ІІ тарау. Қазақ ойшылдарының шығармашылығындағы
тарихи үдерістің зерделенуі
Жалпы алғанда Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамсасы»қазақ
топырағында қалыптасқан тарихшы, этнограф, діни қайраткердің
әлеуметтік-философиялық ойларға толы құнды шығармасы.
Бұл еңбек қазақтың тарих философиясында ерекше орын алады.
Автордың өзі атап өткендей «Түркістан мен Ташкент сияқты үлкен
шаһарлардың қолтығында жүргендіктен», Ұлы жүз қазақтарының
«іштерінен тарихшылар, білімдар оқымыстылар бар деп әркім
ойлар еді». Шығыстағы қазақтардың ахуалын жазған еңбектер сирек
кездеседі. Сондықтан Қ. Халид бұл олқылықтың орнын толтырғысы
келеді және осы мәселеге тұтас ұлт мүдделері тұрғысынан келеді:
«Себебі Аягөз – туған жеріміз, найман – жүрген еліміз. Бір жүздің
ахуалын тәптіштеп жазумен бірге, қалған екі жүздің де тарихы
қоса жазылады. Себебі бұлардың бәрі бір ел тарихы болғандықтан
бөлектеудің қисыны болмайды».
Әлі де болса ақтаңдақтары көп қазақ халқының тарихы мен
этнографиясын оқып-үйрену барлық әдеби және деректі шығарма-
ларды табуды және зерттеуді талап етеді. Әсіресе, жергілікті авторлар
қалдырған деректердің құндылығы ерекше бағалы болар еді. Себебі
олар, әдетте, көптеген деректік материалдарды, жылнамалық
мәліметтерді, шежірені қамтиды. Осы мәліметтер, жалпы барлық
өткеннің рухани мұрасы сияқты терең сыни талдауды, ғылыми
тұрғыдан зерттеуді талап етеді. Осындай деректердің қатарына Қ.
Халидтің «Шығыстағы бес елдің тарихы» очерктері де жатады. Бұл
өз заманындағы (XІX ғасырдың екінші жартысы – XX ғасырдың басы)
қазақтар мен басқа да халықтардың, этникалық топтардың өмірінің
әр түрлі жақтары туралы жан-жақты мәліметтердің жиынтығы.
Қ. Халид ауызша және жазбаша деректерді тыңғылықты
жинаудың нәтижесінде қазақ халқының тарихы мен этнографиясын
терең баяндауға қолы жетті. Автордың мұсылман дінбасылары
тобына жататындығымен бірге, ол тарихшы ретінде өзінің қызмет-
тестерінен бір саты жоғары көтерілуге және қатардағы дін қызмет-
керлері шектеулігінен шығуға да шамасы жетті.
152
Достарыңызбен бөлісу: |