«Қасиетті ағаш». Қазақ аңыздарының көне замандағы іздерінің
шығу тегін ағашпен байланыстыратын рулардың бар екені байқалады.
Мысалы, «Оғыз қаған жыры» ХІІІ ғасырдың аяғы мен ХІҮ ғасырдың
басында хатқа түскенімен, ондағы баяндалатын аңыздар заманымыздан
бұрынғы ІІІ ғасырдағы ғұн тайпаларының оқиғасымен – Мөде қағанмен
байланысты болу мүмкіндігін Н.Я.Бичурин, Ә. Марғұлан, Қ.Өмірәливтер
жазды. Енді бір рауқиятта, ІХ ғасырдағы Оғыз бірлестігінің оқиғасы
делінеді (Ә.Қоңыратбаев, М.Жолдасбеков).
«Оғыз қаған жырының» алғашқы желісі біздің заманымыздан талай
ғасыр бұрын аңыз түрінде айтылуы мүмкін. Өгіз төтемнің пайда болу
замандарынан бұрын шығып, хатқа түскенге дейінгің аралықтағы оғыз
тайпаларының тіршілігіне қатысты көптеген аңыздарды жинақтау, екшеу
сатысынан өтіп келгенге ұқсайды. Толстов С.П. жазыпты: «Оғыздардың
тайпалық одағы Оксқа «(Әмудария) дейінгі заманда басқа жақтан көшіп
келген тайпалар емес, одақ аты да, өзен аты да ертеден берлі жалпыға
ортақ төтем атынан, жергілікті ел тілінен туған сөз. Ендеше Орта Азия
оғыздарын ерте замандарда сол жерді мекен тұтқан сақ тайпаларының
заңды мұрагері деп қарау керек. Өгіз төтемінің аты ертедегі сақтар
ортасында да болуға тиіс» (Толстов С.П., 1985-16).
Енді Шәкірімнің «Түрік, қырғыз-қазақ пен хандар шежіресінде»:
Оғыздың хан болған уақыты біздің пайғамбарлардан 3400 жыл бұрын.
Оғыз хан өлген соң, Күн хан болды, онан соң Ай болды, онан соң
Жұлдыз хан болды, оның орнына баласы Меңлі хан болды», – дейді
(Құдайбердиев Ш., 1991-47).
Сонымен, Шәкәрім шежіресі бойынша, Оғыз қаған Көк бөрі
заманынан 8-9 ата бұрын өмір сүрген болады. Яғни, Мөде заманынан
бұрын. Тағы бір соңғы деректерге назар аударайық.
264
Ең соңғы зерттеулер Оғыз қаған оқиғасының шығу уақытын тіпті б.д.д.
5000 жылдықтарға, Шумер тайпаларының заманына алып барады. Өте
қызықты болжалды айтушы – бүкіл өмірін Фараби ойшылды зерттеуге
арнаған ғалым Ақжан Машанов. Ол кісінің ойынша, Оғыз хан аңызының
тууы сиырдың жыл басы болуына байланысты. «Бес мың жыл шамасы
бұрын жыл басы қазіргідей тышқан емес, сиыр болған. Өгізхан – Оғыз
хан заманы – сол заман», – дейді.
Шумерлердің тас кітабында мынандай мәлімет бар екен:
«Қазір жыл басы – сиыр, онан бұрын өткен замандарда жыл басы
Барыс болған. «Әрбір екі мың жыл шамасында жыл басы бір мүшелден
екінші мүшелге ауысып отырады» (Машанов А., 1994-105).
Міне, осы шығу тегі әріде жатқан «Оғыз қаған» аңыздары өгізді
қасиетті де санған Зоростр замандарына барып ұштасады. «Оғыз қаған»
жырында Етіл (Еділ) өзенінен әрі өтіп, Үрүм қағанмен (Византия)
соғысқан Оғыз оларды жеңіп, мол олжаға батады. Еліне қайтуға бет
алғанда өзеннен өте алмайды. Сонда бір Ұлық Орда деген жігіт ағаштан
сал жасап, дүние-мүлкімен аман-есен өтеді. Ұлық Орданың бұл ісіне
сүйінген Оғыз қаған: «Сен осы жерге бек бол, Қыпшақ бол!», – дейді.
Әбілғазының «Түрік шежіресінде» «Оғыз қағанның әскеріндегі бір
жігіт соғыста қаза тауып, әйелі жүкті екен, айы, күні жетіп, толғағы
қысқан соң, бір ағаштың қуысына кіреді. Сол жерде босанып, туған
баланы Оғыз қаған тәрбиесіне алады. Қыпшақ деп ат қояды. Себебі,
қыпшақ – «ағашта туған» деген мағынаны білдіреді екен. «Қорқыт ата
кітабында» Бисат батыр Төбекөзге: «Анамның атын сұрасаң, қатты
ағаш», – дейді. Бисаттың анасы – Қыпшақтың қызы болса керек.
Осы қызықты аңыздарды салыстыра келіп, бір заманда түріктердің
қыпшақ бұтағы өзінің шығу тегін ағашпен байланыстырып, оны
қасиеттеген деген ойға келеміз. Оғыз қағанның Көк, Тау, Теңіз деген
ұлдарының анасы ағаштың қуысынан шыққан. Сонымен, қазақ
тарихында өгіз, көк бөрі, аққу сияқты ағаш төтемі де бар демекшіміз.
«Қорқыт атада» Қазан Солар бектің ауылын жау шауып, ұлы Оразды
гәуірлер қол-аяғын байлап, дар түбіне әкеледі. Ол дар ағашына қарап
сөйлей бастайды:
«Атың ағаш десем, шамданба ағаш! О, Мекке мен Мәдиенің есігі
болған, Ағаш! Құдаймен тілдескенде Мұсаның асасы болған, Ағаш!
Ерлердің ері Әлидің дүлдүліне ер болған, Ағаш! Зұлпықарға сап болған,
Ағаш! Хасан мен Хұсайынға бесік болған, Ағаш! Ерге де, әйелге де
қатар болған, Ағаш! Мені саған асар болса, құлап түс, Ағаш!» (Қорқыт...
1986-29).
Осы «қасиетті ағаш» аңызы бүгінге дейін халық жадында
сақталғандығының бір көрінісі – Қашаған Күржіманұлының (1841-1929)
Есқали сопыға айтқан өлеңі. Тарихы былай:
265
Қашаған ақын Каспий теңізінің терістік шығысындағы «Елпілдекті»
деген аралда отырған ауылға келеді. Қонатын үй іздеген соң ауыл жігіттері
сараңдығымен аты шыққан Есқали сопының үйін көрсетеді. Есқали сопы
қонақты жақтырмай, намаз оқуға кіріседі. Сопының кішкене немересі
қызық көріп, саусағымен домбыраның ішегін дың еткізеді. Есқали сопы:
«Бейқасиет, көргенсіз, бұл үй домбыра тартып, өлең айтға тігілген жын-
шайтанның үйі ма еді, шайтанның қу ағашы бұл үйге қайдан келді?»,
- деп жекіреді.
Сонда Қашаған домбырасын қолға алып жіберіп былай депті (Біз
«Қорқыт ата» кітабындағы Ораз бектің сөзімен ұқсас келетін жерін ғана
аламыз):
Пайғамбарлар туғанда,
Бесік болған бұл ағаш.
Ибраһим Қағбаға,
Есік болған бұл ағаш.
***
Жәбірейіл жәннаттан,
Алып келген төрт қылыш
***
Қынабына солардың,
Қап болған бұл ағаш,
Аруақты ерлерге,
Жақ та болған бұл ағаш.
Міне, осыдан мыңдаған жылдар бұрын айтылған Қорқыт ата
сөздерінің қазіргі ақынның аузынан сол қалпында шығу – дәстүрлі әдеби
жалғастықтың айқын белгісі болса керек.
Енді «ағаш төтемінің» неменеге байланысты шыққандығына келсек,
бір жағынан, Зороастр заманынан да бұрынғы уақыттарда шөпті
қасиеттеудің ұлғайған түрі болуы мүмкін. Бұрын «Шөп өлген адамның
өмірге қайта оралуының көрінісі», – деп қабылдаған.
Поляк суретшісі Бронислав Залесскийдің (1820-1880) «Қазақ
сахарасына саяхат» атты кітабында туындыгердің өз көзімен көрген
мына бір жайды суретттейді:
«Киелі ағаштың жанынан өткен кезде қазақтар түйелерін шөгеріп,
аттың жабуын немесе кішкене кілемшені жайып қояды да, тізелерін
бүгіп немесе малдас құрып отырып дұға оқиды. Содан соң өздері де
266
ағаш бұтақтарына киімнен жыртып алған шүберек немесе қой терісінің
қиындысын, тіпті болмаса ат құйрығынан кесіп алған қылды ақтық
ретінде байлап кетеді. Олар киелі ағашқа ақтық байлау бақыт әкеліп, ауру-
сырқаудан қорғап-қоршайды, өмір жастарын ұзартады деп ойлайды»
(Залесский В., 1991-69).
Б.Залесскийдің ойынша, ағаштың культке айналу себебі, қазақ
даласында ағаштың сирек өсуіне байланысты. Мүмкін бұл пікірдің жаны
да бар шығар. Бірақ ағаш культы қуаң аймақта ғана емес, қазақтың жасыл
өлкелерінде де бар екенін ескерейік. Воурукаша теңізінде өсетін мама
ағаш жөніндегі миф зороастр дінінде бар. Ол барлық аурудан жазады деп
есептелен. Б.д.д. 5 мыңыншы жылдықтарда құрғақшылық болғаны рас,
өзен-судың жиегіне жиналған үлкен ағаштың көлеңкесі мен жемісінің
табиғатпен етене өмір сүрген көне адамдар үшін құт болғаны даусыз.
Осыдан барып ағаш культы шығуы мүмкін.
Ағаш төтеміне байланысты «Сүт көл» аңызын еске алайық:
Алтайдың щыңында Алтын Бәйтерек өседі. Ол дүниенің жоғарғы
бейнесі – Аспан мен орта әлем – жердің кіндігі. Ал жер-судың нышаны
ретінде алынған Қызыл көлде Кербалық өмір сүреді. Ол барлық жан-
жануарлардың арғы тегі екен. Осыдан ағашты қасиеттеудің терең
тамыры арғы прототүрік, тіпті ежелгі адамзаттың әлем туралы түсінігінде
жатыр ма деген ойға келеміз. Тәңірі, Ағаш, қасиетті Жер-су бір-бірінен
ажырағысыз бірлікте адам санасынан орын алған.
С.Қасқабасовтың айтуынша, бәйтерек ұғымы ертедегі космостық
ағаштың өзгерген түрі. Тіпті бақсының аса таяғының да түбірі бір.
«Мәселен, көптеген қазақ ертегілерінде зәулім бәйтерек суреттеледі: Ол
кейіпкердің өмір жолында өте маңызды рөл атқарады. Бәйтерек түбінде
айдаһарды өлтірген кейіпкер аспан әлеміне көтерілуге, немесе жер
астынан шығуға мүмкіндік алады» (Қасқабасов С. 1984-86).
Ал қазақ бөркіндегі үкі – зәулім бәйтерек нышаны болса, мазарлардың
бөріктің төбесі секілді күмбез, немесе төрт құлақты болып келуі, көне
мифтік ұғым бойынша, дүние жоғарыдан төмен қарай құрылған үш әлем
ғана емес, горизонтальды-тегістік әлемі деген түсінігі болса керек.
Түріктің «қасиетті бәйтерек» идеясы шығыста құрма ағашымен үндес
келеді. Арыстан баба Алла Тағаланың бұйрығымен бір құрманы ұртында
400 жыл сақтап жүріп, Ахмет Иасауи шәкіртіне тапсырған.
«Мәлік-Хасан» қиссасында: Құрма ағашының басында құс Нұрғазарұн
мекендейді:
Нұрғазар жер мен көктің арасында,
Құрманның ұялаған ағашында, – дейді (Батырлық... 1995-330).
Құрманың шығыста қасиетті ағаш саналуын Иса пайғамбардың осы
ағаштың түбінде дүниеге келіп, жас босанған Мәриям анаға бір түйір
құрманың күш беруінен көруге болады:
267
«Сол сәт оның құлағына бір дауыс естілді де, қорқынышы сейіліп, көз
жасы құрғады. Дауыс аяғының астынан шығып тұр.
-Қамықпаңыз, сәбиiңіз аяғыңыздың астынан бұлақ ашты... Ағаштың
діңін өзіңізге қарай ырғап тартсаңыз, әбден піскен бір құрма алдыңызға
түседі. Соны жесеңіз, әл-қуатыңыз келіп, сергіп қаласыз» (Құран
хикаялары. 1992-151).
Қорыта айтқанда, табиғат жайындағы ескі анимистік пәлсафа – ағаш
культын туғызды. Архаикалық мифтер бойынша, кей ағашта өлген
әулиенің немесе Құдайдың рухы болады (немесе ағашқа ауысады).
Будда теологиясында: Будданың өзі 43 рет ағашқа кіргенін айтады. Будда
дінінде (б.д. І ғасыр) әулие ағаш культы болған. Афродитаға арналған
Гомер гимнінде ағашпен бірге өніп, қурағанда бірге өлетін нимфалар
туралы айтылады (Тайлор Э.Б., 1989-374). Еуропа елдерінде жылайтын,
қаны ағып тұрған тал туралы, немесе ағаш құндағында өмір сүретін қыз
туралы мифтер бар.
Әулие Фома күнінде қыздардың ағашты үш рет ұрып, маңдайына
қандай күйеу тап келетінін сұрау салты сақталған. Ағашты Құдайға
айналдырудың тамыры көне діндердің көбіне ортақ. Осыдан аурудың
жанын (дух болезней) бір затқа балап, ағаштың бұтағына іліп қою, сол
ауруды ағаштағы әулиенің жойып жіберуін күту салты пайда болған болуы
керек. Ш.Уәлиханов айтады: «Құлан түздегі сыңарланып өскен ағаш
болсын, немесе бұтақтары таңғажайып формадағы өсімдіктер болсын,
олардың тұрған жері қасиетті деп саналады. Ондай қасиетті жерлерге
түнегенде немесе жанынан өтіп бара жатқанда, адамдар шүберек, аттың
қылын байлайды, ыдыс-аяқ қойып, әулиеге арнап садақаға мал сояды»
(Уәлиханов Ш. 1985-155).
Достарыңызбен бөлісу: |