Сұрақтар мен тапсырмалар
Қ.Мырзалиевтің шығармашылық өмірбаянын әңгімелеңіздер.
Қ.Мырзалиев шығармаларындағы түйінді ойды анықтаңыздар. Шығармаларының тәрбиелік мәні туралы пікір білдіріңіздер.
Оқуға ұсынылатын кітаптар
Қ.Мырзалиев. Күміс қоңырау. - Алматы: Жазушы, 1970.
Қ.Мырза Әли. Алтын омырау. - Алматы: Жазушы, 2003.
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. -Алматы: Мектеп, 1980.
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. 3 кітап. - Павлодар: Арман, 2004.
6 тарау. Ә.ДҮЙСЕНБИЕВ
Өлеңдері. Ә.Дүйсенбиев - «Не деу керек?», «Елка жыры», «Ақ мамам» т.б. балалар сүйіп оқитын өлеңдердің авторы. Ә.Дүйсенбиевтің «Шірік алма», «Автобуста», «Күшті болсам мен егер», «Не деу керек?», «Жалқау», «Білгіш», «Бәтеңке, Шұжық, Балқаймақ», «Менікі де, сенікі де, оныкі де - біздікі» туындылары да - бүгінгі талапқа толық жауап беретін дүниелер.
Апаң сенің базардан
Алма сатып әкелді.
Ең үлкенін, жақсысын
Саған таңдап әперді.
Не деп барып жеу керек? - деп басталатын «Не деу керек?» өлеңі бүгін де, ертең де, арғы күні де сәбилерге әдеп әліппесін үйрете береді. Ақын өлеңдері балалар бойында гуманистік сезімді оятуға, оларды ізгі мінезге тәрбиелеуде пайдалы қызмет атқарып келеді. Ә.Дүйсенбиев өлеңдері жанрлық жағынан бай. Ертегі-поэма, санамақ, тақпақ т.б молынан ұшырасады. Халық поэзиясы көне формасының жаңа мазмұн алып дамуына «Бес саусақ» өлеңін мысалға келтірге болады:
Балаларым, тұрыңдар,
Сөзге мойын бұрыңдар.
Бас бармақ,
Жатып алдың талайдан,
Бұзауларды бақ, айнам.
Кешке үйге келгенде,
Құйып берем ақ айран.
Ә.Дүйсенбиев әр өлеңінде баламен сырласудың қарапайым жолын тауып сөйлейді. Оның өлеңдерінің өміршең болатын себебі де осыдан.
Ә.Дүйсенбиевтің туындыларынан жалаң үгіт, насихат байқалмайды. Ақын өз өлеңдеріне тәрбиелік сипат беріп, айтар ойын астарлап, ишаралап жеткізеді. Мысалға «Шірік алма» өлеңін алайық:
Жеп тұр Әсет алманы,
Інісін еске алмады.
-Маған да аздап бер - дейді,
Әсет оған бермейді.
-Кәкәй, жеуге болмайды,
Айта көрме ондайды.
Шірік алма - деп қоды,
Сөйтті де өзі жеп қойды.
Бұл өлеңде бала характері алдыңғы планға шыққан. Дидактикалық өлеңдерден арылудың бір жолы - өлеңді бала мінезіне құру болатын болса, Ә.Дүйсенбиев - бұл істі оңтайына келтірген ақын.
Достарыңызбен бөлісу: |