібі әскери бөлім бойынша кезекшіге және қарауылдар бойынша кезекшіге белгілі болуы тиіс.

87. Кезекші бөлімше белгіленген орынға келгеннен кейін қарауылдар бойынша кезекшісінің (гарнизон бастығына бағынысты әскери бөлімнің) немесе оның қарамағына тағайындалған адамның нұсқауы бойынша әрекет етеді.



Гарнизондық патрульдер

88. Әрбір гарнизонда көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда, темір жол станцияларында, вокзалдарда, порттарда, әуеайлақтарда, сондай-ақ гарнизонға жақын орналасқан елді мекендерде тәртіп орнату және әскери қызметшілердің әскери тәртіпті сақтауын бақылау үшін патрульдік наряд (патруль) тағайындалады. Патрульдеу, әдетте, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери полициясы органдарына жүктеледі, олар міндеттерді қолданыстағы заңнамаға сәйкес атқарады. Әскери полиция органдары жоқ гарнизондарда гарнизондық патрульдер әскери бөлімдер құрамынан гарнизон бастығының бұйрығымен тағайындалады, қажет болған кезде бірлескен патрульдер тағайындалуы мүмкін.

Патруль - бұл міндетті бағдарды аралау (жүріп өту) немесе оның жекелеген учаскелерін тексеру жолымен орындайтын, құрамында екі немесе бірнеше әскери қызметші бар жылжымалы наряд.

Қазақстан Республикасының заңнамасымен оларға құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі функциялар жүктелген органдардың, сондай-ақ олардың кезекші бөлімшелерінің (жедел топтарының) патрульдік-постылық қызметін ұйымдастыру және өткеру ерекшеліктері Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар басшыларының бұйрықтарымен бекітілген патрульдік-постылық қызметтерді ұйымдастыру туралы, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзетуді қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік құқықтық кесімдердің талаптарымен айқындалады. Патрульдеу тәртібін тиісті органның командирі (бастығы) айқындайды.

89. Әскери бөлімдерден патрульдер бір тәулікке немесе тек күннің немесе түннің белгіленген уақытына тағайындалады және олар жаяу немесе автомобильдерде болуы мүмкін. Бір тәулікке тағайындалған патруль гарнизон бастығы айқындаған орындарда екі сағат демалумен 4 сағат ішінде патрульдеуді кезектестіріп қызмет өткереді.

Қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің жанында көлік құралы бар резервтік патруль тағайындалады.

Гарнизондық патрульдер гарнизон бастығына және қарауылдар бойынша кезекшіге бағынады. Қарауылдар бойынша кезекші тағайындалмаған гарнизондарда патрульдер, олар тағайындалған әскери бөлім бойынша кезекшіге бағынады.

Темір жол учаскелері және станциялары, теңіз (өзен) порттары және әуежайлар аудандарында патрульдеу үшін тағайындалған гарнизондық патрульдер, одан басқа темір жол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының (портының), әуежайдың әскери комендантына бағынады.

90. Патруль патруль бастығынан және екі-үш патрульден тұрады.

Патруль бастығы болып патрульге жүктелетін міндеттерге байланысты офицер немесе сержант (старшина) тағайындалуы мүмкін.

Темір жол учаскелері және станциялары (порттары), әуежайлар аудандарында қызмет өткеретін патруль бастығы болып офицерлер тағайындалады.

Патрульдер тәртіпті, талап қоя білетін, саптық жағынан жинақы және дене бітімі дамыған сарбаздар (матростар) немесе сержанттар (старшиналар) қатарынан және әдетте, бір бөлімшеден тағайындалады.

91. Гарнизондық патрульдің қару-жарағы мен киім нысанын гарнизон бастығы белгілейді. Патрульдердің бастықтары - келісімшарт бойынша әскери қызметшілер әдетте, екі жарақтандырылған оқжатары бар пистолеттермен қаруланады, ал қалған жеке құрам жағдайдың шарттарына байланысты қарусыз немесе қарумен болуы мүмкін.

Қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшімен байланысу үшін патруль байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі.

92. Патрульдеу схемасын және патрульдерге нұсқаулықтарды гарнизон штабының бастығы жасайды және оны гарнизон бастығы бекітеді, ал әскери полиция органдарында, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда осы органдардың командирлері (бастықтары) бекітеді, гарнизон бастығымен және өзара іс-қимыл жасайтын құқық қорғау органдарымен келісіледі.

Патрульдеу схемасында: патрульдер қозғалысы бағдарының бірнеше нұсқасы; қоғамдық орындардың, жаппай демалу орындарының (кинотеатрлар, парктер және басқалар) орналасуы; қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшімен, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен байланыс жасау үшін телефондардың орналасқан жерлері көрсетіледі.

Патрульдерге нұсқаулықта: патрульдердің міндеттері; олардың әрбір бағдарда қызмет өткеру ерекшеліктері; құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл тәртібі; байланыс тәсілдері мен қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндау тәртібі көрсетіледі.

Гарнизондық наряд адамдарының құқықтары мен міндеттері

Қарауылдар бойынша кезекші мен оның көмекшісі

93. Гарнизондық қарауылдарға тікелей басшылық жасау үшін лауазымы бойынша рота (батарея) командирінен төмен емес гарнизон әскери бөлімдерінің офицерлері қатарынан қарауылдар бойынша кезекші және кіші офицерлер қатарынан оның көмекшісі тағайындалады.

Бір гарнизондық қарауыл бар гарнизондарда гарнизон бастығының бұйрығымен қарауылдар бойынша кезекшінің міндеттері қарауыл тағайындалатын әскери бөлім бойынша кезекшіге жүктелуі мүмкін.

Кезекші мен оның көмекшісі қызмет өткеру үшін арнайы жабдықталған орында болады. Олар екі жарақтандырылған оқжатары бар пистолеттермен қаруланады.

94. Қарауылдар бойынша кезекші гарнизондық қарауылдардың қызметті дұрыс өткеруіне жауап береді. Ол гарнизон бастығына бағынады.

Қарауылдар бойынша кезекші:

белгіленген уақытта гарнизонның штаб бастығына келуге, қарауылдар бойынша кезекші болып тағайындалуы туралы нұсқаманы беруге, бұрынғы және жаңа парольдері бар жазбалар мен қажетті нұсқаулар алуға;

ауысатын қарауылдар бойынша кезекшіге өзін таныстыруға және оған бұрынғы парольді айтуға;

гарнизондық наряд ведомосын, постылардың орналасу схемасын, постылар табельдерін, қарауылдар бастықтарының нұсқаулықтарын және қарауылдар бойынша кезекшінің нұсқаулықтарын зерделеуге;

Ішкі жарғы қызметінде көрсетілген тәуліктік нарядтың таралымын өткізу тәртібіне сәйкес гарнизондық нарядтың таралымын өткізуге;

оған бөлініп берілген үй-жайда болуға; қызметтік істермен кеткен кезде өзінің көмекшісіне қайда және қай уақытқа кететінін хабарлап, оны орнына қалдыруға;

кемінде тәулігіне екі рет (оның ішінде түнде бір рет) гарнизондық қарауылдардың қызмет өткеруін жеке өзі тексеруге, бұл ретте түнгі уақытта, ал нашар көрінетін кезде және күндіз жауынгерлік машиналар (қару-жарақ, әскери және басқа техника) тұрақтарын қарап шығуға және анықталған кемшіліктерді дереу жоюға шаралар қабылдауға;

ауа райының жағдайына байланысты постыларда болу ұзақтығының өзгеруі туралы нұсқаулар беруге;

қарауылдар күзететін объектілерді ашуға наряд негізінде қарауылдардың бастықтарына осы объектілерді ашуға рұқсат беруге;

гарнизон бастығын және оның тікелей бастықтарын қарсы алуға және оларға баяндауға, мысалы: «Полковник мырза, менің кезекшілігім уақытында оқиғалар болған жоқ. Қарауылдар бойынша кезекші капитан Омаров»;

қарауылдарды тексеру үшін келген адамдардың жеке басының куәліктері мен қарауылдарды тексеруге құқық беретін біржолғы куәліктерін алдын ала тексеруге, оларға ілесіп жүруге немесе ілесіп жүру үшін өзінің көмекшісін жіберуге;

гарнизон кезекші бөлімшесінің дабыл немесе шақыру бойынша іс-қимылдарға әзірлігін тексеруге міндетті.

Әскери полиция бөлімшесінің штаттық санымен оларға құқық тәртібін және әскери көлік құралдарының жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау мүмкін болмаған гарнизондарда гарнизондық патрульдердің қызметіне басшылық жасау және жол жүру ережелерінің сақталуын бақылау жөніндегі міндеттер гарнизон бастығының бұйрығымен қарауылдар бойынша кезекшіге жүктеледі.

95. Таралым аяқталғаннан кейін қарауылдар бойынша жаңа кезекші ауысатын кезекшіден тізімдемеде көрсетілген құжаттарды қабылдайды. Қарауылдар бастықтары ауысымның жүргізілгені туралы баяндағаннан кейін қарауылдар бойынша кезекшілер гарнизон бастығына, ал ол болмағанда - штаб бастығына кезекшілікті тапсыру және қабылдау туралы баяндайды, мысалы: «Генерал-майор мырза, капитан Солоненко қарауылдар бойынша кезекшілікті тапсырды». «Генерал-майор мырза, капитан Жүніс-Бек қарауылдар бойынша кезекшілікті қабылдады». Содан кейін жаңа кезекші кезекшілікті қабылдау кезінде анықталған барлық кемшіліктер туралы, ал бұрынғы кезекші - қарауылдардың қызметті өткеруі және анықталған кемшіліктерді жою үшін қабылданған шаралар туралы, қарауылдар күзететін объектілерді ашу және жабу туралы, сондай-ақ егер олар болса, өткен тәулік ішіндегі оқиғалар туралы хабарлайды. Баяндаудан кейін жаңа кезекші осы жазбалары бар кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабын гарнизон бастығына қарауға ұсынады.

96. Гарнизондық қарауылдардың біреуінде оқиға болған жағдайда қарауылдар бойынша кезекші дереу оқиға орнына барады, егер қажет болса, онда гарнизон бастығының рұқсатымен ол кезекші бөлімшені немесе оның жарты бөлігін, ал өрт кезінде, одан басқа өрт сөндіру командасын шақырады.

Қарауылдардағы оқиғалар туралы және қабылданған шаралар туралы қарауылдар бойынша кезекші дереу гарнизон бастығына баяндайды және қарауыл тағайындалған әскери бөлімнің командиріне хабарлайды.

97. Егер қарауылдар бойынша кезекші кенеттен сырқаттанса, ол бұл туралы гарнизон бастығына баяндайды және оның нұсқауы бойынша әрекет етеді.

Қарауыл бастығы кенеттен сырқаттанған кезде қарауылдар бойынша кезекші оның міндеттерін қарауыл бастығының көмекшісіне (таратушыға) жүктейді немесе сырқаттанғанды ауыстыру үшін әскери бөлімнен жаңа қарауыл бастығын шақыртады, онымен бірге қарауылдық үй-жайға барады және қаруылды қабылдауға басшылық жасайды. Жаңа қарауыл бастығына қарауылдар бойынша кезекші қолданыстағы парольді хабарлайды және болған оқиға туралы дереу гарнизон бастығына баяндайды.

98. Объектілерді, оларды жабдықтаудағы кемшіліктері үшін қарауылдардың күзетуіне қабылдамаған жағдайларда қарауылдар бойынша кезекші ол туралы дереу гарнизон бастығына баяндайды, одан кейін күзетілетін объектінің бастығын кемшіліктерді жою үшін шақыртады.

99. Қарауылдар бойынша кезекшінің көмекшісі қарауылдар бойынша кезекшіге бағынады.

Ол:


белгіленген уақытта нұсқау алу үшін гарнизонның штаб бастығына келуге;

гарнизондық нарядтың ведомосын, постылардың орналасу схемаларын, постылар табельдерін, қарауылдар бастықтарына нұсқаулықтар мен қарауылдар бойынша кезекшіге нұсқаулықты зерделеуге;

гарнизондық нарядтың таралымын өткізуге қатысуға;

қарауылдар бойынша кезекшінің бөлмесіндегі құжаттаманы, мүлік пен мүкәммалды тізімдеме бойынша қабылдауға;

қарауылдар бойынша кезекшінің бұйрығы бойынша қарауылдардың қызмет өткеруін тексеруге, кемшіліктерді жою туралы шаралар қабылдауға және ол туралы қарауылдар бойынша кезекшіге баяндауға;

қарауылдар бойынша кезекшінің міндеттерін ол болмағанда өткеруге міндетті.

100. Қарауылдар бойынша кезекшіге және оның көмекшісіне кезекшілік уақытында гарнизон бастығы белгілеген уақытта әрқайсысына 4 сағаттан, аяқ киімсіз, жабдықты алмай және шешінбей, кезекпен жатып дем алуға (ұйықтауға) рұқсат етіледі.

Гарнизондық патруль бастығы

101. Гарнизондық патруль бастығы патрульдердің қызметті дұрыс өткеруіне, патрульдеу бағдарында тәртіпті ұстауға және әскери қызметшілердің әскери тәртіпті сақтауына жауап береді.

Ол:

белгіленген уақытта гарнизонның штаб бастығына нұсқау алуға келуге және қажетті құжаттарды зерделеуге;



патруль міндеттерін білуге және патрульдердің қызмет өткеруіне басшылық жасауға;

әскери қызметшілердің әскери тәртіптің талаптарын орындауын және әскери киім нысанын қию ережелерін сақтауын бақылауға;

әскери тәртіпті бұзған, әскери атағы бойынша өзімен тең және кіші әскери қызметшілерге ескерту жасауға, қажетті жағдайларда олардың құжаттарын тексеруге, ал егер қажет болса, оларды ұстауға және қарауылдар бойынша кезекшіге жіберуге;

бастықтар мен атағы үлкендерге тәртіпті қалпына келтіруде жәрдемдесуге және олардың талап етуі бойынша әскери тәртіпті бұзған әскери қызметшілерді қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге жіберуге;

қарауылдар бойынша кезекшілермен, сондай-ақ құқық қорғау органдарының постыларымен байланысу үшін өз бағдарындағы телефондардың орналасуын білуге және қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге патрульдеу барысы туралы белгіленген уақытта баяндауға;

көшелерде және қоғамдық орындарда азаматтық адамдар арасындағы тәртіпті ұстауда құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне көмек көрсетуге;

ұсталған және қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге жіберілген әскери қызметшілердің тізімін жүргізуге, патрульдеу мерзімі аяқталғаннан кейін қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге тізімді ұсынуға және патрульдеуге құқық беретін куәлікті тапсыруға, өз әскери бөліміне патрульдермен қайтып оралуға және бөлім бойынша кезекшіге міндеттің орындалғаны туралы баяндауға;

қылмыс жасаған және тәртіптік теріс қылықтары үшін, сондай-ақ әскери қызметшінің жеке басын растайтын құжаттары болмаған жағдайда әскери қызметшілерді ұстауға;

мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзған және лайықсыз мінез-құлық көрсеткен әскери қызметшілерді ұстауға міндетті.

Жоғарыда аталған жағдайларды қоспағанда, патруль бастығының атағынан үлкен әскери атақтағы әскери қызметшілерді ұстауға тыйым салынады.

Әскери қызметшіні ұстаған кезде патруль бастығы оны қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге жеткізу жөнінде шаралар қабылдайды, бұл ретте ол әскери қызметшіден қандай да бір түсінік талап етпеуі тиіс.

102. Патруль ілтипатты, әдепті, сыпайы, «Сіз» деп тіл қатуы, өз талаптарын, ескертулерін сендіру нысанында айтуы тиіс. Оның іс-қимылдары әскери қызметшілер үшін заңды және түсінікті болуы тиіс. Патрульдер әскери қызметшілермен сөйлескенде сабырлық, шыдамдылық пен парасаттылық танытуға міндетті. Олар қарсы сөз қайтармауы және дауласпауы, өзін-өзі ұстауы, дөрекілікке дөрекілікпен жауап бермеуі және өз іс-қимылдарында жеке басының жек көру сезімін басшылыққа алмауы тиіс.

Әскери атағы бойынша тең немесе кіші әскери қызметшімен сөйлескенде патруль бастығы оның әскери атағын, өзінің лауазымын атайды және тиісті талаптарды қояды, мысалы: «Капитан мырза, мен - патруль бастығы капитан Лекеровпін. Сіз әскери киім нысанын киіп жүру тәртібін бұздыңыз. Кемшілікті жойып, команда бойынша баяндаңыз».

103. Егер мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметші, олар сейілдемеде болған кезде әскери киім нысанын қию ережелерін өрескел бұзса немесе өзге де әскери тәртіпті бұзса, патруль бастығы осындай әскери қызметшілердің сейілдемесін тоқтатуға және оларды патрульдің ілесіп жүруімен қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге жіберуге немесе шара қолдану үшін өзінің әскери бөліміне (бөлімшесіне) қайтаруға құқылы. Сейілдеме жазбалары бойынша басқа гарнизондардан келген әскери қызметшілер ұсталады және қарауылдар бойынша кезекшіге жіберіледі. Ұстау уақыты мен себебі туралы патруль бастығы әскери қызметшінің сейілдеме жазбасына жазады.

Әскери қызметшіні ұстаған кезде ол бағынбаған жағдайда патруль бастығы өзі немесе патруль құрамымен әскери қызметшіні мәжбүрлеу тәртібімен қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге әкелуге құқылы.

Қару қолдану ең соңғы шара болып табылады және оған тек Ішкі қызмет жарғысында мазмұндалған жағдайларда және тәртіппен жол беріледі. Одан басқа, патруль құрамына барлық жағдайларда атыс қаруын бөтен адамдардың зардап шегуі мүмкін болатын, адамы көп көшелерде, алаңдарда және қоғамдық орындарда қолдануға үзілді-кесілді тыйым салынады.

Патруль құрамының ешқайсысының тәртіп орнату мақсатында қарумен қорқытуға және ескерту ретінде оқ атуларын жасауға құқығы жоқ.

Ұсталған әскери қызметшілерден суық және атыс қарулары, оқ-дәрілер, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттары белгіленген тәртіппен алынады, оны патруль бастығы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге өткізеді.

104. Әскери атағы бойынша жоғары әскери қызметші әскери тәртіпті бұзған жағдайда патруль бастығы оның тәртіп бұзуын тоқтатуды сұрайды. Осы сұрау орындалмаған кезде патруль бастығы ол туралы қарауылдар бойынша кезекшіге дереу баяндауға және оның нұсқауы бойынша әрекет етуге міндетті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет