ӘДЕБИЕТ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Әрбір республика ғалымдары бар ғұмырымызды арнаған ғылым
салаларының жетістігі мен кемшілігін сарапқа салып, екшеп отыруымыз
керек. Ортаға салатын осындай толғағы жеткен мәселенің бірі – қазақ
әдебиеті тарихын зерттеудің кейбір методологиялық мәселелері болса
керек. Өйткені, кезінде қазақ әдебиетінің түркі халықтарына ортақ ерте
дәуірі, ақын-жыраулар (XV-XVIII) поэзиясы тәп-тәуір зерттелгенімен,
қазір осы кезең әдебиетіне тереңдей зерттеу орнына із қуа қайталау
байқалып жүр. Біздіңше, бұл дұрыс емес, ерте дәуір әдебиетін, ақын-
жыраулар поэзиясын тереңдей зерттеу, тың бетін ашу, жете тану, кейінгі
ұрпаққа барынша мол таныту аса қажет-ақ.
Менің күні бүгінге дейін түсінбей келе жатқан бір мәселем -
әдебиетіміздің тарихының байлығына, тереңдігіне енжарлық. Қай
халықтың да азаматтық тарихы ғасырлар тереңіне жатпас па?! Ал,
әр халықтың рухани мәдениетінің тарихы сол азаматтық тарихымен
байланысып, сабақтасып тереңдей бермес пе?!
Тарих – біздің бабамыз. Әдебиет тарихы – көркем өнердің асыл
арнасы. Ата-бабалардан қалған асыл қазынасы. Әр халық та өзінің баба
тарихымен, көне мәдениет үлгілерімен мақтанатын болса керек. Сондай
мұрасына мойынсұнар көне мәдениет үлгісі мол халықтың бірі – көне
түркі халқы. Бізде бір жаман әдет бар. Қазақ әдебиеті – жас әдебиет деуге
құмармыз. Солай деуге бейім тұрамыз. Әдебиеттің жастығы, әдебиет
тарихының кенжелігі мақтаныш болмаса керек. Шын мақтанатын қасиет
сонда, егерде халқымыздың рухани мәдениеті тым тереңде жатқан болса,
оны қазып, аршып алып, дәлелдеп, бүгінгі жастарды отаншылдық рухта
тәрбиелеуге қызмет еткізе білсек.
Өзіміз зерттеп жеткізе алмай жатқанымыз болмаса – қазақ әдебиетінің
тарихы да тым тереңде жатыр. Соның кейбір мәселелерін айтумен
келеміз. Кейбір әдебиет нұсқаларын тарата айтқан кездеріміз де бар.
Түркі халықтарының қадім заманғы, көне дәуірдегі ерлік ісі, азаматтық
болмысы жайлы білгір орыс ғалымы Л.Гумилев өзінің үш томдық
тарихи «Древние тюрки» аталатын трилогиясында жеткізе айтқанды.
Менің білуімше, ерлікке бара-бар бұл ісін ғалым тарихи-географиялық
аспектіде жалғастырып жатса керек. Бұған көне түркі халықтарының
кіндігі ажырамай анда (одақ) болып бірге тіршілік кешкен кезіндегі ортақ
рухани мұрасын зерттеген филолог-тюрколог ғалымдардың әр дәуір,
26
әр кезеңде жасаған еңбектерін қоссақ, орасан бай әдеби мұраға біз ие
болмағанда, кім ие болмақ? Түркі халықтарының көне мәдениеті шет ел
ғалымдарының да ұдайы назарын аударып келгені мәлім.
Түркі тектес халықтардың бір бұтағы – қазақ халқы. Көне түркі
жазба ескерткіштері – рухани мұра ретінде бізге де ортақ. Қайталап
айтсақ, Қазақ әдебиетінің тарихы V-VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей
ойма жазуларынан басталады. Біздің 1960-70 жылдары дәлелдеп, қол
жеткізген табысымыз – осы концепция болатын. Күні ертең білімді,
зиялы бір талапкер ғалым шығып, әдебиетіміздің тарихын одан әрі
тереңдете түсетін болса, таңданудың, тартынып, дауға айналдырудың
қажеті жоқ. Диалектикалық тұрғыдан қарап, қуана, қуаттай қарсы алу
жөн. Бұл – бүгінгі оқушы алдына тартылар жаңа проблема емес, ақжем
болып дәлелденген аксиома.
Бір қарағанда, ешқандай таласы жоқ, тарихқа жүгінсек, өзінен-
өзі түсінікті болып шыға келетін «Қазақ әдебиетінің тарихы қайдан
басталады?» деген мәселе төңірегінде аға буын әдебиет зерттеушілері –
біздер қыруар уақытымызды, бар өмірімізді сарп етіппіз. Қайтесің, ғылым
балаңдығы. Ұлттық психологиямыздың өзгешелігі... Қазақ филологиясы
ол дәуірді бастан кешірмей, зерттеу методологиясын жетілдірмей,
әдебиет тарихын тереңдеп зерттеудің келесі келелі кезеңдерінен өте
алмасы және белгілі. Ол кезеңдерден бұл күнде біз де өттік-ау. Енді,
жүріп өткен ізімізге қарасақ, неге «Қазақ әдебиетінің тарихы қайдан
басталады?» деген балаң сұрақтың төңірегінде сонша ұзақ аялдағанбыз,
тарихтың өзіне жүгініп, бір ауызды, ынтымақты болып іле, ілгері неге
қарыштап өсіп кетпегенбіз деп өкінемін. Өкінетін себебім, біз әлі
сұрақтың төңірегінде айтысып-тартысып жүргенімізде ағайындас басқа
халықтар әр дәуір мұрасын, әр дәуір ақын-жырауын, мәдени ескерткішін
жеке-жеке зерттеп, жаңаша аударып, ілгерілеп-ақ кетті ғой.
Жоғарыда, ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті алпысыншы-жетпісінші
жылдары тәп-тәуір зерттелді дедік. Бірақ, бұл да қиындықсыз жүзеге
аса қоймаған еді. Тіпті проблеманың қойылысының өзі бірсыпыра дау
туғызғаны бар. Ескіден есеп бере сөйлесек, қазақ әдебиетінің тарихын
түркі халықтарына ортақ кезеңмен бастау керектігі жайлы проблеманы
жиырмасыншы жылдары Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» атты
оқулығына байланысты рецензиялық мақаламда алғаш сөз арасында
айтқан едім. Ол тұста ертерек болды ма, құлаққа ілінбей қалды. Сәкен
ағай бұл пікіріме онша мән бермесе де: «Әлі тереңдетеміз» - деп, іш тарта
ақылды жауап берді. Әдебиет дүниесі екіге жарылып, айтыс-тартыс
үстінде жүргенде одан артық жауап та күту қиын еді.
Қырқыншы жылдар Қазан төңкерісіне дейінгі дәуір әдебиетін де,
ақын-жазушыларын да бір өлшеммен қарап, бәрін бірдей кертартпа,
бәрін бірдей феодалшыл, ұтшыл етіп шығарған сұрғылт, сұрқай мінездер
27
белең алды. Ол жылдары әдебиетіміздің тарихы тереңде жатыр деп айту
қиын еді. Сонда да болса, қырқыншы жылдары, «Қазақ тілі мен әдебиеті»
жинағында, «Социалистік Қазақстан» газеті бетінде бұл проблеманы
жаңғырта айтуға тура келді. Айттық та, «күнәға» баттық. Концепцияға
қарсылардан талай-талай сөз естідік...
Отан соғысы жылдарында Алматыға Санкт-Петербург, Мәскеу
ғалымдары, ірі өнер қайраткерлері уақытша қоныс аударды. Ығысып
келіп, жұмысын Алматыда жалғастырып жатты. Солардың бірі – ірі
түрколог Сергей Ефимович Малов болатын. Біз атақты түркологпен қазақ
әдебиеті кафедрасында ҚазМУ-де қызметтес жүрдік. Жарасты көңілмен
сыйластық. Қазақ әдебиеті тарихына қызмет етпейін, жәрдем бермеймін
деген ой түрколог ғалымда болған емес. Мына бір мәселемізге жәрдем
берсеңіз дерлік хал бізде болмаған секілді.
Әйтпесе, Ташкентке қоныс аударған ғалым А.Жирмунский өзбек
фольклористикасына да үлес қосып кетті ғой. Кейін С.Е.Малов
Санкт-Петербургқа қайта қоныс тепті. Соңынан іздеп бардым. Үйінде
болып жүрдім. Аспиранттарымды Сергей Ефимовичтің жәрдемімен
Санкт-Петербургте қорғатқан қуанышты сәттерім бар. Айта кетейік,
болашағынан үлкен үміт күтіп, Санкт-Петербургқа алып барған, Сергей
Ефимовичпен таныстырып, сонда қорғатқан шәкірттерімнің бірі – қазіргі
академик Зәки Ахметов. Көз жұмғанша Сергей Ефимовичпен арамызда
ықыласты байланыс үзілген емес. Өткен күндерді еске алып отырған
себебім – қазақ әдебиеті тарихын түркі халықтарына ортақ ерте дәуірден
бастау керектігі жайлы пікірімді С.Е.Маловпен әр тұста жиі ақылдастым.
Ол кісі қоштап, дем берумен болды. Бірде осы мәселе жөнінде ҚазМУ-
дің қазақ әдебиеті кафедрасында ғылыми кеңесте баяндама жасадым.
С.Е.Малов шығып сөйлеп, қолдап, бұл мәселені қазақ ғалымдары
алдында тұрған күрделі проблема деді. Бірақ, әдеби проблеманың
орнығуы – ғылыми ортаға байланысты ғой. Жазушы Мұхтар Әуезов пен
Әлкей Марғұлан ауызекі әңгімеде қолдап жүрді. Ол кезде проблеманың
шешілуіне, концепцияның орнығуына бұл аздық ететін еді.
1959 жылы «Әдеби мұра және оны зерттеу» деп аталатын үлкен
ғылыми конференция болып өткені мәлім. Мұқаңа айтып, өтініп жүріп,
қазақ әдебиетінің тарихын әріден бастау керектігі жайлы ойларымды
ғылыми көпшілікке баяндадым, ортаға салдым. Баяндағаным бар
болсын, сөзге қалдым, күлкіге ұшырадым... осы ойларымды «Қазақ
әдебиеті» газеті арқылы көпшілікке ұсындым. Мақала етіп жаздым.
Мақаланы басу, баспау туралы Мұқаңа жүгініпті (Мұқаңа газеттің
Әбілмәжін Жұмабаев деген қызметкері мақалаңды маған әкеліп оқытып
алды. Басыңдар дедім» деген ойын кейін маған айтқан.–Б.К.). Мұқаң
қолдаса керек, қазақ әдебиетінің тарихы жайлы ой-пікір бұл жолы қатты
резонанс туғызды. Қолдағандар да, қарсы дау айтқандар да өз пікірлерін
28
газет жүзінде білдірді. Кабинетке тығылып алып ұрысқаннан бұл дұрыс
еді... Үміт сәулесі оянғандай болды.
Енді проблемадан практикалық зерттеуге ойысу қажеттігі туды.
Университеттің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының аспираттары мен
ізденушілерін әдебиетіміздің ерте дәуірін зерттеуге жұмылдырдық.
Көп жылдық қиындықты жеңе жүріп, ғалымдар диссертация қорғады.
Жаңа зерттеулер дүниеге келді. Қазіргі белгілі ғалымдар Х.Сүйіншәлиев,
Ә.Қоңыратбаев,
М.Жолдасбеков,
М.Мағауин,
Қ,Сыдиықов,
А.Қыраубаевалар қазақ әдебиеті тарихының ерте дәуірін бірде жинақтай,
ендігі бір кезекте белгілі бір әдеби мұраның табиғатын ашқан, қазақ
тіліне аударып көпшілікке осы тұста ұсынған болатын. Олардың көп
жыл көз майын тауысып жасаған еңбектері халықтың қолынан түспес
қымбатына айналды. Атап айту қажет болса, М.Жолдасбеков «Орхон-
Енисей ескерткіштерін», А.Қыраубаева «Мұхаббат наманы» қазақ тіліне
аударды, М.Мағауин XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясын
жинақтап, зерттеді. Х.Сүйіншәлиев қазақ әдебиетінің қалыптасу
кезеңдерін, Ә.Қоңыратбаев ерте дәуір әдебиеті мен қазақ фольклорының
арақатынасын зерттеді. Мен аталмыш ғалымдарға жетекшілік ете жүріп,
кейін «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» аталатын кітабыма
енген көптеген зерттеулерімді жүргіздім. Мақалалар жаздым. Міне,
осылайша, қазақ әдебиетінің ерте дәуірі алпысыншы жылдардың
ортасында ғылыми тұрғыдан негізделді. Даулы мәселенің басы ашылып,
жоғары оқу орындары үшін оқу бағдарламалары, оқу құралдары жарық
көрді. Студенттер әдебиет тарихының тамыры тереңде жатқанына көз
жеткізіп, ұядан үшты. Азғантай ғалымдар бейтарап қалғанымен, халық
өз тарихына енжар қарай алмайды екен. Халық алдында әдебиетіміздің
көне дәуірін ғылыми негіздеген кім? Жасырары жоқ, ҚазМУ-дің қазақ
әдебиеті кафедрасының ғалымдары.
Қазақ әдебиетінің көне дәуірін зерттеуге біз өзбек ғалымдарынан сәл
кейіндеу, іле-шала кіріскен болатынбыз. Ал, татар, әзербайжан, башқұрт,
қарақалпақ ағайындар бұл мәселеде бізден кейінірек қамданды. Осы
тұста тағы бір мәселені айта кетейін. Қарындас қарақалпақ ғалымдары
ерте дәуір әдебиетін зерттеуді бізден, қазақ ғалымдарынан көріп, біліп
кірісті. Қарақалпақстаннан Мәмбетов деген жігіт маған хат жазды.
Сіздің шәкіртіңіз Мұхтар Мағауин қарақалпақ жырауларын қазақ
әдебиеті тарихына енгізіп, тексеріпті, мұнысы қалай? – дейді. Мен оған
кезең ақын-жырауларының көбі қазақ – қарақалпақ халықтарына ортақ
екенін, Сырдария, Әмудария бойын сағалай көшіп жүрген бауырлас
екі халықтың көп жағдайда бір-бірінен енші алыспағанын, сондықтан
бұл мәселенің бауырлас екі әдебиетке ортақ қарастырылуы қажеттігін
түсіндіріп хат жаздым. Сөйтіп, М.Мағауин зерттеген кезеңнен ол
жігіт кейін кадидаттық диссертация қорғады. Шығарған еңбегін маған
29
ұдайы жолдап отырды. Қазір өз әдебиетінің тарихын одан әрі тереңдете
зерттеуге кірісті.
Сол секілді, жоғарыда айтқан әзербайжан, татар, башқұрт ғалымдары
да кеш бастаса да, бұл мәселеде қазір бізден көп ілгерілеп кетті.
Олардың ғылым академиясы институттары, ғылыми қызметкерлері
көне ескерткіштерді өз тілдеріне аударып, жариялау ісін жедел қолға
алды. Ал, қазақ әдебиеттану ғылымындағы жағдай қандай? Бұл салада
да өсу жоқ емес. Бірақ батылдық пен іскерлік жетіспейді. Оның үстіне,
Қазақстан Ғылым академиясы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының әдебиет тарихын зерттейтін бөлімінің жұмыс бағыты
бізді қуандыра алмайды. Қанағаттандырмайды. Олар көп жыл бойы
әдебиет тарихы жайлы жаңа концепцияны мойындағысы келмей жүрді.
Кейін ол концепция қарапайым оқушының өзіне мәлім және қонымды
болған соң шетпүшпақтап іске кіріскен болды. Бірақ олар бұл мәселені
тың арнаға бастау орнына ҚазМУ ғалымдары атқарып өткен істерді
қайталаумен келеді. Көне әдеби ескерткіштерді қазіргі түсінікті тілімізге
аударып, солар туралы қозғау, жаңа зерттеу жүргізу орнына ғалымдар
зерттеп өткен шаруаларды өңін айналдыра қайталап жүр. Алпысыншы
жылдардың басында-ақ қазақ әдебиетінің тарихын түркі халықтарына
ортақ кезеңдерден бастау керектігі жайлы бітім-бәтуаға келгендей
болғанбыз. Өкінішке қарай, сол жылдары жарық көрген алты кітаптан
тұратын үш томдық «Қазақ әдебиетінің тарихында» - «Қазақ әдебиетінің
тарихын Бұхардан бері қарай зерттейміз» (2 том, І кітап, 29-бет) деген
қате пікір қайталап айтылды. 1979-1980 жылдары жарық көрген «История
казахской литературы» үш томдығының екінші томында да осы пікір
тағы үстемдік алды.
Әлі күнге дейін көптеген ғалымдар осы қате концепцияны ұмыта
алмай келеді. Егер ол концепция әдебиетімізге жеміс беретін болса,
әдебиетіміздің тарихын тереңдетуге септесетін болса, осы мен-ақ
райымнан қайтып, қазақ әдебиеті тарихын Бұхар жыраудан бастау
керек деген пікірге қосылар едім. Бірақ ол концепциядан әдебиетімізге
ешқандай пайда жоқ қой. Ешкімді ешкіммен қарама-қарсы қойып,
тартысқа салудың қажеті жоқ, әлбетте. Уақыт өтті. Жаңа іс бастауымыз
керек емес пе?! Ал, бізде қазақ әдебиетінің ерте дәуіріне, оның бастапқы
зерттеушілеріне енжер қараушылық, оларға теріс түсінік беруге
әуестік әлі күнге етек алуда. Соңғы жылдарға дейін Қазақстан Ғылым
Академиясы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты,
әдебиет тарихы бөлімі тартыншақтап, бұл мәселеге бармай келген
болатын. Енді атсалысып «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы»
(1982 ж), «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» (1983 ж) деген жинақтарды
жарыққа шығарды. Бөлім меңгерушісі Әнуар Дербісәлин «Көне әдебиет
және оның зерттелуі» деп аталатын мақала жариялады. Жоғарыдағы
жинақтарға кіріспе сөз жазды.
30
Игілікті іс екен, әдебиет тарихына бетбұрыс болды ғой деп оқып
қарасаңыз, әлі жаға ұстасудан, біреумен-біреуді айтыстырар даушыкеш
пікір туғызу, жұрттың намысына тиюден тиылмағанын ғана аңғарасың.
Өкінішті жай бұл. Уақытында қазақ әдебиеті тарихы үшін айтыстық-
тартыстық. Бәрі де өтті. Сол кезде де біз әдебиет мүддесін, халық тілегін
пендешіліктен жоғары қоя білдік. Енді әруақпен айтысу менің ойымда
жоқ, айтыстыруды сендер ойламаңдар.
Жоғарыда аталған еңбектерді жазған авторлар коллективі ғылыми
этикаға жат мінез көрсетеді. Олар біздің көне дәуір әдебиеті жайлы
концепциямызға қосылатын да секілді, қосылмайтын да секілді. Олар
өте қиын жағдайда жасалған ерте дәуір әдебиетін зерттеушілер еңбегін
мүлде көргісі, мойындағысы келмейді. Бұл салада ештеңе істелмеген еді,
соған енді біз кірісіп жатырмыз деп әдейі шапқа түртеді. Екі ұшты пікір
айтып, оқушыны әдейі адастыруға тырысатын секілді.
Ғылымның мәні сонда, өзіне дейінгі істелген істі объективті
көзқараспен екшеп, барын бар, кемшілігін кемшілік деп атап айтып
отыру шарт. Әдебиет тарихы жайлы зерттеу жүргізетін жолдастардың бір
кезде бұл мәселеге мұрындық болған ҚазМУ оқымыстыларын атағысы
келмеуі, атай қалса, кекетінді көзқараста болуы тіпті ұнамсыз-ақ.
ҚазМУ демекші, осы қара шаңырақ оқу орнындағы әдебиет тарихын
зерттеушілер тобының халі нешік? Олардың үндері бәсең? Одақтық
«Вопросы литературы» (1968, 6-кітабы) жоғары бағаланған «Ертедегі
әдебиет нұсқалары» (1967 ж) атты хрестоматияны шығарған, ерте дәуір
әдебиеті тарихын пән ретінде негіздеген ҚазМУ зерттеушілері емес
пе еді? Ол аз десек, Сүйіншәлиев, Мағауин, Сыдиықов, Жолдасбеков,
Қыраубаевалар алды монография, оқулық, оқу құралы, соңы көптеген
мақала-зерттеулер жүргізген жоқ па еді? Солайы солай. Бәрі де рас.
Баршасы шындық. Халқымызға қажетті зәру еңбектердің алғашқы
авторлары да осылар. Халыққа өзінің әдебиетінің терең тамырларын
көрсетіп, насихаттаушылар – осылар. Әйтсе де, университет ғалым-
оқытушылары еңбектерін жариялауда қағажу көріп келе жатқанын
жасырмайық. Көпшілік авторлар дайындаған «Ерте дәуір әдебиеті»
оқулығы, Ә.Қоңыратбаевтың «Қазақ эпостарының көне көріністері»,
М.Жолдасбековтың «Тастар сөйлейді» (Орхон-Енисей ескерткіштері
жайлы), А.Қыраубаеваның «Махаббат нама», «Қиса-сұл әнбия»,
Ш.Ыбыраевтың «Қорқыт ата кітабының поэтикасы», т.б. жолдастардың
жаңа монографиялық зерттеулері талапқа сай келетіндігіне қарамастан,
сырмінез емес дәуір, көпшілікке түсініксіз тілде жасалған әдеби
мұра жайында деген сылтау, себептермен жарыққа шықпай келеді.
Еткен еңбектері еленіп, ілтипат көрсетілмегендіктен, маңдайы тасқа
соғылғандай болған ғалымдардың алды қазір бұрынғы тақырыптарын
өзгерту қамында жүр... Көне ескерткіштерді оқи алатын ендігі бір буын
31
мамандар – А.Қыраубаева, Ш.Ыбыраев, Б.Сағындықов, Ә.Керімов
секілді жас зерттеушілер алғы буынға қарап көбірек алаңдайды. Ертедегі
әдебиет ескерткіштерін зерттеуге машықтанған, аударып, еңбек сіңірген
бұл ғалымдарды мамандығынан қашыртқанда ғылымға нендей пайда
түседі? Әдебиетіміздің тарихын сырттан басқа біреу келіп зерттеп бере
ме? Ойланайық жолдастар. Тым кеш болып қалмай тұрғанда ойланайық.
Ғалымдар Қ.Өмірәлиев пен М.Мырзахметов «Қазақ әдебиеті» (16
сентябрь, 1983 жыл) газеті бетінде «Қазақ филологиясының актуальды
проблемалары» деп аталатын мақала жариялады. Ерте дәуір әдебиетін
зерттеу, кадрларын даярлау жайлы орынды ойлар айтылды. Олардың
игі пікірін, негізінен, қолдауымыз қажет. Әсіресе, Қазақстан Ғылым
Академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет институты коллективі
осы мақаладағы ойларды дұрыс қабылдаса екен деп ойлаймын.
Ерте дәуір әдеби мұраларын әдебиет пен тіл мамандары тізе қосып,
ынтымақтасып зерттесе, жемісті болмақ. Аталған қос автордың ойын
қолдай отырып, жоғарыда аталған мақаладағы ауызды қу шөппен
сүртіп, көне әдебиет жайлы ілкі зерттеулерді жоққа шығаруын, әдебиет
тарихын жүйелеуді көрмегендігін де ескерте кету жөн. Өзіне дейін
жасалған еңбекті көрмегенсу мәдениеттілік емес. Бұл мақала да түбі
бөстекі сөз, дауға бастайтын пікір болып қалмай, ынтымақпен, ойласып
шешетін, мәселемізге айналса дейміз. Сөз әдебиет тарихын зерттеудің
методологиясына ойысты. Расында, бұл да ойланарлық мәселеміз.
Аға буын әдебиетшілер – біздер мәселенің қойылуы, кейбір
ескерткіштерді жеке талдау, шола түсіндіру, жинақтау, оқулық, оқу
құралын шығарумен шектелдік. Қазіргі әдеби процесс үшін біз істеген
істі қайталау жаңалық та, қызықты да емес. Ерте дәуір әдебиетін біздің
ізімізбен ғана зерттеу енді қанағаттандырмайды. Қазір әдебиет тарихын
зерттеу методологиясы жетілген. Көп жағдайда бізге аға буын орыс
әдебиет зерттеушілерінің еңбектері бағыт-бағдар, үлгі бола алады.
Академик Д.С.Лихачев бастаған орыс әдебиеті тарихын зерттеушілер
қазір әдебиет тарихын славян халықтарына ортақ эпистолярлық жазба,
патша, әкімшілік жарлығынан бастап отыр. Соларды зерттеу арқылы
әдебиетінің тарихын байытып отыр. Соларды зерттеу арқылы бір кезгі
орыс халқының іс-әрекеті, тұрмыс-тіршілігі, психологиясына барлау
жасау үстінде. Және осының баршасын жалаң ұран, айқай түрінде емес,
жетілген ғылыми әдіс, тәсілдермен жүргізуде. Көне жазбалар жанрлық,
стильлік тұрғыдан қарастырылуда. Әр дәуірдің ойлау жүйесі, соған орай
тілдік ерекшелігі деген мәселелер қабындас, ыңғайлас қойылып, біртұтас
байланыста зерттелуде.
Әлі күнге, қазақ әдебиетінің тарихы қайдан басталады, көне дәуір
әдебиетін зерттеу қажет пе, жоқ па деген ескі әңгімені көңірсіте бергенше,
бізге де осындай елдік, ерлік істерге кірісетін кез келген секілді.
32
Жоғарыда аталған үш том, алты кітаптық «Қазақ әдебиетінің тарихын»
да қайта жазатын уақыт жетті. Қате көзқарас, ескі концепция бойынша
орындалған әдебиет тарихымен кейінгі ұрпақ бетіне қалай қараймыз?
Қатемізді түзеп, жетілген методологиялық тәсілмен жазғанымыз дұрыс.
Содан кейін Қазақстан Ғылым Академиясы ғалымдары университет
зерттеуші-мамандарымен тізе қоса отырып (бірін-бірі қайталамас үшін),
жетілген методологияны меңгеріп, маңызды зерттеуге кіріссе, «Ғылым»
баспасы Академияда қызмет атқармайтындығына қарамастан, ҚазМУ
оқытушы-ғалымдарының еңбектерін басып шығаруға ниет етсе, дұрыс
болмақ. Өзге баспалар да осы мәселенің жайына жәрдемдесіп, қол ұшын
берсе, нұр үстіне нұр. Қазақ әдебиетінің тарихы кім-кімге де ортақ. Оны
зерттеу ортақ мүдде тұрғысынан жүзеге асырылуы керек. Ортақ мүдде
тұрғысынан табылу ынтымақты тілейді.
Сонда баба-тарихтың алдындағы міндет-парызымызды абыроймен
атқарар едік. Жұрттың жүзіне тік қарай алар едік. Осындай келелі,
маңызды істер тындыруға жұмылайық. Іске сәт, достар.
Достарыңызбен бөлісу: |