311. Таратушы, оған бағынатын сақшылардың қызметті дұрыс және қырағы өткеруіне, олардың уақтылы ауысуына және бекеттерге қойылуына, сақшылардың бекеттерді дұрыс тапсыруы мен қабылдауына жауап береді. Ол қарауыл бастығына және оның көмекшісіне бағынады және тек солардың ғана бұйрықтарын орындайды.
Таратушы күзетілетін объектіге, сақшыға, қарауылдық үй-жайға және қарауылдар ауысымына жасалған шабуылға тойтарыс беру үшін өзі немесе қарауыл ауысымы құрамымен қару қолданады.
Ол:
1) өз бекеттерін, олардың орналасуы мен шекараларын, оларға бару бағдарларын, күзету және қорғау (қадағалау, атқылау, қоршау) шарттарын және әрбір бекеттегі сақшының ерекше міндеттерін білуге;
2) ауысатын қарауыл таратушысынан мөрлерден таңбаларды (пломба бедерлемелерін) қабылдауға, ал сақшыларды бекеттерге қойған кезде бекеттер табеліне сәйкес күзетуде болатын объектілерді қабылдауға және ол туралы қарауыл бастығына баяндауға;
3) жабдықтары бекеттер табеліне сәйкес келмейтін және олардың сенімді күзетілуін қамтамасыз етпейтін объектілерге (бекеттерге) қарауыл бастығын шұғыл шақыртуға;
4) қарауылдарды бекеттерге жіберер алдында олардың өз міндеттерін білуін, сондай-ақ олар қарауылдық үй-жайда шылым шегу және тұтандырғыш керек-жарақтарын, басқа да бөгде заттарды қалдырған-қалдырмағанын тексеруге;
5) осы Жарғының 116, 117-тармақтарына сәйкес қаруды оқтау, оғын алу тәртібін бақылауға;
6) жылжыған кезде көлік құралдары жүргізушісінің іс-қимылына басшылық жасауға;
7) әрбір ауысым қайтып оралғаннан кейін қарауыл бастығына жүргізілген ауысым, бекеттердің жай-күйі туралы, барлық кемшіліктер мен оларды жоюға қабылданған шаралар туралы баяндауға;
8) қарауыл бастығының рұқсатымен оған бағынысты сақшылардың қызмет өткеруін тексеруге міндетті.
Гауптвахта жанындағы қарауыл таратушысы, одан басқа, оған бағынысты сақшылар күзететін қамауға алынған адамдар санын білуге тиіс.
312. Сақшыларды бекеттерге қойған немесе оларды ауыстырған кезде таратушы:
1) бекеттердің орналасу сұлбасында көрсетілген ауысымның қозғалыс бағдарын қатаң сақтауға;
2) бекетті қабылдау және тапсыру тәртібін бақылауға, сақшымен және бекетке түсетін қарауылмен бірге сақтау орындары (қоймалары) жарық түсіруінің, қоршауының, есіктерінің (қақпаларының) ақаусыздығын, терезелерінің, торлары мен қабырғаларының жай-күйін, құлыптардың, мөрлердің (пломбалардың) бар болуы мен жай-күйін және олардың таңбаларға (бедерлемелерге) сәйкес келуін немесе күзетуде болатын жауынгерлік машиналардың (қару-жарақ пен әскери техниканың) санын, сондай-ақ техникалық күзет құралдарының, байланыс, өрт сөндіру құралдарының және бекеттік киімнің бар болуын және жай-күйін өзі тексеруге;
3) бекетке түсетін сақшыға неге назар аударатынын, көрші бекеттер қайда орналасқанын, күзетілетін объектіге анағұрлым қауіпті кіреберістерді көрсетуге; сақшы бөгде адамдарды бекетке жақын жіберуге тыйым салынатын бекеттер табелінде белгіленген арақашықтыққа сәйкес жергілікті жерлерде белгіленген бекет шекарасының жергілікті жерін және жол берілмейтін аймақты; атыстың қауіпті бағыттарын көрсетуге; сақшының, оған, күзетілетін объектіге немесе көрші бекетке шабуыл жасалған жағдайда, сондай-ақ өрт және басқа да төтенше жағдай кезінде ол не істеу керектігін білуін тексеруге;
4) сақшының баяндау және қарауылдық үй-жаймен байланыс тәртібін білуін тексеруге міндетті.
313. Жауынгерлік Ту жанындағы бекеттегі сақшыны ауыстыра отырып, таратушы тысының (шкафтың) және ондағы мөрдің дұрыстығын және мөрді ондағы бедерлемемен салыстырып тексеруге міндетті. Тыстың (шкафтың) немесе мөрдің дұрыс еместігі анықталған жағдайда таратушы қарауыл бастығын шақыртады.
314. Сақтау орнын (қойманы, паркті) ашқан кезде таратушы бекетке мөрлер таңбаларымен (пломбалардың бедерлемелерімен) келеді және ашу үшін келген адаммен бірлесіп, сақтау орнын (қойманы, паркті) қарап шығады. Егер бекеттер табеліне сәйкес сақшы бекетте қалу керек болса, таратушы осы уақытқа бекеттер табелімен көзделген ерекше міндеттерді оның есіне салады. Сақтау орнына (қоймаға) кіруге таратушы бекеттер табелінде көрсетілген талаптарды нақты орындаумен рұқсат етеді.
315. Ашылған сақтау орны (қойма, парк) жанындағы сақшыны ауыстыру уақытында таратушы бекетке түскен сақшыға оны кім ашқанын немесе жауынгерлік машиналар (қару-жарақ пен әскери техника) тұрағына кім жіберілгенін көрсетеді.
Сақтау орнын (қойманы, паркті) жапқан кезде таратушы бекетке мөрлер таңбаларымен (пломбалар бедерлемелерімен) келеді және сақшының және сақтау орнын (қойманы, паркті) күзетуге тапсыратын адамның қатысуымен мөрлерді (пломбаларды) және терезелердің, торлардың, есіктердің, қабырғалардың жай-күйін тексеруге; тұрақтардағы жауынгерлік машиналарды (қару-жарақ пен әскери техниканы) күзетуге қабылдаған кезде олардың санын, ал оларда мөрлер (пломбалар) бар болған кезде оларды қолда бар таңбалармен (бедерлермен) салыстырып тексеруге міндетті.
316. Қарауыл бастығы және оның көмекшісі ауыр сырқаттанған (ауыр жараланған) немесе қаза тапқан жағдайда қарауыл бастығының міндеттерін уақытша орындауға бірінші таратушы кіріседі. Болған оқиға туралы ол әскери бөлім (әскери полиция органы) бойынша кезекшіге баяндайды.
Сақшы
317. Сақшы – қол сұғылмайтын адам. Сақшыға қолсұғылмаушылық:
1) оның құқықтары мен жеке басының қадір-қасиетінің заңмен ерекше қорғалуын;
2) оның белгіленген адамдарға: қарауыл бастығына, қарауыл бастығының көмекшісіне және өзінің таратушысына қатаң бағынуын;
3) оның қызметімен айқындалатын сақшының талаптарын мүлтіксіз орындау барлық адамдардың міндеттері екенін;
4) оған осы Жарғыда көрсетілген жағдайларда қару қолдану құқығының берілуін қамтиды.
318. Сақшыны тек қарауыл бастығы, қарауыл бастығының көмекшісі және сақшы бағынатын таратушы ауыстырады немесе бекеттен алады.
Қарауыл бастығы, қарауыл бастығының көмекшісі және таратушы қаза тапқан немесе олар үшін міндеттерін іс жүзінде орындау мүмкін болмаған жағдайда сақшыны алу немесе ауыстыруды өз рота (батарея) немесе батальон (дивизион) командирінің қатысуымен қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекші жүргізеді.
319. Бекетке түсе отырып, қарауыл таратушының (қарауыл бастығының немесе оның көмекшісінің) және ауысатын сақшының қатысуымен өзі бекеттер табеліне сәйкес күзетуге қабылдауға жататынның барлығының болуын және ақаусыздығын қарап шығуға және тексеруге тиіс; қамауға алынған адамдарды күзету үшін бекетке түскен кезде ол бекітпелердің, торлардың ақаусыздығын және камерада болатын қамауға алынған адамдардың санын тексеруге тиіс.
320. Сақшы:
1) өз бекетін қырағылықпен күзетуге және табандылықпен қорғауға;
2) қызметті сергек өткеруге, басқа ештеңеге алаңдамауға, қолынан қаруын тастамауға және ол бағынатын адамдарды қоса алғанда, оны ешкімге бермеуге;
3) көрсетілген бағдар бойынша жүре отырып немесе қадағалау мұнарасында бола тұрып, бекетке кіреберістерді, қоршауды, бақылау-іздік жолақты, техникалық күзет құралдарын мұқият қарауға және байланыс құралдары арқылы бекеттер табелінде белгіленген мерзімдерде қызмет өткеру барысы туралы баяндауға;
4) ол ауыстырылғанға немесе алынғанға дейін, тіпті егер оның өміріне қатер төнсе де бекетті қалдырып кетпеуге; бекетті өз еркімен тастап кету әскери қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады;
5) бекетте осы Жарғының 117-тармағында көрсетілген қағидалар бойынша оқталған қаруды ұстауға және әрқашан әрекет етуге әзір болуға;
6) бекеттер табелінде көрсетілген арақашықтықтан жақын бекетке және жергілікті жерлерде көрсеткіштермен белгіленген тыйым салынған шекараға қарауыл бастығынан, қарауыл бастығының көмекшісінен, өз таратушысынан және олар ілесіп жүретін адамдардан басқа, ешкімді жақын жібермеуге;
7) қарауыл көлік құралдарының (жауынгерлік машиналардың) бағдарлары мен кестесін, сондай-ақ олардың тану белгілері мен сигналдарын білуге;
8) бекетте болатын өрт сөндіру құралдарын пайдалана алуға;
9) объекті қоршауларында (бекетте) ақау және өз бекеті немесе көрші бекет маңында тәртіп бұзуды анықтаған кезде қарауыл бастығын шақыртуға;
10) қарауылдық иттер дауысын естігенде немесе техникалық күзет құралдары өздігінен іске қосылған кезде өзі бағынысты адамдарға ол туралы шұғыл баяндауға міндетті.
321. Бекеттегі сақшыда жиналған сүңгісі бар қару (жиналмалы дүмі бар автомат – сүңгі-пышақсыз; сүңгі-пышақ қынаптағы белдік белбеуде) болуға тиіс, ол: түнгі уақытта – тұрып ату үшін дайын күйде; күндізгі уақытта – "қарубауға" күйінде немесе тұрып ату үшін дайын күйде (21-қосымша); ішкі бекеттерде және Жауынгерлік Ту жанындағы бекетте дүмі бар автомат – "қарубауға" күйінде, жиналмалы дүмі бар – "кеудеге", карабин – "аяқ жанында"; жарақтандырылған оқжатары (оқтізері) бар сөмке жабылған болуға тиіс.
Пистолет белдік белбеуде жабылған кобураларда болады.
Өрт сөндірген немесе зілзала салдарын жойған жағдайда сақшыға қаруды "арқаға" күйінде ұстауға рұқсат етіледі.
322. Сақшыға: ұйықтауға, отыруға, жатуға (бекетке немесе олар күзететін объектіге шабуыл жасалған жағдайларда жерге жатып оқ ату және бұзушының шабуылдауына тойтарыс беру үшін бекініске орналасқанды қоспағанда), бір затқа сүйенуге, жазуға, оқуға, сөйлесуге, өлең айтуға, тамақ жеуге, темекі шегуге, табиғи қажеттіліктерін орындауға, біреулерден қандай да бір заттар алуға және біреулерге беруге, қажетінсіз патронды оқшантайға жіберуге болмайды.
Сақшы тек қарауыл бастығының, оның көмекшісінің, өз таратушысының және тексеру үшін келген адамдардың сұрақтарына жауап беруге тиіс.
323. Сақшы, өзіне немесе өзі күзететін объектіге нақты шабуыл жасалған жағдайда ескертусіз қару қолдануға міндетті.
324. Бекетке немесе тыйым салынған шекараға жақын келген барлық адамдарды, қарауыл бастығынан, оның көмекшісінен, өз таратушысынан және олар ілесіп жүретін адамдардан басқа, сақшы "ТОҚТА", "АРТҚА ЖҮР" немесе "ТОҚТА", "ОҢҒА (СОЛҒА) ҚАРАЙ ЖҮР" деп дауыстап тоқтатады.
Бекетке немесе тыйым салынған шекараға жақын келгендер осы талаптарды орындамаған кезде бұзушыны "ТОҚТА", "АТАМЫН" деп дауыстап ескертеді және қарауыл бастығын немесе таратушыны шұғыл шақыртады. Егер бұзушы осы талапты орындамаса, сақшы патронды оқшантайға жібереді және ескерту ретінде жоғары қарай оқ атады. Бұзушы осы талапты орындамаған кезде сақшы оған қару қолданады.
325. Нашар көрінетін жағдайларда, бекеттер табелінде көрсетілген арақашықтықтан бекетке немесе тыйым салынатын шекараға жақын келгендерді қарау мүмкін болмағанда сақшы оларды "ТОҚТА", "КЕЛЕ ЖАТҚАН КІМ?" деп дауыстап тоқтатады. Егер жауап берілмесе, онда сақшы: "ТОҚТА", "АТАМЫН" деп ескертеді және бұзушыны ұстайды. Ұсталған бұзушы туралы сақшы белгіленген сигналмен қарауылдық үй-жайға хабарлайды және назарын әлсіретпей, оған тапсырылған объектіні күзетуді жалғастырады және бұзушының әрекетін қадағалайды.
Егер бұзушы тоқтамаса және күзетілетін объектіге (бекетке) өтуге әрекет жасаса немесе қашуға әрекеттенсе, онда сақшы ескерту ретінде жоғары қарай оқ атады. Бұзушы осы талапты да орындамаған кезде сақшы оған қару қолданады.
Сақшының даусына "Қарауыл бастығы (қарауыл бастығының көмекшісі, таратушы) келе жатыр" деген жауап алынса, сақшы "Қарауыл бастығы (қарауыл бастығының көмекшісі, таратушы) МАҒАН КЕЛ", "Қалғандарың – ОРЫНДАРЫҢДА" деп бұйырады; егер қажет болса, сақшы оған жақын келген адамнан бетіне жарық түсіруін талап етеді. Өзін атаған нақты қарауыл бастығы (қарауыл бастығының көмекшісі, таратушы) екеніне көзі жеткеннен кейін сақшы келген барлық адамдарды өзіне жақындатады.
Егер қарауыл бастығымын (қарауыл бастығының көмекшісімін, таратушымын) деп атаған белгісіз біреу немесе онымен бірге болатын адамдар сақшының "орныңда қал" деген талабын орындамаса, онда сақшы оларды: "ТОҚТА", "АТАМЫН" деп дауыстап ескертеді. Бұзушылар осы талапты орындамаған кезде сақшы оларға қару қолданады.
326. Өзін немесе күзетілетін объектіні қорғау үшін жекпе-жек айқасқа түсу қажет болған кезде сақшы сүңгімен және дүммен батыл әрекет жасауға тиіс.
327. Бекетте өрт шыққан жағдайда сақшы ол туралы қарауылдық үй-жайға хабарлайды және күзетілетін объектіні қадағалауды тоқтатпай, өртті сөндіруге шаралар қабылдайды. Ішкі және сыртқы қоршаулары бар күзетілетін объектінің техникалық аумағында, сондай-ақ бекет маңында өрт болған кезде ол туралы қарауылдық үй-жайға хабарлайды және қарауыл бастығының немесе оның көмекшісінің нұсқауы бойынша әрекет етеді.
Сақшы кенеттен сырқаттанған (жараланған) жағдайда қызметін өткеруді жалғастыра отырып, таратушыны немесе қарауыл бастығын шақыртады.
328. Кейінге қалдыруды күттірмейтін қиын жағдайларда немесе байланыс құралдары бұзылған кезде сақшы қарауыл бастығын немесе таратушыны жоғары қарай оқ атумен (оқ атулармен) шақыруы мүмкін.
329. Сақшы, өзі бағынатын бастықтарға және олардың ілесіп жүруімен бекетке келген басқа да бастықтарға Саптық жарғыда жазылған қағидалар бойынша сәлемдеседі. Бұл ретте автомат тұрып ату үшін күйінен алдын ала "қарубауға", ал карабин – "аяққа" алынады.
330. Жауынгерлік Ту жанындағы бекеттегі сақшы "еркін тұр" күйінде бола тұрып, өз міндеттерін орындайды. Жауынгерлік Тудың әскери қызметшілеріне сәлемдескен кезде сақшы саптық қалыпты қабылдайды.
Жауынгерлік Туды күзетуге қабылдаған уақытта қарауыл тысының (шкафтың) және ондағы мөрдің дұрыстығын тексеруге міндетті. Жауынгерлік Туды беруді сақшы тек қарауыл бастығының жеке бұйрығымен және оның қатысуымен жүргізеді.
Егер Жауынгерлік Ту жанындағы бекетке қатер (өрт немесе зілзала) төнсе, сақшы Жауынгерлік Туды қауіпсіз орынға шығарады қарауыл бастығын шақыртады және Жауынгерлік Туды күзетуді жалғастырады.
331. Бақылау-өткізу пунктінің сақшысы осы Жарғының 317-323-тармақтарында жазылғаннан басқа:
1) рұқсаттамалардың, жеке басын куәландыратын құжаттардың сипатын және қолданылу уақытын, сондай-ақ бекеттер табелінде жазылған міндеттерді білуге;
2) бекет арқылы өтетін барлық адамдарды тек бекетте бар үлгілерге сәйкес келетін жеке рұқсаттамалары бойынша жіберуге, бұл ретте рұқсаттамаларды міндетті түрде қолына алуға;
3) материалдық рұқсаттама (жол жүру парағы) бойынша қандай да бір затты шығарған (кіргізген) немесе әкеткен (әкелген) кезде нені және қанша санында (орын санында) өткізуге немесе әкетуге рұқсат етілетінін тексеруге; тек жол жүру парақтары бар машиналарды өткізуге;
4) өткізу режімін бұзумен, сондай-ақ қолданылмайтын рұқсаттамалармен (құжаттармен) объектіге кіруге (объектіден кетуге) әрекеттенетін адамдарды ұстауға және қарауыл бастығын шақыртуға міндетті.
Бақылау-өткізу бекетінің сақшысына: рұқсаттамаларды және оларға шифрларды қолдану туралы анықтамалар беруге, рұқсаттамаларды тексерумен байланыссыз сөйлесуге, бекетте бөгде адамдардың және қандай да бір заттардың болуына жол беруге болмайды.
332. Ашылған сақтау орны (қойма, парк) жанындағы немесе жауынгерлік машиналар (қару-жарақ пен әскери техника) тұрағы жерінде жұмыс жүргізген уақытта сақшы бекеттер табелінде көрсетілген міндеттерді орындайды.
Өрт қаупі бар сақтау орындары (қойма) жанындағы сақшы, одан басқа:
1) бекеттер табелінде көрсетілген арақашықтықтан жақын күзетілетін объекті маңында біреулердің шылым шегуіне, от жағуына, оқ атуына, сондай-ақ өрт қаупі бар жарық түсіру аспаптарын пайдалануға жол бермеуге;
2) сақтау орнына (қоймаға) бекеттер табелінде көзделмеген аяқкиіммен және шаммен, сондай-ақ суық қарумен және оқ ату қаруымен жібермеуге міндетті.
333. Гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді күзететін сақшы:
1) оның күзетінде болатын гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің санын білуге;
2) камералар есіктерінің сыртында болуға, гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді, олар үшін белгіленген қағидаларды бұзбауы үшін қарау терезелері арқылы қадағалауға, олардың іс-қимылы мен өзін-өзі ұстауын бақылауға, гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің терезе рамаларын, торларды, едендер мен қабырғаларды және камералардың басқа да жабдығын бүлдіруіне жол бермеуге;
3) тәуліктің қараңғы уақытында гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілер бар камераларда жарықты қосуға;
4) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді камералардан шығармауға және оларға қарауыл бастығының немесе қарауыл бастығы көмекшісінің жеке бұйрығынсыз ешкімді кіргізбеуге;
5) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілермен сөйлеспеуге, оларға ештеңе бермеуге және олардан ештеңе алмауға;
6) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің сырттан қандай да бір заттарды алуға, олардың терезе арқылы заттарды және хаттарды камера сыртына лақтырмауына және бөгделермен сөйлесуіне жол бермеуге;
7) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің өтініштерін қарауыл бастығына немесе оның көмекшісіне баяндауға;
8) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілер оның талаптарын орындамаған кезде қарауыл бастығын немесе оның көмекшісін шақыртуға;
9) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді камералардан шығарған уақытта шабуыл жасауды және қаруды тартып алуды болдырмау мақсатында қадағалау жүргізуді жалғастыра отырып, бекеттер табелімен айқындалған қауіпсіз орынға көшуге;
10) қашып бара жатқан гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшіні: "ТОҚТА", ал осы талапты орындамаған кезде "ТОҚТА", "АТАМЫН" деп дауыстап ескертуге және ескерту ретінде жоғары қарай оқ атуға, осы талап та орындалмаған жағдайда оған қару қолдануға міндетті.
334. Қарауылдық үй-жайға кіреберіс жанындағы сақшы қарауылдық үй-жайды күзетуге және қорғауға, оған, егер ол олардың және олар ілесіп жүретін адамдардың түрін таныса, қарауыл бағынатын адамдардан басқа, ешкімді кіргізбеуге міндетті. Осы адамдардың жақындағаны туралы сақшы белгіленген сигналмен қарауыл бастығына, оның көмекшісіне (таратушыға) хабарлайды.
Қарауылдық үй-жайға жақын келген барлық басқа адамдарды сақшы бекеттер табелінде көрсетілген қашықтықта тоқтатады және қарауыл бастығын немесе оның көмекшісін шақыртады.
Қарауылдық үй-жайға жақындаған адамдарды сақшы бекеттер табелінде көрсетілген қашықтықта дұрыс көре алмаған жағдайда, сақшы оларды: "ТОҚТА" деп дауыстап тоқтатады және қарауыл бастығын немесе оның көмекшісін шақырады.
Қарауылдық үй-жай маңындағы барлық оқиғалар туралы және қарауылдың өз міндетін атқаруына кедергі келтірген барлық байқалғандар туралы, сондай-ақ бекеттерден естілген сигналдар туралы сақшы дереу қарауыл бастығына және оның көмекшісіне баяндайды.
335. Әрбір объектіні күзетуге және қорғауға қатысты сақшылардың ерекше міндеттері бекеттер табелінде көрсетіледі.
Көлік құралының жүргізушісі
(жауынгерлік машинаның механик-жүргізушісі)
336. Көлік құралының жүргізушісі (жауынгерлік машинаның механик-жүргізуші) қарауылдың жеке құрамын тасымалдайтын көлік құралдарының ұдайы әзірлігіне жауап береді. Ол қарауыл бастығына және оның көмекшісіне бағынады.
Көлік құралының жүргізушісі (жауынгерлік машинаның механик-жүргізушісі):
1) көлік құралын іс-қимылға ұдайы әзірлікте ұстауға;
2) қарауыл бастығының және оның көмекшісінің бұйрығы бойынша бекеттердің орналасу сұлбасында көрсетілген бағыт бойынша қарауыл ауысымын, қарауылдың резервтегі тобын және сақшылардың қызмет өткеруін тексеретін адамдарды жеткізуге;
3) бекеттерге шыққан және бекеттерден қайтқан кезде таратушының командаларын орындауға міндетті.
Жүргізушіге (механик-жүргізушіге), ол бағынатын адамдарды қоса алғанда, көлік құралын жүргізуді басқа адамға беруге болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |