452. Парк бойынша кезекші офицерлерден немесе сержанттар құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінен тағайындалады. Ол парктегі ішкі тәртіпке, күзетке қабылданған мүліктің сақталуына және парк бойынша нарядтың қызмет өткеруіне жауап береді. Парк бойынша кезекші бөлім бойынша кезекшіге, паркте ішкі қызмет тәртібінде бөлім командирінің қару-жарақ (материалдық-техникалық қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасарына немесе бөлімнің техникалық қызметтерінің біреуінің бастығына бағынады.
453. Парк бойынша жаңа кезекші белгіленген уақытта бөлім командирінің қару-жарақ (материалдық-техникалық қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасарына нұсқау алуға келеді.
Таратудан кейін парк бойынша жаңа кезекші тізімдеме бойынша бұрынғы кезекшіден құжаттар мен мүлікті қабылдайды, онымен бірге парк аумағын және барлық парк үй-жайларын аралап шығады және тізімдеме бойынша мөрленген үй-жайларды, сақтау орындарын, сондай-ақ ашық алаңдар мен қалқа астында тұрған қару-жарақ пен әскери техниканы, жабдықты қабылдайды.
Кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабына ол кезекшілікті қабылдау кезінде жою мүмкін болмаған кемшіліктерді жазады.
Кезекшілікті тапсыру және қабылдау туралы бұрынғы және жаңа кезекші бөлім командирінің қару-жарақ (материалдық-техникалық қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасарына, одан кейін бөлім бойынша кезекшіге баяндайды.
454. Парк бойынша кезекші:
1) оған бөлінген үй-жайда болуға; бөлім бойынша кезекшінің рұқсатымен қызметтік істер бойынша кеткенде өз орнына бос ауысымның тәуліктік кезекшісін қалдыруға және оған қайда және қанша уақытқа кететінін хабарлауға;
2) паркке келген барлық адамдардың рұқсат қағаздары мен жеке басын куәландыратын құжаттарын мұқият тексеруге, біржолғы рұқсаттамаларға паркке келген және кеткен уақыты туралы белгі қоюға; ауысымнан кейін рұқсаттамаларды техникалық бөлімге тапсыруға;
3) парк үй-жайлары мен сақтау орындарын ашуға бөлім бойынша бұйрық берілген адамдарды, ол туралы тиісті кітаптарда жазба жасай отырып жіберуге, оларды ашу (жабу) кезінде болуға және есіктерді (қақпаларды) парк бойынша кезекшінің нөмірлі мөрімен мөрлеуге;
4) машиналардың парктен шығуына және парктің ішіндегі қозғалысына жеке өзі рұқсат етуге;
5) машиналардың шығуы мен қайтып оралуының белгіленген үлгідегі журналын жүргізуге;
6) машиналардың рейстерден паркке уақтылы қайтып оралуына бақылауды жүзеге асыруға, ал олар бөгелген жағдайда бөлім командирінің қару-жарақ (материалдық-техникалық қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасарына және бөлім бойынша кезекшіге баяндауға;
7) парктен (паркке) жол қағазындағы, материалдық рұқсаттамадағы және тәртіптемедегі жазбаға сәйкес мүлікті әкетуді (әкелуді) бақылауға, сондай-ақ парк аумағына бөгде адамдардың жіберілуін болдырмауға шаралар қабылдауға;
8) парктегі күн тәртібінің орындалуына бақылауды жүзеге асыруға және парктегі жеке құрамның санын, қандай бөлімшелердің қандай жұмыспен айналысатынын білуге; паркте қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсетумен және қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеумен немесе паркті жабдықтаумен байланысты емес жұмыстарға жол бермеуге;
9) парктің кіреберісіне кезекті тәуліктік кезекшілерді уақтылы қоюға және ауыстыруға;
10) ақаулы және ақаусыз қару-жарақ пен әскери техниканың бар болуын, шығысын, санын ұдайы білуге;
11) парк үй-жайларындағы және аумағындағы тазалық пен тәртіпке, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау қағидаларын сақтауға бақылауды жүзеге асыруға;
12) жылдың суық мезгілінде парк үй-жайлары мен су-май жылытқышта пештерді уақтылы және дұрыс жағуды және парктің барлық үй-жайларында, от жағылмайтын сақтау орындары мен ашық алаңдарда белгіленген температураны ұстауға бақылауды жүзеге асыруға; қозғалтқыштарды суыту жүйелерінен судың ағызылғанын суды ағызуды бақылау кітабына жазба жасаумен, ал қатты аяздарда одан басқа, машиналардан аккумулятор батареяларының алынғанын және тиісті тақтайшалардың ілінгенін тексеруге;
13) өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуына бақылауды жүзеге асыруға, өрт сөндіру құралдарының, өрт дабылдамасының бар болуын және оның жай-күйін тексеруге;
14) нарядқа түсер алдында кезекші көлік құралдарының әзірлігін тексеруге және ол туралы бөлім бойынша кезекшіге баяндауға;
15) парк үй-жайлары мен аумағында, осы үшін арнайы бөлінген және жабдықталған орындарды қоспағанда, от жақпауға бақылауды жүзеге асыруға;
16) парк үй-жайлары мен аумағында темекі шешуге жол бермеуге;
17) паркке қайтып оралған әскери техникаға уақтылы техникалық қызмет көрсетуге шаралар қабылдауға;
18) машиналарға қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, тек жанармай құю пункттерінде жанармай құйылуын бақылауға;
19) тұрақтарға жанармай құйылмаған машиналарды қоюға рұқсат етпеуге;
20) кешке, барлық жұмыс аяқталғаннан кейін паркте барлық үй-жайларда жарықтың өшірілуін және тек кезекші жарықтың қалдырылуын, ал парктің сыртқы жарық беру нүктелерінің барлығы қосылғанын бақылауды жүзеге асыруға;
21) арнайы, улы техникалық сұйықтықтарды сақтауға арналған үй-жайлардың (қоршалған алаңдардың) есіктерінде құлыптар мен пломбалардың бар болуын және ақаусыздығын, сондай-ақ су-май жылытқыштарда сақталатын, төмен температурада қататын суытатын сұйықтықтар бар ыдыстардағы пломбаларды тексеруге;
22) паркке бөлім командирінің орынбасарлары және одан жоғары тура бастықтар, сондай-ақ бөлім бойынша кезекші келгенде оларды қарсы алуға және оларға баяндауға міндетті.
Мысалы: "Майор мырза. Менің кезекшілігім уақытында оқиғалар болған жоқ (немесе мынадай болды). Парк бойынша кезекші лейтенант Орманов".
Баяндаудан кейін кезекші келген командирге (бастыққа) парк аумағы бойынша ілесіп жүреді.
Келген командирді (бастықты) бөлім командирі немесе оның қару-жарақ (материалдық-техникалық қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасары қарсы алған және оған баяндаған жағдайда парк бойынша кезекші баяндамайды, тек өзін таныстырады.
455. Парк бойынша кезекші парктен машиналарды белгіленген тәртіппен шығарады.
Машиналар паркке келісімен және оларды бақылау-техникалық пункті бастығы тексергеннен кейін парк бойынша кезекші жол қағазына және машиналардың шығуы мен қайтып оралуы журналына қайтып оралған уақыты, спидометрдің көрсеткіштері туралы жазба жасайды, ал машинаға толық қызмет көрсетілгенде және май құйылғанда оны тұраққа жібереді немесе белгіленген тәртіппен оны күзетуді ұйымдастырады, одан кейін экипажға (жүргізушіге) парктен кетуге рұқсат етеді.
456. Паркте өрт шыққан кезде парк бойынша кезекші дереу өрт сөндіру командасын шақырады, өртті сөндіруге, машиналарды шығаруға және қару- жарақ пен әскери техниканы, басқа да материалдық құралдарды құтқаруға шаралар қолданады, болған оқиға туралы бөлім бойынша кезекшіге, бөлім командиріне және оның қару-жарақ (материалдық-техникалық қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасарына баяндайды.
457. Парк бойынша кезекшіде: парк сұлбасы; бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде техниканы шығару жоспары; қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерін мөрлеу және күзетуге қабылдау тәртібі туралы нұсқаулық; өрт қауіпсіздігі шаралары жөніндегі нұсқаулық; парк үй-жайларын, сақтау орындарын және ашық алаңдар мен қалқалардың астында тұрған техниканы ашуға (жабуға) рұқсат етілген лауазымды адамдардың тізімі; рұқсаттамалар мен пломбалардың (мөрлер бедерлерінің) үлгілері; парк бойынша кезекші мен тәуліктік кезекшіге, кезекші тартқыштың механик-жүргізушісіне (жүргізушісіне) нұсқаулықтар; ашық алаңдар мен қалқалардың астында тұрған қару-жарақ пен әскери техниканың тізімдемесі; парк мүлкі мен жабдығының тізімдемесі; кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабы; машиналардың шығуы мен қайтып оралуы журналы; парктегі жұмыс күн тәртібі; жол құжаттамасының үлгілері; машиналарды пайдалануға наряд; парк үй-жайларын, қару-жарақ пен әскери техниканы ашу кітабы; машиналардың кабиналары мен люктерінің, парк үй-жайлары мен қақпаларының кілттерін беру кітабы; жұмыс дәптері; кілттерге арналған шкафтар (жәшіктер); жалпыәскери жарғылар; машиналарды парктен шығаруға құқығы бар лауазымды адамдардың қолдарының үлгілері; парк үй-жайларының, сақтау орындарының қосалқы кілттерінің жиынтығы; суды ағызуды есепке алу кітабы; бөлім командирінің парктегі ішкі қызметті ұйымдастыру жөніндегі бұйрығынан үзінді-көшірмелер және басқа құжаттар болуға тиіс.
458. Парктегі жұмыс аяқталысымен парк бойынша кезекші парктің барлық үй-жайларында және аумағында өрт қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау талаптарының орындалғанын, тәртіпке келтірілгенін тексереді; бөлімшелер командирлерінен парк үй-жайларын, сақтау орындарын, ашық алаңдар мен қалқа астында сақтауда тұрған қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдайды, оларды мөрлеуге рұқсат етеді және оларды парк бойынша кезекшінің мөрімен қосымша мөрлейді. Улы техникалық сұйықтықтарды сақтауда және пайдалануда, өрт қауіпсіздігінің талаптарында бұзушылықтар анықталған кезде бөлім бойынша кезекші мен бөлім командирінің қару-жарақ (материалдық-техникалық қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасарына дереу баяндайды, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдайды. Өрт сөндіру наряды адамдарымен бірлесіп паркті тексергеннен және өрт сөндіру жетонын алғаннан кейін ол паркті қарауылға күзетуге тапсырады.
Қарауыл күзеті көзделмеген парктерде парк бойынша кезекші патрульдеу тәсілімен күзетуді ұйымдастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |