Сұрақтар мен тапсырмалар
20-30 жылдардағы қазақ балалар әдебиетінің даму ерекшеліктері жөнінде әңгімелеңіздер.
Қоғамдағы түрлі өзгерістердің қазақ балалар әдебиетіндегі тақырып пен идеяға ықпалы жөнінде айтыңыздар.
Оқуға ұсынылатын кітаптар
Горький М. Әдебиет туралы. - Алматы: Жазушы, 1984.
Горький М. Жастар және балалар туралы. –Алматы: Жалын, 1990.
Горький М. Ертегілер. -Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1951.
Горький М. Балалық шақ. -Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы,1954.
Маршак С. Балаларға. - -Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы,1964.
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. -Алматы: Мектеп, 1980.
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. 2 кітап. - Павлодар: Арман, 2004.
2 тарау. С.СЕЙФУЛЛИН
Өлеңдері. С.Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» (1922), «Балалар» (1925), «Ананың хаты» (1925), «Келіншектің бесік жыры» (1926), «Анаға жауап» (1926), «Совпарттағы қарындасыма» (1926), «Пионерлер»(1929), «Маузер» (1929), «Біз комсомол»(1935), шығармалары кеңес кезеңінде балалар оқуына ұсынылды. Аталған шығармалар кеңес дәуіріндегі балалар әдебиетіне жаңа тақырып, жаңа мазмұн енгізді, оны социалистік құрылыс идеясымен жандандырды. С.Сейфуллин Омбыда оқып, білім алды. Ондағы орыс революционерлерімен қарым-қатынас жасады. 1917 жылы Ақмолада Кеңес үкіметін орнатуға қатысты. 1918 жылғы көтеріліс кезінде ақ гвардияшыл атаман Анненковтың қолында, Колчактың Омбыдағы концлагерінде азап көрді. 1919 жылы қашып шығып, Оңтүстік Қазақстанға өтті. Орынборда Қазақ республикасының басшы қызметтерінде болды. Сол себепті де С.Сейфуллин ұлттық әдебиетте тұңғыш рет азаттық сүйгіш, күрескер қаһарманның бейнесін жасады.
Төңкеріс кезіндегі және кеңес өкіметі енді орнаған тұстағы оқиғаларды «Маузер», «Бандыны қуған Хамит» шығармалары арқылы суреттеді. «Маузер» өлеңі Сәкеннің революциялық көзқарасын танытатын шығарма болғандықтан уақытында өз бағасын алды. Өлеңде Отаны, елі, өз халқының азаттығы үшін қан майданда ауыр жараланған азамат өзінің ақтық сөзін анасына, жас жарына, баласына, майдандас достарына арнайды. Оның Отанға деген сүйіспеншілігі, қайсарлығы, жауға қаталдығы суреттеледі. Автор жас ұрпақтың алдына үлкен мақсат қояды, оларға сенім мен жауапкершілік арта сөйледі.
Жаңа құрылыстың алғашқы даму кезеңдерін әңгіме ететін «Бандыны қуған Хамит» әңгімесі өкіметке қарсы іріткі салу саясатын жүргізген бандылардың саясатын әшкерелеуге арналды. Композициялық құрылысындағы ерекшелік: оқиға желісі бірден басталып кетпейді. Автор алдымен айналамен, оқиға болатын жермен, шығармада суреттелетін кісілермен таныстырады. Банды бастығы мен оның ізіне түскен Хамиттің жүріс-тұріс, мінез, сырт тұлға ерекшеліктері салыстырыла суреттелгендей әсер береді. Хамит портреті арқылы еңбекте, істе төселген азаматтың кейпі балаларға үлгі боларлық қалыпта суреттеледі. Әңгімеде күз айларының сұлулығына ерекше көңіл бөлінген. Табиғаттың әсем көріністері әңгіменің арқауы болып отырған оқиғаларға байланысты алынған. Пейзаждық көріністер негізгі кейіпкерлердің мінезі мен типтік бейнесін әр жақты аша түсуге қызмет еткен. Әңгіме композициясының шебер құрылуы осы жағынан көрінеді. Оқиға өзінің шарықтау шегіне жеткенге дейін кейіпкердің сырт түлға, мінез өзгешеліктерімен де, пейзаждық көрінісімен де оқушысын әр алуан ойға түсіреді, қызықтырып, еліктіреді. Сәкен түрлі бейнелі сөздерді, эпитеттерді, теңеулерді, метафораларды кеңінен пайдаланады. Аталған шығарма осы аталған ерекшеліктерімен де және тарихи жағдайлар, яғни өмірде болған оқиғалар жайында хабардар ету қасиетімен де бүгінгі уақыт кезеңінде құндылығын жоймақ емес.
Сәкеннің балаларға арналған өлеңдері баланың көз алдына болашақтың жарқын бейнесін, еркін өмір сәулесін елестті. «Балалар», «Келіншектің бесік жыры», «Ананың хаты», «Анаға жауап», «Пионерлер», «Біз комсомол», «Совпарттағы қарындасыма» өлеңдері осы тұрғыда жазылған. Алға қойған ізгі мақсаттар мен арманға жетуді көздеу керектігін ақын жас жеткіншектердің есіне салып отыруды мұрат тұтты. Жас ұрпаққа өнер-білімнің пайдалы жақтарын айтты. Жоғарыда аталған өлеңдері «болашақ тұтқасы - жас ұрпақ» деген ойды білдірді.
С.Сейфуллиннің «Балалар»(1925) деп аталатын жеңіл ұйқасқа құрылған ойнақы өлеңі бар. Баланың табиғат аясындағы тірлігін суреттейтін, 4 және 7 аралас буынды өлең.
Міне, дала...
Бір топ бала,
Жүгіреді айнала.
Мінген таяқ,
Жалаң аяқ,
Табандарын көк бояп.
Жұлып сасыр,
Салады асыр,
Аунап жерге көк жасыл.
Дегенмен, өлең соңының саяси сипатпен бедерленуінен(«жас тұлымшақ, тап құлыншақ», «Совет - атаң, дүние - Отан», «Туың қызыл, көлемі ұзын») оның бастапқы бояу-нақышы солғын тартқан. Ақынның заман талабынан тысқары кетпегендігін 1926 жылы жазған «Келіншектің бесік жыры» өлеңіндегі мына бір шумақтан да байқаймыз:
Өңкей біздей зарлыға,
Кемдіктегі жарлыға,
Жаным менің ер жетіп,
Көсем болар ма екенсің?
Бағдарласақ,
С.Сейфуллиннің «Келіншектің бесік жырында» бөбектің тезірек ер жетіп, елге қамқор азамат болуы - басты тілек. Ал фольклорлық бесік жырында есейген баланың әкесі мен шешесіне қарайласуы басты тілектің бірінен саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |