ІІ.2. КӨНЕ ТҮРКІ (ХIII-ХIV ғ.) ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІНДЕГІ СЫН ЕСІМНІҢ ЖАСАЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Сын есімдер синтетикалық, аналитикалық, семантикалық тәсілдер арқылы жасалады. Синтетикалық тәсіл бойынша туатын сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы жасалады. Аналитикалық тәсіл бойынша туатын сын есімдер жалаң сын есімдердің бір-бірімен тіркесуі арқылы, негізгі сын есімдер мен туынды сындардың бір-бірімен тіркесуі арқылы, зат есім мен туынды сын есімнің бір-бірімен тіркесуі арқылы, негізгі және туынды сын есімдердің қайталануы арқылы жасалады. Семантикалық тәсіл бойынша туатын сын есімдер белгілі бір синтаксистік формадағы сөздің семантикалық жағынан бірте-бірте дами отырып, адьективтенуі арқылы жасалады. Бұл тәсілдердің ең өнімдісі синтетикалық және аналитикалық тәсілдер, ал семантикалық тәсіл тіпті өнімсіз. Қазақ тiлiнде сөз жасауға қатысатын негiзгi тұлғаларға түбiр мен қосымша жатады. Сөз жасау үшiн түбiр сөзжасамдық ерекшелiктерiн негiзгi тұлғаның бiрi ретiнде танылуы қажет. Түбiр сөздiң лексикалық мағынасы жаңа пайда болған сөздiң лексикалық мағынасына арқау болады. Жаңа сөз жасауға тiлдегi барлық түбiрлер қатысады.
Мағыналық жағынан туынды сын есiмдер өздерi жалғанатын түбiр сөздердiң мағынасымен орайлас келедi. Қазақ тiлiнiң академиялық грамматикасында, Н.Сауранбаев, Ж.Шәкенов, Ә.Төлеуов, А.Ысқақов, М.Серғалиев еңбектерiнде сын есiмдердi жасайтын жұрнақтардың мынадай түрлерi кездеседi: -лы, -лi, -ды, -дi, -ты, -тi, -қы, -кi, -ғы, -гi, -сыз, -сiз, -қыш, -кiш, -ғыш, -гiш, -шыл, -шiл, -лас, -лес, -дас, -дес, -тас, -тес, -улы, -улi, -ша, -ше, -шақ, -шек, -мыс, -мыш, -ыс, -iс, -с, -ын, -iн, -н, -ағаш, -егеш, -қалақ, -келек, т.б.
Сөйтiп, қатыстық сындар зат есiм, үстеу, етiстiк сияқты басқа сөз таптарынан болатын, олардың нақты мағынасы да өзiнiң жасалуына негiз болған сөздермен байланысты.
Көне түркi жазба ескерткiштерінде заттың сынын, белгiсiн бiлдiретiн сын есiмдер кездеседi. Олар ерте замандардан бастап-ақ өзiнiң семантикалық мағынасы жағынан да, морфологиялық ерекшелiктерiмен де, сөйлемдегi қызметтерi жағынан да сараланған, қалыптасқан сөз табы.
Сын есiм ең алдымен тұлғасына қарай негiзгi (сапалық) және туынды сын есiм болып екiге бөлiнедi.
Негiзгi сын есiмдер заттың түрi мен түсiн, сыны мен сипатын бiлдiретiн, сапасы мен белгiсiн бiлдiредi.
Ескерткiштегi сапалық сын есiмдердi сараласақ:
Түр - түстi бiлдiретiн сын есiмдер.
Сын мен сапаны бiлдiретiн сын есiмдер.
Көлем мен ауқымды бiлдiретiн сын есiмдер.
Сапалық сын есiмдерге жататын түр - түс атауларының көпшiлiгi көне замандардан келе жатқан түркi тiлдерiне ортақ. Осыған орай тiл ортақтығы болатыны сөзсiз.
Сөзжасам қосымшалары көне дәуiрден -ақ қолданылған. Түркi тiлдерiндегi сөзжасам процесiн зерттеген ғалымдарымыз ерекшелiктерiн аңғарған. Қазiргi қазақ тiлiнде синтетикалық тәсiл арқылы жасалған есiм сөздер жайлы Б.Қайымова, Ә.Төлеуов, Ж.Шәкенов, А.Ысқақов, М.Томанов, А.Хасенова, С.Исаев, Н.Оралбаева, Ғ.Қалиев, Е.Жанпейiсов, С.Нұрханов сынды ғалымдарымыздың еңбектерiн атауға болады. Мәселен, Ә.Төлеуов етiстiктен есiм жасайтын тоғыз, Ж.Шәкенов он бес, А.Ысқақов 23 қосымшаны талдап көрсеткен. Диалектiлiк сөз тудыру және көне ескерткiштер тiлiндегi сөзжасам қосымшаларын зерттеген Ғ.Қалиев, А.Есенқұлов, Ә.Керiмұлы еңбектерiнiң де маңызы зор.
-лық, лiк түркi тiлдерiндегi сияқты бiз зертеп отырған ескерткiштерде де есiм түбiрлерiне жалғанып, жаңа сөз тудыруда өте көп қолданылатын, ең өнiмдi жұрнақ. Ал –лық, -лiк жұрнақтарының ескерткiштерде қазiргi түркi тiлдерiндей мағыналық және фонетикалық ерекшелiктерi болған ба, болса, ол қай тiлде қандай дәрежеде қолданылған деген мәселенi қарастыра кеткен жөн сияқты. Ал дәл осы мағынадағы лық сөзі қазақ тiлiнде де (лық толы, толды) бар. Бiрақ ол жеке тұрғанда сөздiк мағынаға ие болмағанымен, сөйлемде жеке, дербес қызмет атқара да алмайды, толы сөзiмен тiркесiп қана қолданылады.
Дәл осы «толы» мағынасында армян тiлiнде де -лық тұлғалы сын есiмнiң болуы мәселенi қиындатады және – лық сөзiнiң сөз тудырушы –лиг жұрнағына қатысын ашу үшiн әлi де болса қосымша деректер керек сияқты, - дейдi Э.В.Севортян 21,437.
Ескерткiштердегi – лық жұрнағы
қазiргi түрiкмен тiлiнде -лық, -лiк, -луқ, -лүк;
азербайжан тiлiнде: -лығ, -лiк, - лұқ,-лүк;
башқұрт тiлiнде: -лық, -лiк, -лоқ, -лок;
қарақалпақ тiлiнде: -лық, -лiк, -лұқ, -лүк;
қарайым тiлiнде: -лық, -лiк, -лұқ, -лүк, -люк тәрiздi варианттары кездеседi.
-лық жұрнағы көп вариантты болумен қатар, көп мағыналы да. Бiз қарастырып отырған ескерткiштер тiлiнде бiрнеше мағынаны бiлдiредi.
-лы сөзжасам жұрнағы “ХШ” және “НФ” ескерткiштерiнде 4 түрлi вариантта айтылады: -лы, -ли, -лу, -лү. Ал “Мн” дастаныны мен “Г” дастанында 3 түрлi -лы, -ли, -лү варианттарында айтылады. Бұл жұрнақтар есiмдермен келiп әр түрлi мағынадағы туынды сөздер жасайды.
1. Бiр анық заттың көптiгiн немесе барлығын бiлдiредi: Ақчалы (ақшалы), Ақчалы адәми мухтачи дәгүлдүр күчкә - ақшалы адамдарға күштiң қажетi жоқ. /Г-19 б./.
Еринли (ерiндi): Қәмук йақут еринлик сөзи дүрлер, вафасызлықны сизден өгрәнүрлер- жақұт ерiндi, сөзi дүрлер сiзден опасыздықты үйренедi / Мн, 40б./.
Дәулетлi (дәулеттi): Дәулетлi кiм дұрыр? –Дәулеттi кiм? /Г, 279 б., 1/.
2. Белгiлi бiр сараны, қасиеттi бiлдiретiн сын есiмдер туғызады. Мұндай сын есiмдер өте мол. Кейбiр түркi негiздi сөздермен қатар араб – парсы негiздi сөздерде де көптеп ұшырасады.
Биликли (бiлiмдi): Бизге бир камил биликли ер керек – бiзге бiлiмдi адам өте қажет /Г, 46 б./.
Көркли (көрiктi): Қыйамды көрклүсин хуснүңгә не сөз – сенiң шексiз сұлулығыңа таң қалмасқа бола ма? /Мн,17б6/.
Бойлы (бойлы): Екiсi ұзын бойлы схыбжамал, дағы бiрi қысқа бойлы едi – Екеуi ұзын бойлы, келбеттi, ал бiрi қысқа бойлы болыпты /Г,276б,4/.
Көрлү – көрікті. Пәрі уа хұрдын һәм көрклүсән – періден де, хұрдан да көріктісің /Мн.220/.
Хулуқлу – құлықты. Һаман хулуқлу бірла олтурма зәнһар – жаман құлқтымен отырма, қорғаным /ХШ/.
3. Салыстыру және теңестiру мағынасындағы күрделi сын есiмдер де бар: узун бойлы, кийик көзли, ачығ сөзли .
Осы ескерткiштердiң iшiнде «ХШ» дастанында –лы және - лық, -лығ жұрнақтары параллельдi түрде қолданыла бередi. Мысалы, бағлық - бағлығ - бағлы; тилли - тиллиг; татлы - татлығ, т.б. Орта ғасыр ескерткiштерiндегi - лық және -лы сөзжасам жұрнақтары мағыналық, қатыстық жағынан сараланып бiтпегенi байқалады. Ал қазiргi түркi тiлдерiнде дараланып жеке-жеке жұрнақ болып қалыптасқан. Қазiргi түркi тiлдерiнде -лы қатыстық сын есiм жасайды.
-сыз сөзжасам жұрнағы «ХШ», «НФ», «КК» және «Г» ескерткiштерiнде 4 түрлi –сыз, -сиз, -суз, -сүз, ал «Мн» дастанында 2 түрлi -сыз, -сиз фонетикалық варианттары кездеседi.
а) деректi зат есiмдерден туған сын есiмдер:
Көзсүз (соқыр): Көрксүз елчиниң ери көзсүз керәк – Көрiксiз әйелдiң ерi соқыр болса керек /Г,156б10/.
Авунсуз – айласыз. Авунсуз қорса, болмас қушқа ғiч ағ – айласыз құрса, болмас құсқа еш ау /ХШ/.
Тикансиз (тiкенсiз): Чечәк чимган ара болмас тикансиз – Бақшадағы роза тiкенсiз болмас / Мн,21б3/.
Сөқүксүз – сүйексіз, қабсыз - қабықсыз. Сөқүксүз хурма, қабсыз ғоз болмаз – сүйексіз – құрма, қабықсыз жаңғақ болмас /ХШ/.
Давләтсіз - дәулетсіз. Бу давләтсіз улулуқ қылса болмаз – бұл дәулетсіз ұлықтық қылса болмас /ХШ/.
б) дерексiз зат есiмдерден жасалған туынды сөздер.
Вәфасыз (опасыз): Жеған йил тек, умур гүл тек вәфасыз - Әлем жел сияқты өзгермелi, өмiр гүл сияқты мәңгiлiк емес /Мн,40а4/.
Рахымсыз (рақымсыз): Рахымсыз би офасыз жан уа жаһанға – Рақымсыз әрі опасыз сұлу жанға /Мн,130/.
Әдебсiз (әдепсiз): Әдепнi кiмнен үгрiндiң? Айтты: әдебсiзлерден - Әдептi кiмнен үйрендiң? Айтты: әдепсiздерден /Г, 275б,2/.
Чақсыз - мезгілсіз. Тавуқ чақсыз чақырса, ход білүрсан – тауық мезгілсіз шақырса, білерсің сен /ХШ/.
Қылықсыз – қылықсыз. Болур худ көрклүлар барча қылықсыз – болар көріктінің бәрі де қылықсыз /ХШ/.
в) есiм сөздерден туындаған сын есiмдер:
Ансыз (онсыз): Нетәк түрлүгмән онсыз – онсыз мен қалай өмiр сүрем / ХШ, 138б18/.
Хәдсiз есепсiз: Дүшман черiсi хәдсiз құп едi, дағы аз бұлар-аз – Дұшпан әскерi есепсiз көп едi, ал бұлар-аз /Г,276б.,4/.
-сыз, -сiз: есiм сөздерге жалғанып, сын есiм тудыратын өнiмдi жұрнақ ескерткiштерде -сыз, -сиз, -суз, -сүз төрт түрлi фонетикалық варианттарда да кездеседi.
-қы, -кi қосымшасы. Түркi тектес тiлдер тарихында –қы, -кi, -ғы, -гi түрлi варианттардың ең көнеден келе жатқан қосымшалардың бiрiнен саналады. Бұл қосымшаның есiм сөз жасауы ХIII-ХIV ғасыр жазба ескерткiштерiнен белгiлi. Көбiне бұл қосымша мекендiк ұғым беретiн зат есiмдер, үстеу және жатыс септiк есiмдерiмен қосылып сын есiм жасайды.
М.Томанов зат есім тудыратын –қы қосымшасы мен сын есім тудыратын –қы қосымшасын бір-бірінен бүтіндей басқа тұлғалар деп көрсетеді. Оған себеп, біріншіден, екеуі екі түбірге жалғанады, екіншіден, екі түрлі лексикалық топтарға а) істің нәтижесі, істелу құралы, тәсілі, қимыл атауы; ә) мезгіл, мекен ыңғайына қатысты сын есімдерге жататын сөздердің жасалу тәсілі ретінде көрінеді.[12]
-қы, -кі, -ғы, -гі жұрнағы модальділік мәні бар етістіктен сын есім тудыратын қосымша. Ол іс-әрекет, қимылды жүзеге асыратын, орындайтын құралдың атауды білдіретін есім сөздер жасайды. Мысалы: пычқы – ара, түбірі пыч – кесу, пішу деген мағынаны білдіреді [22]. Зат, құрал атауы осы бастапқы мағынаның негізінде туындаған.
Екi түрлi мағынасында да қолданылады.
1. Жазба ескерткіштер тілінде –ғы, -гі, -қы, -кі тұлғалары мекендік, аумақтық, тайпалық, мезгілдік белгілерді білдіретін туынды сөздер жасайды.
Есiмдерге үстеулерге және шылауларға жалғанып мезгiл мағынадағы сын есiм тудырады.
Түнги (түнгi): Киши ким ақламаласа түнги имин – кiсi түнгi iстi есiнде сақтамағанда /ХШ,107 а 1/.
Бурунғы (бұрынғы): Бурунғы муәлим – бұрынғы мұғалiм /Г, 260 б 6/.
Бурунқы (бұрынғы): Бурунқы завқ һіч соңра табулмаз – Бұрынғы ашық көңіл соң табылмас /ХШ, 132 б 5/.
2. Барыс септiгiндегi сөздерге жалғанып мекен мағынадағы сын есiмдердi туғызады.
Өндүнки (алдыңғы): Турып өндүнки сафда бәрса бегләр – Барлық бектер алдыңғы қатарда тұрды /ХШ, 147 б 13/.
-ы, -i қосымшаларының көне түрi –ығ, -iг, -ұғ, -үг болғаны мәлiм. Бұл сын есiм жасайтын ең өнiмсiз қосымша. Көне түркi ескерткiштер тiлiнде -ы, -й, -у, -ү варианттарында қолданылған.
-дақ, -дағ, -дәк, -дәг, -дек, -тек, -тег. Бұл жұрнақтар жазба ескерткiштердің барлығында да кездесiп, есiмдерге және жiктеу, сiлтеу есiмдiктерiне жалғанып, теңестiру, салыстыру, ұқсату мағынасындағы туынды сын есiмдер жасайтын қосымша бола тұрса да, бұл форма бір алуан сөздерге жалғанып туынды үстеулер де жасайды. Зат есімдерге жалғанады. Мысалы, Толун айдек – толған айдай /Мн, 5б5/.
-дақ, -дек сын есiмнiң сөзжасам жұрнақтары ретiнде ежелгi фонетикалық тұлғаларда қазiргi ұйғыр, тува, iшiнара өзбек және түркiмен тiлдерiнде сақталған.
Аналитикалық тәсілмен сөз туғызу мәселесі – тіл білімінде теориялық та, практикалық та мәні бар, кең дүние. Ол арнайы зерттеуді керек етеді. Сын есімдерді компоненттерінің құрамдарына қарай жалаң сын есімдер және күрделі сын есімдер болып екі салаға бөлінеді.
Күрделі сын есімдерге кемі екі я онан да астам компоненттерден құралып, аналитикалық тәсіл арқылы жасалған сын есімдер жатады. Күрделі сын есімдер негізгі сындардан да, олардың өзді-өзінің де, өзге сөздермен де тіркесуі, қайталануы, қосарлануы, әредік бірігуі арқылы жасалып, бір бүтін күрделі тұлға ретінде қызмет етеді.[24] Жазба ескерткіштер тіліндегі күрделі сын есімдердің негізгі үлгілері мынадай:
1. Сапалық сын есімдер бір – бірімен тіркеседі. Бұл топқа алғашқы компоненті ауысып, соңғы компоненті өзгермей тіркесетін сын есімдер, алғашқы компоненті ауыспай, соңғы компоненті ауысып жасалатын екі компонентті күрделі сын есімдер, үш компонентті күрделі сын есімдер де жатады. Мысалы: ал кер – алқызыл кер /Мн, 6/.
2. Негізгі сынмен –лы, -лі формалы туынды сын есім тіркеседі. Мысалы: Йеті қат зәрли - Жеті қат зерлі /Мн, 4/, Айа бойы санаубар – Қайың тұлғалы /Мн,141/, Беріпдүр пістага – Пісте ерінді /Мн,142/.
Достарыңызбен бөлісу: |