Бұқар жырау Қалқаманұлы. Бұқар жырау поэзиясының басты тақырыптары: адам өмірі, оның мінез-құлқы мен іс-әрекеті, ел-жұрт, заман. Өз толғауларында жырау жалпы қауымға ортақ, көпшілікке маңызды мәселелерді айтады. Өлең-жырларында пәлсафалық нақыл басым, жинақтау мен ғибрат айту көбірек. Жырау өзі өмір сүрген дәуірдің барлық бедерін суретке салғандай бейнелеп береді. Асан қайғы тәрізді, Бұқар жырау да бірсыпыра жырларын өз тұсындағы ханға, атап айтсақ, Абылайға арнайды. Осы орайда Бұқар толғауларын Абылайға және жалпы қауымға арналған деп те бөлеміз. Ел бірлігін жырлау - Бұқар өлең-жырларында негізгі мәселенің бірі. Бұл, әсіресе, оның ел-жұрт, заман тақырыбындағы толғауларынан көрінеді. 1739 жылы Түркістанда Әбілмәмбетті ақ киізге салып хан көтерген той болады. Бұл той Арқада жалғасады. Осы жердегі мәжілістте Ұлы жүз бен Орта жүз азаматтары болашақ жөнінде сөз қозғайды. Бұқар қазақ елінің бірлігінің кетіп бара жатқанын, төрелер арасындағы алауыздықты, сыртқы жаудың алдындағы шарасыздықты айтады. «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек» толғауында төмендегідей кеңес береді:
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз,
Судан суға шүйгумен
Көлден көлге қоныңыз.
Байлар ұғлы шоралар
Бас қосыпты десін де,
Маң-маң басып жүріңіз,
Байсалды үйге түсіңіз.
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін,
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз.
Бөгенбай қайтыс болғанда айтқан жыры - «Қазақтың ханы Абылай». Бөгенбай өлімін 90-нан асқан жырау Абылайға
Құлағанға ұқсайды
Қазақтың қамал қорғаны
-деп естіртеді.
Толғауда Бөгенбаға үлкен баға береді:
Еңбек қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін,
Қазақтың абырой-арына
Сарып қылған бар күшін,
Қайыры болсын халқыңа,
Сабыр қыл, ойлап келмесін,
Қарияң келіп жырлап түр
Еңбегі сіңген ер үшін,
Батырың өтті Бөгембай! . . . .
Бұқардың ерекше көңіл бөлген тақырыбы - адам өмірі. Адам өмірін жастық шағыннан кәрілік кезіне дейін буынға бөліп суреттейді. «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда» толғауында Абылай өмірін, ісін бала жасынан кемеліне келген шағына дейін жыр етеді.
Бұқардың ерекше қадір тұтқан жасы - жиырма бес. Бұл адам өмірінің ең қызық шағы, дегеніне жету үшін еңбек етіп, талап қылып, құлшыныс жасайтын кезең екенін «Атам болған жиырма бес» толғауында айтады. Жастық шаққа қарттық-кәрілікті қарама-қарсы қойып сипаттайды.
«Жиырма деген жасыңыз» толғауында адамның 20, 30, 40 жастағы өмірін бұлақ, лақ, құр атқа теңейді. Елуден ары қарай көшкен елге, мұңлы күнге, тұманды түнге балайды. Тоқсан жаста өлімнен басқа жоқ екен деген қорытынды жасайды.
Бұқар өзінің толғауларында адам өміріндегі қолайлы- қолайсыз жайттар, шарапатты не кесепатты мінез-құлықтар туралы психологиялық тұрғыда сипаттама жасайды, философиялық ой түйіндерін ұсынады. Араб әліпбиі бойынша оқып, қара таныған Бұқардың «Алла деген ар болмас», «Айтар болсаң Алланы айт» толғауларының бүкіл өзегі философиялық терең ой, өмірлік тағылым тұрғысынан өріледі. Алла атын жырау өз сөзіне тыңдаушы назарын аудару үшін, оларға діни сезім арқылы әсер ету үшін қолданған сияқты. Ол діни білімді халық түсінігіне лайықтап толғайды. «Алла деген ар болмас» өлеңіндегі
Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер,
Күндердің күні болғанда
Кімдер де кімнің дейсің белі бүгілмес-деген философиялық түйін үгіт-насихат айту тұрғысында келген. Бірақ Бұқар жырларына жалаң дидактика жат. Бұқар толғауларынан жыраудың өмірге, өзін қоршаған ортаға көзқарасы аңғарылады. Мәселен, жоғарыда келтірілген тұжырымда «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген тұспал бар. «Айтар болсаң алланы айт» толғауында жақсының тірісінде қадірін біл дегенге меңзеу жасалады. Адамның өсіп-жетілуінде әкенің орны ерекше екенін «Әкелі бала - жау жүрек, жиын болса барады, барса орын табады» дегенге «әкесіз бала - сужүрек, жиын болса бара алмас, барса да орын таба алмас» деп салыстыру жасайды. Демек, Бүқар сөздері афоризм сыңайында құрылып, мақал-мәтел деңгейінде қолданыс тапқан. Бұқар жырау тілінің көркемдігі, өткірлігі әдебиетіміздің алға басуына әсерін тигізді. «Арту-арту бел келсе» өлеңінің әр тармағы дауысты дыбыстан басталып көркемдік сипат дарытқан.
Арту-арту бел келсе,
Атан тартар бүгіліп,
Алыстан қара көрінсе,
Арғымақ шабар тігіліп,
Алыстан жанжал сөз келсе,
Азулы сөйлер жүгініп.
Бұқар - өмір сүрген дәуірдің болмыс-шындығын көркем бейнелеп, артына елеулі әдеби мұра қалдырған жырау. Ең алғаш ауыз әдебиетіндегі үлгілерден бастау алса да, дәуір талабына орай әлеуметтік мазмұн мен көркемдік сапаларды игерген жыраулық поэзия Бұқар шығармалары арқылы жаңа белеске көтеріліп, әдебиетіміздің байып, марқая түсуіне жол салды.
Достарыңызбен бөлісу: |