Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Е



бет26/73
Дата22.08.2023
өлшемі0.56 Mb.
#476180
түріОқулық
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   73
Rustemov okulik 00

Төл әңгімелері. Ы.Алтынсарин әңгімелері - түр, стиль жағынан жан-жақты сападағы, түрлі жанр жүгін көтеріп түрған бай мұра. Автор «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесінде балаларды еңбек етуге, өмір сырын үйренуге шақырады. Әңгімедегі Асан - тек ас ішуге ғана дағдыланған бала. Тамағы тойса күліп, қарны ашса жылауды ғана біледі. Асан өзі пайдаланып отырған тамақтың қайдан және қалайша табылатындығын білмейді. Нендей нәрсенің тамаққа жарайтындығын білмейді. Үсен Асанға қарама-қарсы бағытта суреттелген. Үсен өз ісіне сеніммен кіріседі. Өйткені оның дұрыстығына шүбәланбайды. Ол әр кез өз әкесінің айтқандарын басшылыққа алып отырады. Осы арқылы жалпы халықтың тәжірибесіне сүйенеді. Сонымен, «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесіне екі баланың еңбекке екі түрлі қатынасы көрінеді. «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде еңбек нәтижелері суреттеледі. Жазушы екі ұрпақ өмірін бейнелейді. Шығармада қазақ даласында жаңадан орын тебе бастаған жер шаруашылығы мен сауда кәсібінің алғашқы нәтижелерін көрсетеді. Ыбырай осы әңгімесінде ең алдмен, еңбектің, әсіресе, ұжымдық еңбектің күшін көрсетпек болады, екіншіден, қалың көпшілікті жер шаруашылығымен айналысуға шақыруды мақсат етеді. «Киіз үй мен ағаш үй» әңгімесінде кәсіп мәселесін сөз қылады, отырықкшылық тұрмысты уағыздайды. Бір жерді түпкілікті мекен еткен елге киіз үйден гөрі ағаш үй қолайлы болады деген ой айтады. Киіз үйдің мал баққан шаруа үшін қажеттілігі де айтылады.
Аудармалары. Оқулыққа енген көпшілік шығармалар, Ыбырайдың өзі атап көрсеткендей, Паульсонның хрестоматиясынан алынды. Олар: «Асыл шөп», «Бақша ағаштар», «Шеше мен бала», «Мейірімді бала», «Дүние қалай етсең табылады», «Әдеп», «Мұжық пен жасауыл», «Сақып» және т.б. Л.Толстойдан аударған әңгімелері: «Силинші деген ханым», «Малды пайдаға жарату», «Мұңсыз адам», «Айуанның естісі көп, бірақ адамдай толық ақылы жоқ», «Жамандыққа жақсылық», «Данышпан қазы», «Үш ұры» т.б. Ушинскийден аударған әңгімелер: «Полкан деген ит», «Түлкі мен ешкі», «Үнді» т.б. Ыбырай көркем аударманың мүмкіндіктерін ашты. Оның аударма әңгімелері тым жатық, қазақтың төл туындысындай оқылады. Жазушы өзі аударған әңгімелерге өзіндік идея, өзгеше өң береді. Кейбір әңгімелердің ұзын- ырғасын түгел сақтамай, олардағы түйінді мәселелерді ғана жинақтап, қысқартып баяндайды. Мәселен, Л.Толстойдың «Петр I и мужик» әңгімесі екі шағын бөлімнен тұрады. Біріншісінде Петр патша жолдан адасып жүріп, ағаш шауып жатқан мұжыққа тап болады да, біраз әңгімелеседі. Екінші бөлімде мұжық патшаны орманнан алып шығып, жол көрсетеді. Алтынсарин өз әңгімесіне бірінші бөлімдегі оқиғаны ғана өзек етіп алады және тұтастай емес, өз пайымына қарай ыңғайлап алады. Толстой әңгімесіндегі мұжық ақшасын үшке бөледі, бірінші бөлігімен әке- шешесіне қарызын өтейді, екінші бөлігін ұлдарына қарызға береді, үшіншісін қыздарын асырауға жұмсайды. Алтынсарин әңгіме атауын ауыстырып қана қоймай, кейіпкерлерін де өзгертеді. Әңгіме кейіпкері - көп мал тауып, азбен қанағат етіп, аз жұмсап тұратын үйші. «Қарт әке-шешеме берген ақшаларымды өтеп тұрған борышым деп білемін, өзімнен туған балаларға оқу оқытуға, асырауға шығарған малымды өсімге берген мал деп білемін. Балалар адам болып, біз қартайғанда жақсы асыраса, олардың борышымды өтегені емес пе, - деді». Ыбырай әңгімесінде өлеңдерінен бастау алатын ой («Баладан қайыр болмаса, баланы неге сұрайды?», «Ата-анаңды өнер білсең асырарсың» деген жолдар бұған дәлел) жалғасын тапқан. Сөйтіп жазушы ұзақ әңгімелерді қысқартып пайдаланған. Кейде бір әңгіменің сюжетін пайдалана отырып, оны өзінше құрады. Мысалы, Л.Толстойдың «Царь и рубашка» әңгімесін Алтынсарин «Мұңсыз адам» деген атаумен аударған. Аударма әңгімеде өзгешеліктер жоқ емес. Мәселен, Толстой әңгімесінде патшаның өзі дертті болса, Ыбырайда патша ханымы аурулы болады. Ханым сырқатына еш дауа табылмайды. «Патша мұнан соң бақсы- балгерлерді жидырып, жарлық айтты: -Балдарыңызды ашып, осы ханымға не еме болатынын табыңыз, егер таппасаңыз, бәріңізді де асып өлтіремін, - деді». «Царь и рубашка» әңгімесінде патша жарлығы қатал талапқа құрылмайды:
«Один царь болен и сказал: - Половину царства отдам тому, кто меня вылечит». «Бақсы-балгерлер қорқып, сасып тұрғанда, ішінде біреуі айтты: - Мен бұл аурудың емін таптым» «Тогда собрались все мудрецы и стали судить как царя вылечить. Никто не знал. Один только мудрец сказал, что царя можно вылечить». «Сол сөзбен мұны ханға алып келісті. Бұл балгер ханға айтты: - Дүниеде мұңсыз кісі тауып, соның көйлегімен қақтырсаңыз, бұл ауруға сол ем екен». «Он сказал. - Если найти счастливого человека, снять с него рубашку и надеть на царя -царь выздоровеет».
Л.Толстойдың «Пожарные собаки» әңгімесін Ы.Алтынсарин «Айуанның естісі көп, бірақ адамдай толық ақылы жоқ» деп аударыпты. Аударма әңгіменің тақырыбы мен кіріспесі ғана бөлекше. Кіріспесі төмендегіше басталады: «Ит - адамға шын дос жануар. Дүние жүзінде иттің неше атасының ұлы бар: біреуі қора, біреуі үй күзетеді, біреуі малшы орнына мал бағады, біреуі аң-құс алып береді, біреулері, тіпті, ат орнына жегіліп те жүріледі. Бұлардың бәрін де екінші кітапта уақытымен айтамыз». Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясының» екінші кітабын шығармақ болғаны белгілі. Бұл жерде осы еңбекті айтып отырғаны күдік тудырмайды. Тағы бір сәл өзгешелік соңғы сөйлемде: «Собака побежала в дом и скоро выбежала с чем-то в зубах. Когда народ рассмотрел то, что она несла, то все расхохотались, она несла большую куклу». «Біраздан соң Боб аузында бір тістегені бар, үйден жүгіріп шыға келді. Қараса, әпкелгені бір үлкен қуыршақ екен». Аударма әңгіменің бұлай аяқталуы өзгертілген атауына байланысты алынған сияқты. Алтынсариннің атауын ауыстырмай аударған әңгімелері - «Үш ұры» (Три вора) және «Данышпан қазы» (Праведный судья). «Три вора» әңгімесінде үш ұрыға алданатын адам мұжық болса, аударма әңгімеде - сарт. Саудамен айналысатын қасиеті ескерілгендіктен алынған болу керек. Сартқа құдайды ауызға алғызады. «Сарт. - Ендеше, Кұдай үшін, есегімді ұстай тұр деп, есегін ұрыға ұстатып, өзі ағашқа жүгіріп кіргенде, бұл ұры есекті алып жөнеледі». Орысшасында «Мужик побежал догонять козу и попросил вора подержать осла. Второй вор увел осла» деп келеді. Осылардан өзге айырмашылық жоқ. «Данышпан қазы» әңгімесінде «ученыйды» молда деп аударған. Әңгіме соңында қазыға разы болған Бауакас патша «Тілегің болса, тіле» - дейді. «Қазы: - Маған сый керек емес. Патшаның осы мақтағаны да маған жетерлік сый деді, - дейді». Ал түпнұсқасында бұл жоқ.
Ушинскийдің «Играющие собаки» әңгімесін «Полкан деген ит» атаумен аударған. Сюжет пен түйін бір болғанымен қанден мен Полканның әрекеттерін сөз қылатын кейіпкерлер өзге. Түпнұсқа әңгіме сюжеті Володя деген бала мен әкесінің диалогына құрылған. Аударма әңгімеде қанден мен Полканды әңгіме объектісіне айналдыратын шәкірт бала мен ұстазы. Бұдан Ыбырайдың әңгіме оқиғасын мектеп тірлігіне, оқушы мінез-құлқына жақындату мақсаты айқын көрінеді. Ушинскийден аударған «Түлкі мен ешкі» әңгімесінің атауы еш өзгеріссіз берілген. Бірақ ықшам аударылған. Ушинскийде түлкінің құдыққа қалай түсіп кеткендігі(қарғаларға қараймын деп), құдықтың іші мен құдыққа үңілген ешкі сипатталады. Алтынсаринде түлкі мен ешкі екі-ақ ауыз сөзбен тіл қатысса, орыс жазушысында құдық жайын ұзақ сөз қылады. Құдыққа секіріп түскен ешкіге түлкі «су шашыраттың» деп кейістік білдіріп те қояды. Орысшасы «чуть было не пропал козел с голоду в колодце; насилу-то его отыскали и за рога вытащили» деп аяқталады. Ал қазақшасы ешкінің құдықта қалуымен аяқталады.
Сонымен, Ы.Алтынсарин өз аударма әңгімелерінде біріншіден, түпнұсқаны сақтап, тақырыбын ауыстырмай өзгеріссіз аударады. Кейіпкерлерін қазақ ортасына қарай бейімдейді («Үш ұры», «Данышпан қазы»). Екіншіден, тақырыбын ауыстыру арқьшы сюжетін қысқартып немесе толықтыру енгізе отырып аударады. Кейіпкерлерін өз мақсатына байланысты өзгертеді («Малды пайдаға жарату», «Мүңсыз адам», «Айуанның естісі көп, бірақ адамдай толық ақылы жоқ», «Полкан деген ит», «Түлкі мен ешкі»). Қазақтың жаңа жазба әдебиетіндегі диалогтың алғашқы үлгілерін Ы.Алтынсарин, сөз жоқ, аударма шығармалардан барып шығарды. Мәселен, «Шеше мен бала» әңгімесінде диалогтық үлгі бар. Драматургия элементі байқалады. Нақтылы сурет жасау, шын құбылысты қаз-қалпында жеткізу шеберлігі де қазақтың жазба көркем әдебиетінде осы аудармалардан бастау алады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет