Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Е



бет5/73
Дата22.08.2023
өлшемі0.56 Mb.
#476180
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   73
Rustemov okulik 00

Б.Бұлқышев балалар әдебиеті жайында. Баубек Бұлқышев та Қазақстан жазушыларының II съезі қарсаңында жазылған «Балаларға жақсы кітаптар керек» мақаласында балалар әдебиетіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келе жатқандығын айтады. Мақаладан Баубектің бала психологиясын жетік білетіндігі байқалады. Олардың әр нәрсеге әуестенгіш, әсерленгіш, жылт еткен құбылысқа ынтық көңілдерін тап басып көрсетеді. Балалар үшін үлкен тәрбие құралы - көркем әдебиет екендігін жұртшылық есіне салады. «Жазушылардың ішінде балалар әдебиетіне ептеп көңіл аударған Қалмақан еді. Ол да ең соңғы рет балаларға өмір бойы азық қылыңдар деп «Тәтті қауынын» тарту етті де, соңғы уақытта балалардан ол да қол үзіп кетті. Мүмкін, Қалмақан балаларға «Тәтті қауын» есейіп, ер жеткенше қорек етуге жетеді деп жүрген болар. Бірақ балалар бірнеше «Тәтті қауын» сияқты тәтті әдебиет жемістерін күтіп отыр. Қалмақанның мұнысына да рахмет. Басқа ақын-жазушылар «Тәтті қауын» түгіл балалардың әдебиет қорына бір уыс бүлдірген де қосқан жоқ» деп (10,378) жазады Б.Бұлқышев.
Баубек сынына іліккен Қ.Әбдіқадыров 1930 жылдары балаларға арнап екі кітапша шығарған болатын. Қалмақанның «Тәтті қауын» әңгімесі 1933 жылы жазылып, 1936 жылы осы атпен аталған әңгімелер жинағына енгізілді. Ал Баубектің мақаласы 1939 жылы «Октябрь балаларының» 29 мамыр, №40-шы нөмірінде жарияланды. Қалмақанның балаларға арналған шығармаларынан қалам қабілеті қарымын таныған Баубек оның үш жыл бойы үнсіз жатқандығына қынжылады. Дегенмен, басқа жазушылармен салыстырғанда оның бүлдіршінге үсынылған дүниелері бар екендігіне шүкіршілік етеді. Демек, Баубекті қынжылтатын жайт - сыншылар сынайтын балалар әдебиетінің жоқ екендігі. «...біздің ақын-жазушыларымыз балалар әдебиетіне көңіл бөліп, балалардың тілегіне сай жақсы, қызықты шығармалар бере алмай келеді»- дейді (10,379) Баубек. Әдебиетке, әсіресе балалар әдебиетіне қатысты жоқ-барды қанағат еткен дұрыс емес. Мәуелі ағаштан жылдан-жылға мол жеміс күту - қандай заңды болса, әдебиеттен де жақсы туынды талап ету сондай табиғи, қажетті, заңды.
«Балаларға жақсы кітаптар керек» деген мақаласы Қазақстан жазушыларының II съезі қарсаңында жазылса, «Жазушылармен әңгіме» съезд өткен соң жазылды. 1939 жылы «Октябрь балалары» газетінің 12 шілде №50-ші нөмірінде жарық көрді. «...Қазақстан жазушыларының екінші съезі (1939) әдебиеттің рухани жүдеушілігі жағдайында өтті. Онда жаңа әдебиеттің табыстары сөз болмады»- дейді (33,74) С.Қирабаев съезд жайында. «Октябрь балалары» газетінің ұжымы ұйымдастырған әңгімеге Қазақстан жазушылары II съезінің делегаттары мен облыстардан келген ақын-жазушылар қатысады. А.Тоқмағамбетов, Ә.Әбішев, Ж.Тілеков, С.Машақов және тағы басқалары балалар әдебиетін жандандыруға қатысты өз ұсыныстарын айтады. Сөйтіп бұл жиында «Октябрь балалары» газетінің коллективі пионерлер мен мектеп оқушыларының тілегіне сәйкес көркем тілді, терең сюжетті әңгімелер, қызық поэмалар, ертегілер, сапта жүргенде әнге қосып айтатын жақсы өлеңдер жазуды ақын-жазушыларға ұсыныс етіп қойды» (10,385). Бұның өзі Баубектің тікелей қатысуымен өткен шара, балалар әдебиетін дамытуға арналған игілікті істердің бірі еді.
Қазақ балалар әдебиетінің сараланып сөз бола бастауы XX ғасырдың 30-жылдарында басталса, С.Ерубаевтың, Б.Бұлқышевтің балалар әдебиеті мәселелеріне арнаған мақалалары сол тұстағы зерттеулер сапында балалар әдебиетінің даму ерекшелігінен қалың жұртшылықты хабардар етті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет