Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Е



бет20/73
Дата22.08.2023
өлшемі0.56 Mb.
#476180
түріОқулық
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   73
Rustemov okulik 00

Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Асан қайғы, Бұқар жырау өмір сүрген кезеңдердегі қазақ елінің тарихи жағдайы туралы әңгімелеңіздер. Асан қайғы, Бұқар жырау толғауларының тарихи сипатына мән беріңіздер.
2.Асан қайғы, Бұқар жырау жырларындағы ел тәуелсіздігі мен береке-бірлікті сақтау сияқты негізгі ой-түйіндерді батырлар жырымен ұқсастығына орай салыстырыңыздар.
3.Жыраулардағы шешендік, нақыл сөздерді ауыз әдебиетінің басқа үлгілерінен іздестіріңіздер, салыстырмалы талдау жасаңыздар.
4. Асан қайғы, Бұқар жырларын жаттаңыздар.


Оқуға ұсынылатын кітаптар
1.Бес ғасыр жырлайды. - Алматы: Жазушы, 1989. 1-том.
2.Бұқар жырау Қалқаманұлы. Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1992.


III БӨЛІМ XIX ҒАСЫРДАҒЫ БАЛАЛАР
ӘДЕБИЕТІ
1 тарау. МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ


Өлең-жырлары. Махамбет бойындағы күш-қуатын елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолына жұмсады. Әр уақытта да әділетсіздікке қарсы шығу үшін жалынды жүрек, берік сенім керек. Жалғандық пен жауыздықты әшкерелеу тек ерлердің қолынан ғана келген. Сондай ерлердің бірі - Махамбет. Махамбет - халқын сүйген ақын. Оның өлеңі - ел сүюдің үлгісі. Махамбет шығармалары жеткіншектерді табандылыққа, қайсарлыққа тәрбиелейді. Махамбет ақын - ерлікке үндейтін жалынды үгітші. Махамбет - өз стилі, өзіндік өлең құрылысы, тіл өзгешелігі бар ақын. Ақын өлеңдерінде терең ой, нәзік сезім және саяси өткірлік үштасып жатыр. Бұл қасиеті ақын өлеңінің құрылысы мен түріне әсер еткен. Махамбет жырлары өзінің екпінділігімен, ырғақтылығымен өзгешеленеді.1837 жылы қазан айының аяқ кезінде Исатай хан Ордасын 3500 қолмен қамайды. Хан он күн мұрсат сұрайды. Махамбеттің хан алдауына көнбеу жөніндегі кеңесін Исатай тыңдамайды. Сол аралықта Орынбордан подполковник Гекке әскері келеді. Қарауылқожа қолымен қосылып, Исатай әскерін Бегетай құмында, Тастөбе деген жерде жеңеді. Махамбеттің Исатай сөзі ретінде айтылатын «Әй, Махамбет жолдасым» деген өлеңі бар. Өлеңде Махамбет Исатайдың хан Ордасын шабудан тоқталып қалып, зор сәтсіздікке ұшырағанын айтады.
Қырық бір жасқа келгенде,
Өз дегенім болмаса,
Өзгенің тілін алмаған,
Кісі ақылы қонбаған,
Қанша айтса да болмадым,
Сөзіңе құлақ салмадым.
Бұрала біткен емендей,
Қисық туған сорлы ағаң,
Хан сөзіне сенгенім,
Он күн мұрсат бергенім.
Әскерімді таратып,
Он бір күнге қаратып,
Бекетай құмға келгенім
Исатай 40 кісімен Жайық өзені қатқанға дейін Нарын құмында қашып жүреді. Желтоқсанның он екісінен он үшіне қараған түнде Жайықтың бергі бетіне өтпекші болады. Өзен бойындағы отряд оқ атады. Исатай әскері аз шығынмен өтіп кетеді. Жайықтан өткеннен кейін боран үдейді. Исатай бастаған қол ел таба алмай далада түнейді. Түні бойы қар жамылып, мұз төсеніп, ұйқысыз шығады. Сарбаздар ішінен әлсіздік танытқандары болады. Оларға күрес болашағы бұлдыр көрінеді. Сарыуайымға салынушьшардың бетін қайтару үшін Махамбет «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңін сол жерде шығарыпты деседі.
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық, шөл көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай
Ерлердің ісі бітер ме?
Исатай соғыста қаза табады. Махамбет1841 жылы ұсталып, Орынборға жөнелтіледі. «Баймағамбетке айтқан сөзі» осы тұста, Орынборға айдалып бара жатқанда айтылған тәрізді.
Еділдің бойы ен тоғай
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім.
-деп арманын ашық айтады. «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» өлеңінде Махамбет Исатай қозғалысының екі түрлі мақсаты болғанын айтады. Бірі - хан билігін жою, екіншісі - бұқара мұқтажын өтеу. «Еңсесі биік ақ орда, еріксіз кірсем деп еді, керегесін кескілеп, отын етсем деп едім» дейді ақын. «Хан керегесін отын етемін» деу - батырлар жырындағы сарын. Махамбет көтерілістің екінші мақсатын былайша суреттейді: «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім». Хан Ордасын бұзу - саяси талап, ал қоныс, жер-су, мал үшін күресу - экономикалық талап. Өз кезеңі үшін бұл талаптардың мәні аса зор болды.
Ақын өлеңдерінде эпостық баяндау сарыны бар. Ол жалынды лирикамен араласып келеді(«Баймағамбет сұлтанға айтқаны»). Махамбет өлеңдері әлеуметтік сарындағы саяси-үгіттік лирикаға да ұласады. («Ереуіл атқа ер салмай»). Өлеңдерінің көбі дерлік жоқтау сарынында айтылады. Бұл құбылыс Исатай қаза тапқаннан кейін туған өлеңдерінен байқалады («Тарланым», «Тайманның ұлы Исатай»). Кейбір өлеңдерінде Махамбет өмірді философиялық бағытқа негіздеп, өз ұғымын баяндайды. Олар риторикалық сұрақтармен де айтылады («Қоғалы көлдер, қом сулар»). Ақын өлеңдерінде көңіл-күйді көрсететін элегиялық лирика біраз орын алған («Қызғыш құс»). Ақын өмірінің соңғы кезеңін қуғында өткізді. Сол кезеңдегі өлеңдерінен ақынның қасіретке бөленген мұңды жаны танылды. Ақын көңіл-күй лирикасының озық үлгілерін туғызды. Махамбет жыр ағымымен суырып салма түрде толгаған өлеңдерін көтеріліс кезеңінің жағдайына бейімдейді. Сондықтан, оның өлеңдері 7 буынды, 7 және 8 буын аралас түрде жасалған. Ал 11 буынды тек бір ғана «Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай» деген өлеңі бар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет