ІІІ ТАРАУ. «ҰЛПАН» РОМАНЫНДАҒЫ ОБРАЗДАР ЖҮЙЕСІ.
Әдебиет туралы жалпы түсініктердің бәрінің келіп құйылар арнасы, әдебиеттің ең басты және өзекті мәселесі – образ және образдылық. Бұны түсіну үшін, әдебиеттің объектісі - өмір, ал заты – адам екенін ескеруіміз қажет.
Көркем бейне, яки әдеби қаһарман дейік, я болмаса шығарма геройы не кейіпкері немесе персонажы дейік, бәрібір, осылардың бәрі – бір-ақ ұғым образ. Әдебиеттегі адам, сөздегі сурет, шығармада өмір шындығын жинақтау, адам мінезін дарлау, сайып келгенде, осылардың бәрінің сарқырап құяр сағасы біреу, ол – образ. Ал, «Образ – эстетикалық мәні бар, ойдан шығару арқылы әрі нақты, әрі жинақты жасалған адам өмірінің әсем суреті. [10, 106].
Чернышевскийдің а йтуынша: «Сөз өнерінің шын мазмұны – тек адам өмірі» екенін айтады. «Кітап немесе симфония не туралы? Сурет не мүсін не туралы? Бәрі де адамға қатысты. Адам туралы, әсемдігі мен асылдығы, адам рухының көркем күші мен қасиеті жайлы... өнер туындысының бәріне ортақ – адамның ойы, арманы, мақсаты. Кез-келген әдеби шығарманы алсақ болғаны, іздеп табарымыз – адам тағдыры болып табылады.
Адам тағдыры жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі де: өмірдегі адамдар туралы ойы қалыптасады, нәтижесінде шығарма жазылады. Әдеби шығармадағы адамның көркем образын алсақ, бай-тұлғасындағы, кескін-кейпіндегі, жүріс-тұрысындағы, қимыл-әрекетіндегі ойлау-сөйлеу әдетіндегі өзгеше сипат – белгілерді нақтылы суреттеу арқылы жазушы типтік қасіреттерді, яғни қоғамдық жағдай туғызған, басқаларға ортақ, жалпылық мәні бар ерекшеліктерді айқын танытады. Реалистік көркем образ типтендіру тәсілімен жасалады. Жазушы көптеген адамдарға тән қасиет сипаттарды жинастырып, екшеп іріктеп алып, бір адамның бойына алғызып бейнелейді. Сондай кейіптердің кескін тұлғасы,
характеріндегі жекешелік, көпке ортақ жалқылық қасиеттері де, жалқылық ерекшеліктермен қатар бедерленеді.
«Ұлпан» романына келетін болсақ, романның стилі байсалды, өмір шындығын кең қамтып, асықпай суреттеумен ерекшеленеді. Оқиға жанр талабына лайық бас кейіпкердің іс-әрекеті маңында өрбісе де, Ұлпанға қатысты біраз адамдар дараланып берілген. Әсіресе, Мүсіреп пен Шынар, олардың мінез-құлқы мен адамгершілік белгілері оқушысын риза етеді. Есеней – Мүсіреп, Ұлпан – Шынар араларындағы құрбының жарастықты әзілі мен силастығы халықтың жақсы әдет-ғұрып, салт-санасының әдемі көріністері есебінде де бағалы. Дәуір мен адамның диалектикалық байланысын ел өмірінің көп салалы шындығы арқылы жазушы эпикалық суреткерлікпен көркем бейнелейді. Тағы бір айтатын мәселе романның тілі, суреттеу, бейнелеу құралы әбден толысқанның куәсі боларлықтай. Суреткерлік те, авторлық түсіндірме де орын – орнында. Қазақтың сөз өнеріне жетік халық екенін, екі жақты қақтығыс, әзілдесудің өзімен-ақ көп нәрсені біріне-бірі айтып, түсіндіріп үлгеретін алғырлықтың үлгілерін де жазушы әдемі келтірген. Тұспалдап айту, бірді айтып отырып екінші нәрсені меңзеу де орынды қолданылады. Мұны және Ғабит Мүсірепов жалпы емес, кейіпкерлерді даралау мақсатында ақылды, аңдағыш, сөз сырына қанық би Есеней мен Ұлпан арасындағы сөз салмағын көтере түсу үшін пайдаланылады. [ 2, 128 ].
Жоғарыда айтып кеткендей, романда қырыққа жуық образдар бар. Олардың негізгілері: Есенейдің ең сенімді серігі − жамағайын «түрікпен» Мүсіреп және оның өмірлік серігі − Шынар; аңшы − Мүсіреп; Ұлпанның ата - анасы − Артықбай мен Несібелі; Есенейдің інісі − Еменалы және оның жары − Айтолқын; Есеней мен Ұлпаның қыздары − Біжікен (Бибіжиһан); тілмаш − Тілеміс және оның баласы − Торсан; ауылдың би-болыстары: Байдалы би, Тоқай би, Күзембай болыс, кәрі би Өтеміс; молда Хұсайынғази; ұры Қожық тағы басқалар.
Есеней бидің ең сенімді серігі – «түрікпен» Мүсіреп. Ол аздап сыбызғы тартады. «Бозінген», «Боз мұнай», «Сүйір батыр», «Алқа көл», «Алғашқым» деген күйлері бар. Одан соңғы құмары - бір жақсы ат, қонымды киім, серілеу адам. Қалталарында қалампыр жүреді... Әлі ақ кірметен сақал - мұртын жарасымды қырқып ұстайды. Мүсіреп Ұлпанды өзінің туған қарындасындай жақсы көріп, оған әрқашан қол ұшын береді және бір-бірімен қалжыңдасып жүре береді. Есеней Мүсірепке «Артықбайға құда түсіп қайт», - дегенде, ол шошып кетті. Бір жағынан Мүсіреп ұрпақсыз қалған Есенейді аяса, бір жағынан бойжеткен Ұлпанды да аяды. Сол кезде айттырып барғанда Ұлпанның анасы, яғни Несібелі былай дейді:
Достарыңызбен бөлісу: |