Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі семей мемлекеттік педагогикалық институты султанова Нургуль Камильевна музыкалық білім берудің тарихы мен теориясы



бет5/12
Дата16.06.2016
өлшемі1.11 Mb.
#139121
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

«Мұрагер» бағдарламасы. Авторлары: А. Райымбергенов, С.Райымбергенова, Ұ.Байбосынова.

«Мұрагер» атты бағдарлама ән – күй пәні бойынша қазақ орта мектебінің 1 - 9 сыныптарына арналған. Бағдарламаның негізгі мақсаты - өзінің тілін, дінін, дәстүрін, өнерін, әдет – ғұрыптарын біліп, халқының асыл қазынасының мұрагері сезінетін, өз елін туған жерін, ата мекенін сүйетін Қазақстан Республикасының азаматын тәрбиелеу.

Бағдарлама төмендегідей педагогикалық міндеттерді көздейді:


  1. домбыра сүйемелдеуімен ән айтып, күй тартуды үйрету, жыраулық дәстүр, айтыс өнерін меңгеріп батыс Европа және Шығыс музыка өнерінің дәстүрлерімен танысу.

  2. қазақтың кейбір қолөнер түрлерін үйретіп, оқушылардың көркемдік ой жүйесін қалыптастыру.

  3. балалардың шығармашылық ынтасын, ой өрісін, қиялын дамыту.

  4. дәстүрлі өнеріміз арқылы қайырымдылыққа, адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеп, мәдениетті, жан – жақты дамыған адам етіп шығару.

Бағдарламаның басты темірқазығы – балаларға домбыра үйрету арқылы олардың жалпы халық өнеріне деген ынтасын арттыру. Домбыра үйрету барысында біз халықтық музыка педагогикасына арқа сүйедік. Ол домбыра қағыстарын көзбен көріп, сөз иірімдерін құлақпен ілу сияқты домбыраны нотасыз үйрету әдістемесіне негізделген. Сонымен қатар, дәстүрлі ортада шәкірт ұзтазына еріп жүріп, жекеше түрде дайындалып, соңына еріп батасын алған. Ал бала саны жиырмадан асатын сыныпта бұл методикамен жұмыс істеу өте қиын. Сондықтан « Мұрагер» бағдарламасы балалардың санына қарамай кез келген сыныпта қолдана беруге болатын, коллективті түрде нотасыз домбыра тартып үйретудің әдістемесін ұсынады. Бұл арада біздің бағдарламамыз қазақтың, дәстүрлі педагогикасын және Европаның ең озық әдістемелік үлгілерін бойына сіңірді.

Ән – күй дәстүрлеріміздің жалпы халықтық мәдениетіміздің бір саласы болғандықтан, бағдарламада басқа да халық көркем - өнер мұраларымыздың ішінде тек қана домбыра тартуды толығырақ меңгеруге көмектесетін түрлері іріктелініп алынды.

Қазақтың ою- өрнектерінің, символдық мазмұнын білу арқылы балалар күйдің саз иірімінің сұлулығын көбірек аша түссе, күйдің тарихын білу арқылы халқының тарихын тереңірек түсінеді. Сонымен қатар аспаптық саз өнеріміз аңыз - әңгімелерімен, көне мифологиямен, ауызша поэтикалық дәстүрімен астасып жатыр.Қысқасы ән – күй пәні музыка, ауызша поэтикалық, көркемөнер, қолөнер түрлерінің басы тоғысқан интеграцияланған комплексті пән болуы тиіс.

«Мұрагер» бағдарламасы – тоғыз жылдық білім берудің тізбекті біртұстас курсы. Бастапқы сыныпта алған білім жылма – жыл қайталанып, толықтырылып, дамытылып отырады.Мысалы, домбыра тартудың ең қарапайым жаттығуларынан бастап, жеңіл әндер мен күйлер үйреніп, репертуарды жылма – жыл байыта, күрделендіре түсудің арқасында күйдің композициялық құрылысын түсініп, аяғында өз жанынан өлең ұйқастырып, бір – бірімен қағыспа түрінде айтысуға дейін жетіп, жыраулардың үлгісімен өз толғауларын шығаруға дейін жетеді.

Домбыраға репертуар таңдау барысында балалардың ойнап үйренуіне жеңіл болуымен қатар, ел арасында кеңінен танымал халықтың сүйіп тыңдайтын ән-күйлері іріктеліп алынды.

«Мұрагер» бағдарламасында қазақтың ұлттық өнерімен қатар, Европа мәдениеті оның ішінде әлемге тараған опера, симфония, балет жанрлары терең түрде талданды. Ол жанрлардың пайда болуы туралы мәліметтер мен Европа саз аспаптары туралы қызғылықты әңгімелер баяндалады. Сонымен қатар Шығыс музыкасы мен Түркі мәдениетіне кең орын берілген. Бағдарламаның ең соңғы бөлімінде қазақ музыкасын басқа Европа елдерінің музыка мәдениетімен салыстыра келе, саз өнерінің өміріндегі алатын орны айқындалады.

Қысқасы, музыканы тек қана құлақпен тыңдап, көркемдік бұйымдарды тек қана көзбен көріп, тамашалау арқылы өнерге баулуға болмайды. Біздің бүлдіршіндеріміз халық өнерінің шынайы мұрагерлері болуы керек. Асыл өнерді өз қолымен жасай алатын адам ғана ата – бабадан қалған мұраны көбейтіп, байытып келесі ұрпаққа жеткізе алады.

Тәрбие ісі адамзаттың бүкіл даму тарихымен қатар жүріп келеді. Тәрбие – бір ұрпақтың өмір сүру тәжірибесінен екінші ұрпаққа жалғастырушы үрдіс. Әр ұлт өз ұрпағына ұлттық тәлім-тәрбие беру арқылы ғана ұлттық болмысын, бейнесін сақтап, дамыта алатыны белгілі. Себебі дәстүрлі мәдениетіміздің ұмыт бола бастаған қай түрін, қай саласын болса да сол фольклорымыздан тауып, ажыратып ала аламыз. Біз бұл жерде ұлттық тәрбиенің көздерін музыкалық фольклорынан қарастырмақпыз.

Әл-Фараби бабамыз музыкасының адам психологиясына әсері жөнінде,- «музыка денені шынықтыратын гимнастика тәріздес, ол адамның жанын жетілдіреді. Алдымен ләззатқа бөлейді, содан соң құмарлықты оятады, қиялға жетелейді»,- деп пікір айтқан.

Еліміз егемендік алғалы бері бірқатар отандық ғалымдарымыз музыкалық фольклорымыздың тәрбиелік мүмкіндіктерін ашыр көрсетіп, нақты ұсыныстар жасауда. Атап айтар болсақ, С.А.Ұзақбаева өз зерттеулерінде музыкалық фольклорымыздың педагогикалық мүмкіндіктерін және әдіс-тәсілдерін ашып көрсетті. Ал, музыкалық фольклорымызды күнделікті оқу-тәрбие барысында қолдану мақсатында жалпы білім беретін мектептердің музыка сабақтарының бағдарламалары жасалды. 1994 жылы А.Райымбергенов және С.Райымбергеновалардың бастауыш мектептің бірінші сыныптарына арналған «Мұрагер» музыка сабағының бағдарламасы жасалынды. Бағдарламаның ерекшелігі – балаларға домбыра үйрету арқылы халық өнеріне ынтасын арттыру көзделген.

1995 жылы М.Х.Балтабаев, Д.А.Берденова, У.Ж.Серікболовалардың бастауыш мектепке арналған «Елім-ай»музыка сабағының бағдарламасы жасалынды. Осы бағдарламаның кіріспесінде белгілі ғалым М.Х.Балтабаев «Білім беретін жүйеге дәстүрді қоса кіргізу керек және бөлек этнографиялық бөлшек түрінде емес, халық шығармашылығын біртұтас көркем туынды ретінде беру қажет»,- деп ерекше атап көрсеткен. Бұл бағдарламаның ерекшелігі – тек музыкалық фольклормен шектелмей, халқымыздың салт-дәстүрге жататын көркем өнерін кешенді игеру идеясы көзделеді. Ал бастауыш мектептерге арнап жасаған Ш.Құлманова, М.Оразғалиева, Б.Сүлейменовалардың музыка сабағының бағдарламасындағы музыкалық материалдар, музыкалық фольклорымызды пайдалана отырып, балаларға ұлттық тәлім-тәрбие беру негізінде құрылған. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты: қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, өнерін қадірлейтін, оның өмірмен байланыстылығын түсінетін, эстетикалық және музыкалық танымы дамыған, рухани бай, аламгершілік қасиеті мол және шығармашылықпен жұмыс атқара алатын тұлға тәрбиелеп шығаруға бағытталған. Мектептегі оқушыларға берілетін тәрбие саласының бірі – эстетикалық тәрбие. Эстетикалық тәрбие өнер құралдары бойынша, яғни музыкада-дыбыс, суретте-бояу, әдебиетте- сөз арқылы жасалынған көркем бейнелер негізінде оқушының дүниетанымын арттырып, өмірдің шындығы мен әсемдікті сезіну қабілетін дамытуға жағдай жасайды. Музыкалық тәрбиенің негізгі мәні, мақсаты сапалық жағынан жеке адамның жан дүниесінің үйлесіп қалыптасуын және рухани байлығын дамыту болып табылады. Музыкалық тәрбие беруде мұғалімнің алдына негізгі үш міндет қойылады.

Бірінші міндет: Музыкалық әртүрлі іс-әрекеттер арқылы оқушының сезімін ояту.

Екінші міндет: музыканы сезім арқылы саналы түсінуге баулу.

Үшінші міндет: музыкалық шығарманы өз шамасына қарай орындай білуге үйретуде орындаушылық дағдыны меңгерту. Музыкалық тәрбие негізінен жалпы білім беретін мектепте сыныптық-сабақ жүйесі бойынша іске асады. Оқушыға музыкалық тәрбие беруде оқытудың принциптерін және әдіс тәсілдерді, соңғы технологияларды шебер қолдану ең қажет нәрсе болып табылады. Сонымен қатар, сабақта дидактикалық ойындар, өзіндік жұмыс, ой қозғау, нота сауатын үйрету, музыка тыңдату, музыка ырғағына сай әртүрлі қимылдар жасату, музыка жанрын ажырата білу басты міндеттер қатарына жатады.

Нота сауатын түсіндіріледі көрнекілік арқылы және материалды жеңіл әрі ойын түрінде меңгерту көп нәтиже береді. Мысалы: нотаның қай жерде орналасатынын есте берік сақтап қалдыру мақсатында сөз құрау ойынын ойнатудың маңызы ерекше. Осы ойын арқылы оқушылар әр нотаның қай жерге жазылатынын тез әрі жеңіл түрде меңгереді. Ойын барысында музыка пәнін қазақ тілі пәнімен байланыстыра отырып, оқушыларға таныс емес сөздерді үйретуге болады.

Жаңа сөздер: дода – сайыс тартыс, жарыс

Доғара – қамыстан жасалынған баспана

Сида – бұтақсыз ағаш

Оқушылардың музыканы қабылдауы негізінен мектептегі музыка сабағында қалыптасады. Мектептегі музыка сабағының мақсаты – рухани дүниесі жан- жақты дамыған, салауатты өмір салтын берік ұстанған жеке адам тәрбиелеу болып табылады.

Мектеп оқушыларында шығармашылық қасиет айқын байқалатыны бәрімізге белгілі, олар біреудің сөйлеу мәнерін айнытпай сала қояды, ертегінің көркем мазмұнын, тарихты, ән-күйді, музыкалы пьесаны тез қабылдайды. Оларға табиғи белсенділік, өз күшінен сенімділік тән. Мұның барлығы оқушының шығармашылық дамуының қайнар көзі. Шығармашылық есте сақтауды, ойлауды байқағыштықты, мақсаткерлікті белсенді ете түседі.

Музыкалық шығармашылықта эмоционалдық сергектік пен абстрактылы және нақты ойлаудың қосындысы, логика мен интуиция шығармашылық елес, белсенділік, тез шешім қабылдау қабілеті басты роль атқарады. Музыка сабағындағы балалар шығармашылығы әрине әлі өнер жолындағы емес, ол музыкаға төселу барысындағы ізденіс, танып білуі болып танылады.

Оқушы шығармашылығының ең бір қарапайым әуенді өз еркімен әуенге салып айтуынан берілген текстке әуен жазуынан күрделі емес мотивтерді өңдеуінен музыка әуенімен мәнерлі қимылынан көрініп басталуы әбден мүмкін сол сияқты тыңдаған музыкаға баға беруінен әнді өз өңдеуі бойынша орындай білуінен де байқалады. Шығармашылықтың басталуы оқушылардың музыкаға құмарлылығын тереңдетуге тиіс.

Оқушыларды шығармашылыққа даярлау ісіне зор мән беру керек. Мысалы, әннің әртүрлі нұсқасын табу үшін оларды біртіндеп қалыптасатын ритмикалық жеткілікті тәжірибе болуы шарт: әуеннің қай элементі өзгертуге қолайлы екенін түсінуі тиіс.

Музыка сабақтарында шығармашылық қабілетті дамытудың әдістері сан түрлі. Оның әр сабақтың тапсырма орындату бөлімінің мысалдарынан көріп отыруға болады. Орта буын сынып оқушыларының жұмыс түрі – жеке тапсырма, топтық тапсырмалар, жан жақты тапсырмалар – олар өз бетінше тыңдап жүрген күрделі музыкалық шығармаларды талдап беру. Шығармашылық қабілетті дамытуда оқушыларға жан-жақты тапсырма беру арқылы мысалы жұмбақ, ребус, сөзжұмбақ, тест сұрақтарына жауап беру, экранда жаңа естіген музыкаларды талдау мен күнділікті білімді толықтыру жұмысын жүйелі жүргізе отырып әр балаға талдау жасалып жұмыс сапасы арттырылған тиімді.

Көптеген жылдар бойы Қазақстанда музыкалық ағарту және білім беру дамыды, жетілді, белгілі бір жүйеге қалыптасты. Бұл үрдістің жекелеген қырлары П.М.Момынов, С.А.Ұзақбаева, Г.М.Аубакирова, Г.К.Ахметова, А.Б.Мұқашева еңбектерінде зерттелді. Ғалымдар еңбегі Қазақстандағы музыкалық білім берудің қалыптасуы мен дамуын зерттеуде өздерінің сүбелі үлестерін қосты.

Ұлттық, дәстүрлі мәдениеттің эстетикалық тәрбие мазмұнына қосқан үлесі отандық педагогика ғылымының дамуында мүмкіндік туғызды.

Өскелең ұрпақтың рухани мәдениетін қалыптастыру қоғамның мәдениетін жан-жақты дамыту жұмысының маңызды бөлігі.

Шындыққа эстетикалық қатынасты қалыптастыру проблемасы терең зерттеулердің пәні болып қала береді. Ол әртүрлі музыкалық әрекет түрлері мен айналысу үрдісінде музыкамен қарым-қатынас қажеттілігін дамытуда жүзеге асырылуы мүмкін.

Мемлекетімізде тәрбие мақсаты жастарды мәдениетке, оның барлық қабаттарын игеруге баулу болып табылады. Сондықтан эстетикалық тәрбие маңызды, ал шындықты тарихи қабылдау одан маңыздырақ мәселе. Музыкалық білім беру әр уақытта да ең танымал және жалпы көпшілік көз жеткізе аларлық құбылыс бола тұрғанымен, ғылымда жеткілікті талданбаған және аз зерттелінген. Музыка ағарту жұмыстарының қалыптасу кезеңдерін, әсіресе аймақтық деңгейде зерттеу осы кемшіліктің орнын толтыруда, халқымыздың тарихи санасын және эстетикалық мәдениетін дамытуда баға жетпес мәні бар.

Қазақи тәлім-тәрбиенің көзі ұлттық фольклорымызда жатқаны белгілі нәрсе. Тек бұны оқу тәрбие барысында шығармашылықпен қолдана білу қажет. Фольклорымыздан нәр алып өскен бала еліміздің елдігіне, егемендігіне еңбек етіп, өркендеуіне үлес қосатын азамат болып қалыптасады. Міне, осы бағыттағы атқарылатын шараларды іске асыру барысында жалпы білім беретін мектептердегі музыка пәнінің де қосатын өзіндік үлесі бар.

Бірінші сыныптың екінші жарты жылдығында «Қобызға арналған күйлер» атты тақырып төрт сағатқа есептелген. Алғашқы екі сағаты «Қорқыт- күй атасы» деген тақырыпта. Бұл тақырыпта мына төмендегі материалдар қамтылған.

1. Қорқыт. «Әуіппай» - тыңдау.

2. К.Дүйсекеев «Ана» - үйрету.

3. «Қобыз» - үйрену.

4. Музыкалық сауат – қобыз аспабы туралы түсінік, оның құрылымы, дыбыс бояуы. Бұл сабақ Қорқыт туралы аңыз әңгімеден және қобыз аспабы жөнінде түсінік беруден басталады. Бұнда Қорқыттың «Әуіппай» атты күйі - аштықтың азабын тартып, қолындағы баласына беретін тамақ болмай, оны жұбата алмай әбіржіп келе жатқан анаға арналып шығарылған. Қорқыт осы күйді ойнаған сәтте жас нәресте күйдің әуеніне елтіп ұйықтап кетеді. Күйдің құлаққа жайлы естілетін, көңілің тынышталатындай, бесік жыры тәріздес. Күйді тыңдатудағы негізгі мақсат – жоғарыдағы атап көрсеткендей, оқушыларды ұлттық музыкамызды құрметтеп, оны түсінуге баулу, салт-дәстүрімізді үйрету және сонымен қатар, музыка тілі туралы түсінік беру.

Сабақтың тақырыбы:Достық мерекесі

Сабактьщ максаты: Балаларды Қазақстан халықтарының музыкасымен таныстыру арқылы музыка тілі достық тілі екенін түсіндіре отырып, шығармашылық қабілетін дамыту.

Сабақтың міндеті: шәкірттерді музыка арқылы халықтар достығына тәрбиелей отырып, сезіммен қабылдауға көмектесу. Саналы түрде музыканы қабылдап, орындап, тыңдап, шығармашылық қабілеттері дамыту. Іс-әрекет арқылы дамыту: хор мен ән айту барынсында дыбыстау, демалу, сыныпқа музыкамен кіріп-шығу, естілген музыкаға би қимылдарын жасау.

Сабақта қолданылатын музыкалық шығармалар:


  1. Д. Б. Кабалевский ''Достық," жаттығуын үйрету

  2. Н. Нусшбаев "Дос болайық бәpiмiз" - үйрену

3. Сөзжұмбақ, "Достық" - шешу

4. Әр түрлі халықтар биінен үзінділер тыңдатып,


оны ажыратып, би қимылдарын көрсету.

а)орыс биі ә) ұйғыр биі б) татар биі д)кавказ биі ж) казак биі



  1. Достық мерекесі атты бейне кассетаны көрсету,

  2. Мұқан Төлебаевтың "Біржан Сара" операсынан үзінді тыңдату. "Би мен қор"

Сабақта қолданылатын принциптер:

  1. Тәрбиелеу, оқыту, дамыту принциптері

  2. Ғылыми принцип. .

  3. Өмірмен байланыстыру принципі

  4. Құлшыныстыру принципі

  5. Сабактың тақырыптылық жүйелі құрылысы.

Сабақта қолданылатын әдістер:

I. Музыканы қабылдауға үйрету.

а) сұрақ-жауап, әңгімелесу, пікірлесу.

ә) көрнекілік (нота мәтінін дайындау, компози­тор суреті.

б) іс-тәжірибе (вокальдық хормен ән айту, дирижерлау, шулы аспаптар қолдану, музыка тыңдау, ансамбль).



II. Гностикалык әдіс-іздену әрекеті, мәселе қою арқылы жүреді

а) мәселе қойып оқыту

ә) жартылай іздену

III. Ғылыми әдіс:

а) перспективтік және ретроспективтік

ә) логикалық

б) индуктивтік, дедуктивік, традуктивтік

г) салыстыру (әр халықтың музыкасын, биін, әнін)

д) қорытындылау

е) талдау

IV. Басқару әдісі:

а) Білімді мұғалімнің көмегімен меңгеру

е) Оқушыларды қолпаштау , көтермелеу мотивтері

б) бұзу aктici

в) тарихи әдіс

д) сюжеттік ойын арқьлы рөлге кіру



V. Бақылау әдісі

а) ауызша және жазу;

ә) техникалық құралдарды қолдану;

б) музыкалық шығармашылық арқылы бімді тереңдету:

Сабақтың түpi: Жаңа сабақ

Сабақтың барысы:

Оқушылар сабаққа М. Төлебаевтың "Біржан -Сара" операсының үзіндісімен кіреді (би)

Музыка тілінде амандасу. Қойылған музыка туралы әңгіме жүргізу. Сұрақ: Естіген музыка сендерге таныс па?

Жауап:......

Сұрақ: Бұл музыка қандай сипатта?

Жауап:...

Сұрақ: Композитордың музыкасы ма әлде халық музыкасы ма?

Жауап: ...

Сұрақ: Қандай аспаптар орындады?

Жауап: ...

Сұрақ: Бұл музыканың авторы кім екен?

Жауап:...

Қорытындылау: Балалар, бұл музыка — кереметтей көңілді, бip той болатындай, салтанатты сипаттағы әуен. Сіздер Мұқан Төлебаевтың Біржан-Сара" операсынан тыңдадыңыздар. Сонымен Біржан дегеніміз кім?

Жауап: — Ол қазақ халкының ішінен шыққан ақын, әнші, сал cepi. Ертеде қазақ жерінде ауыл-ауылда, үлкен қалаларда айтыс пен жарыстар өткен. Сондай жәрмеңке базар Қоянды ауылында да өткен. Сол Қоянды жәрмеңкесінде Біржан және Сара кездесіп, айтыска түсіп, бip-бipiнe өнер арқылы ғашык болған екен. Міне, осы тақырыпқа Жетісу өңірінің композиторы Мұқан Төлебаев «Біржан-Сара" операсын жазған. Бүгінгі осы сабағымызды көп ұлтты Қазақстан Республикасындағы ұлттардың бас қосқан мейрам сабағы деп есептеңіздер. Осы музыканың алатын орны ерекше, яғни, ұлт достығын жырлайтын өнер туралы әнгіме болуы тиіс.Ceбeбi, бүгінде осы Павлодар қаласында үлкен той-фестиваль өтіп жатыр, бұған Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінен сан ұлттың, өкілдері бас қосып, ән-жыр айтып, сабақ сайыстар өткізіп жатыр. Яғни, бұл да тойдың бip түрі. Осыған орай бiз сабақ тақырыбын "Достық мерекесі"- деп алдық. Осы тақырыпқа байланысты мынадай сұрақ қойғым келіп тұр: Қазақстан жерінде қандай ұлттар тұрады?

Жауап: — орыс, татар, корей, дүнген

— Ал, балалар осы ұлттар бip-бipiмен қандай қарым - қатынаста ?

Жауап: — достықта, бірлестікте, ауызбіршілікте

— Иә, балалар, дұрыс айтасыңдар.

Сұрақ: — Достық дегенімізді калай түсінесіңдер?

Жауап: — Достық деген ұғым - өте жоғары да бағалы сөз. Ол-көршіңмен, жанұяңмен, досыңмен, құрбы-құрдасыңмен, басқа ұлт өкілдерімен, көрші елдермен тату болу деген соз.

— Өте дұрыс. Қaзip кім дос туралы ән айтып береді?

Бармадым жар басына құлай ма деп,

Ішпедім арықтан су ылай ма деп.

Қорқамын дос болуға жаманменен.

Тар жерде ертоқымын сұрай ма деп.

Қыздар гүл-гүл

Ұлдар дүл-дүл

Өтіп барат өмip құрғұр

Ахау арман, дүние жалған

Халай ләйлім, лиляй, ләйлім.

Тағы да бip - eкi оқушы тақпақ оқып берсе болады.

Ал, балалар, қазір осы "достық" деген сөзге дауысымызды жаттықтырып көрейік. Мысалы: "До­стық деген жақсы сөз".Бұл жаттығуды до-сольга дейін бip неше рет орындаймыз. Ал, келесі жаттығу ретінде Д. Б. Кабалевскийдің, "Достық" деген әнін үйренеміз. Д. Б. Кабалевский атақты — композитор, ұстаз. Ол кісінің көп әндері бар. Мәскеу қала­сында N209 мектепте көп жылдар музыка пәнінен сабақ бepiп, өзінің еңбектерін жазған. Miнe, балалар бүгін бiз композитордың әнін үйренеміз. Сөзі мен әнін тыңдап алыңдар.

Достық, достық мәңгі жас сөз боп қалады,

Достық, достық бәpiмiзre жақын сөз.

Бірнеше рет орындап болған соң, біз ең негізгі тақырыпқа көшеміз.

Әрбip халықтың музыка өнерінің өзіне тән ерекшелігі мен Ұлттық ажары болады. Музыканы түсіне білу үшін, ең алдымен кез-келген ұлттардың музыкасына құрметпен қарай білу керек. Сонда ғана ол өзінің бар сұлулығын көрсете алады. Қазір барлығымыз бipiгiп, "Әуенді тап" ойынын ойнап көрелік. Мен музыканы қосамын, сендер қай лттың музыкасы екенін тауып, сол ұлт жайлы қысқаша мәлімет бересіңдер.

Орыс музыкасын тыңдап болған соң мұғалім тарапынан сұрақ қойылып, шәкірттер шама-шарқынша жауап беруге тырысады.

Сұрақ: Сіздерге әуен таныс па?

Жауап:...

Сұрақ: Қай халықтың музыкасы?

Жауап:...

Сұрақ: Сипаты қандай?

Жауап:...

Сұрақ: Орыс халқының аспабының атын атаңызшы?

Жауап: балалайка.

Дұрыс, ал енді музыкаға қандай қимыл жасауға болады, кәнекей музыканы қоямын, сендер билеп көрсетіңдер....

Осындай ретпен татар, корей, ұйғыр музыкасын тыңдатып, сұрақтар қойып, билетемін. Олардың ұлттық аспаптары және киімдерімен таныстыру. Бейнекассетаны көрсетіп қорытындылау. (Қалада өткен әр түрлі ұлттар мерекесінен үзінділер көрсету).

И. Нүсіпбаевтың "Дос болайық бәріміз" әнші үйре­ту үшін әнді ең алдымен мұғалім орындайды. Содан кейін әнді фраза бойынша үйретіп, оқушылардың демді дұрыс алуына көмектесу көзделеді. Фразамен үйрету барысында қолмен шапалақтап, ырғағын дұрыс көрсетуге болады. Бұл — көп ұлтты еліміздің балаларына арналған, достық пен татулықты, бірлікі уағыздайтын ән. Әнді нотамен үйретеміз.

Тыныс әpбip тактыдан сон алынады. Фразалардың соңындағы ұзын дыбыстарды аяғына дейін созып, демді өте ұқыпты әpi қысқа аламыз. Қайырмасында дыбыс күші қатайып, ән көңілдене түседі. Әнді орын­даймыз.

Қорытындылау: Оқушыларға сұрақтар қойылған скрипка кілті беріледі. Келесі жазылған сұрақтарға оқушылар жауап беру керек.

Сабақтың тақырыбы: Дәстүрлі күйшілік өнер.

1. Құрманғазы. "Сарыарқа", "Адай", "Балбырауын", "Кісен ашқан".

2. Тәттімбет. "Саржайлау", "Көкейкесті", "Сылқылдақ".

З. Сөзі: Х.Талғаров. Әні: И.Нүсіпбаевтікі. "Домбырасыз сән қайда". Сабақтың мақсаты:

І.Білім беру — күншілердің өмірі мен шығармалары туралы нақты, тиянақты таныстыру.

2. Тәрбиелеу — балаларды әсемдікті сезінуге, өз халқының музыкалық мұрасынан эстетикалық ләззат ала білуге баулу. Өнер иелерін үлгі тұтып қастерлеу, өнерлі оқушы болатынына сендіру.

З. Дамыту — музыкалық қабілеттерін арттыру. Ән айту дағдыларын қалыптастыру. Балалардың шығармашылық белсенділігін түрлі музыкалық тапсырмалар арқылы ояту.

Сабақтың түрі: Жаңа сабақ. Өткізу әдісі: сұрақ-жауап, әңгімелеу. Пәнаралық байланыс: тарих, әдебиет, сурет, музыка.

Көрнекіліктер: композиторлардың суреттері, тақырыптық сурет салынған плакаттар, мақал-мәтелдер, үнтаспа, баян, домбыра, буклет, музыкалық аспаптар.

Сабақтың барысы: Оқушылар класқа Сарыарка күйімен кіреді.

Ұйымдастыру кезеңі: Музыкамен сәлемдесу. Тақырыбын, мақсатын айту.

Сұрақ: "Күй дегеніміз не?"

Қазақтың домбыра, қобыз, шертер, сыбызғы сияқты ұлттық музыка аспаптарында орындалатын әуен-саз КҮЙ деп аталады.

Музыка аспаптарында орындалатын шығармаларды аспаптық музыка дейміз. ,

Күй — бағдарлы мазмұны бар көркемдігі жоғары аспаптық жанр. Онда табиғат құбылыстары тарихи оқиғалар, халық мерекелері, жан-жануарлар, аңыз-ертегілер, адам сезімдері, түрлі оқиғалар суреттеледі. Күйлер тақырыбы мен мазмұнына қарай аңыз күйлер, тартыс күйлер, лирикалық күйлер болып жіктеледі. ХҮІІІ ғасырда Байжұма, Есжан, Байжігіт, Боғда, Махамбет сияқты күйшілердің атағы халыққа кеңінен танымал болған. XIX ғасырда күйшілік өнердің одан әрі дамуына Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Абыл, Ықылас, Қазанғап, Дина, Сүгір сияқты күйшілер өз үлестерін қосты.

—Біз кімнің қандай күйінің әуенімен класқа кірдік?

— Құрманғазының "Сарыарқа" күйі (окушылар жауабы).

— Ендеше Құрманғазының өмірі мен күйлеріне тоқталайық.

XIX ғасырдың аса көрнекті композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы тендесі жоқ ұлы күйші. Ол 1823 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Кішкентайынан күй өнері арқылы әділетсіздік пен теңсіздікке қарсы күрескен дара тұлға өзінің басынан кешкен өмірін, қайғы-қасіретін күй тілімен жырлап өткен. Мұғалім: — Күйден нені байқадыңдар, күй сендерге қандай жайларды баяндап тұр. Күйдің көңіл-күйі қандай? ("Сарыарқа" күйін тыңдау).

Жауап: Күй қуанышты, шаттықты білдіреді. Аттын шабысын, қазақтың ең даласының тіршілігін баяндайды.

— Балалар қарындаш көмегімен суреттейік. (Шынар суреті)

Жауап: — Қазақтың кең байтақ даласының табиғат сұлулығы, әсемдігі, күйшінің батырлық мінезі сезілгендей болады.

— Бұл күйді қандай оркестрдін орындауында тыңдап отырсыңдар?

— Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялык халық аспаптар оркестрі.

— "Сарыарқа" күйінің шығуы жайлы ел аузында мынадай аңыз әнгіме бар.

Құрманғазы бірде түрмеден қашқан жолында Арқадағы Тәттімбетке соғып, күй тартысып, сауық-сайран құрып, қонақ болыпты. Сонда Тәттімбеттің сыйына риза болтан Құрманғазы "Сізге арнайы сыйым болсын" деп, "Сарыарқа" күйін шығарыпты-мыс. Күйді тындап, айызы қанып, рахаттанған Тәттімбет "енде­ше мен де саған күй арнаймын" деп, "Көкейкесті" күйін тартқан екен.

Құрманғазының "Адай" күйін тындап, көңіл-күйін, екпінін анықтау.

Бұл тыңдаған кімнің күйі?

Құрманғазының "Адай" күйі. Құрманғазының жастарға арналған "Балбырауын" күйін тыңдау, күйді талдау.

— Көңілді, би ырғақты, екпіні тез.

— Күй шертіледі, айналады.

— Күй орындауының неше әдісі бар?

— Екі әдісі бар: төкпе және шертпе.

— Біздің тыңдаған күйлеріміз қандай әдіске жатады?

— Төкпе.

"Сарыжайлау" күйін тындау

— Күй нені көз алдымызға елестетеді.

— Жайлаудың әсем, сұлу табиғатын.

— Бұл күй қандай әдіске жатады.

— Шертпе.

Шертпе күй шебері, композитор Тәттімбет Қазанғапұлы Қарағанды облысы, Қу ауданында 1817 жылы дүниеге келген. Тәттімбеттің атасы Мошеке ойға жүйрік, сөзге шешен, тапқыр адам болған. Сондай атасының тәлімін өзі де зерек туған Тәттімбет тамаша күйші ғана емес, ақын, өткір тілді шешен болған.

Тыңдалған күйлердің өзара айырмашылығы, ұкқсастығы неде?

Әдісі, екпіні, көңіл-күйі, табиғатында.

Тәттімбеттің "Бес төре", "Былқылдақ", "Қосбасар" күйлері ғасырлар бойы сан ұрпақтың рухани азығына айналып келеді.

Енді өнер туралы мақал-мәтелдер айтып көрейік.

1."Өнерлі өрге жүзеді".

2."Өнер—бұлақ, білім — шырақ".

3."Өнерлінің өрісі ұзақ".

Тағы кім мақал-мәтелдер айтып толықтырады. /3-4 мақал айтылады/.

Рахмет, балалар, мақал-мәтелерді жақсы біледі екенсіздер. Енді дауысымызды жаттықтырып алайық.

1."Киіз басу" әні.

2. Құрманғазының "Ақбай" күйі.

3."Құстар әні" (Н.Тілендиев).

"Домбырасыз сән қайда" әні. Сөзі — X. Талғаровтікі, әні — И.Нүсіпбаевтікі. Ақын, әнші, күйші-композиторлар туралы айтылатын осы бір әнді орындайық.

Балалар, бүгінгі сабақты қаншалықты меңгергенімізді білу үшін КІМ БҰРЫН? ойыны арқылы дұрыс жауап беріп, сабағымызды қорытындылайық. Сұрақтары:

1.Құрманғазы кім?

2.Қандай күйдің атасы?

З.Қай жерде туған?

4.Қандай күйді тыңдадық?

5."Сарыарқа" күйінен алған әсерлері, оқушылардың өздері шығарған өлеңдері.

Сап-сары менің Сарыарқам,

Құрманғазы ата сенің арқаң,

Аталғаны жердің Сарыарқа,

Әсемдігіне таңқалып күнде жатам.

Қорытынды:

Міне, балалар, дәстүрлі күйшілік өнер дегеніміз осы.

Міне еліміздің егемендіке қолы жетіп, көк байрағын көкке көтергеніне де 18 жыл толып отыр. Осы 18 жыл ішінде талай жаңалықтар мен бетбұрыстар жасалды. Көптеген қазақ тілді мектептер мен балабақшалар, мәдениет орталықтары бой көтерді. Дегенмен, жеке адамның қалыптасқан тұлға ретіндегі ролі таңдай қақтырарлықтай нәтижеге жете қойған жоқ. Оның бір ұштығы тәрбиеге келіп тірелсе керекті. Осы тығырықтан шығар жол – халықтық тәрбие арқылы халық музыкасының тарихи әндерін пайдалана білуде, халық музыкасының бай мұраларын қолдана білуде. Себебі әсем ән, музыка бар жерде қатігездік, жамандық тәрізді жағымсыз іс-әрекеттер тамыр жая алмауы тиіс. Бүкіл әлемді дұр сілкіндіріп, құдіретін танытқан қазақтың халық музыкасы жаңа ғасыр төрінен өз орнын алса нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпы мектептерде музыкалық білімнің қалыптасуы және дамуы, жалпы білім беретін цикл пәндер жүйесіндегі ән сабағының орны. Балалар мен жасөспірімдерге музыкалық тәрбие берудің теориясы мен тәжірбиесіндегі жетістіктер мен кемшіліктер, музыка мұғалімін дайындау. Оқушылардың музыкалық тәрбиесіне арналған алғашқы әдістемелік-бағдарламалық әдебиеттер (Б.Ғизатов, Ө.Байділдаев, П.Момынов, және т.б. оқулықтары, бағдарламалары, әдістемелік-нұсқаулары). Қазақстандағы балалар композиторлары (А.Жұбанов,Ғ.Жұбанова, К.Қуатбаев, И.Нүсіпбаев және т.б.). Қазақстандағы музыкалық педагогика саласындағы ғылыми мектептердің қалыптасукы мен дамуы (С.А.Ұзақбаева, М.Х. Балтабаев, Р.Р.Жәрдемалиева, Ш.Б.Құлманова және т.б.).



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет