Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі


Дәріс №3. Халықтың ауызекі сөйлеу тілі – қазақ әдеби тілінің негізі



бет30/59
Дата05.12.2022
өлшемі268.86 Kb.
#466473
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   59
k-20-1u,k-19-1,3keshen. kazak adebi tilinin tarih zhane dialektologiyas

Дәріс №3.
Халықтың ауызекі сөйлеу тілі – қазақ әдеби тілінің негізі.

  1. Ноғайлы заманындағы эпостық жырлар және қазақ әдеби тілі

  2. Халықтың ауызекі сөйлеу тіліндегі көркемдеуіш-бейнелеуіш тәсілдер

Әдеби тіл бір күнде немесе бір жылда туып, жасала қоймайды. Жалпыхалықтық тілдің негізінде қалыптасқан әдеби тілдің өзі кейде сол халықтың халық болып қалыптасқан кезеңінен кейін тууы не халықтың өзімен бірге қалыптасуы мүмкін. Онда да әдеби тіл жоқ жерден жасала қоймайды. Сол халықты құраған ру-тайпалардың тілі немесе оған дейін тайпалық одақтардың тілдік үлгілері мен дәстүрлері әдеби тілдің қалыптасуына, өркендеуіне негіз болады. Міне, осы жағынан әдеби тіл қалыптасқанға дейінгі тілдік материалдардың әдеби тілді қалыптастырып, дамытудағы рөлін, оның тарихи негіздері мен арналары ретінде әдеби тіл тарихы мәселелерін қозғағанда айтпай кетуге болмайды. Сөйтіп, қазақ әдеби тілінің негізі, қайнар көзі ерте кезеңдердегі қазақ халқын құраған ру-тайпалардың, одан кейінгі ХІV–ХV ғ.ғ. қазақ халқының ауызекі сөйлеу тілі, халық ауыз әдебиеті (фольклор) тілі және көне, ескі түркі жазба ескерткіштерінің тілі болды. 1. Қазақ халқын түркі тілдерінің қыпшақ тобына жататын (ж-мен сөйлейтін) тайпалар одағы құрады. Қыпшақтардың нағыз дәуірлеп тұрған кезі – ХІІ-ХІV ғасырлар. Сол дәуірлердегі сөйлеу тілінің ескерткіштері болып саналатын еңбектерге Әбiлқасым Махмұд ибн Омар Замахшаридың «Муккаддимат әл-араб» деп аталатын арабша-­парсыша-түрікше-моңғолша сөздiгiн қоюға болады. Сөздіктің жазылу мерзімі белгiсiз. Н.А.Баскаков оның жазылу уақытын ХІІ ғасыр деп санаса, В.В.Бартольдт сөздiктегi сөздер ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы Орта Азиядағы түркілердің әдеби тiлiне тән деп есептейді. «Муккаддимат әл-арабтың» түпнұcқacы сақталмаған, бiзге еңбектің 1305 және 1492 жылдары көшiрiлгeн қолжазбалары ғана жеттi.
Түpкi тiлдерi бойынша тағы бiр көлемдi еңбек - Жамал ад-дин ибн Муханнаның «Китаби Хуллийат әл-хайан ва хулват әл-лисан» («Тiл шеберлiгi және оны баяндау») атты шығармасы.
П.М.Мелиоранскийдің айтуынша, Ибн Мұханнаның еңбегі ХІІІ ғасырдың аяғында жазылған Қолжазбаның тұпнұсқасы сақталмай, бiрнеше көшiрмесi жеткен. П.Мелиоранский еңбектің бес вариантын бiрiктipiп, 1900 жылы «Китаб таржуман парси ва турки ва монголи» («Парсы, түркі, моңгол тілдерінің аударма кітабы») деген атпен бастырып шығарады. Алайда, 1921 жылы еңбектің алтыншы көшiрмесi табылды. Оны түpiк ғалымы Ахмед Рифат «Тiл шеберлiгi және оны баяндау» деген атпен жариялады. Fалымдар бұл вариантты Муханна сөздiгiнiң ең толық және дұрыс варианты деп есептейді.
Сонымен қатар, Мамлүк қыпшақтарының ескерткiштерiне тоқталмай кетуге болмайды. Орта түркі дәyiрi ескерткіштерінің белгiлi бiр бөлiгiн құрайтын бұл мұрағаттар XIV-XY ғасырларда Мысыр мен Сирияда дүниеге келген. Ол ескерткіштердің iшiндегi ең көлемдiсi Асир ад­дин Абу Хаян Мухаммед ибн Юсуф әл-Гарнатидің (Абу Хайян) «Китаб әл-идрак ли-лисан әл-атрак» («Түркі miлi туралы жазылған түсіндірме кітап»)1312 жылы Каирде жазылған еңбегі. Мазмұны - фонетика, морфология және сөздiк. Абу Хайянның сөздiгi өз заманындағы түpкi тiлдеpi туралы еңбектердің қай-қайсысынан да көш iлгepi тұрады. Автор түркі тілдерінің бiртұтас грамматикалык жүйесiне талдау жасауға тырысады. Түркі тiлдерiндегi дыбыстарды дауысты-дауыссыз түрлерге бөліп, 28 дауыссыз дыбысқа сипаттама бepeдi. Еңбекте қамтылған 3 мыңға жуық түркі сөздерінің 875-i қазақ тiлiнің сөздерiне өзгерicсiз сәйкес келедi.
Абу Хайянның аталмыш еңбегінде қыпшақ тiлiнiң ерекшелiктерi оғыз, әcipece түрiкмен тілімен салыстырылып берiледi. Қыпшақ тiлiнiң сол кезеңде зерттeлyi туралы, қыпшақ-оғыз тiлдерiнiң салыстырмалы сөздiгi мен грамматикасы жөнінде көптеген мәліметтер бар. Түркітану ғылымында алатын орны мен маңызы ерекше еңбек қазақ тiлiнiң тарихын зерттеуде де елеулi рөл атқарады.
Араб ғалымы Жалалиддин Абу Мухамад Абдуллох Түркидің «Китабу-бұлғaт әл-мұштақ фи-лұғат ат-түpiк вал-қыпшақ» («Түрік пен қыпшақ тілдерін жақсы оқып-үйренушілерге жазылған кітап») деген еңбек XIV ғасырда Сирия жерінде жазылған. Париждегі ұлттық кітапханада сақтаулы қолжазба екі бөлiмнен тұрады: eciм және eтicтiк. «Әл-мұштақ» - арабша-қыпшақша сөздік, онда 1500- дей сөз қамтылған. Ол сөздердің көпшілігі Әбу Хайянның еңбегінде кездеседі. Қолжазбаны зерттеген поляк түркітанушысы Ананиаш Зайоншковский.
Араб ғалымдарының түркі тілдерін зерттеуге арналған еңбектерінің ішіндегі көлемділерінің бірі - «Аттуһфа – уз захийа фил-лұғат ит-түркийа» («Түркі тілі туралы жазылған ерекше сыйлық»). Түпнұсқа күйінде жеткен санаулы еңбектің бірі–осы шығарма. Авторы белгісіз. Қолжазба адаби (мәңгілік) деп аталатын сапалы, қалың қағазға, араб грамматикасының үлгісімен жазылған, көлемі–182бет. Стамбулдағы Баязит мешітіндегі Валед-дин Эфендінің кітапханасында сақтаулы. Еңбек үш бөлімнен тұрады:
І бөлім – шағын кіріспе;
ІІ бөлім – қыпшақша-арабша сөздік;
ІІІ бөлім – қыпшақ тіліне грамматикалық талдау.
«Аттуһфа»-Орта түркі дәуіріндегі Алтын Орда ескерткіштерінің ішіндегі «Кодекс Куманикус» пен Абу Хайянның «Китаб әл-идрагінен» кейін үшінші орында тұрған еңбек. Оның белгісіз авторы Абу Хайян еңбегімен таныс болғанға ұқсайды. Сондықтан еңбек XV ғасырда жазылған деген пікір шындыққа жақын келеді.
Араб тілінің Египет және Сирия диалектілерінің кездесуi «Аттуһфаның осы екі елдiң бiрiнде дуниеге келгендiгiн растайды. Оны зерттеуші өзбек ғалымдарының бiрi Ш.Зияева қолжазба Египетте жазылған, бірақ автор ұзак уақыт Сирияда тұрған немесе Сириядан шыққан деген жорамал ұсынады. Еңбекте кездесетiн 3600-ге жуык сөз қазақ тiлiне ешбiр езгерiссiз сәйкес келедi. Сондыктан ғалымдар«Аттуһфаны» таза қыпшақ тiлiнiң мұрасы деп есептейдi, тiптi, дәлiрек айтсак, бұл еңбекті көне қазақ тілінде жазылған тұңғыш ескерткiш ретінде алуға болады. «Аттуһфаны» 1942 жылы венгр ғалымы, проф Т.Халашикун бастырып шығарды, түpiк ғалымы Бесiм Аталай 1945 жылы түpiк тiлiне, 1968 жылы белгiлi өзбек аудармашысы С.Мүталлибов өзбек тiлiне аударды Ә.Фазылов пен Ш.Зияеваның тәpжiмaлауымен еңбек 1978 жылы «Изысканный дар тюркскому языку» деген атпен орыс тiлiне аударылды.
Бұл еңбектерден басқа мамлүк қыпшақтарының ескерткiштерi қатарына жататын төмендегідей eкi шығарма бар. Оның бiрi - XIV ғасырдың аяғы мен ХV ғасырдың басында Мысырда жазылған, авторы белгісіз «Әл-қағанин әл-күллия ли-дабт әл-лұғат ат-туркия» («Түркі тілдерін үйрену үшін жазылған толық құрал»). Бұл кiтап грамматика мен сөздiк түpiндe берiлгeн eкi бөлiмнен турады. 1928 жылы Стамбул қаласында түрік тіліне аударылып басылды.
Екiншici - Флоренциядағы Лоренцо Медичидің кiтапханасында сақтаулы, 24 бөлiмнен тұратын «Китaб ад-дура фил-лұғат ат-түркййа алат тамам вал камал» («Түркі тілдері туралы жан-жақты және толық аяқталған інжу-маржан кітабы») деп аталатын арабша-қыпшақша сөздiк. Бул шығарманы да кiм жазғаны белгiсiз. Араб зерттеушiлерiнiң еңбектерінің iшiндегi ең кеш табылғаны да (1963 жылы ғана) - осы. Жазылу уақыты ХV ғасырдың бас кезiне сәйкес келедi.
«Мәселен, «Кодексте» қазіргі қазақ тілінде кездесетін ағаш, аманат, ант, ачув (ашу), бірлік, бүтүнлік, емгек (қиындық), жете (ақыл, ес), ұғат (ұят) т.б. сөздер кездеседі. Абу Хайанның «Китаб ал-идрак» атты еңбегін зерттеген М.Мәженованың есептеуінше, сөздікте 3500-дей қыпшақ сөздері араб тіліне аударылған. Соның 56,5 пайызы тұлғасы мен мағынасы жағынан қазіргі қазақ тілімен бірдей (өзен, ечкі, бешік, ине, бұйдай, төшек, киіз, бөрі). Ал «Китаб аттухбаны» зерттеген Т.Арыновтың көрсетуінше, бұл сөздіктің 75- 80 пайызы қазақ сөздерімен бірдей түсіп жатады екен (бұрау, көже, күндеш, қолаңса – басқа түркі тілдерінде кездеспейді). Қазақ әдеби тіліне негіз болған ескі қыпшақ тілінің фонетикалық ерекшелігіне сөз басындағы б дыбысы орнына м келуі (мұрын - бұрын, мойын -бойұн), ғ, г дыбыстары орнына у (тау), и орнына ж (жақсы), ш орнына с (жас -иаш), ч орнына ш (шал-чал), д орнына т (тау-даг) келуін жатқызуға болады. 2. Қазақ әдеби тілін қалыптастырудың алғашқы лабораториясы қазақтың бай, көркемдігі мен бейнелігі жағынан дүние жүзінің ешбір жазба әдебиетінен кем түспейтін ауыз әдебиеті болды. Қазақтың ауыз әдебиеті (фольклор) өз тарихын өте әріден бастайды. Түркі, монғол тайпаларының ертегі мен эпосының түп тегі сақ, хун, үйсін, қыпшақ, көк түріктер заманында басталып, Х-ХVІІІ ғасырларға дейін үздіксіз дамуда болған. Қазақ тілі тарихы үшін бір кезде Дешті қыпшақ ұлысынан кірген тайпаларға - бүгінгі қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтарына ортақ ХІV-ХVІ ғасырлардағы тарихи оқиғаларға байланысты туған жырлар мен аңыз-әңгімелер тілінің орны айрықша. Соңғы кездегі әдебиет зерттеушілері «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар» жырлары түркі халықтарының тайпа-ұлыстық дәуірінде өмірге келген деп көрсетеді. Зерттеуші Ә.Қоңыратбаевтың жазуына қарағанда, қазақта 300-дей эпостық жыр бар. Бұған батырлар жырынан басқа «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты лиро-эпостар да кірген болуы керек. Қазақ әдебиетінде эпос өте қомақты жанр. Оның тілі - әдеби сипат алған, белгілі бір сөз жұмсау нормаларын қалыптастырған, көркемдік-эстетикалық қуаты күшті тіл. Ауыз әдебиеті дегенге шартты түрде авторы беймәлім халық туындыларымен қатар аты белгілі ақын-жыраулар шығармаларын да жатқызуға болады. Өйткені екеуі де ауыздан-ауызға, ұрпақтан ұрпаққа ауызша тараған. Екіншіден, бірі екіншісінің заңды жалғасы, сусындар бұлағы. О баста фольклорлық туындыларды да белгілі адамдар шығарған, жүре келе авторы ұмытылып, халық игілігіне айналған. Ауызша таралғандықтан өңделіп, өзгеріп, бізге бірнеше вариантта жеткен. Ауыз әдебиетінің көркемдік-эстетикалық дәстүрі ауызша әдеби тілден көркемдік-тілдік жағынан жалғасын тапқан. Мәселен, ауыз әдебиетіне тән көркемдеуіш-бейнелеуіш тәсілдің бірі – стереотиптік формулаларды (тұрақталған тіркестерді) еркін қолдану. Ол тіркестер жырдан жырға көшіп отырады. Мысалы, буырқанды, бұрсанды, мұздай темір құрсанды, қорамсаққа қол салды, бір салғанда мол салды; кірпігінен мұз қатып, әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып; қоңыраулы найза қолға алып, қоңыр салқын төске алып т.т. сияқты штамптар «Қобыландыдағы» аламанға жел берген, азды көпке теңгерген, керегесін отын қып, туырлығын тоқым қып деген тіркестер Махамбетте де бар. Қазақтың ауыз әдебиеті мен ауызша тараған авторлы әдебиетінің мазмұны, яғни шығарманың сюжеті, мотив, образдары жағынан бірдей болмағанымен, тілдік көрінісі, яғни поэтикасы жағынан ілектестік бары сөзсіз. Қазақтың ауыз әдебиеті бай дегенде, олардың санының шексіздігімен қатар, жанрлық жағынан алуан түрлілігі еске алынады. Фольклор қазынасында тек батырлар жыры мен лиро-эпостар ғана емес, шешендік сөздер, ертегілер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер тағы басқа бар екені белгілі. Жыр жанрының өзі батырлық жырлар, ғашықтық жырлар, тұрмыс-салт жырлары болып әлденешеге бөлінсе, тұрмыс-салт жырлары өз ішінен жар-жар, сыңсу, естірту, жоқтау, бет ашар т.б. болып кете береді. Бұлардың аса бай екенін мынадан көруге болады. Әдебиет және өнер институты ауыз әдебиеті қазыналарынан жуық арада 100 томдық жинақ шығаруды жоспарлап отыр. Бірақ қазақ лингвистикасында бұл фольклорлық туындылардың тілі әлі күнге зерттеу нысанына көп алынбай келеді. Қазіргі таңда зерттелгені – «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Алпамыс», «Қыз Жібек», ертегілер, жұмбақтар, мақалмәтелдер, шешендік сөздер тілі ғана («Ер Тарғын», «Қобыланды» жырларының тілі зерттелу үстінде).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   59




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет