ІІ.3. ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРДЕГІ САН ЕСІМДЕРДІҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ
Сан есімдер сан мөлшерін абстракт түрде айтайын сөздер болғанымен, олар семантикалық, морфологиялық және синтаксистік жағынан іштей алды - алдына жеке категориялар ретінде танырлықтай бірнеше топтарға бөлінеді. Түркі тілдерінде қолданылып жүрген жіктеулік жүйе бойынша жазба ескерткіштер тіліндегі сан есімдер бірнеше топтарға жіктеледі. Сан есімдердің іштей жіктеліс топтарының кейбіреуі заттың, зат есімнен туған сынның немесе амалдың дәл санын я есебін білдіретін болса, кейбіреулері ретін білдіреді.
Есептік сандар нақтылы сандық ұғымды білдіреді, нақтылы сандық ұғымдарды атайды. Сан есім сөз табының негізін есептік сандар құрастырады. Олар сан есімнің басқа семантикалық топтарының жасалуына да негіз болады. Сондықтан сан есім құрамында есептік сандар ерекше орын алады, олардың атқаратын қызметі зор. ХІІІ – ХІV ғасырдағы жазба ескерткіштер тілінде есептік сан есімдердің өзіндік маңызы өте зор.
Есептік сандар ішкі құрылысы жағынан сан алуан. Есептік сандарда сөзге түсетін ерекшелік олардағы сандық қатарлар. Есептік сандардың әр қатарының аттары - тілде ертеден келе жатқан сандық атаулар. Есептік сандардың сөзжасамы екі сандық қатардың арасындағы сандарға қатысты. Мысалы: Беш ағачқа бітідім – бес ағашқа жаздым /КК/, Екі учунат асма керек – екі ұшына аспа керек /КК/, Отуз түмен он айдун – отыз түмен, он айдын /КК/, Кеіні кім көтрүр алтмыш батман асан – оңай көтерген кісі алпыс батпан /ХШ/, Мің ерса достларың һам аз теб біл – Мың болса да, достарың аз деп біл /ХШ/, Сүт еммазман ағзымда бар отүз тіш – сүт ембеспін, аузымда бар отыз тіс /ХШ/, Йерін табса, йүз ернің ішін ішлар – жерін тапса, жүз ердің ісін істер /ХШ/.
Сан есім сөзжасамында аналитикалық тәсіл негізгі орын алатындықтан, бұл сөз табы күрделі сан атауларына өте бай. Ол сөз табын негізінен күрделі сөздерден тұрады деуге боларлықтай, өйткені мұнда дара сан атаулары өте аз. Сондықтан аналитикалық тәсіл нәтижесінде жасалған күрделі сан атауларын арнайы сөз етіп отырмыз.
Тілімізде сан есім сөз табын құрайтын сөздердің жиырма шақтысы ғана дара сандар. Олар бірліктер мен сандық қатарлардың аты. Сан есім – сөзге бай сөз табының бірі, ол есімдік, шылау, одағай сияқты сөз таптарынан әлдеқайда бай. Бірақ сандық ұғымды білдіретін сөздер негізінен күрделі атаулар болғандықтан, олардың дербес сөз ретінде танылмауы бұл сөз табының құрамын белгісіз қалдырып келеді.
Сан есім синтетикалық сөзжасам жүйесіне жататын қосымшаға –ынчы, -інчі, -нчы, -нчі, -унчы, -үнчі жұрнағы жатады. Бұл жұрнақ есептік сан есімнен реттік сан есім жасайды, дара, күрделі есептік сан есімдердің қайсысынан да реттік сан есім осы жұрнақ арқылы жасалады. Мысалы: бірінчі – бірінші, екінчі – екінші, үчүнчі – үшінші.
Реттік сан есімнің –нчы, -нчі, -ынчы, -інчі, -унчы, -үнчі жұрнақтары көне заманнан келе жатыр. Реттік сан есімдер заттың нақтылы сандық мөлшерін емес, заттың реттік санын, тәртібін білдіреді.
Жинақтық сан есім жасаушы аффикс -ау, -еу. Бұл аффикс бірден жетіге дейінгі бірлік сан есімдерден жинақтық сан есім жасайды. Ол сандық ұғымды мүлдем өзгертпейді, бірақ есептік санға жинақтау мәнін қосып, оның мәнін абстракцияландырып, заттық ұғым да қосады. Жазба ескерткіштер тілінде жинақтық сан есімдер - аффикстер арқылы жасалады. Мысалы: Бірегу ерса душманың андын сақынғыл – біреу болса да дұшпаның, одан сақтан /ХШ/.
Қазіргі түркі тілдерінің көбінде жинақтық сан есімнің –ау, -еу, -у дыбыстық варианты қолданылады. Қазақ зерттеушісі Ғ.Айдаров жазба ескерткіштер тілінде жинақтық сан есім бар деп, оның жасалу жолын көрсеткен: «Жинақтық сан есім заттардың жиынтығын білдіріп, -агу, -егу, -үчегу жұрнағы арқылы жасалады» - дейді. [23]
Жинақтық сан есімнің қазіргі түркі тілдеріндегі тағы бір ерекшелігі оның қанша санға тарауына байланысты. Көпшілік түркі тілдерінде жинақтық сан бірден жетіге дейін болса, кейбір түркі тілдерінде бірден онға дейін жинақтық сан есім жасалады. Жинақтық сан есімдер көне замандардан басталып, күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан тілдік құбылыс.
Топтық сан есімдер жазба ескерткіштерде -ер жұрнағы арқылы жасалады. Бұл жұрнақ арқылы қазақ тілінде бірер деген сөз ғана жасалады. Бұл жұрнақтың ХIII-ХIV ғасыр жазба ескерткіштерінде –ар, -әр дыбыстық варианттарымен қатар –сар, -сер, -шар, -шер варианттары да бар.
Обьективтік өмірде зат, құбылыс атаулының барлық уақытта саны, мөлшері анық бола бермейді, сөйлеушіге заттардың саны нақтылы болмағанда, оның шама, мөлшерін болжалдап қана айту тілде кең орын алады. Осымен байланысты тілде болжалдық сан есімдер қалыптасқан. Жазба ескерткіштер тілінде болжалды сан есімдер түбір сөзге -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары жалғануы арқылы жасалады. Болжалдық сан есімдер жазба ескерткіштер тілінде өте жиі қолданылады, оның жасалу жолы жағынан да мүмкіндігі өте мол. Болжалдық сан есімдердің жасалуын екіге бөліп топтауға болады, болжалдық сан есімдер синтетикалық және аналитикалық тәсіл арқылы жасалады.
Түркі тілдерінде болжалдық сан ғана жасайтын арнайы өзіндік аффикс жоқ. Бірақ басқа сөз таптарының қосымшалары болжалдық сан есімде мүлдем басқа, жаңа мән алғаны сөзсіз. Сондықтан сан есімге арналғанзерттеулерде болжалдық сан есім жасаушы көрсеткіштер ретінде мынадай аффикстер көрсетіліп жүр: -дай, -дей, -тай, -тей, -дап, -деп, -тап, -теп, -лап, -леп, -даған, -деген, -таған, -теген.
Бөлшектік сандық ұғым тілде бар, ол математика ғылымының дамуына да қатысты. Бөлшектік сан есімнің арнаулы қосымшасы жоқ. Бөлшектік сандық ұғым есептік сандардың белгілі синтаксистік қатынасқа түсуіне байланысты беріледі. Мысалы: оннан үш, төрттің бірі.
Сан есім сөзжасам жүйесі тым ерте қалыптасқан. Сан есім сөзжасамы арқылы жасалған күрделі есептік сандарға да, сан есімнің лексика -семантикалық барлық топтарының жасалуына да толық қатысты. Сан есімнің сөзжасам заңдылықтары бойынша сан есім жасамында негіз сөз тек қана сан есім сөз қолданылады, өйткені сан есім басқа сөз табынан жасалмайды, оның басқа сөз таптарынан сан есім жасайтын жұрнақтары жоқ. [26]
Достарыңызбен бөлісу: |