Қазақстан Республикасының көлік-логистика жүйесін дамыту және халықаралық көлік жүйесіне ықпалдастыру
1-міндет. Транзиттік, оның ішінде Қытай мен ЕО елдері арасындағы Қазақстан аумағын айналып өтетін жүктерді тарту.
Қазақстанның Еуразия өңірінің сауда-логистикалық және іскери хабы ретінде қалыптасуы мақсатында логистика саласындағы әлемдік көшбасшылармен ынтымақтастықты жолға қою жөнінде белсенді жұмыс атқарылатын болады.
Ақтау теңіз портын және құрғақ терминал қуаттарын (Қорғас) дамыту саласында «DP World» компаниясымен ынтымақтастық жолға қойылады. Бұл ынтымақтастық Қорғастағы Қазақстанның Шығыс қақпасын және Ақтау портындағы Батыс қақпасын, сондай-ақ мультимодальдық тасымалдарды өзара ұштастыруға ықпал ететін болады, бұл көлік-логистика жүйесін дамытуға және елдің транзиттік әлеуетін кеңейтуге зор серпін береді.
Қазақстан маршруттарына қосымша жүк ағындарын тарту және отандық көлік-логистика өнімдерін шетелге сату үшін «Жаһандық әріптес» жобасы шеңберінде жаһандық көлік-логистикалық әріптестермен, әлеуетті жүк жөнелтушілермен және Шығыс Азия, Ресей, Еуропа мен басқа елдердің ірі өндірушілерімен бірлесіп жобаларды сүйемелдеу бойынша стратегиялық келісімдер жасалатын болады.
Сондай-ақ өтетін жүктерге, бірінші кезекте жеткізу мерзімі тығыз, Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай және ЕО елдері арасында Транссібір темір жол магистралі арқылы, Суэц каналы арқылы теңіз жолымен, сондай-ақ Ортаазия елдерінің көлік дәліздері арқылы Қазақстаннан тысқары кететін тауарларға кешенді талдау жүргізілетін болады.
Бұдан басқа, дипломатиялық арналар арқылы қазақстандық көлік дәліздері туралы ақпараттық жазбалар мен жарнамалық кітапшаларды жіберу және роуд-шоу іс-шараларын өткізу жолымен қазақстандық транзиттік дәліздерді шет елдерде жария ету бойынша шаралар қабылданатын болады.
Осының бәрі транзитті тартуға және Қазақстан аумағы арқылы хабтық дистрибуцияны дамытуға ықпал ететін болады.
2-міндет. Ел ішіндегі көлік дәліздерін дамыту және олардың Қазақстаннан тысқары жердегі көлік инфрақұрылымының жүйесіне ықпалдасуын қамтамасыз ету.
Бүгінгі күні транзиттік жүктердің негізгі көлемі мынадай дәліздер бойынша тасымалданады:
1) Ортаазиялық дәліз (2012 жылдың қорытындылары бойынша 10 млн. тонна);
2) Солтүстік – Оңтүстік (2012 жылдың қорытындылары бойынша 3 млн. тонна);
3) Оңтүстік ТАТМ (2012 жылдың қорытындылары бойынша 2,7 млн. тонна);
4) Солтүстік ТАТМ (2012 жылдың қорытындылары бойынша 0,6 млн. тонна).
Жоғарыда көрсетілген дәліздер Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін негізгі транзиттік дәліздер ретінде танылғанын ескере отырып, Бағдарлама шеңберінде негізгі пәрмен басқа көлік дәліздерін құруға, сондай-ақ қолданыстағы дәліздердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталатын болады.
Мысалы, Қытайдың батыс өңірлерінің белсенді дамуын және Қытай мен ЕО арасындағы тауар айналымының артуын назарға ала отырып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жаңа дәлізі және «Жезқазған – Бейнеу» темір жол желісінің салынуын ескере отырып, жүктерді енгізудің негізгі нүктелері «Достық» және «Алтынкөл» станцияларында болатын «Шығыс – Батыс» темір жол дәлізі құрылуда.
ҚХР шекарасындағы Қорғастан Орынборға шығатын Ресей Федерациясының шекарасындағы Мәртөкке дейін Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін жалпы ұзындығы 2 787 км құрайтын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль дәлізі 2015 жылы аяқталады және 2020 жылға қарай кемінде 3 млн. тонна транзиттік жүктің өткізілуін қамтамасыз етеді.
Ұзындығы 988 км құрайтын «Жезқазған – Бейнеу» теміржол желісін салу жобасы «Достық» және «Алтынкөл» станцияларынан Ақтау теңіз портына дейінгі транзиттік тасымалдың ара қашықтығын 1 200 км дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Жаһандық транзитте маршрут жаңа «Ахалкалаки (Грузия) – Карс (Түркия)» теміржол тармағымен ықпалдаса отырып, «ТРАСЕКА» көлік дәлізінің Ақтау мен Баку (Әзербайжан) арқылы Түркияға және Оңтүстік Еуропа елдеріне ашылуына ықпал етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ «Өзен – Берекет (Түрікменстан) – Горган (Иран)» теміржол желісі бойынша Парсы шығанағы елдеріне шығуды қамтамасыз етеді, бұл «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің жаңа маршрутын ашады.
Осылайша, жоғарыда аталған дәліздердің көршілес елдердің көлік инфрақұрылымына тиімді ықпалдасуын қамтамасыз ету мақсатында «Достық» және «Алтынкөл» станцияларының өткізу қабілеті 2020 жылға қарай 17,7 млн. тоннадан және 5 млн. тоннадан тиісінше 25 млн. тоннаға және 20 млн. тоннаға артатын болады.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын Қытай, Кеден одағы мен Орталық Азия елдерінің арасындағы жүктерді өткізу үшін жүкті ауыстырып тиеу торабына айналдыру, сондай-ақ «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының аумағындағы қызметтің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы экономикалық аймақты, «Қорғас – Жетіген» темір жол желісін және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралін технологиялық байланыстыруды көздейтін «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында индустриялық-логистикалық хаб құру жөніндегі мәселе пысықталатын болады.
«Қорғас» хабының қызметін «ТРАСЕКА» және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәліздеріндегі негізгі қазақстандық көлік торабы ретінде Ақтау теңіз портымен үйлестіру жүктерді Қытайдың батыс және орталық өңірлерінен Иранға, Парсы шығанағы елдеріне, Түркия мен Еуропа елдеріне ілгерілету үшін тиімді маршрут құруға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Бағдарлама шеңберінде Ақтау теңіз портының өткізу қабілеті 2020 жылға қарай 16,8-ден 20,5 млн. тоннаға дейін ұлғаятын болады, ол үшін түбін тереңдету жұмыстары және үш құрғақ жүк терминалының құрылысы жүргізіледі, тиеу-түсіру жұмысы автоматтандырылады, Ақтау портының 12-айлағы толық реконструкциялаудан өтеді, сондай-ақ жаңа 11-айлақ салынады.
3-міндет. Қазақстан аумағындағы экспорттық, импорттық және транзиттік операцияларды оңтайландыру.
Кеден қызметін жаңғыртудың кешенді тәсіліне негізделе отырып, кеден ісін дамыту бүгінгі күні кедендік бақылау және кедендік ресімдеу тиімділігін арттыруға, кедендік рәсімдерді жеделдетуге және олардың ашықтығына, бизнес үшін кедендік шарттылықтарды жеңілдетуге, инвестициялық ахуалды жақсартуға, сыртқы сауда қатынастарын, көлік және коммуникация инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Бірыңғай кедендік аумақтың экономикалық қауіпсіздігін ескере отырып, Кеден одағының сыртқы шекарасында орналасқан кеден бекеттерін одан әрі нығайту жөнінде шаралар қабылдануда, оларды реконструкциялау, жаңғырту және жүк ағынын арттыруға мүмкіндік беретін техникамен жарақтандыру жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының кеден қызметін дамыту және кеден қызметтін халықаралық стандарттар мен Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі талаптарға сәйкес келтіру мақсатында транзит жүйесін одан әрі жаңғырту қажет.
Шекарада бақылау рәсімдерін оңайлатуға «Электрондық пойыз» көліктегі құжат айналымын автоматтандыру жобасын іске асыру ықпал етеді. «Электрондық пойыз» – шекарадағы кеден органдарына алдын ала ақпарат беруді және «Достық» пен «Алтынкөл» станциялары арқылы Қытайдан халықаралық тасымалдарға қатысушылардың өзара іс-қимылының технологиялық сызбасы шеңберінде «пойыздың алдындағы құжат» қағидаты бойынша ІТ-технологиялар негізінде құжаттарды алдын ала ресімдеуді ұйымдастыру болып табылады.
Бұл ретте барлық көлік-логистикалық көрсетілетін қызметтер кешенін «АСУ Логистика АБЖ» көліктің барлық түрлерін басқарудың автоматты жүйесінің сервисіне ықпалдастыру қажет.
Транзиттік операцияларды оңтайландыру мақсатында шекаралардан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін ЦИМ/ХЖҚК жүкқұжатын пайдалана отырып, жүктерді Қытайдан Қазақстан, Ресей және Беларусь аумағы арқылы транзитпен тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі мәселе пысықталатын болады.
Көлік-логистикалық орталықтардың инфрақұрылымын дамыту үшін жағдайлар жасау:
көлік құралдары жүретін жолақтар санының шектеулі болуына байланысты «тар мойын» әсерін жою мақсатында көп жолақты шекаралық өткізу пункттерін құруды;
шекара маңындағы станциялардың өткізу қабілетін арттыру мақсатында шекаралық өткізу пункттерін және қайта тиеу орындарын жаңғыртуды;
көлік-логистикалық орталықтарда өңдеуге жататын жүктерді ауыстырып тиеу көлемінің артып отырған қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Кеден одағының сыртқы шекарасында орналасқан шекара маңындағы автомобиль өткізу пункттерінде көлік-логистикалық орталықтарды мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарында кезең-кезеңімен салуды талап етеді.
4-міндет. Қазақстанның логистика тиімділігін жақсарту.
Қазақстанда логистикалық ахуалды 2020 жылға қарай жақсарту жөніндегі жоспарларды іске асырудың нысаналы көрсеткіші Дүниежүзілік банктің LPI логистикалық тиімділік рейтингіндегі 40-орын болып табылады.
Өз кезегінде осы міндетті орындау үшін:
сыртқы экономикалық қызметтегі кедендік рәсімдерді жеңілдету;
тасымалдау процесі кезіндегі экспорттық-импорттық операцияларға рұқсат беру құжаттарын қысқарту;
әлемдік компанияларды тарту немесе жоғары деңгейдегі көлік-экспедиторлық қызметтерді көрсетуге бейім бәсекеге қабілетті компания құру;
жүктерді қадағалау мүмкіндігін ұсыну;
жеткізу мерзімдеріне қол жеткізу мақсатында жүк ағындарының негізгі бағыттары бойынша тұрақты контейнер пойыздарын шығару жөніндегі шаралар қабылданатын болады.
Үкімет жанындағы логистикалық жүйені және транзиттік әлеуетті дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия нысанындағы жұмыс, барлық тартылған мемлекеттік құрылымдар мен мүдделі ұйымдардың белсенді позициясы және оларды өз құзыреттеріне сәйкес келетін LPI индексінің кіші индикаторларына бекіту елдің аталған рейтингтегі позицияларын арттыруға ықпал етеді.
5-міндет. Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы терминалдық желісін құру.
Ішкі терминалдық желіні құру. Қазақстандық экспорттаушылардың қажеттілігін қанағаттандыру және транзиттік әлеуетті іске асыру үшін жүк базасын қалыптастыруға ықпал ету және Қазақстан арқылы құрлықтағы бағдарлардың артықшылықтарын ілгерілете отырып, жүк жөнелтушілермен тікелей диалог жүргізу мүмкіндігіне ие болу үшін ел ішінде, сол сияқты шетелде қуатты көлік-логистикалық орталықтар желісін құру қажет. Бұл ретте, трансқұрлықтық дәліздердің экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету үшін сауда ағындарының пайда болу және оларды өтеу орындарында, сол сияқты көлік-логистикалық инфрақұрылым объектілерін тікелей иемдену, әріптестіктер мен альянстар арқылы кері жүк ағынын қалыптастыруға қатысу аса маңызды.
Тауар қозғалысының жалпыеуропалық жүйесін қалыптастыру еуропалық логистикалық бірнеше тірек орталықтарының және олармен өзара іс-қимыл жасайтын өңірлік логистикалық көліктік-бөлу орталықтарының болуын көздейді. Мұндай шешім бағдарларды түзетуді қамтамасыз етуге және тауар-материал ағындарының жылжуын тездетуге, тауар қозғалысы процесінің үздіксіз болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Еуропалық тәжірибені пайдалана отырып, жүйенің тірек бөлігі олардың ішінде Шығыс қақпасы – Қорғас пен Достық және Батыс қақпасы – Ақтау порты ерекше мәнге ие болатын шекара маңындағы көлік-логистикалық орталықтар желісіне және экспорттық ағындардың пайда болу орындары мен транзиттік ағындар қиылысына негізделетін болады.
Хабтарды құру кезіндегі міндетті шарттар мультимодальдық және дамыған сервистік инфрақұрылым болып табылады.
Сыртқы терминалдық желіні және агенттік пункттері желісін құру. Жаһандану жағдайында сыртқы нарықтарға одан әрі жылжу үшін Қазақстан ел ішінде ғана емес, сондай-ақ одан тысқары жерлерде, негізінен Азия мен Еуропа арасындағы қазіргі сауда бағыттарында терминалдық-сервистік инфрақұрылымды дамыту арқылы халықаралық қатысу стратегиясын құруы қажет. Бұл ретте көлік-логистикалық көрсетілетін қызметтерді («Жалғыз терезе» қағидаты бойынша логистикалық өнімдерді) сатудың агенттік желісін дамыту, Каспий, Қара теңіз және Балтық бассейндерінің теңіз және «құрғақ» порттарында, Қытайда, Ресейде, ЕО, Парсы шығанағы елдерінде терминалдық қуаттарды салу немесе жалға алу басты міндет болып табылады.
Орталықтандырылған басқару жүйесімен және бірыңғай технологиялық процеспен байланысқан көлік-логистикалық орталықтар желісі Қазақстан мен халықаралық көлік дәліздеріне қатысушы елдердің байланысын, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа бағытындағы басты теңіз сауда порттарына шығуды қамтамасыз етеді.
Осы жүйенің Ляньюньган/Чунцин/Үрімші - Достық/ Алтынкөл (Қорғас) және әрі қарай Ресей/Беларусь/Украина/Балтық бойы/Еуропа елдері бағытындағы негізгі транзиттік осі негізінен Қытай мен ОША елдерінен Еуропа мен Ресейге тасымалданатын жүк ағындарын Қазақстан арқылы тартуға жұмыс істейтін болады.
Қытайдың Үрімші, Чунцин мен Ляньюньган сияқты орталықтарында болуы жүк базасын қалыптастыруға және Қазақстан арқылы құрлықтағы бағдарлардың артықшылықтарын ілгерілете отырып, жүк жөнелтушілермен тікелей үндестік жүргізуге мүмкіндік береді.
Осы бағыттағы түйінді жоба Қазақстанның сауда-саттығын дамытудың перспективалы бағыттарының бірі Оңтүстік-Шығыс Азияға баратын/Азиядан келетін бағыттағы жүк ағындарын шоғырландыру үшін Ляньюньган портында өз терминал инфрақұрылымын салу болып табылады.
Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өнімдерінің, бірінші кезекте астық пен ет экспортының зор әлеуетін ескере отырып, Ресейде сауда-логистикалық кешендер құру (сатып алу) мәселесі пысықталатын болады, мәселен бұл сыртқы нарықтарға шығарылатын ет экспортын 2020 жылға қарай 180 мың тоннаға дейін арттыруға және отандық өндірушілердің ет өнімдерін сыртқы нарықта ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, ағындарды өтеу орындарында болу соңғы миля қызметтері тұрғысынан, сол сияқты кері жүк ағынын қалыптастыру көлігінде аса маңызды, онсыз аталған трансқұрлықтық дәліздің экономикалық тиімділігі мүмкін болмайды.
6-міндет. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жүктер қозғалысының жүйесін қамтамасыз ету.
Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету қолайлы институционалдық орта қалыптастыруды талап етеді. Дүниежүзілік Банктің бағалауы бойынша халықаралық саудадағы негізгі шығындар және тиісінше төмен көрсеткіш жоғары шығынды логистика есебінен қалыптастырылады, оған рұқсат беру құжаттарын ресімдеу және олардың үлкен тізбесі де кіреді.
Сондай-ақ, мультимодальдық тасымалдарды ұйымдастыруға қатысатын құрылымдардың оңтайлы схемаларын ескере отырып, мультимодальдық тасымалдарды ұйымдастырудың қажеттілігі мәселесін пысықтау, функциялар мен жауапкершілікті бөлу, мультимодальдық тасымалдарға қатысушылар – тасымалдаушы, аралас жүктерді тасымалдаушы, жүк жөнелтушілер мен жүк қабылдаушылар арасындағы өзара қарым-қатынастардың шарттық өндірістік-құрылымдық регламентін әзірлеу маңызды аспект болып табылады.
Үздік халықаралық практиканы талдау және жаһандық көшбасшылардың көлік-логистикалық қызметтер нарығындағы жұмыс істеу тәжірибесі олардың сервис сапасының ең жоғары стандарттары мен бизнестің қаржылық көрсеткіштеріне барынша қолайлы жағдай жасалып, әсіресе ұлттық ауқымда қалыптаса бастаған кезеңінде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгендіктен қол жеткізгенін көрсетеді.
Осыған байланысты, мынадай мәселелер пысықталатын болады:
көлік ұйымдары, олардың көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар мен жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері арасында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тразиттік жүктерді тасымалдау саласындағы бірыңғай қарым-қатынастар мен өзара іс-қимыл жүйесін құру;
аралас транзиттік тасымалдарды іске асыру кезінде бірыңғай тарифтік саясат жүргізу.
7-міндет. Көлік-логистикалық саланы инстититуционалдық реформалау.
Логистикалық оператор «ҚТЖ» ҰК» АҚ өзіне барлық көлік активтерін (әуежайлар, Ақтау теңіз порты, Қорғас) біріктіре, көрсетілетін көліктік-логистикалық қызметердің бірыңғай орталығы бола отырып, көлік инфрақұрылымының жүктемесін қамтамасыз ететін және сапалы қызмет (жылдамдық, сервис, құны, тұрақтылық, сақталуы) көрсететін жүк ағындарының үйлестірушісіне айналады, сол арқылы қазақстандық көлік дәліздерінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттігін арттырады.
Активтерді теңгерілімделген басқару инвестициялық шығыстарды оңтайландыруға мүмкіндік береді, ал олардың арасындағы көліктік сервисті кешенді үйлестіру тасымалды болжамдауды және оның болжамдылығын қамтамасыз етеді, бұл бірыңғай оператордың кешенді көрсетілетін қызметтерімен үйлесіп, клиентке тиімді көліктік-логистикалық өнім ұсынуға мүмкіндік береді.
Барлық көліктік активтерге қолжетімділікті пайдалана отырып, мультимодальдық оператор шетелде логистикалық көрсетілетін қызметтерді сатудың кеңейтілген желісін иелене, көлік-логистикалық фукцияларды, сондай-ақ жаһандық ойыншылары бар альянстар мен кәсіпорындар құру мүмкіндігін жүзеге асыратын болады.
Ұлттық мультимодальдық оператор барлық көлік түрлеріне аралық бірыңғай тарифтің біріктірілуін және ел аумағында жүктердің өтуі кезіндегі шығындарды оңтайландыруды қамтамасыз етеді, жүктердің өтуін және кедендік құжаттардың ресімделуін жеңілдетеді.
Бірыңғай экономикалық кеңістіктің ықпалдасу процестерінің шеңберінде Қазақстан Ресей Федерациясымен және Беларусь Республикасымен бірлесіп Біріктірілген көлік-логистикалық компания (бұдан әрі – БКЛК) құратын болады.
БКЛК транзиттік әлеуетті іске асыру құралына айналып, баға саясатының, жылжымалы құрам паркін өзара пайдаланудың, Кеден одағы мен БЭК елдері аумағында бірыңғай көліктік қызмет көрсету технологияларын енгізудің бірыңғай қағидаттарын негізге ала отырып, үш елдің бірыңғай көлік-логистика жүйесінің дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Көлік дәлізіндегі жаһандық бәсекелес ретінде БКЛК-ні құру Кеден одағы мен БЭК елдерінің көрсетілетін көлік-логистикалық қызметтерінің жаһандық нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді, контейнерлік бизнестің өсімін, түпкілікті клиенттер үшін көрсетілетін логистикалық қызметтер сапасын арттыруды қамтамасыз етеді және т.б.
Тасымалдар мерзімдерін және өзіндік құнын қысқарту үшін көліктік сызбаларды оңтайландыру ұлттық теміржол компанияларына 2020 жылға қарай транзиттік жүк тасымалдарының көлемін 1 млн. астам ЖФБ-ге, ал БКЛК жалпы жүк айналымының көлемін 4 млн. астам ЖФБ-ге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Астықтасығыштар паркін ұлғайту мақсатында қазақстандық және ресейлік операторлардың қатысуымен – «Қазтеміртранс» АҚ және «Русагротранс» ЖАҚ (РФ) бірлескен астықтасығыш вагондар кәсіпорнын құру мәселесі пысықталатын болады. Астықтасығыштардың жалпы паркі 10 мыңнан астам бірлікті құрайды, бұл Қазақстанға жыл сайын қазақстандық астықты тасымалдау үшін шетелдік теміржол әкімшіліктері астықтасығыштарының жалға алынған паркін алудан бас тартуға мүмкіндік береді.
6. Өңірлерді дамытуды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету
6.1. Ағымдағы жағдайды қысқаша талдау
Соңғы екі онжылдықта ел өңірлерін дамытуға баса назар аударылып келеді. Қазіргі уақытта республика халқының негізгі бөлігі өңірлерде тұрады және жұмыс істейді. Осыған байланысты ел алдында нақты міндет тұр –өңірлердің тұрғындарын тіршілік етудің барлық аспектілерімен, оның ішінде балабақшалармен және мектептермен, ауруханалармен және инфрақұрылыммен, таза ауыз сумен, сондай-ақ өңірлер тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ететін жаңа өнеркәсіп кәсіпорындарымен қамтамасыз ету.
Тұтастай алғанда ел бойынша, оның ішінде ел өңірлерінде әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенділігі мен үйлесімділігін және қалалық агломерацияны қала құрылыстық жоспарлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ерекше өзара байланысқан аумақтық құрылымдар ретінде қаралатын агломерацияларды дамыту басталды.
Республиканың барлық өңірлерінде ауылдық тірек елді мекендер (жалпы республика бойынша 516) анықталды, оларды дамыту облыстардың аумақтарын дамыту бағдарламалары шеңберінде іске асырылатын болады.
Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру тиімді аумақтық ұйымдастыру және республика өңірлерінде өндіріс қуаттарын орналастыру негізінде елдің экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыруға бағытталған, бұл ретте қойылған міндеттерге қол жеткізу осы өңірлерде сапалы көлік инфрақұрылымының болуына тікелей тәуелді.
Сондықтан осы Бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі әрбір өңір ішіндегі көлік жүйесі инфрақұрылымынан озыңқы «инфрақұрылымдық орталықтар» құру, сондай-ақ ауылдар мен шағын қалаларды, сондай-ақ «шалғайдағы» елді мекендерді сапалы көлік инфрақұрылымымен кешенді қамтамасыз ету болып табылады.
6.2. Негізгі міндеттер
Қазақстан Республикасы өңірлерінің көлік жүйесін дамытудың 2014 – 2020 жылға арналған негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) өңірлердің, бірінші кезекте Астанада, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде және Ақтауда орталықтары бар, қалыптасып келе жатқан қалалық агломерациялардың «экономикалық арақашықтығын» қысқарту;
2) ауылдар мен шағын қалаларды, сондай-ақ «шалғайдағы» елді мекендерді сапалы көлік инфрақұрылымымен кешенді қамтамасыз ету;
3) жергілікті әуе желісін дамыту;
4) тұрғындарды автомобиль көлігінен қоғамдық көлікке ауысуға ынталандыру;
5) қалалық/өңірлік көліктің қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуды көздейтін энергия тиімді қоғамдық көлік жүйесін дамыту;
6) жол қозғалысын ұтымды ұйымдастыруды, көше-жол желісін дамытуды және көше тұрағы жүйесін жайластыруды көздейтін қоғамдық көлік жүйесін дамыту;
7) көлік жүйесінің қолданыстағы инфрақұрылымын жетілдіру және жаңасын құру арқылы туризм индустриясын дамыту.
6.3. Негізгі бағыттар және қойылған мақсаттарға қол жеткізу жолдары
6.3.1. Өңірлерді дамыту үшін инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің іс-қимыл стратегиясы
Өңірлердің көлік жүйесін дамыту халық пен экономика қажеттілігін қанағаттандыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ шағын қалаларды, ауылдар мен «шалғайдағы» елді мекендерді сапалы көлік инфрақұрылымымен кешенді қамтамасыз етуге бағытталатын болады, бұл үшін мынадай шаралар қабылданады:
1) өңірлердің «инфрақұрылымдық орталықтары» айқындалады және қалыптастырылады;
2) аумақтарды дамыту бағдарламалары осы Бағдарламаның ережелеріне сәйкес қайта қаралатын болады. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар аймақтарды дамыту бағдарламаларын көлік инфрақұрылымын дамытудың жеке бөлімімен толықтырылатын болады;
3) қалалық/өңірлік қоғамдық көлік жүйесін және жергілікті әуе желісін (бұдан әрі – ЖӘЖ) дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады.
6.3.2. «Инфрақұрылымдық орталықтарды» қалыптастыру
Қазақстанның өңірлік саясаты өңірлердің ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігін үдету, еңбек пен капитал ресурстарын экономикалық өсу орталықтарында аумақтық шоғырландыру, өңірлік жұмыспен қамтуды және республика халқының өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы жағдайлар мен факторлар қалыптастыруға бағытталған.
Көлік инфрақұрылымының барлық түрлерін озыңқы дамытпайынша, елде жүргізіліп жатқан индустриялық-инновациялық дамыту саясаты шеңберінде жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру қиындық туғызатын болады.
Бұл өз кезегінде көлік саласының алдында өңірлерде өндірістік объектілер орналастыруды ескере отырып, озыңқы көлік инфрақұрылымын жасаудың нақты міндетін қояды.
Қазақстан Республикасы тұрғындарының экономикалық белсенділігі мен ұтқырлығының артуымен жолаушылар көлігін дамытуға, тасымалдаушы компаниялардың қызмет көрсету сапасын арттыруға барған сайын баса назар аударылуда. Жолаушы тасымалдарын дамытудағы стратегиялық басымдық халықтың ұтқырлығын арттыру болып табылады, ол инфрақұрылымды дамыту, көлік қызметтерінің қолжетімділігі, олардың қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыру саласындағы кең спектрлі міндеттерді талап етеді.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы тұрғындарының ұтқырлығын арттыру көлік жүйесінің алдында нақты міндет қояды – жайлылық пен қауіпсіздік деңгейі жоғары сапалы көліктік көрсетілетін қызметтерді, өзекті экономикалық және өндірістік орталықтардың тиімді көлік байланысын, ел өңірлері мен агломерациялардың ішкі байланысын, сондай-ақ тасымалдардың бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Жүк тасымалдары өңірді дамытуда маңызды рөл атқарады, мұнда тиімді құрылған көлік-логистика жүйесі Қазақстан өңірлері арасындағы экономикалық байланыстарды іске асырудың негізгі құралы, сондай-ақ қазақстандық тауарлардың әлемдік нарықтарға экспорты мен республиканың ішкі нарықтарына шетел тауарлары импортының басты жалғастырушысы болып табылады.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының транзиттік және экспорттық әлеуетін іске асыру, сондай-ақ экономикалық өсімді қолдау ел ішіндегі, оның ішінде әрбір өңір ішіндегі автомобиль және теміржол желілерін жоғары ықпалдастыру, сондай-ақ жүк ағындарын бөлуге, тасымалдардың жоғары жылдамдығына, уақтылығына, қолжетімділігіне және сенімділігіне әсер ету үшін олардың негізгі халықаралық көлік дәліздеріне ықпалдасу міндетін қояды.
Бұдан басқа, елде өңірлерді дамыту, оның ішінде инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі агломерацияларды дамытудың және олардың қоршаған аудандармен және негізгі нарықтармен байланысын жақсартудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылатын агломерацияларды дамыту жөнінде белсенді жұмыс жүргізілуде.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайлардың бәрі, атап айтқанда, тұрғындардың экономикалық белсенділігі мен ұтқырлығының артуы, тұтыну тауарларының ішкі және сыртқы нарықтарының жаһандануы, өңірлерде өндірістік объектілерді орналастыруды ескере отырып, озыңқы көлік инфрақұрылымын құру қажеттігі өңірлердің көлік жүйесін дамыту жөніндегі қағидаты жағынан жаңа тәсілді талап етеді. Аталған жүйе өңірдің жалпы өңіраралық және мемлекетаралық шаруашылық процестеріне қолжетімділігін қамтамасыз ететін жергілікті даму аумақтарында көлік инфрақұрылымын шоғырландыруды көздейді.
Өңіраралық көліктік қолжетімділік пен елдің және өңірдің өзекті экономикалық орталықтарының, жұмыс орындарының, тұрғылықты жердің, өндіріс пен тауарларды тұтынудың байланыстылығын қамтамасыз ететін, бұл ретте барлық көлік түрлерінің неғұрлым көп өңіраралық жолаушы және жүк ағындары бар, көлік дәліздерінің инфрақұрылымдарына және агломерациялар ядросына барынша мұқтаж өңір аумағының бір бөлігі болып табылатын елдің өңірлерінде «инфрақұрылымдық орталықтар» қалыптастыру көлік жүйесін дамыту жөніндегі жаңа тәсілге айналады.
Аумақтарды дамытудың көліктік бағдарламасында өңірлердің аталған «инфрақұрылымдық орталықтарды» қалыптастыруға баса назар аударылады.
Көлік саласындағы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз ететін салалық мемлекеттік орган 2014 жылдың бірінші жарты жылдығында «инфрақұрылымдық орталықтарды» айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді.
Бұл ретте «инфрақұрылымдық орталықтарды» құру екі кезеңде жүзеге асырылатын болады:
-
бірінші кезең (2014 – 2015 жылдар) пилоттық болып табылады, ол кезде жергілікті атқарушы органдар «инфрақұрылымдық орталықтарды» айқындаудың бекітілген әдістемесі негізінде өңірлердің «инфрақұрылымдық орталықтарды» қалыптастыруға неғұрлым әлеуеті бар бөлігін анықтау үшін кешенді талдау жүргізетін болады. Жергілікті атқарушы органдар жүргізген талдаудың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылған өңірлердің «инфрақұрылымдық орталықтарының» тізбесін бекітеді;
-
екінші кезең (2016 – 2020 жылдар) ол кезде «инфрақұрылымдық орталықтардың» көлік жүйесін дамытуға бағытталған өңірлердің «инфрақұрылымдық орталықтары» қалыптастырылатын және құрылатын толық ауқымды іске асыру кезеңі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |