Армянның асбұршақпен фарщталған баклажаны
Баклажандарды жуып, сабақ жағын кесіп, ұзынынан бөліп, тұқымдарын алып тастап, қайнап жатқан суға 5 минут салып аласыз. Сүзіп алып суын сорғытып қоясыз. Баклажандарды томат-пюре қосып қуырған пиязбен, пісірілген асбұршақпен фарштап, май бүркіп, духовкаға қойып пісіресіз. Фаршталған баклажандарға петрушка көгін себелейсіз де айранды бөлек ыдысқа құйып дастарқанға әкелесіз.
Бұған керегі – 3-4 баклажан, 1 пияз, 40 г күйдірілген сары май, 25 г томат пюре, 40 г тазаланған асбұршақ, 100-150 г айран , тұз бен петрушка қалағаныңызша.
Армянның помидор қосып бұқтырылған баклажаны
Тазартып, жуылған баклажандарды дөңгелектеп турап, тұздайсыз да 10-15 минуттан соң сығып, майға қуырасыз. Кастрюльге осы қуырылған баклажандарды бір қабат етіп салып, оның үстінен майға қуырылған пиязды екінші қабат етіп, ал оның үстінен помидорларды екіге бөліп-бөліп саласыз да 5-10 минутқа духовкаға салып қоясыз. Дайын болғанда айран мен үгітілген сарымсақты бөлек ыдыспен дастарқанға қоса әкелесіз.
Бұған керегі – 3-4 баклажан, 2-3 пияз, 2-3 помидор, 3-4 ас қасық өсімдік майы, айран мен сарымсақ, тұз қалғаныңызша.
Армянның көкөністермен бұқтырылған картобы
Картоп пен баклажанды төртбұрыштап турап, пияз қосып майға қуырасыз да оған туралған тәтті бұрыш қосып, тұздайсыз, аздап су қосып қақпағы жабық ыдыста біраз бұқтырасыз. Дайын болардан 5 минут бұрын помидор турап саласыз. Дастарқанға әкелерде тарелкаға салып, бұқтырылғанда шыққан өз тұздығынан құйып, көктер себелейсіз.
Бұған керегі – 600 г картоп, 2-3 баклажан, 3-4 помидор, 2-3 тәтті бұрыш, 1-2 пияз, 100 г тортасын айырған сары май, аскөк пен петрушка көгі, тұз қалауыңызша.
Армянның қызылша қосқан сорпасы
Етті пісіріп, сорпасын сүзгіден өткізесіз, ал етті кесіп бөлесіз. Қызылшаны жіңішкелеп турап, әбден жұммсарғанша майға қуырасыз. Ұнды алдын ала қуырып, үстінен сорпа құясыз, іртік түйірі болмау үшін мұқият араластырасыз да қайнап жатқан сорпаға құясыз. Сонан соң майға қуырған қызылшаны, туралған етті, тұз бен бұрыш қосып 10 минуттай қайнатасыз. Дайын болған сорпаны тарелкаларға құйып, петрушка себелеп дастарқанға әкелесіз.
Сорпаға – 600 г сиыр еті, 1 кг қызылша, 75 г күйген сары май, 2-3 ас қасық ұн, петрушка мен бұрыш, тұз қалағаныңызша.
Достарыңызбен бөлісу: |