2. 2. Бекет ата мешіттерінің ғылыми негізде салынуы және тәлім – тәрбиелік ордалар ретіндегі орны.
1820-1821 жылы Бұхараға,1825-1826 жылдары Үстіртке жіберген бірінші экспедицияның мүшесі есебінде біздің өңірде болып,артына өлкеміздің тарихы мен табиғаты туралы өте құнды мұра қалдырған ғалым Э.Эверсманн: «Үстіртте таудан қашап жасалған мешіттер парсы,араб,татар жазуларымен безендірілген.Мұндай ескерткіш- зиратты Бекет төрт жерден қашаған.Оның бірі-Маңғыстаудан қашық емес,Оғландыда.Екіншісі-Бейнеуде,үшіншісі-Жем өзені бойында,төртіншісі-Арал теңізі жағасындағы Баялыда.Оның бірінде-қыста,екіншісінде-күзде,үшіншісінде-жазда болады екен»,-деп жазады.Ресей Ғылым Академиясының академигі атанған Эдуард Александрович Эверсманнан жеткен Бекет Ата мешіттері жөніндегі осы бір қысқа ғана мағлұмат өлкеміздің өткені жайлы жазылған біраз ғылыми еңбекке негіз болған екен.
1853 жылы саяхатшы, топограф Алексеевтің жарық көрген «Солтүстік Үстірттің Жемге дейінгі аралығының топографиялық сипаттамасы» деген еңбегінде:«Бекеттің Ақмешіті Жем өзенінің сол жағындағы Қандыарал шатқалынан төменде 38 шақырым жерде.Оған өзен жақтағы қапталынан жақынырақ барып қарағанда адам әрең сиятын,қасқырдың үлкен апанына ұқсас ойындыны көреміз.Осы ойынды жер астына қарай 3 сажындай барған соң тіке оңтүстік батыс бағытындағы диаметрі 2,5 сажын,биіктігі 4 аршындай болатын,күмбезі тегіс,төбесінде жарық түсетін ойықшасы бар дөңгелек бөлмеге әкеледі....Қатты бор жарқабақтан үңгіп салынған мешіттің қабырғалары қолмен өңделген,бірақ біршама тегіс....Қазақтар мұсылман шариғаты бойынша бұл жерге жыл сайын бір рет барып тәу етеді...»,-деп жазады.
Біраз ғұмырын Үстірт үстінде өткізіп,оның картасын жасақтап,құнды мәліметтер жинақтаған П.Алексеев атаның Бейнеудегі мешіті жайлы:«Үстірттің солтүстік шетіндегі манашы сайының саға тұсынан шығыста 25 шақырым жерде...жыра бойындағы бор төбені үңгіп жасаған үлкен үңгір.Ол қазіргі кездегі Үстірттен жаз жайлауға жемге көшетін қазақтардың жиналатын орны.Жергілікті халық бұл үлкен қауымды да Ақмешіт деп атайды және қасиетті әулиелі жер санайды.Басындағы сырық ағашқа мата қиындылары,садақаға сойылған малдың сүйектері байланған.Жақын жердегі молалардың басына ескерткіштер қойылған...»,-деген дерек қалдырыпты.
Бұдан 14 жыл кейін,1867 жылы Үстіртті аралаған шығыстанушы А.О.Дюгамель де Бекет салдырған Жемдегі Ақмешітті көргенін,оның Оғыландыдағы мешітінде жерленгенін мәлімдейді.Осы ғасырдың 50-ші жылдары,аталмыш орындар кейінгі өңдеуге ұшырамай өз қалпында тұрғанын көрген сәулет тарихшысы М.Меңдіқұлов та Бекетті 1813 жылдар шамасында қайтыс болған деп мөлшерлейді.Қазіргі зерттеушілердің көбі осы деректерге және ел арасындағы «ол пайғамбар жасына жетіп,дүние салды»деген әңгімеге сүйеніп,Бекет 1750 жылы туып,1813 жылы қайтыс болған деп есептейді.Ал,Гагарин қаласынан шыққан жинақта Жолдасқали Сүйесінов деген азамат ертеректе Шульц деген автордың «Киргизы» деген кітабын оқығандығын, онда 1820 жылы Ақмешітте болғанда,Бекет содан жүз жыл бұрын,яғни,1720 жылы өлді деп жазғанын айтады.
Бекет Атаның Жем бойындағы,Бейнеудегі,Байшағырдағы,Тобықтыдағы мешіттердің орналасуын адайлардың жыл мезгілдеріне орай көшу жолдарына салынған дегенді жоққа шығаратындар да бар.Себебі атаның әрбір мешітінің орналасуында заңдылық пен зерттеулердің негізі жатыр дейді.
Оғыландыдағы жер асты мешітінің салынуы туралы да көп адам мән бере бермейтін жайларды жазады.Біріншіден,оның ішінде қанша адам отырса да,оқылған дұғаның барлық адамға толық естілуі,яғни акустикалық заңдылықтың сақталуы.Екіншіден,жылдың қай мезгілі болса да мешіт ішіндегі ауаның ылғалдығының бір қалыпты болуы.Үшіншіден,есік пен түндік ашық тұрса да қума желдің (сквозняк) болмауы.Төртіншіден,мешіт михрабының Мекке бағытымен сәйкес келуі.Міне,мұның өзі Бекеттің архитектуралық білімінің де осал болмағанын көрсетеді.
Ал Әбіш Кекілбайұлы осы мешіттер жайында «...ол салдырған төрт мешіттің орналасу тәртібі ұлы бабаның геосаяси көрегендігінен хабар бергендей.Ол өліспей беріспейтіндей төрт стратегиялық тәуапхана салдырған.Төртеуін де,ескі тарихнамалық деректерге қарағанда,қазіргі қазақ этносын құрайтын сақ,сармат,ғұн тайпаларының байырғы қоныстарының шешуші шептері болған тарихи жерлерге жайғастырған...Ол мешіттерінің бәрін керуен жолдарының ең түйінді бунақтарына орналастырған»-дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |