Буаз малдың жатып қалуы (Рaraplegia gravidarum) - қозғалыс органдары функциясы бұзылуының айқын клиникалық белгілерінің болмауы /сипаттайтын синдром/. Осының салдарынан ауырған жерді, ауру процесінің түрін анықтауа мүмкіншілік болмайды.
Аурудың себептері - толығымен анықталған жоқ. Себепші факторларға: 1/ жеткіліксіз және бір жақты азықтандыру, 2/ моционның болмауы, 3/ тар станоктарда, едені артқа еңкіш орында ұстау, 4/ миозиттер, жаралар және басқалары. Әдетте сиырлар, ешкілер, сирегірек биелер тууға бірнеше күн немесе апта қалғанда жатып қалады.
Жатып қалу процесінің маңызы артқы аяқтардың және сауыр бұлшық еті тонусының төмендеуіне әкеледі, сонымен бір уақытта омыртқа және жамбас трофикасы бұзылады (ашығу, рационда кейбір минералдық заттардың аз болуы) немесе серуеннің жеткіліксіздігінен байқалады.
Клиникалық белгілері. Тұру кезінде қиындық туады, ауру мал көп уақыт жатады, сосын мүлдем аяқтарына тұрмайды. Кейде сиыр бір жерден екінші жерге жылжиды, ұруға, соғуға ешқандай реакциясы байқалмайды.
Болжау - ауру бұзаулауға таяу уақыт қалғанда дамыса, соңы жақсы аяқталады, ал көп уақыт қалғанда байқалса онда ауру септикопиемия процесімен шиелініседі.
Емі - симптоматикалық. Аурудың бірінші күндері жақсы нәтиже сауыр маңы бұлшық етіне вератриннің 0,5%-дық спиртті ерітіндісін 0,5-1 мл мөлшерінде 2-3 жерден екі жағынан (барлығы 4-6 мл) еккенде болады. Сонымен бірге бір күнде 2-3 рет құйымшақ және аяқтарына массаж жасау және 4-6 адам күшімен көтеруге тырысу қажет.
Аурудың бірінші күндерінде қолданылған емдерге қарамастан мал тұрмаса, онда аурудың аяғына төлдеуден кейінгі уақытты есептеу керек. Жатып қалу болмау үшін аяқтарына, бүйірлеріне және сауырға массаж қолданады, абайлап малды күнде 2-3 рет бір бүйірден екінші бүйірге аударады. Рацион концентраттар және витаминдермен бай азықтардан тұру қажет, осымен бірге күре тамырға 200-300 мл 20%-дық глюкоза ерітіндісін енгізеді. Балық майы және кальций мен фосфор тұздары жақсы нәтиже береді.
Қынаптың түсуі (Рrolapsus vaginalе) - қынап түтігінің инвагинация салдарынан пайда болған қатпарларының жыныс саңылауынан бұлтиып шығып тұруы. Клиникалық белгілері жағынан келесі түрлері болады: 1/ толық емес немесе жартылай түсуі - сарпайдан 1-2 см қынап томпайып шығып тұрады, 2/ толық түсуі - сарпайдан жатыр мойыны мен қынап қатпар-қатпар болып салбырап тұрады.
Әдетте қынап буаздылықтың екінші жартысында түседі, көп жағдайда сиырда, сирегірек биеде, ешкіде кездеседі. Ауру аналық жыныс органдарының ұстап тұратын аппаратының әлсіреуімен өтеді саулықта. Қынаптың түсуі сиыр серуенге аз шығарылғанда, дұрыс азықтандырылмағанда, мал арығанда, сондай-ақ толғақтың күшті болуынан пайда болады. Қынаптың түсуі малдың жататын орны артқа қарай еңкіш болғанда, дұрыс күтіп бағылмағанда жиі кездеседі. Себепші факторлар болып: азықтың сапасы төмен болуы, моцион жетіспеушілігі, буаз малды едені артқа еңкіш орында ұстағау, бір төл әкелетін аналықтарда көп төлдің дамуы /қара малда/ жатады.
Клиникалық белгілері - қынап жартылай түскен жағдайда жатқан малдың сарпайынан көлемі тауық жұмыртқасындай не одан сәл үлкендеу қызыл томпақ күйде шығып тұрады.
Қынап толығымен түссе, ол шар секілді домалақ болып сарпайдан салбырап тұрады.
Аурудың бастапқы кезінде қынаптың түсуін тек жатқан малда байқауға болады, кейіннен паравагинальдық клетчатканың әлсіреуінен кілегей қабығының қатпарлары тұрған малда да тартылмайды. Жартылай қынаптың түсі туу ағымына әсер етпейді, өйткені төл шығу уақытында түсіп қалған қынап қабырғасының қатпарлары құрсақ қуысына тартылып жайылады.
Қынаптың қақ ортасынан жатыр мойынының сыртқы тесігін көруге болады.
Емі. Түскен қынапты марганец қышқылды калийдің әлсіз ерітіндісімен жуып, ихтиол майымен майлайды, сосын орнына салады. Қынапты орнына салмас бұрын малдың күшенуін тоқтату қажет. Бұл үшін сиырдың бірінші және екінші құйрық омыртқасының аралығына 1% новокаин ерітіндісін жібереді /10-15 мл/.
Достарыңызбен бөлісу: |