Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы



бет80/195
Дата02.01.2022
өлшемі0.64 Mb.
#452088
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   195
5. Жалпы Әскери Жарғылар - әскери қызметтің құқықтық негізі - 02.08.21

Тәуліктік нарядты тарату


      425. Тәуліктік нарядты тарату оның қызмет өткеруге әзірлігін тексеруден, оның тиісті лауазымды адамдардың бағынысына өтуінен, сондай-ақ қарауылдарға бұрынғы қарауылды ауыстыру құқығын беруден тұрады. Тарату кемінде қырық минуттан аспауға тиіс.

      426. Тәуліктік нарядты тарату орны мен уақытын әскери бөлім командирі нарядты тарату орнына, сондай-ақ тарату орнынан қызмет өткеру орындарына баруға қажетті уақытқа сүйене отырып айқындайды, ол бір сағаттан аспауға тиіс.

      Бұл ретте тарату орнына немесе тарату орнынан қызмет өткеру орындарына отыз минуттан артық қажет болса, әскери бөлім командирінің бұйрығымен көлік құралы беріледі.

      427. Таратуға нарядтың барлық жеке құрамы мен оркестр шығарылады, олар тарату орнына ол басталғанға дейін он минуттан кешікпей келеді.

      Оркестрлері жоқ әскери бөлімдерді, сондай-ақ Цельсий бойынша минус он бес градус және одан төмен ауа температурасында таратуға бір-екі сигнал беруші-дағырашы шығарылады немесе техникалық музыка ойнату құралдары қолданылады.

      428. Таратуға дейін он минут бұрын офицерлер қатарынан әскери бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі бөлімше кезекшісінен басқа тәуліктік нарядтың жеке құрамын тарату үшін белгіленген орынға сапқа тұрғызады, оның бар болуын тексереді және әскери бөлім бойынша кезекші келісімен оған баяндайды.

      Егер әскери бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі сержант болса, онда тәуліктік нарядты сапқа тұрғызуды және бөлім бойынша кезекшіге баяндауды тәуліктік наряд қатарынан офицер жүргізеді.

      429. Тарату үшін тәуліктік наряд: оң қапталда – қарауыл, одан кейін оңнан солға қарай – парк бойынша кезекші, қойма аймағы (техникалық аумақ) бойынша кезекші, кезекші фельдшер (санитариялық нұсқаушы), бақылау-өткізу пункті бойынша кезекші, бөлім штабы бойынша кезекші, бөлімшелер тәртібімен барлық роталар бойынша кезекшілер, шабармандар, асхана бойынша кезекші, асханаға жұмысшылар, өрт сөндіру нарядының бастығы мен кезекші сигнал беруші-дағырашы сапқа тұрғызылады. Бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшінің көмекшілері, тәуліктік кезекшілер мен кезекші тартқыштардың механик-жүргізушілері (жүргізушілері) өз кезекшілерінің ту сыртына сапқа тұрғызылады, бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі қарауылдардың оң қапталына тұрады.

      430. Қарауылдың оң қапталына қарауыл бастығы, ал сол қапталына оның көмекшілері тұрады, таратушылар өз қарауылдарының оң жағына қарай бірінші қатарда тұрады. Қарауылдар бекеттер нөмірінің ретімен солдан оңға қарай, бір-бірінің ту сыртына ауысым тәртібімен тұрады. Қарауылдың көлік құралы, өрт сөндіру машиналары жүргізушілерімен олар үшін бөлінген орынға орналасады.

      431. Бөлім бойынша кезекшіні қарсы алу үшін оның көмекшісі кезекші сапқа қырық-елу адым жақындағанда: "Наряд, ТҮЗЕЛ, ТІК ТҰР. Назар оң-ҒА (сол-ҒА, орта-ҒА)" командасын береді. "ТҮЗЕЛ" командасы бойынша әскери дирижер саптық адыммен оркестрдің ортасына шығады және бірінші қатардан екі-үш адымда маңдайшепке қарап тұрады. Бірінші команда бойынша офицерлер мен сержанттар қолын баскиіміне апарады; барлығы басын бөлім бойынша кезекші жаққа бұрады және оның соңынан басын бұра отырып, оны көз қарасымен шығарып салады. Оркестр "Қарсы алу" маршын орындайды (сигнал беруші-дағырашылар "Жорықтық марш" соғады). Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі қолын баскиіміне апарып, саптық адыммен бөлім бойынша кезекшіге жақындайды, одан екі-үш адым жерде тоқтайды және баяндайды.

      Мысалы: "Майор мырза. Наряд тарату үшін сапқа тұрғызылды. Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі лейтенант Омаров". Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі баяндауын аяқтап, баскиімінен қолын түсірмей, бір уақытта оңға (солға) бұрыла сол (оң) аяғымен жанына бір адым жасайды және бөлім бойынша кезекшіні алға өткізіп жіберіп, оның артынан бір-екі адым жерде және саптың сыртқы жағынан жүреді.

      Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі баяндау үшін тоқтаған кезде оркестр (сигнал беруші-дағырашылар) ойнауын (соғуын) тоқтатады, ал әскери дирижер қолын баскиіміне апарады.

      432. Бөлім бойынша кезекші баяндауды қабылдап, сап ортасының алдына тұрады және нарядтың жеке құрамымен: "Армысыздар, жауынгерлер" деп амандасады; сәлемдесуге жауап алғаннан кейін "ЕРКІН ТҰР" командасын береді және баскиімінен қолын түсіреді. Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі "ЕРКІН ТҰР" командасын береді және баскиімінен қолын түсіреді. Офицерлер, сержанттар мен әскери дирижер баскиімінен қолын түсіреді.

      433. Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі тағайындалмаса, таратудағы оның міндеттерін қарауыл бастығы орындайды. "ЕРКІН ТҰР" командасын беріп, ол өз орнына тұрады.

      Нарядты тексеру үшін бөлім бойынша кезекші қатарларды біреуін екіншісінен бір адымға таратады және өз көмекшісімен бірге наряд құрамын, жеке құрамның сыртқы пішінін, олардың өз міндеттерін білуін, сондай-ақ қаруын тексереді және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нұсқау береді.

      Бөлім бойынша кезекші қарауылға жақындаған кезде қарауыл бастығы саптан шығып, оған өзін таныстырады, қарауылдың жеке құрамын тексеру уақытында бөлім бойынша кезекшіні алып жүреді және одан кейін рұқсат алып, саптағы өз орнына барып тұрады.

      434. Егер қандай да бір наряд қызмет өткеруге даяр болмаса, бөлім бойынша кезекші оны наряд тағайындалған бөлімшеге қосымша даярлық немесе ауыстыру үшін қайтарады және бөлім командиріне ол туралы дереу баяндайды. Осы нарядты таратуды бөлім бойынша кезекші немесе оның көмекшісі бөлек жүргізеді.

      435. Тексеру аяқталғаннан кейін бөлім бойынша кезекші саптың ортасына шығады және нарядтың алдында оған қарап тұрады; кезекшінің көмекшісі бөлім бойынша кезекшінің артқы жағына оңға қарай немесе солға қарай бір адымда тұрады. Бөлім бойынша кезекші:

      "Наряд, ТҮЗЕЛ", "ТІК ТҰР", "Оркестр, жиынды ойна" ("Сигнал беруші-дағырашылар, жиынды соқ") деп команда береді. "ТІК ТҰР" командасы бойынша офицерлер мен сержанттар қолын баскиіміне апарады.

      436. "Жиынды" ойнау аяқталғаннан кейін офицерлер мен сержанттар қолын баскиімінен түсіреді. Бөлім бойынша кезекші: "Қарауыл бастығы, маған кел" деп команда береді. Қарауыл бастығы саптық адыммен бөлім бойынша кезекшіге келеді, одан екі-үш адымда тұрады және өзін таныстырады. Мысалы: "Қарауыл бастығы аға лейтенант Ботабеков".

      Бөлім бойынша кезекші қарауыл бастығына оның қызметінің ерекшеліктері туралы ескертеді және парольдар жазылған жазбаны тапсырады.

      437. Парольдар жазылған жазбаны беріп және парольдарды дұрыс түсінгеніне көз жеткізе отырып, бөлім бойынша кезекші: "Қарауыл бастығы, сапқа тұр" деп команда береді. Осы команда бойынша қарауыл бастығы саптағы өз орнына тұрады; оркестр (сигнал беруші-дағырашылар) он-он бес адымға алға шығады және оң иықпен ене отырып нарядқа сырт жағын беріп тұрады. Бөлім бойынша кезекші: "ТҮЗЕЛ, ТІК ТҰР" деп команда береді және: "Бөлімнің Жауынгерлік Туының, әскери объектілердің сенімді күзеті мен қорғанысын қамтамасыз ету, бөлімдегі жауынгерлік әзірлік пен ішкі тәртіпті ұстау міндетімен қызметке кірісуге бұйырамын. Қызмет жалпыәскери жарғылардың талаптарына сәйкес атқарылсын" деп бұйрық береді.

      Бұйрық бергеннен кейін бөлім бойынша кезекші: "Оркестр, таратуды ойна" деп команда береді. Бұйрық беру және оркестрдің ойнауы уақытында бөлім бойынша кезекші, оның көмекшісі мен пистолетпен қаруланған қарауыл бастығы қолын баскиіміне апарады.

      "Таратуды" ойнап біткеннен кейін, оркестр Мемлекеттік Гимнді ойнайды. Оркестр жоқ бөлімдерде Мемлекеттік Гимн техникалық дыбыс жазбасын ойнату құралдарымен ойналады.

      Мемлекеттік Гимн аяқталған соң кезекші: "Наряд, оңға, қызмет өткеру орнына адым-БАС" деп команда береді. "Бас" командасы бойынша наряд саптық адыммен әскери сәлемдесуді орындай отырып, бөлім бойынша кезекшінің жанынан саптық адыммен өтеді және қызмет өткеру орындарына қарай жүреді. Оркестр (сигнал беруші-дағырашылар) орнында қала отырып, маршты орындайды.

      Оркестрдің ойыны (сигнал беруші-дағырашылардың соғуы) бөлім бойынша кезекшінің командасы (сигналы) бойынша тоқтатылады.

      438. Егер тарату уақытында әскери бөлім командирі немесе оның тікелей бастықтары, сондай-ақ әскери бөлімді инспекциялауға немесе тексеруге басшылық жасайтын адам келсе, онда әскери бөлім бойынша кезекші оларды қарсы алу үшін: "Наряд, ТҮЗЕЛ", "ТІК ТҰР", "Назар, оң-ҒА (сол-ҒА, орта-ҒА), ("Оң жақтан (сол жақтан, маңдайшептен) қарсы алу үшін, Қарауыл-ҒА") деп команда береді. Оркестр "Қарсы алу" маршын (сигнал беруші-дағырашылар "Жорықтық маршты" соғады) орындайды, бөлім бойынша кезекші қолын баскиіміне апарып, саптық адыммен бастыққа жақындайды, одан екі-үш адым жерде тоқтайды және баяндайды.

      Мысалы: "Полковник мырза. Тәуліктік нарядты тарату жүргізілуде. Бөлім бойынша кезекші майор Сұлтанғазин".

      Бөлім бойынша кезекші баяндау үшін тоқтаған кезде оркестр (сигнал беруші-дағырашылар) ойнауын (соғуын) тоқтатады. Бөлім бойынша кезекші бастықтың рұқсатын алып: "ЕРКІН ТҰР" командасын береді және өз міндеттерін орындауды жалғастырады.

2. Тәуліктік наряд адамдарының құқықтары мен міндеттері
Жалпы ережелер


      439. Тәуліктік наряд адамдары күн тәртібінің (қызмет уақыты регламентінің) орындалуына және ішкі тәртіптің басқа да қағидаларының сақталуына табандылықпен қол жеткізе отырып, өз міндеттерін білуге және адал орындауға тиіс.

      Бөлім бойынша кезекшінің рұқсатынсыз тәуліктік наряд адамдарының өз міндеттерін тоқтатуға немесе басқа біреуге орындауға беруге құқығы жоқ.

      440. Бөлімшелерге бөлім командирі және одан жоғары бастықтар келген кезде бөлімшелер бойынша кезекшілер ол туралы бөлім бойынша кезекшіге дереу баяндауға міндетті.

      Роталар (бөлімшелер) бойынша кезекшілер және бөлім бойынша кезекшінің көмекшісіне бағынысты басқа да кезекшілер ол келген кезде "Тік тұр" командасын бермейді және баяндамайды, тек өзін таныстырады.

      441. Бөлім бойынша кезекшіге және оның көмекшісіне кезекшілік уақытында әрқайсысына бөлім командирі белгілеген уақытта төрт сағаттан артық емес, аяқкиімсіз, керек-жарағын шешпей және шешінбеген күйде кезекпен жатып демалуға (ұйықтауға) рұқсат етіледі.

      Штаб, парк, қойма аймағы (техникалық аумақ), бақылау-өткізу пункті мен асхана бойынша кезекшілерге, кезекші фельдшерге (санитариялық нұсқаушыға), рота бойынша кезекшіге және сигнал беруші-дағырашыға кезекшілік уақытында бөлім командирі белгілеген уақытта төрт сағаттан артық емес, аяқкиімсіз, керек-жарағын шешпей және шешінбей, жатып демалуға (ұйықтауға) рұқсат етіледі.

      Кезекті тәуліктік кезекшіге, шабарманға, бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшінің көмекшісіне керек-жарағын шешуге және киімінің түймелерін ағытуға болмайды.

      Тәуліктік кезекшілердің бос ауысымына, шабарманға, бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшінің көмекшісіне тек ұйқыға жатқаннан кейін және одан тұрғанға дейін шешінуге және жатып демалуға (ұйықтауға) кезекпен рұқсат етіледі.

      Бөлім бойынша кезекшінің, оның көмекшісінің, парк, бақылау-өткізу пункті, қойма аймағы (техникалық аумақ), оқ-дәрілер арсеналдары, базалары бойынша кезекшілердің демалуы үшін арнайы орындар жабдықталады. Көрсетілген адамдарға басқа орындарда демалуға болмайды.

      Қарауыл құрамы Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысының ережелеріне сәйкес демалады.

      442. Тәуліктік нарядтан ауысқан әскери қызметшілер ауысым күні сабақтан және жұмыстан босатылады.

      Демалыс, мереке және жұмыс істемейтін күндері тәуліктік наряд құрамына кіретін келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге командир (бастық) аптаның басқа күндері демалыс беруге міндетті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   195




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет