Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы



Pdf көрінісі
бет16/126
Дата01.11.2023
өлшемі2.92 Mb.
#482164
түріБағдарламасы
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   126
4100d37a29d9cd8e6f0c6385f1c84be9

жаңашалау деп есептейміз. Басқа сөзбен айтқанда, бұл ескерткіштердің 
тіліне ана тіліміздін байырғы формасы ретінде қараймыз.
Екіншіден, Орхон ескерткіштерін аударуда біз оның рухын, стилін 
түгел сақтауды мақсат еттік. Осыған орай жазудың әрбір жолын, ұйқасын, 
буын санын да өзгертпеуге тырысып отырдық. Бірер мысал.
Түн удусукум келмеді,
Кұнтүз олурсукум келмеді (ТК)
Аудармасы:
Түнде ұйықтағым келмеді, 
Күндіз отырғым келмеді.


53
Осы үзіндінің түпнұсқасының әрбір жолы сегіз буыннан тұратын 
болса, жаңашасы да сегіз буынға құрылды.
Немесе:
Қаның субча йүгірті — Қаның судай ақты,
Соңүкүң тағча йатды — Сүйегің таудай жатты.
Бегілік уры оглың құл болты — Бек ұлдарың құл болды,
Сілік қыз оғлың күң болты — Пәк қыздарың күң болды.
Осындағы ұйқастарда да пәлендей өзгешелік жоқ сияқты. Біздің 
аудармамызды бөгде тіл үлгілерінің аудармасы демей, бір тілдің 
байырғы формасынан бүгінгі түріне жаңашалау дейтініміз де, міне 
сондықтан. Ұстаздарымыз – орыс достарымыз жасаған аудармадан 
біздің аудармамыздың түпнұсқамен бүтіндей үндесіп жататындығын да 
аударманың пәлендей шеберлігінен деп түсінбей, сол көне түрк тілі мен 
қазіргі қазақ тілінің туыстығынан, тектестігінен деп білу қажет. Мәселен:
Тізлігіг сөкүртіміз — Тізеліні бүктірдік,
Башлығығ йүкүнтүртіміз — Бастыны еңкейттік (КТү)
деген жолдарды орыс тіліне мынадан артық етіп аудару еш мүмкін болмас 
еді: «Имевших колени заставили пре клонить колени, имевших головы 
заставили сколонить головы» (С. Малов аудармасы).
Бұған қарай, шығармадағы жолдардың бәрі бірдей осындай түсінікті 
екен деп ұқпау керек. Ескерткіштерде қазіргі қазақ оқушысы бірден түсіне 
қоймайтын сөздер де кездесіп отырады. Ондай сөздердің дәл баламасын 
табуға тырыстық. Түсінеді-ау деген сөздерді сол күйінде қалдырдық.
Сырттай қарағанда мұның өзі біржақтылық болып көрінуі мүмкін де, 
аударма дәл қазіргі өлеңдердей ойнап, кұлпырып тұрмауы ықтимал. Бірақ 
біз бұдан ұтылмаймыз. Керісінше, осылай еткенде ғана қазақ өлеңдерінің 
ең ертедегі, байырғы құрылысы, ерекшелігі жайында зерттеулер жасауға 
мүмкіндік тудыратын боламыз.
Алдағы уақытта Орхон ескерткіштерінің талай аудармалары жарық 
көріп, бірте-бірте жетіле түсетіні ақиқат.
Бұл тұста орыс әдебиетінің орта ғасырдағы тамаша жыры «Игорь 
полкы туралы сөздің» 1800 жылы Мусин-Пушкин жасаған аудармасы 
мен 1965 жылы жарық көрген үлгісінің (аударғандар: В. Стеллецкий, 
Л. Тимо феев) арасында елуден астам аударманы басынан кешкендігін 
ескертсек те жеткілікті.
Басқа ғалымдардан, соның ішінде И. Стеблевадан біздің 
аудармамыздың өзгешелігі неде енді соған тоқталайық.
Руналық ескерткіштердің орыс тіліндегі тұңғыш өлең аудармасын 


54
жасаған И. Стеблева шығарманың табиғатын, құрылысын, стилін 
негізінен дұрыс сақтаған дедік. Әйткенмен, ғалым көп ретте ескерткіштегі 
ұйқасты жолдарды түрк халықтарының поэзиясына ортақ болып 
табылатын төрт жолды бір шумақ өлеңге еріксіз бағындыра бергендігін 
ескертуге тиіспіз. Басқаша айтқанда, зерттеуші қисыны келсін, келмесін, 
әйтеуір төрт жолдан тұратын бір шумақты өлең жасай берген. Мәселен, 
мы на бір үзіндіні алып қарайық.
Ілгерү — Шантұң йазыққа тегі сүледім,
Талуйқа кічік тегмедім, 
Біргерү — Токуз ерсенке тегі сүледім, 
Түпүтке кічіг тегмедім. 
Құрығару — Иінчу үгізіг кече 
Темір Қапығқа тегі сүледім, 
Йыргару — Йер Байырқу йеріне тегі сүледім, 
Бунча йерге тегі йорытдым (КТ) (ү)
Жаңашасы:
Ілгері — Шаңтұң жазыққа дейін жауладым 
Теңізге сәл жетпедім. 
Түстікте — Тоғыз ерсенге дейін жауладым, 
Тибетке сәл жетпедім. 
Батыста —Інжу өзенін кеше 
Темір қақпаға дейін жауладым, 
Терістікте — Байырқы жеріне дейін жауладым, 
Осыншама жерге дейін жорыттым.
Осы сегіз жолдан И. Стеблева екі шумақ өлең жасаған. Біздіңше, 
бұл дұрыс емес. Өйткені, Орхон ескерткіштерінен өлең шумақтарын 
жасау үшін тек ұйқас, ырғақ қана іздеу жеткіліксіз. Өйткен жағдайда біз 
шығарманың болмысын жете анықтамаған боламыз. Сол себепті ондағы 
ұйқас, ырғақтарға мән берумен қатар, ең негізгісі — белгілі бір тиянақты 
аяқталған ойға құрылған түйдектерді табуға тиіспіз, олай дейтініміз
ескерткіш көбіне ой ұйқастарына құрылған. Сондықтан да біз жоғарыда 
келтірілген үзіндіні екі шумақ деп қарамай, жорық сапарларын суреттеген 
сегіз жолды тұтас шумақ деп қараймыз.
Сонымен қатар дәл Стеблеваның ұғымындағыдай, ескерткіштегі 
сөз біткеннің бәрін бірдей ағыл-тегіл өлең деуге болмайды. Қазақтың 
«Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Алпамыс», «Қобыланды» тәрізді әйгілі 
жырларында кездесетін өлең арасындағы әлқисса-түсіндірме көркем қара 
сөздер мұнда да кездесіп, араласып отырады. Мысалы, «Өтүкен йышда 
иді йоқ ерміс, ел тұтсық йер Өтүкен йыш ерміш. Бу йерде олурып, табгач 
будун бірле түзелтім. Алтун, Күмүш, Ісігті, құтай буңсыз анча берүр 


55
табғач будун сабы сүчіг, ағысы йымшақ ерміс»—«Өтүкен қойнауының 
нағыз йесі жоқ еді, бірақ ел тұтатын жер осы Өтүкен койнауы еді. (Дәл) 
осы жерде отырып табғаш халқымен тағдырластым. Алтынды, күмісті, 
дақылды, жібекті осыншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі 
тәтті, бұйымы асыл еді» (КТ к).
Тағы бір мысал: «Келігме беглерін, будунун ітіп йугур (аз)ч) а 
будун тез — іс ерті, он оқ сүсін сүлетдім»— «Келген бектерін, халқын 
жайғастырып жатқанда, біраздаған жұрт қашып кетті. Он оқтың әскерін 
аттандырдым» (КТк).
Келтірілген жолдарды И. Стеблеваның зерттеуіндей өлең үлгілеріне 
жатқызу қиын-ақ. Көне түрк авторлары, өзімізге әбден қанық қазақтың 
батырлар жырларындағыдай, болашақ жорықтарды немесе өткен 
оқиғаны ақындық тәсілмен, үлкен пафоспен баяндай отырып, өздеріне 
елеусіз деп есептеген сәттерді жыр арасында қара сөзбен жеткізіп те 
отырған. Әдетте мұндай прозалық жолдардың көркем болуы шарт емес, 
керісінше түсінікті болу жағына баса мән берілген. Осы заңдылықты 
Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөктерге арналған үш шығарманың үшеуінде 
де кездестіреміз. Өз кейіпкерін дәріптеуде, оның жойқын соғыстарда 
көрсеткен есепсіз ерліктерін суреттеуде сан түрлі бояуды, бейнелеу 
тәсілдерін мол пайдалана отырып шабытпен жырлаған автор бір сәт 
прозалық баяндауды да қолданады. Мұны біз көне түрк ғұламаларының 
эпикалық мұра жасаудағы қалыпты, дәстүрлі әдісі ме деп ойлаймыз.
Екіншіден, Орхон ескерткіштеріндегі өлеңдер тек қана төрт жолды 
бір шумақ қана болып келмейді, онда өзіміздің батырлар жырында жиі 
ұшырасатын аралас ұйқас та, шалыс, шұбыртпалы ұйқас та мол. Осыған 
сәйкес біз бір шумақтың үш жолдан, сегіз жолдан да, он үш, кейде тіпті 
одан да көп жолдардан тұратындығын аңғардық.
Ескерткіште кейбір жолдар сол күйінде түсініксіз қалған. Бірақ 
текстіні аса зейінмен оқыған кісі түпнұсқадан әнгіменің не жайында
кім туралы болып отырғандығын түсінеді. Ондай жолдарды біз төменге 
түсіріп, түсініктеме беріп отырдық.
Сол сияқты, шығарманың табиғатын неғұрлым дәл беру мақсатымен 
жырдағы кездесетін байырғы, бірақ қазіргі оқушы түсінетін кейбір 
сөздерді де сол күйінде қалдырып, ол туралы анықтаманы төменде беріп 
отырдық.
Филология ғылымдарының докторы Ғ. Мұсабаев Күлтегін 
ескерткішінің кіші жазуын қазіргі қазақ тіліне аударып жариялады 
(«Жұлдыз» журналы, 1963 ж., № 3). 
Бұл әбден құптарлық әрі игі жұмыс. Сонымен бірге біз мынаны да 
айтуға тиіспіз. Ғ. Мұсабаевтың аудармасын дәл аудармаға да, еркін 
аудармаға да жатқызу қиын. Кей тұста ғалым ескерткіштің стилін 
сақтайды да, кей тұстары бүгінгі өлеңдердей болып шыққан.


56
Мәселен, ғалым тек әйтеуір ұйқастыру мақсатымен бір ғана сүледім 
(аттандым) деген сөзді жүргіздімөргіздім, кіргіздім деп аударған. Ал, 
шындығында бұл үшеуі үш түрлі мағынаны білдіретін сөздер. Көне әдеби 
ескерткіштерді жаңашалағанда мұндай еркіндікке жол беруге болмайды.
Қысқасы, бұл ескерткіштерді аудару керек; бірақ аударғанда, көне 
мұраның өзіне тән стилін, ерекшеліктерін берік сақтаған абзал.
Орхон жырларын қазақ тіліне жаңашалау, аудару мәселесі жаңа 
ғана қолға алына бастады деу керек. Көне мұралардың бірнеше өлең 
аудармасын, жаңашасын жариялап, соларды салыстыра отырып, әбден 
жетілген нұсқасын жасау— алдағы міндет. Мұны орыс ғалымдарымен 
қатар, өздерін Орхон жазуларының мұрагері есептейтін түрк халықтары 
зерттеушілері де істеуге тиіс.
Қазақ ақындары да бұл игілікті жұмысқа ден қоя бастаған тәрізді. 
Мұның куәсі ретінде «Жұлдыз» журналының 1970 жылғы 2-санында 
ақын Қадыр Мырзалиев аударып жариялаған «Күлтегін» жырының 
үзіндісін атауға болады. Бұл табиғаты жағынан әсілі ақындық тәсілден 
туған еркін аудармаға жатады. Десе де Қадырдың аудармасы өте сәтті 
шыққан. Сондықтан да ескерткіштің эпикалық сарыны бүгінгі оқушыға 
дәл жеткен. Ақындық шабыттан туған бұл аудармадан ежелгі жырау 
Иоллығ-тегіннің қолтаңбасын да, ұлылығын да танығандаймыз. 
Енді Орхон ескерткіштерінің көне түрк тіліндегі нұсқасы мен қазіргі 
қазақ тіліндегі жаңашаланған үлгісіне назар аударыңыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   126




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет