Дәріс №5
ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы қазақ әдеби тілі.
1. ХУ-ХУІІ ғ.ғ. қазақ қауымына қызмет еткен тілдің сипаттары.
2. Қазақтың халық тілі нормаларының қалыптаса бастауы.
3. Ауызша дамыған төл әдебиет тілінің ерекшеліктері.
XV-XVII ғ. қазақ халқының мәдени-рухани өмірінде жаңа құрала бастаған халықтың сөйлеу тілі мен қазақ халқын құраған ру-тайпаларының әріден келе жатқан поэзиясы тілінің негізінде ауызша дамыған әдеби тіл қызмет етті. Ол, негізінен поэзия түріндегі көркем әдебиет пен ауызша жүргізілетін дау-билік саласында (шешендік сөздерде) көрінді деген пікірмен қоса сонымен қатар хан жарлықтары, өзге елмен арадағы қарым- қатынас қағаздары, тарихи шежірелер сияқты жазба туындысының қажетін орта азиялық түркі әдеби тілі өтеп отырады.
ХУ-ХУІІ ғасырлардағы қазақтың төл әдеби тілі деген мәселе принципті түрде қойылып отыр, өйткені бірқатар ғалымдар бұл дәуірлерде қазақтың әдеби тілі болды дегенді мақұлдамайды. Себебі әдеби тілді танытатын әдебиеттің басын ХУІІІ ғасырдан, Бұхар жыраудан бастайды. Бұл тұжырымды әсіресе кейбір әдебиетшілер қолдайды.
Негізінде, ХУ-ХУІІ ғасырларда қазақтың ауызша дамыған төл әдеби тілі болды деген пікірге дәлел көп-ақ. Ең алдымен, соңғы 30-40жылдың ішінде ілгергі ғасырлардағы қазақ поэзиясы туралы ғылыми зерттеулер жүргізіліп, лингвистикалық нұсқа болатын материалдар жиналды. Бұл мәтіндер «ХУІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (1965), «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «Алдаспан» (1971), «ХУ-ХУІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982), «Ел аузынан» (1985), «Боздағым» (1990), «Бес ғасыр жырлайды»,1, 2, 3- кітаптар (1984-1985) атты кітаптарда басылып, көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар кейінгі жылдарда мерзімді баспасөз беттерінде ертеде өткен қазақтың ақын-жыраулары туралы пікірлер мен жаңа деректер, олардың кейін табылған мәтіндері үздіксіз жарияланып келеді. Осылардың барлығы бұдан төрт-бес ғасыр бұрын болған қазақ көркем әдебиеті өзіне назар аударта түскенін және ол нұсқалардың әр тұрғыдан зерттеле бастағанын көрсететін фактілер.
Соңғы жылдардағы зерттеулерде (М.Мағауин, Х.Сүйіншәлиев, Н.Келімбетов, М.Жолдасбеков,т.б.) әдебиеттанушылар ХУ-ХУІІ ғасырларда жасап өткен қазақ сөз шеберлерінің есімдерін тауып, шығармаларын талдаса, тіл мамандары сол үлгілердің жанрлық-стильдік сипаттарын, лексикасы мен фразеологиясын, өлең құрылысын сөз етеді.
Ал жазба тіл үлгілеріне келсек, бұл салада да азды-көпті зерттеулер мен айтылған пікірлер бар. Орта ғасырлардағы түркі әдеби тілінің қазақ халқын құраған ру-тайпалар тіліне де ортақ екендігі, «шағатай тілі» деп аталған жазба дәстүрді қазақ қауымы да өз қажетіне жарата білгені анық. Әдеби тіл статусын тарих көшінің барлық кезегінде тек жазуға байланысты анықтауға болмайды. Сол тілді танытатын үлгілердің әлеуметтік жүгі, барлық нұсқаларға біршама ортақтығы, тілдік-көркемдік нормалардың болуы – осылардың баршасы қоғамға белгілі бір дәуірде қызмет еткен тілдің категориясын айқындайды, даму сатысын көрсетеді. Осы тұрғыдан келгенде, бізде ауызша сақталып, там-тұмдап жеткен ескерткіштердің тілін әдеби тіл болды деп табамыз. Сонымен қатар, ХУ-ХУІІ ғасырларда қазақта жазба тіл дәстүрі де орын алғандығы көрінеді.
Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Мағауин, Х.Сүйіншәлиев, Қ.Өмірәлиев, Ә.Дербісалин сияқты ғалымдардың жүргізген зерттеулері бойынша, ХУ-ХУІІ ғасырлардағы қазақ көркем әдебиетін танытатын едәуір үлгілердің бар екендігі анықталды. Бұлардың иелері: ХУ ғасырдан Асан қайғы мен Қазтуған, ХУІ ғасырдан Шалкиіз, Доспамбет, Шобан, ХУІІ ғасырдан Жиембет пен Марғасқа.
ХУ-ХУІІ ғ. ескерткіштерінің тілінде текстологиялық жай-күйлері бірдей емес. Асан қайғының толғаулары тілін салыстырғанда араб-парсы сөздері көбірек кездеседі. Мысалы, халық, ақы, айып, ғәріп, жұмлә, әкім, әділ, әділдік, насихат, ғылым, ауыл, мәрмәр, нәлет, қызмет, бейнет, дұшпан, пейіл, дос, залым, пір, хақ, т.б. Асанның замандасы Қазтуғанның, одан сәл кейінгі Шалкиіздің, ХУІ ғасырдағы Доспамбет пен Шобанның текстері лексика-грамматикалық және көркемдік-композициялық құрылымы жағынан өз дәуірлеріне сай элементтерді көбірек сақтағанға ұқсайды. Ал, ХУІІ ғасыр жырауларының тілі соңғы ғасырларға өте жуық.
Ертедегі әдеби үлгілердің тілі жағынан өзгеріске ұшырауының бірнеше себептері бар. Ең алдымен, ол мұраның ауызша сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жетуі өзгерістің объективтік-субъективтік себептерін туғызады: әдеби мұраны жеткізуші мен қабылдаушы өз бастарының ақындық дарындары мен көркемдік талғамдарына қарай, кейбір тұлға-тәсілдерді өзінше жаңғыртып, мәтінді ішінара өзгерту құқығына ие болады. Айталық, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының бір жырланысында:
Қодар,Қодар дегенің кім-ді,сірә,
Құлдан өлсем жатайын, құным сұрама.
Екі сөздің ішінде елімді айта бердің,
Жорығаның қалай еді, жұртым, сірә? – деп келсе, осы шумақ екінші жырланыста :
Қодар,Қодар дегенің құл ма,сірә,
Құлдан өлсем жатайын, тұрмай, сірә.
Бір сөз айтса өледі дей бересің,
Жораң қалай жаман-дүр, жұртым, сірә? – болып едәуір өзгеше құрылған.
Ауызша сақталған ескерткіштің не тұтас өзі, не үзіктері бір автордан екіншісіне ауысып, екі-үш иелікке бірдей телініп жүреді. Ескі мұралардың кейде тіпті авторлықтан айрылып, фольклор туындыларына ауысып кетуі мәселені күрделендіре түседі. Мұндай ауысулар бір дәуір, бірер ғасыр аясында қалмай, бірнеше ғасыр бойына созылған. Мысалы, кейінгі зерттеулерде ХУ ғасырдың соңы мен ХУІ ғасырдың І жартысында жасаған Шалкиіз жыраудікі деп жүрген «Еділден шыққан сызашық, Біз көргенде, тебінгіге жетер-жетпес су еді» деп басталатын толғау араларына үш ғасыр салып, ХІХ ғасырдағы Махамбеттен бір-ақ шығады. Текстологиялық айырмашылықтар бірлі-екілі жеке сөздерінде ғана. Бұған Қ.Өмірәлиев мұндай ортақ тақырыпты, бірнеше вариантты дүниелерді, әсіресе, дидактикалық-шешендік толғауларды белгілі бір ақын-жырауларға телімей және белгілі уақыт аясында алмай, мақал-мәтелдер сияқты ортақ мұра ретінде қарау керек деген пікір айтады.
Тағы бір айта кететін жайт – авторлы әдебиеттің фольклор дүниесімен қатар өмір сүріп келген фактісі. Екеуінің сақталу, таралу амалы бірдей болғанымен, елеулі айырмашылықтары да бар: біріншіден, авторлы әдебиетте фольклор мұрасын жеткізуге қарағанда, еркіндік кемдеу сезіледі. Оның бір себебі ақын-жыраулар туындыларының дені белгілі бір оқиғаға, нақтылы жер-су, адам аттарына қатысты айтылатындығына байланысты. Жеткізуші оларды алып тастау немесе өзгерту сияқтыларға көп бара алмайды. Содан соң авторлы әдебиетте ортақ сәттер фольклорға қарағанда әлдеқайда аз кездеседі. Оған қоса, әр автордың өзіне тән жырлау мәнері, өзі сүйіп қолданған көркемдеуіш элементтері болуы мүмкін. Бұлардың барлығы – даралықты, авторлықты танытатын белгілер. Ал даралық тұрақтылықты көбірек қалайды. Қазақ поэзиясын ауызша жеткізушілер осы интуитивті түрде жақсы сезген деуге болады.
Қазақ әдеби тілінің әуелде бастау алған негізгі қайнар көздері жалпыхалықтық тіл мен аса бай фольклор тілі болды. Әдеби тілдің жалпыхалық тілі негізінде дамуында поэзия тіл үлгілерінің рөлі ерекше. Сол кездегі көркем поэзияның көрнекті өкілдері жыраулар мен ақындар халық тіліндегі тілдік жүйелерді, сөз асылдарын өз шығармаларына таңдап, талғап енгізу арқылы ауыз әдеби тіл нормаларын қалыптастыра түсті. XV-XVII ғасырда ауыз әдеби тілінің құрылымдық жүйесінде тағы бір тармақтың публицистикалық стильдің ауызша түрі қызмет еткендігі байқалады. Әдет-ғұрып заңдарын жүргізудегі, қоғамдық мәні бар мәселелерді шешудегі атақты билердің шешендік сөз толғауларында мақал-мәтел, қанатты сөз орамдары мен фразеологиялық тіркестер молынан қолданыла, сомдала келіп, әдеби тілдің саралана түсуіне жағдай жасады. Әдеби тіл кезеңдерін анықтауда белгілі бір көркем сөз шеберлерінің шығармаларындағы тілдік материалдар, яғни олардың халықтық тілдің мол байлығын қаншалықты дәрежеде игеруі, оларды жаңа сапада жұмсауы, бөгде тіл элементтерін әдеби тіл мүддесіне жарату тәрізді жайттар тірек болады. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ әдеби тілінің тарихын төрт кезеңге бөліп қарастырып жүрміз.
XV-XVII ғасырдың aрaсын қамтиды. Асан Қайғы, Қазтуған, Шалгез, Доспамбет, Жиембет т. б. жыраулардың толғаулары, ел арасына ауызша тараған шежірелер, шешендік сөз немесе билер сөзі осы кезеңдегі әдеби тілдің үлгілері деп танылады. Бұлар өз дәуіріне тән лексика-грамматикалық ерекшеліктерді біршама сақтап қалған. Мәселен, Шәлгездегі "сындырау арқа", "сырт соқпақ", "түнде жүріп түлкі өтер" сияқты сөз тіркестері мен сақалына сары шіркей ұялап, миығына қара шыбын балалап" тәрізді реалистік суреттер, Қазтуғандағы "Буыршынның бұта шайнар ауызы, бидайдықтың көл жайқаған жалғызы" сынды теңеу образдар уақыт өзгерісіне төтеп беріп, бізге дейін жеткен. Сол сияқты астана, жұрт, ару ұл, қом су, алаңжұрт сияқты фразеологизмдер мен байрақ, адырна, жезайыр, шора аға (басшы), азамат (жасақ) тәрізді әскери лексика бұл кездегі әдеби үлгілерде жиі кездеседі. XV-XVII ғасырдағы ауызша әдеби тілдің лексикалық құрамы негізінен жалпыхалықтық тілдің есебінен толығып, молайып отырды. Дегенмен, әдеби тіл айналымында діни тақырыпқа қатысты халил, қағба, шаһид, ғазрейіл, бәйтолла тәрізді араб тілі сөздерінің болғандығын байқаймыз, бірақ олардың саны әдеби тілдің кейінгі кезеңдерімен салыстырғанда тым аз. Сол тұстағы грамматика норманың мысалы ретінде шығыс септігінің дың/дің түрінде келуін ("Бұл Бұзылдін қайтпассың") ілік септігінің ым/ім тұлғасында (бізім, менім), етістіктің өткен шақ мағынасы ғай-гей формасында ("қалға қабылан жау тигей ме?") берілуін, екінші жақ бұйрық райдың ғыл түрінде ұшырауын келтіруге болады.
Әдеби тілдің XVIII-ғасырдан XIX ғасырдың екінші жартысына дейінгі үлгілеріне Бұхар, Тәттіғара жыраулардың шығармалары жатады. Әдеби тілдің лексикалық құрамында бұрынғы кезеңдегі жаугершілік тақырыптан гөрі күнделікті тұрмыс-салт тақырыптарына байланысты лексик. топтар актив жұмсалады. Семіз жарау байда бар, құйрығы бітеу қойда бар (Бұхар); Көз болып қой бұзауға шамаң келсе, біреуге тамақ үшін жағынарсың (Шал) т. т. Жыраулар туындыларының негізі ақыл-өсиет айту, адамзат, қоғам туралы толғану болғандықтан, әділдік, адамдық, жарлылық тәрізді дерексіз ұғымды білдіретін атаулар мен араб, парсы сөздері бұл кезеңде молырақ кездеседі. XVIII ғасыр және оған дейінгі дәуірлерге жыраулық дәстүр басым болса, ендігі жерде ақындар әлеуметтік үнге ие бола бастайды, олардың тақырыбы қуаныш, реніш мұң-мұқтаж, арман-тілек, өз ортасы, айналадағы табиғат көріністері болды. Бұл кезеңде бел ала бастаған ақындық дәстүр поэзияның тақырып өрісін кеңітіп, сөзді әдеттегі номинатив мағынасында жұмсау өpic алды. Кірме сөздердің көбі араб, парсы және орыс тілдерінен алынды.
XIX ғасырдың екінші жaртысы. Бұл дәуірде қазақтың жазба әдеби тілі халықтың мәдени өмірінде кең қолданыс тапты. Әдеби тілдің нормалану процесін танытатын үлгі нұсқалардың түрлері кебейді. Бұл кезеңдегі әдеби тіл үлгілері өзінің мазмұны жағынан азаматтық, діни функциясы жағынан көркем әдебиет және оқу-білімге, іс-қағаздарына қатысты әдебиет болып түрлене түсті. Әдеби тіл функционалдық стильдерге тарамдала бастады. XIX ғасырдың екінші жартысы қазақтың ұлттық әдеби тілі үшін күрес кезеңі болды. Яғни, ұлттық әдеби тіліміздің (көне жазба әдеби тілі негізінде ме, әлде жалпы халықтық ауыз әдеби тілі негізінде ме деген) даму бағытын айқындау қажет болады. Міне, осы кезеңде қазақ халқының ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев жалпыхалықтық тіл негізіне арқа сүйеді, халықтың көп ғасырлық сөйлеу тілі мен ауыз әдеби тілін көркем тіл кестесіне түсіріп, жаңа өң беріп, қуатын арттырды. Сөйтіп, Ыбырай мен Абай халықтық тілдің тұрақты әрі ортақ белгілерін өздерінің көркем туындыларында молынан пайдаланды. Ұлттық жазба әдеби тілдің негізін қалап, әдеби тілдің жаңа сапада дамуына жол салды. Ыбырай Алтынсарин жалпыхалықтық тіл мен ауызша қызмет өткен төл әдеби тілдің нормаларын арқау ете отырып, проза жанрының, ғылыми стильдің, ал Абай өз қарасөздері мен поэзиясында публицистика мен көркем әдебиет стилінің негізін салды. Сөйтіп, олар әдеби тілдің жанр жағынан түрлене түсуіне зор үлес қосты.
Қазан төңкерісінен кейінгі кезең. Әдеби тіл халыққа білім берудің, мәдени, рухани мұраларды жасаудың қуатты құралына айналды. Қоғамдық өмірдің барлық саласында дерлік қызмет етті. Көркем сөз зергерлерімен қатар ғылым, мәдениет қоғам қайраткерлері де әдеби тіл нормасының тұрақталуы, қызметінің жан-жақты күшейе түсуіне белсене атсалысты. Әдеби тілдің жазбаша түріне сәйкес шаршы топ алдына (жиналыста, радио мен теледидар алдында, сахнада т. б.) сөйленетін ауызша түрінің де қызметі кеңейе түсті. Әдеби тілдің бірсыпыра нормалары кодификациялау арқылы тұрақты сипат алды: қазақ тілінің грамматикасы жазылып, емле ережелері белгіленді, орфографиялық, орфоэпиялық және түсіндірме сөздіктері құрастырылды. Сөйтіп, әдеби тіл нормаларының тұрақталуына саналы түрде араласу жан-жақты сипат алды. Соңғы кезеңдегі әдеби тіліміздің даму қарқыны біркелкі емес, сондықтан оны да бірнеше белестерге бөліп қарауға болады
Достарыңызбен бөлісу: |