7. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары
1. Егер шарт бойынша міндеттемелерін орындамау шарт жасалған соң Тараптар алдын ала болжай алмайтын, ақылға қонымды шаралармен алдын алуға болмайтын төтенше сипаттағы оқиғалар нәтижесінде орын алған еңсерілмейтін күш мән-жайларының салдары болса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы бөлімнің 4 және 5-тармақтарына сәйкес осы мән-жайлардың әрекет ету мерзіміне Тараптар міндеттемелерін ішінара немесе толық орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады.
2. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары орын алған жағдайда, шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі осындай жағдайлар мен салдары созылатын уақытқа тең мерзімге кейінге шегеріледі.
3. Еңсерілмейтін күш мән-жайларына Тараптар ықпал ете алмайтын және олардың туындағаны үшін жауапты болмайтын оқиғалар жатады.
4. Осындай мән-жайларға сілтеме жасаған Тарап 5 (бес) жұмыс күні ішінде екінші Тарапты осындай мән-жайлардың орын алғаны туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндетті. Екінші Тараптың талап етуі бойынша мұндай мән-жайлар басталған соң құзыретті орган берген куәландыратын құжат көрсетілуі тиіс.
5. Тарап 5 (бес) жұмыс күні ішінде шарт бойынша міндеттемелерін орындаудың межеленген мерзімін көрсете отырып, мұндай мән-жайлардың әрекет етуінің тоқтағаны туралы жазбаша түрде хабарлауға міндетті.
8. Дауларды шешу
1. Тараптар шарт талаптарын орындау барысында өздерінің араларында туындауы мүмкін барлық даулар мен келіспеушіліктерді келіссөздер жүргізу жолымен шешуге міндеттенеді.
2. Егер келіссөздер басталғаннан кейін 30 (отыз) жұмыс күні ішінде Тараптар шартқа қатысты дауды шеше алмаса, Тараптардың кез келгені бұл мәселені Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сот тәртібімен шешуді талап ете алады.
3. Даулар мен келіспеушіліктердің орын алуы Тараптарды шарт бойынша міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
9. Құпиялылық
1. Тараптар шарттың және оған қосымша келісімдердің талаптарын өздерінің орындауы нәтижесінде екі Тарап та алған қаржылық, коммерциялық және өзге ақпараттың құпиялылығын қатаң сақтауға және олардың жария етілуін болдырмау үшін қажетті барлық ықтимал шараларды қабылдауға міндетті.
2. Жоғарыда көрсетілген ақпаратты үшінші тұлғаларға беруді, ақпаратты жариялау немесе өзге түрде жария етуді Тараптардың бірі тек мұндай беру талаптарын екінші Тараппен алдын ала жазбаша келіскеннен кейін ғана жүзеге асырады.
3. Осы бөлімнің көзделген құпиялылық (және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктік құпия) туралы ережелер мынадай жағдайларда қолданылмайды:
1) шарт бойынша қарыз алушының берешектерін өтеу үшін қарыз алушының барлық банктік шоттарынан кредитордың ақша алуы және осыған байланысты өзге банктерге (қаржылық, кредиттік ұйымдар мен мекемелерге) қажетті ақпарат беруі;
2) капиталдың ішкі және сыртқы нарықтарында қарыз алуды іске асыру мақсатында, оның ішінде рейтингілер алу үшін кредитордың үшінші тұлғаларға қажетті ақпарат беруі;
3) берілген сауалдар шеңберінде кредитордың Қазақстан Республикасының Парламентіне, уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, кредитордың акционеріне кредит бойынша қажетті ақпарат беруі.
10. Қорытынды ережелер
1. Шарт Тараптардың уәкілетті өкілдері оған қол қойып, мөр бедерлері басылған күннен бастап күшіне енеді және Тараптар шарт бойынша өздерінің барлық міндеттемелерін толық орындағанға дейін қолданылады.
2. Осы шарт Тараптардың әрқайсысына бір-бір данадан, заңды күші бірдей екі данада мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалды.
3. Осы шартқа өзгерістер мен толықтырулар мөрлердің бедерлерін қоя отырып, Тараптардың уәкілетті өкілдері қол қойған Тараптардың қосымша жазбаша келісімдерімен ресімделеді.
4. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізілген жағдайда, шарттың қандай да бір тармағы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келсе, мұндай қайшылық шарттың өзі жарамсыз дегенді білдірмейді. Мұндай қайшылық Тараптар арасындағы қосымша келісіммен жойылады.
5. Осы шарттың талаптары мен міндеттемелерін орындаудан Тараптардың біржақты бас тартуына жол берілмейді.
6. Тараптардың бірінің деректемелері өзгерген жағдайда, соңғысы бұл туралы екінші Тарапты 3 (үш) жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді.
11. Тараптардың мекенжайлары, деректемелері мен қолдары:
Кредитор:
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы
__________________________
м.о.
|
Қарыз алушы:
«Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы
_________________________
м.о.
|
Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Қазақстан
Республикасы Ұлттық Банкінің
өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлік
субъектілерін қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі
бірлескен іс-қимыл жоспарына
5-қосымша
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы мен екінші
деңгейдегі банктер арасындағы өңдеу өнеркәсібі саласында және көрсетілетін
қызметтер саласында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен
кредит беру үшін қаражатты екінші деңгейдегі банктерге орналастыру туралы
кредиттік келісім
Бұдан әрі «Қор» деп аталатын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының атынан ________ негізінде әрекет ететін ___________ және
бұдан әрі «Банк» деп аталатын, «_________» акционерлік қоғамының атынан ________ негізінде әрекет ететін _____________________, бірлесіп «Тараптар», ал әрқайсысы жеке «Тарап» деп немесе жоғарыда көрсетілгендей аталып,
өңдеу өнеркәсібі және көрсетілетін қызметтер саласында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатын басшылыққа ала отырып,
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы мен екінші деңгейдегі банктер арасындағы өңдеу өнеркәсібі және көрсетілетін қызметтер саласында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен кредит беру үшін қаражатты екінші деңгейдегі банктерге орналастыру туралы осы кредиттік келісімді (бұдан әрі - Келісім) жасасты.
1. Келісімде пайдаланылатын анықтамалар мен ұғымдар
Осы Келісімде мынадай анықтамалар мен ұғымдар пайдаланылады:
ҚР ҰБ - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі;
соңғы қарыз алушы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген критерийлерге сәйкес айқындалатын және өз жобасын осы Келісімге 1-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібі және көрсетілетін қызметтер саласында іске асыратын шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектісі. Бұл ретте мыналар соңғы қарыз алушы бола алмайды: а) акцизделетін тауарлар шығаруды көздейтін жобаларды іске асыратын шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері; б) құрылтайшылары (соның ішінде қатысушылары, акционерлері) ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей және жанама түрде мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдар, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдар;
банктік қарыз шарты - соңғы қарыз алушыға осы Келісімде айқындалған мақсат үшін кредит қаражаты есебінен қарыз беру үшін Банк пен соңғы қарыз алушы арасында жасалатын жазбаша келісім;
кредит - осы Келісім негізінде Қор банкке беретін ақша сомасы;
қарыз - Банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес соңғы қарыз алушыға Банк беретін ақша сомасы;
кредитті игеру - Банктің соңғы қарыз алушылардың жобаларын осы Келісімде айқындалған талаптарда кредиттің бүкіл сомасына қаржыландыруы және осы Келісімде көзделген құжаттарды Қорға ұсынуы;
жоба - соңғы қарыз алушы қарыз есебінен іске асыратын бизнес жоба;
Банктің Кредитті мақсатты пайдалануы - Банктің Банктік қарыз шартын жасасу жолымен осы Келісімде белгіленген талаптар мен мақсатта соңғы қарыз алушыларға қарыз беруі;
соңғы қарыз алушының қарызды мақсатты пайдалануы - соңғы қарыз алушының қарызды Банктік қарыз шартында белгіленген, осы Келісімнің талаптарына сәйкес келетін мақсатта пайдалануы. Соңғы қарыз алушының қарызды мақсатты пайдалануы тиісті шарттармен, қабылдау актілерімен, шот-фактуралармен, төлем құжаттарымен және жиынтығында соңғы қарыз алушының тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді толық көлемде алғанын және/немесе Банктік қарыз шартында көзделген өзге де мақсаттарға қол жеткізетінін сөзсіз растауы тиіс болатын өзге де құжаттармен куәландырылады;
еңсерілмес күш мән-жайлары - кез келген Тараптың осы Келісім бойынша міндеттемелерін толық немесе ішінара орындауы мүмкін болмайтын мән-жайлар (мыналарды қоса алғанда, бірақ бұлармен шектелмей: су тасқыны, жер сілкінісі, жарылыстар, теңіз дауылы, індет, эпизоотия, дүлей өрт, ереуілдер, соғыс, көтерілістер, мемлекеттік органдардың ресми актілері). Бұл ретте, еңсерілмес күш мән-жайларының сипаты, әрекет ету кезеңі, орын алу фактісі уәкілетті мемлекеттік органдардың тиісті құжаттарымен расталуы тиіс;
жұмыс күні - банктер Қазақстан Республикасында өз қызметін жүзеге асыру үшін ашық болатын күндер (сенбіні немесе жексенбіні немесе ресми мереке күндерін қоспағанда);
дефолт - Банктің осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындамау және/немесе тиісінше орындамау жағдайы немесе осы Келісімде айқындалған өзге жағдайлардың туындау фактісі;
кросс-дефолт - Банктің Қормен және/немесе «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ компаниялар тобының кез келген қатысушысымен жасасқан кез келген шарты бойынша міндеттемелерінің біреуін орындамауы немесе тиісті деңгейде орындамауы;
орташа жылдық табыс - жылдық жиынтық табыс сомасы немесе арнайы салық тәртібін патент немесе жеңілдетілген декларация негізінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қолданатын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің соңғы үш жылда үшке бөлінген табыс сомасы;
жұмыскерлердің орташа жылдық саны - осы субъектінің филиалдарының, өкілдіктері мен басқа да оқшауланған бөлімшелерінің жұмыскерлерін, сондай-ақ дара кәсіпкердің өзін қоса алғанда (егер субъект дара кәсіпкер болса), барлық жұмыскерлерді ескере отырып айқындалған кәсіпкерлік субъектілерінің орташа жылдық саны;
Банктің шоты - осы Келісімнің мақсаты үшін ҚР ҰБ-да ашылған банктің шоты;
Қордың шоты - осы Келісімнің мақсаты үшін ҚР ҰБ-да ашылған қордың шоты;
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ компаниялар тобы - «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ) және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға меншік немесе сенімгерлік басқару құқығында тиесілі заңды тұлғалар.
2. Келісімнің нысанасы
Осы Келісімге сәйкес Банктің соңғы қарыз алушыларды осы Келісімде көзделген талаптарда қаржыландыруы үшін Қор осы Келісімге сәйкес ________ (____) теңге сомасындағы кредитті Банктің шотына орналастырады.
3. Кредит беру шарттары
1. Қор Кредитті Банктің шотына мақсатты пайдалану, мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық талаптарын сақтай отырып орналастырады.
2. Банк кредитті соңғы қарыз алушыларға осы Келісімде көзделген мақсаттарға қарыз беру үшін ғана пайдалануға міндетті. Кредиттің осы нысаналы мақсатын Банктің өз бетімен ауыстыруына болмайды. Кредитті басқа мақсаттарға пайдалану Банктің осы Келісімде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілігіне әкеп соқтырады.
3. Кредит мерзімі - 240 айға дейін.
Кредит мерзімі кредит Банктің шотына осы Келісімде көрсетілген күні түскен кезден басталады және ол толық қайтарылған күні аяқталады. Кредит сомасы Қордың шотына толық көлемде түскен күн кредит қайтарылған күн болып табылады.
4. Банктің Кредитті игеру мерзімі:
1) жаңа негізі құралдарды сатып алу, құру және жаңарту мақсаттарына берілетін кредит бөлігі бойынша - кредит қаражаты Банктің шотына түскен күннен бастап 12 ай;
2) айналым қаражатын толықтыру мақсатында берілетін кредит бөлігі бойынша - кредит қаражаты Банктің шотына түскен күннен бастап 6 ай;
5. Кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,0%-ды құрайды.
6. Кредиттің нысаналы мақсаты - Банктің соңғы қарыз алушыға қарызды осы Келісімнің шарттарымен, сондай-ақ төменде келтірілген барлық талаптардың сақталуын ескере отырып ұсынуы:
1) Банк кредитті жобаларын өңдеу өнеркәсібінде және қызмет көрсету саласында іске асыратын соңғы қарыз алушыларды кейіннен осы Келісімге 1-қосымшаға сәйкес қаржыландыру үшін ғана пайдалануға міндетті;
2) соңғы қарыз алушыларға ұсынылатын қарыздардың шарттары осы Келісімнің 5-бөлімінде белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс;
3) кредит қаражатын қолданыстағы қарыздарды қайта қаржыландыру мақсаттарына бағыттауға тыйым салынады.
7. Осы Келісімнің қолданылу мерзімі ішінде соңғы қарыз алушыларға осы Келісім бойынша бұрын берілген қарыздарды өтеу есебінен босаған кредит қаражатын Банк соңғы қарыз алушыларға осы Келісімнің талаптары бойынша кейіннен кредит беру үшін 3 (үш) ай ішінде жолдауы тиіс не қаражат осы Келісімнің 10-бөлімінің 1-тармағына сәйкес Қорға мерзімінен бұрын қайтарылуы тиіс.
Бұл тармақ осы Келісімнің 3-бөлімінің 4-тармағында көрсетілген кредитті игеру мерзімі өткеннен кейін күшіне енеді.
8. Банк кредиттің игерілуін осы Келісімге 3-қосымшаға сәйкес кредитті игеру кестесіне сәйкес жүзеге асырады.
9. Банк Банктің шотынан қаражатты есептен шығару үшін қажетті соманы Қормен алдын ала келісуді жүзеге асырады, бұл ретте келісу үшін қажетті құжаттардың тізімін Қор Банкке жазбаша нысанда береді.
4. Кредитті өтеу тәртібі
1. Банк төлейтін сыйақы негізгі борыш қалдығына есептеледі, бұл ретте бір жылдағы 360 (үш жүз алпыс) күн және бір айдағы 30 (отыз) күн және толық аяқталмаған айдағы өткен күндердің нақты саны, оның ішінде соңғы күнді есепке алмастан, бірінші күнді қоса ала отырып, есепке алынады.
2. Банктің кредитті өтеу тәртібі:
1) Қорға берілетін сыйақы осы Келісім бойынша төлем кестесіне сәйкес жарты жылда бір рет төленеді (осы Келісімге 2-қосымша);
2) негізгі борыш Қорға осы Келісім бойынша төлем кестесіне сәйкес кредит мерзімінің соңында төленеді (осы Келісімге 2-қосымша).
3. Егер жасалған төлем сомасы осы Келісім бойынша міндеттемені орындау үшін жеткіліксіз болған жағдайда, ол алдымен Қордың орындауды алуы бойынша шығындарын, содан кейін тұрақсыздық айыбы мен сыйақыны, ал қалған бөлігінде борыштың негізгі сомасын төлейді.
Қор белгіленген тәртіппен Банк берешегін өтеудің өзге кезектілігін белгілеуге құқылы.
4. Егер төлем күні жұмыс істемейтін күнге сәйкес келген жағдайда, төлем одан кейінгі жұмыс күні жүргізіледі.
5. Қорға сыйақы төлеуді Банк Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес төлем көзінен ұсталып қалынуы тиіс табыс салығын алып тастай отырып (егер мұндай ұстап қалу сыйақы төленетін кезде қолданыста болған заңнамада көзделген болса) жүзеге асырады, Қорға табыс салығының төлем көзінен ұсталып қалғанын растайтын тиісті анықтамаларды ұсынады.
5. Соңғы қарыз алушыларға қарыз беру шарттары
1. Осы Келісімнің шеңберінде соңғы қарыз алушыларды қаржыландыруды Банк осы Келісімге 1-қосымшаға сәйкес соңғы қарыз алушылардың өңдеу өнеркәсібі және көрсетілетін қызметтер саласындағы жобалары бойынша жүзеге асырады.
2. Банк соңғы қарыз алушыларға берілетін қарызды мақсатқа сай пайдалану, мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарында мынадай талаптар орындалған жағдайда ғана кредит қаражаты есебінен ұсынады:
1) қарыздар мыналарға беріледі:
Келісімге 1-қосымшаға сәйкес соңғы қарыз алушылардың өңдеу өнеркәсібінде және көрсетілетін қызметтер саласындағы жобалары бойынша негізгі құралдардың жаңаларын сатып алуға, құруға және қолданыстағыларын жаңғыртуға - кредит сомасынан кемінде 50%;
соңғы қарыз алушылардың өңдеу өнеркәсібіндегі жобалары бойынша айналым қаражатын толықтыруға - кредит сомасынан кемінде 50%-дан аспайды, бұл ретте кредит сомасының кемінде 25% бөлігі техникалық реттеу және метрология жөніндегі уәкілетті орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеушінің С секциясының (өңдеу өнеркәсібі) 10-бөліміне (тамақ өнімдерінің өндірісі) және 11-бөліміне (сусындар өндірісі) сәйкес экономика салаларында жобаларын іске асыратын соңғы қарыз алушылардың айналым қаражатын толықтыру мақсатына бағытталуы тиіс. Келісімге 1-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібіне қатысты көрсетілетін қызметтер саласында жобаларды іске асыратын соңғы қарыз алушыларға айналым қаражатын толықтыруға берілмейді;
2) қарыз валютасы - теңге;
3) қарыз мерзімі:
негізгі құралдардың жаңаларын сатып алу, құру және қолданыстағыларын жаңғырту мақсаттарына берілетін қарыздар бойынша - 120 айдан аспайды;
айналым қаражатын толықтыру мақсатына берілетін қарыздар бойынша - 60 айдан аспайды;
4) бір соңғы қарыз алушыға бөлінетін ең көп қаржыландыру лимиті - 1 850 000 000 (бір миллиард сегіз жүз елу миллион) теңге;
5) қарыз бойынша сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 6,0%-дан (алты пайыздан) аспайды.
Соңғы қарыз алушылардың қарыздарын қаржыландыру кезіндегі сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарына сәйкес белгіленеді. Бұл ретте, соңғы қарыз алушының қарыз бойынша міндеттемелерін бұзуына байланысты өндіріп алынатын комиссияны, алымды және (немесе) өзге төлемдерді қоспағанда, соңғы қарыз алушының қарызына байланысты қандай да бір комиссияны, алымды және (немесе) өзге төлемдерді өндіріп алуға Банкке тыйым салынады және мұндай комиссияның, алымның және (немесе) өзге төлемдердің мөлшері Қормен алдын ала жазбаша келісілуі тиіс. Қарыз бойынша қамтамасыз ету ретінде алынатын мүлікті бағалау және сақтандыру бойынша қызметтерді соңғы қарыз алушы төлейді;
6) соңғы қарыз алушыларға мынадай мақсаттарға қарыз беруге тыйым салынады:
заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу;
бұрынғы шығындарының орнын толтыру;
үлестес/байланысқан компаниялардан/тұлғалардан негізгі құралдарды/активтерді сатып алу;
7) кредит желісі бойынша қолжетімділік кезеңі - 1 (бір) жылдан аспайды.
6. Кредиттің игерілгенін растау
1. Мына құжаттар Кредиттің игерілгенін растау болып табылады:
соңғы қарыз алушымен жасалған Банктік қарыз шарты;
соңғы қарыз алушыға қарыз беру туралы Банктің кредит комитетінің шешімінен үзінді көшірме;
ақшаның Банктік қарыз шарты бойынша соңғы қарыз алушының шотына аударылу фактісін растайтын құжаттар (соңғы қарыз алушының банктік шотынан үзінді көшірме және (немесе) Банктің төлем тапсырмасы және (немесе) төлем ордері).
2. Кредитті немесе оның бөлігін осы Келісімнің 3-бөлімінің 4-тармағында белгіленген игеру мерзімі өткеннен кейін игеру кредиттің осы Келісім бойынша уақытылы игерілмеуі болып табылады.
3. Кредитті/кредиттің бөлігін игергеннен кейін Банк осы Келісімде белгіленген кредиттің/кредиттің бөлігінің игерілгенін растайтын құжаттарды (уәкілетті тұлғаның қолымен және Банк мөрімен куәландырылған көшірмелер) кредиттің/кредиттің бөлігінің осы Келісімде белгіленген игеру мерзімі аяқталған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде осы бөлімнің 1-тармағына сәйкес Қорға бір рет тапсырады.
4. Банк ұсынған құжаттарда кредиттің игерілмеуі/уақтылы игерілмеуі бөлігінде Қор осы Келісім талаптарының бұзылғанын/олар бойынша жасалған ескертулерді анықтаған жағдайда, Қордың игерілмеген қаражатты кері қайтарып алуға құқығы бар. Бұл ретте Банк ұсынған құжаттарға жасалған барлық ескертулерді Қор кредиттің игерілгенін растайтын Банк құжаттарын алған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнінен кешіктірмей Банкке жазбаша нысанда жеткізеді.
5. Банк Кредиттің уақтылы игерілуіне және мақсатқа сай пайдаланылуына, сондай-ақ оның қайтарылуына қатысты барлық тәуекел үшін жауапты болады.
7. Тараптардың құқықтары мен міндеттері
1. Осы Келісімнің талаптарына сәйкес Қор:
1) Банктің Кредитті игергенін және мақсатқа сай пайдаланғанын, сонымен қатар Банктің соңғы қарыз алушыларды қаржыландыру шарттары мен мақсатын сақтауына тексеруге құқылы. Бұл ретте тексеру Қор өкілдерінің Банкке барып тексеру жүргізуімен қатар, Қор өкілдерінің соңғы қарыз алушы жобасының іске асырылатын жеріне баруы арқылы да жүзеге асырылады;
2) осы Келісімнің шарттарын Келісімге тиісті қосымша келісім жасау жолымен өзгерту туралы ұсыныс жасай отырып, Банкке өтініш жіберуге;
3) Банктен Кредиттің игерілгені және осы Келісімнің іске асырылуы бойынша қажетті жедел ақпаратты сұратуға;
4) мынадай:
дефолт және/немесе кросс-дефолт орын алған;
Банк негізгі борышты және/немесе сыйақыны уақтылы аудармаған және/немесе толық көлемде аудармаған;
мақсатқа сай пайдаланылмаған соманың 15%-ы (он бес пайызы) мөлшерінде айыппұл (кредиттің қайтарылуы мақсатсыз пайдаланылған соманың мөлшерінде Қор талаптары бойынша жүзеге асырылады) төлей отырып, Банк кредитті мақсатқа сай пайдаланбаған;
қор талаптары бойынша кредиттің игерілмеген/уақтылы игерілмеген сомасының 5%-ы (бес пайызы) мөлшерінде айыппұл төлей отырып, Банктің кредитті және/немесе оның бір бөлігін игермеген және/немесе уақтылы игермеген;
соңғы қарыз алушыларды осы Келісімнің 5-бөлімінде көзделген қаржыландыру талаптарын Банк бұзған;
егер бұл жағдай Банктің қызметіне немесе қаржылық жағдайына едәуір жағымсыз ықпал ететін және Банк стратегиясының өзгеруіне алып келетін болса, Банк акцияларының 10%-дан (он пайыздан) астамына қатысты меншік құқығы сатылған немесе бір уақытта өзгеге берілген және/немесе иелік ету және пайдалану құқығы өзгеге берілген;
Standard&Poor’s, Fitch Ratings, Moody’s Investors Service сияқты рейтингтік агенттіктердің бірі Банктің кредит рейтингін «В-» деңгейінен төмендеткен;
Банктің ҚР ҰБ пруденциялық нормативтерін кезекті 2 айдан астам уақыт бойына бұзған, сонымен қатар Банк лицензиясының әрекетін уәкілетті орган тоқтата тұрған;
қаржы нәтижесі 2 (екі) тоқсан бойы қатарынан жағымсыз болған;
Банк ақпарат пен есептілікті осы Келісім бойынша міндеттемелерге сәйкес осы Келісімде көзделген мерзімде ұсынбаған;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен Банк төлемге қабілетсіз деп жарияланған;
Банк осы Келісімде көзделген тексерулерді жүргізуге кедергі келтірген;
Банк қызметін жүзеге асыруға шектеулер немесе тыйымдар орын алғаны туралы Банк Қорды хабардар етпеген;
Банк осы Келісім шеңберінде Банк алған ақпараттың құпиялылық шарттарын бұзған;
Банк «Paripassu» қағидатын бұзған (кредиттік келісімдер бойынша Банктің өзге кредиторлар алдындағы қамтамасыз етілмеген өзге де міндеттемелері бойынша Банк артықшылық берген);
Банктің жұмыс істемейтін кредиттерінің (ҚР ҰБ деректеріне сәйкес төлемдердің өтіп кеткен мерзімі 90 күннен асатын кредиттерінің) деңгейі ҚР ҰБ мен Банк арасында жасалған жеке келісімге сәйкес белгіленген шекті мәннен асып кеткен. Бұл тармақ осы Келісім жасалған күні Банктің жұмыс істемейтін кредиттерінің (ҚР ҰБ деректеріне сәйкес төлемдердің өтіп кеткен мерзімі 90 күннен асатын кредиттерінің) деңгейі 15%-дан (он бес пайыздан) асатын екінші деңгейдегі банктерге қолданылады;
Банк кредитті тиісті есепті күнге толық игермеген сомаға осы Келісімге
Достарыңызбен бөлісу: |