Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Қазақстан Республикасының 1995 ж. 31 тамыздағы №2444 Заңы



жүктеу 2.38 Mb.
бет1/9
Дата09.06.2016
өлшемі2.38 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9
Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы
Қазақстан Республикасының 1995 ж. 31 тамыздағы № 2444 Заңы

 

I Бөлiм Банкiлердi құрудың және олардың қызметiнiң негiздемесi мен шарттары



 

1-тарау. Жалпы ережелер

 

1-бап. Банк, оның мәртебесi және тұрған жерi

1. Банк - осы Заңға сәйкес банк қызметiн жүзеге асыруға құқылы коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға.

2. Банктiң ресми мәртебесi заңды тұлғаны тіркеуші органдарда (бұдан әрі − әділет органдары) банк ретiнде мемлекеттiк тiркеумен және банк операцияларын жүргiзуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі лицензиясының болуымен айқындалады.

3. Банкінің ресми мәртебесi жоқ бірде-бір заңды тұлға «банк» деп атала алмайды немесе өзiн банк қызметiмен айналысушы ретiнде сипаттай алмайды.



4. Банк басқармасы тұрған жер (почта бойынша мекен-жайы) банк тұрған жер деп танылады.

 

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар



Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) бақылау - мынадай шарттардың бірі:

бір тұлға заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестерінің не орналастырылған акцияларының (артықшылықты және қоғам сатып алған акцияларды шегере отырып) елу процентінен астамына дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп тікелей немесе жанама иеленген не оның заңды тұлға акцияларының елу процентінен астамымен дербес дауыс беру мүмкіндігі болған;

бір тұлғаның заңды тұлғаның басқару органы немесе атқарушы органы құрамының кемінде жартысын дербес сайлау мүмкіндігі болған;

Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниясының қаржылық есептілігін қоспағанда, заңды тұлғаның қаржылық есептілігін аудиторлық есепке сәйкес басқа заңды тұлғаның қаржылық есептілігіне қосқан;

заңды тұлғаның шартқа (растайтын құжаттарға) сәйкес немесе уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда өзгедей түрде шешімдерін бір тұлғаның дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп айқындау мүмкіндігі болған кезде туындайтын заңды тұлғаның шешімдерін айқындау мүмкіндігі;

2) банк акцияларын жанама иелену (олармен дауыс беру) - банктің, банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің немесе заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иелену арқылы банктің бірлескен ірі қатысушысы, банк холдингі болып табылатын тұлғалардың шешімін айқындау мүмкіндігі;

2-1) банкаралық клиринг - төлемдерді жинау, салыстырып тексеру, сұрыптау және растау, сондай-ақ олардың өзара есепке жатқызуын жүргізу және клирингке қатысушылардың - банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың таза позицияларын айқындау;

3) банк конгломераты - банк холдингінен, банктен, сондай-ақ банк холдингінің еншілес ұйымдарынан және (немесе) банктің еншілес ұйымдарынан және (немесе) капиталына банк холдингі және (немесе) оның еншілес ұйымдары қомақты қатысатын ұйымдардан тұратын заңды тұлғалар тобы.

Банк конгломератының құрамына ұлттық басқарушы холдинг, Қазақстан Республикасының резиденті емес - банк холдингі, сондай-ақ капиталына еншілес ұйымдар және Қазақстан Республикасының резиденті емес банк холдингі қомақты қатысатын, Қазақстан Республикасының резиденті еместер болып табылатын ұйымдар кірмейді.

4) банк холдингі - уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес банктің орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акцияларды шегере отырып) акцияларының жиырма бес немесе одан астам процентін тікелей немесе жанама иеленетін (осындай иеленуші мемлекет немесе басқарушы холдинг болып табылатын жағдайларды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда) немесе:

банктің дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан астам процентімен тікелей немесе жанама дауыс беруге;

шарттың күшіне қарай не өзгеше түрде банк қабылдайтын шешімдерді айқындауға немесе бақылау жасауға мүмкіндігі бар заңды тұлға;

5) банктің реттеуші меншікті капиталы (бұдан әрі - меншікті капитал) - банктің инвестициялары шегерілген капитал сомасы;

6) банктің ірі қатысушысы - уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес банктің орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акцияларды шегере отырып) акцияларының он немесе одан астам процентін тікелей немесе жанама иеленетін (мемлекет немесе басқарушы холдинг осындай иеленуші болып табылатын жағдайларды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда) немесе:

банктің дауыс беретін акцияларының он немесе одан астам процентімен тікелей немесе жанама дауыс беруге;

шарттың күшіне қарай не өзгеше түрде уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын тәртіппен банк қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар жеке немесе заңды тұлға;

7) бас ұйым - басқа заңды тұлғаға бақылау жасайтын заңды тұлға;

8) депозит - бір тұлға (депозитор) басқа тұлғаға - банкке, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және Ұлттық почта операторына олардың алғашқы талап ету бойынша немесе қандай да бір мерзімнен кейін алдын ала келісілген үстемесімен не онсыз толық немесе бөліп-бөліп тікелей депозиторға қайтарылуы не тапсыру бойынша үшінші тұлғаларға берілуі тиіс не тиіс емес екеніне қарамастан, оларды номиналды түрде (ислам банкіндегі инвестициялық депозитті қоспағанда) қайтару талабымен беретін ақша;

9) еншілес ұйым - басқа заңды тұлға тарапынан бақылау жасалатын заңды тұлға;

10) заңды тұлғаның жарғылық капиталға қатысу үлестерін жанама иелену не акцияларын иелену (олармен дауыс беру) - заңды тұлғаның, заңды тұлғаның ірі қатысушысының немесе басқа заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) иелену (олармен дауыс беру) арқылы бірлесіп заңды тұлғаның ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалардың шешімдерін айқындау мүмкіндігі;

11) заңды тұлғаның ірі қатысушысы - заңды тұлғаның жарғылық капиталға қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының он немесе одан астам процентін иеленетін (осындай иеленуші мемлекет немесе басқарушы холдинг болып табылатын жағдайларды қоспағанда) жеке немесе заңды тұлға;

12) капиталға қомақты қатысу - дауыс беретін акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жиырма және одан астам процентін тікелей немесе жанама, дербес немесе бір не бірнеше тұлғамен бірлесіп иелену не акциялардың жиырма және одан астам процентімен дауыс беру мүмкіндігінің болуы;

12-1) мамандандырылған салалық банк - қызметі Қазақстан Республикасының жеке заңнамалық актісімен реттелетін екінші деңгейдегі банк;

13) мінсіз іскерлік бедел - кәсіпқойлықты, адалдықты, алынбаған немесе өтелмеген сотталғандығы жоқ екенін растайтын фактілердің болуы;

14) тұрақтандыру банкі - консервациялау режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін беру жөніндегі операцияны жүзеге асыру мақсаты үшін уәкілетті органның шешімі бойынша құрылатын екінші деңгейдегі банк. Тұрақтандыру банкін құрудың, оның қызметінің ерекшеліктері осы Заңда белгіленген.

 

2-1-бап. Банктің аффилиирленген тұлғалары



1. «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабында айқындалған тұлғалар, сондай-ақ банк конгломератының қатысушылары банктің аффилиирленген тұлғалары болып табылады.

Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, ұлттық басқарушы холдингте банктің ірі акционері белгісінің болуы банктің аффилиирленген тұлғаларын «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабына сәйкес айқындау үшін негіз болып табылмайды.



2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, ұлттық басқарушы холдинг не мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтің және жоғарыда көрсетілген заңды тұлғалардың лауазымды адамдары ірі акционері ұлттық басқарушы холдинг болып табылатын банктің үлестес тұлғалары болып табылмайды.

Банктер акционерлерінің құрамында ұлттық басқарушы холдингтің болуы осы банктерді бір-біріне қатысты аффилиирленген тұлғалар деп тануға негіз болып табылмайды.

3. Осы баптың 1-тармағы екiншi бөлiгiнiң, сондай-ақ 2-тармағының ережелерi Қазақстан Республикасының салық заңнамасының және Қазақстан Республикасының трансферттiк баға белгiлеу туралы заңнамасының мақсаттары үшiн ескерiлмейдi.

 

3-бап. Қазақстан Республикасының банк жүйесi



1. Қазақстан Республикасының екi деңгейлi банк жүйесi бар.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттiң орталық банкi болып табылады және ол банк жүйесiнiң жоғарғы (бiрiншi) деңгейiн білдіреді.



Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң (уәкілетті орган) мiндеттерi, қызмет қағидаттары, құқықтық мәртебесi және өкiлеттiктері «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарымен айқындалады.

Уәкілетті орган өз құзыретi шегiнде банк қызметiнiң мәселелерi бойынша реттеудi, сондай-ақ өзінің ведомствосымен қатар бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады және банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс iстеуi үшiн жалпы жағдайлар жасауға ықпал етеді.

Уәкілетті органның банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты реттеу функциялары Қазақстан Республикасының ақша-кредит жүйесiнiң тұрақтылығын ұстап тұруға, банк кредиторларының, олардың салымшылары мен клиенттерiнiң мүдделерiн қорғауға бағытталған.

3. Қазақстан Республикасының заң актісімен белгіленген ерекше құқықтық мәртебесі бар Қазақстанның Даму Банкін қоспағанда, өзге банкiлердiң бәрi банк жүйесiнiң төменгi (екiншi) деңгейiне жатады.

4. 2001.02.03 № 162-II ҚР Заңымен алып тасталды

5. Шетелдер қатысушы банк - орналастырылған акцияларының үштен бірiнен астамы:

а) Қазақстан Республикасының резиденттерi еместердiң;

б) орналастырылған акцияларының немесе жарғылық капиталдарға қатысу үлестерiнiң үштен бірiнен астамы Қазақстан Республикасының резиденттерi еместердiң не соларға ұқсас Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң - заңды тұлғаларының иелiгiнде, меншiгiнде және/немесе басқаруында болатын Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң - заңды тұлғаларының;

в) Қазақстан Республикасының резиденттерi еместердiң не осы баптың 6 (б)-тармағында көрсетiлген заңды тұлғалардың қаражаттарына билiк етушiлер (сенім бiлдiрiлген адамдар) болып табылатын Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң иелiгiнде, меншiгiнде және/немесе басқаруында болатын екiншi деңгейдегi банк.

5-1. Ислам банкі - уәкілетті органның лицензиясы негізінде осы Заңның 4-1-тарауында көзделген банк қызметін жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банк.



Ислам банкі депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылмайды және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесімен ислам банкіндегі депозиттерге кепілдік берілмейді.

Ислам банкін құрудың және оның қызметінің ерекшеліктері осы Заңның 4-1-тарауында белгіленген.

6. Мемлекетаралық банк - халықаралық шарт (келісім) негiзiнде құрылып, жұмыс iстеп тұрған, құрылтайшылары Қазақстан Республикасының Үкіметі (немесе ол уәкiлдiк берген мемлекеттік орган) мен сол шартқа (келісімге) қол қойған мемлекеттердiң үкiметтерi болып табылатын банк.

7. Қазақстан Республикасында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамын қоспағанда, мемлекет қатысатын мамандандырылған салалық банктерді құруға жол берілмейді.

 

4-бап. Қазақстан Республикасының банк заңнамасы



1. Қазақстан Республикасының банк заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендерден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

 

5-бап. Банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым



Уәкiлеттi органның лицензиясы негiзiнде не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы Заңда көзделген банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргiзуге құқылы, банк болып табылмайтын заңды тұлға банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым болып танылады.

 

5-1-бап. Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйым



1. Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымды осындай ұйымның дауыс беретін акцияларының жүз пайызына ие уәкілетті орган құрады.

2. Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйым қызметтің мынадай түрлерін:

1) жарғылық капиталды құру үшін акциялар шығаруды, сондай-ақ өз қызметін қаржыландыру үшін облигациялар шығаруды;

2) меншікті орналастырылған акциялары мен облигацияларын сатып алуды;

3) күмәнді және үмітсіз активтерге, оның ішінде заңды тұлғаларға қойылатын күмәнді және үмітсіз талап ету құқықтарына және оларға қойылатын өзге де талап ету құқықтарына бағалау жүргізуді;

4) банктердің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алуды және оларды өткізуді;

5) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның банктерден сатып алған талап ету құқығы қойылатын заңды тұлғалардың акцияларына және (немесе) жарғылық капиталына қатысу үлестеріне бағалау жүргізуді;

6) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның банктерден сатып алған талап ету құқығы қойылатын заңды тұлғалардың акцияларын және (немесе) жарғылық капиталына қатысу үлестерін сатып алуды;

7) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның банктерден сатып алған талап ету құқығы қойылатын заңды тұлғалардың акцияларын және (немесе) жарғылық капиталға қатысу үлестерін өткізуді;

8) күмәнді және үмітсіз активтері сатып алынған банктер шығарған және орналастырған акцияларға және (немесе) облигацияларға бағалау жүргізуді;

9) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйым күмәнді және үмітсіз активтер бойынша талап ету құқығын сатып алған банктер шығарған және орналастырған акцияларды және (немесе) облигацияларды сатып алуды;

10) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйым күмәнді және үмітсіз активтер бойынша талап ету құқығын сатып алған банктер шығарған және орналастырған акцияларды және (немесе) облигацияларын өткізуді;

11) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйым банктерден сатып алған заңды тұлғаларға талап ету құқықтары бойынша мүлікті жалға беруді немесе осындай мүлікті тегін уақытша пайдаланудың өзге нысанын пайдалануды;

12) ақшаны бағалы қағаздарға, сондай-ақ банк шоты мен банк салымы шарттары талаптарының негізінде екінші деңгейдегі банктерге және уәкілетті органға орналастыруды;

13) талап ету құқықтарын және екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйым сатып алған басқа да күмәнді және үмітсіз активтерді секьюритилендіру бойынша операциялар жүргізуді;

14) банктердің, басқа қаржы ұйымдарының, кәсіби сарапшылардың және халықаралық аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың заңды тұлғаларға талап етудің сатып алынған құқықтарының және басқа да күмәнді және үмітсіз активтердің құнын бағалау, сенімгерлік басқару, қайта құрылымдау және қалпына келтіру (арттыру) бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға құқылы.



Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның осы тармақта көзделген қызмет түрлерін, сондай-ақ ол сатып алатын (сатып алған) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптарды жүзеге асырудың тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйым банктік қарыз шарттары бойынша өзіне берілген талап ету құқықтары бойынша банктік қарыз операциясы жөніндегі кредитор (қарыз беруші) деп танылады және ол банктік қарыз шартында белгіленген барлық құқықтар мен міндеттерге ие болады.

 

6-бап. Уәкiлеттiк берiлмеген қызметке тыйым салу



1. Уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясы жоқ бiрде-бiр тұлғаның:

1) негiзгi немесе қосымша қызмет ретiнде банк операцияларын орындауға;

2) өзiнiң атауында, құжаттарда, хабарландырулар мен жарнамада «банк» деген сөздi немесе содан туындайтын, ол банк операцияларын орындайтындай әсер қалдыратын сөздi (ұғымды) пайдалануға құқығы жоқ. Бұл тыйым уәкілетті органға, банктердiң филиалдары мен өкiлдiктерiне, банктердің еншілес ұйымдарына, халықаралық қаржы ұйымдарына қолданылмайды.

2. Мемлекеттiк орган, кредиттік серіктестіктер, Ұлттық почта операторы, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің операторы, сондай-ақ Қазақстан Даму Банкi Қазақстан Республикасының заңдарында бекiтiлген өкiлеттiктерi шегiнде жүргiзетiн қызметтi (операцияларды) қоспағанда, уәкiлеттi органның лицензиясынсыз жүзеге асырылған банк операциялары жарамсыз болып табылады.

 

7-бап. Банкiлер мен мемлекеттің жауапкершiлiгiн шектеу. Банкiлердiң тәуелсiздiгi



1. Банкiлер мемлекеттің мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, сол сияқты мемлекет те олардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, бұған осы баптың 2-тармағында көрсетiлген реттер, сондай-ақ банкiлер мен мемлекет өзiне осындай жауапкершiлiк алған жағдайлар кiрмейдi.

2. Мемлекет өзiнiң мемлекеттік банкiлердiң жарғылық капиталына салған қаражаттары шегiнде олардың мiндеттемелерi бойынша жауапты болады. Үкiмет жеке шешiммен олардың мiндеттемелерi бойынша өзiне қосымша жауапкершiлiк алып, мемлекеттік банкiлерге қосымша жауапкершiлiк жүктей алады.

3. Қазақстан Республикасының заңдарында тiкелей көзделгеннен басқа реттерде мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының кез келген түрде банкiлердiң қызметiне араласуына тыйым салынады.

Банк несие берушiлерiнiң мүдделерiн қорғау және Республиканың банк жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісім бойынша, Қазақстан Республикасының банк заңнамасының талаптарына сәйкес капиталының терiс мөлшерi бар банктер акционерлерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, оларға заңдарда белгiленген санкцияларды қолдану арқылы мәжбүрлеп шектеу туралы шешiмдер қабылдауға құқылы.

 

8-бап. Банктер мен банк холдингтері үшін тыйым салынған немесе шектелген қызмет



1. Банктерге Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүшелікті, сондай-ақ осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, банк қызметiне қатысы жоқ не осы Заңның осы бабының 9-тармағында және 30-бабының 12-тармағында көзделмеген операциялар мен мәмiлелердi кәсiпкерлiк қызмет ретiнде жүзеге асыруға, сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерiн немесе акцияларын иемденуге, коммерциялық емес ұйымдарды құруға және олардың қызметiне қатысуға және осы баптың 8-тармағында көзделген жағдайларда бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелердi жүзеге асыруға тыйым салынады.

2. Банк холдингтерiне Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүшелікті, сондай-ақ осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, операциялар мен мәмiлелердi кәсiпкерлiк қызмет ретiнде жүзеге асыруға, сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерiн немесе акцияларын иемденуге, коммерциялық емес ұйымдарды құруға және олардың қызметiне қатысуға және осы баптың 8-тармағында көзделген жағдайларда бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелердi жүзеге асыруға тыйым салынады.



3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген тыйым салу мынадай жағдайларда:

1) банктер:

қаржы ұйымдарын, сондай-ақ банктер, сақтандыру ұйымдары, зейнетақы қорлары, онда банк холдингі болған кезде олардың орналастырылған (артықшылықты және қоғам сатып алған акциялары шегеріле отырып) акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он немесе одан көп пайызы мөлшерінде бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар мәртебесі бар Қазақстан Республикасының резиденті емес заңды тұлғаларды құрған, сондай-ақ акцияларды және жарғылық капиталға қатысу үлестерін сатып алған жағдайларда қолданылмайды. Бұл ретте банк холдингінің болу талабы дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамы мемлекетке немесе ұлттық басқарушы холдингке тиесілі банктерге қолданылмайды;

сатып алатын акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес келген жағдайда олардың орналастырылған (артықшылықты және қоғам сатып алған акциялары шегеріле отырып) акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он пайызынан аз мөлшерде заңды тұлғаларды;

бағалы қағаздарды банк кепілдігімен шығару және орналастыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасының резиденті емес-еншілес арнайы ұйымдарды;

Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес секьюритилендiру мәмілелері үшін құрылған еншілес арнайы қаржы компанияларын;

бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын Қазақстан Республикасының резиденттері - еншілес ұйымдарды;

банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау, лизингтік қызметті жүзеге асыру айрықша қызметі болып табылатын еншілес ұйымдарды;

төлем карточкаларымен жасалатын операциялар бойынша есеп айырысуларды қоса алғанда, банктік қызмет бойынша есеп айырысуға қатысушылардың арасында ақпараттық, телекоммуникациялық және технологиялық өзара іс-қимылдарды қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсететін ұйымдарды;

электронды цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электронды цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыру жөніндегі, сондай-ақ тіркеу куәлігінің дәйекті болуын растау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды;

осы Заңның 10-бабында аталған заңды тұлғаларды;

кепіл ретінде қабылданған акциялары немесе осы ұйымдардың жарғылық капиталына қатысу үлестері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес банктердің меншігіне өткен кезде заңды тұлғаларды;

қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қор биржалары мен орталық депозитарийді;

кредиттік бюроларды;

ислам банкі осы Заңның 4-1-тарауында көзделген банк қызметін жүзеге асырғанда - өзге де заңды тұлғаларды;

2) банк холдингтері:

қаржы ұйымдарын;

екінші деңгейдегі банктердің күмәнді және үмітсіз талаптарын оларды басқару және (немесе) одан кейін өткізу, қайта құрылымдау және (немесе) секьюритилендіру үшін сатып алатын Қазақстан Республикасының резиденттерін-ұйымдарды;

бағалы қағаздарды банк холдингінің кепілдігімен шығару және орналастыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасының резиденттері емес-арнайы ұйымдарды;

Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес секьюритилендiру мәмілелері үшін құрылған еншілес арнайы қаржы компанияларын;

банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау, лизингтік қызметті жүзеге асыру айрықша қызметі болып табылатын ұйымдарды;

төлем карточкаларымен жасалатын операциялар бойынша есеп айырысуларды қоса алғанда, банктік қызмет бойынша есеп айырысуға қатысушылар арасында ақпараттық, телекоммуникациялық және технологиялық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсететін ұйымдарды;

банктер, сақтандыру ұйымдары, зейнетақы қорлары, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар мәртебесі бар Қазақстан Республикасының резиденті емес-заңды тұлғаларды құрған, сондай-ақ олардың акцияларды немесе жарғылық капиталдарға қатысу үлестерін сатып алған жағдайларда қолданылмайды.

Банктің еншілес ұйымдары, осы Заңның 11-2-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сай келетін заңды тұлғалардың акцияларын немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін ғана сатып алуға құқылы. Банктің еншілес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сақтандыру ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда, сақтандырушыға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның және деректер базасын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның акцияларын да сатып алуға құқылы.

Банк холдингінің еншілес ұйымдары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сай келетін заңды тұлғалардың акцияларын немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін ғана сатып алуға құқылы. Банк холдингінің еншілес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сақтандыру ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда, сақтандырушыға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның акцияларын және деректер базасын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның акцияларын да сатып алуға құқылы. Бұл талап:

Қазақстан Республикасының резиденті-еншілес банктерге;

көрсетілген заңды тұлғалардың акцияларын немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін тікелей иеленетін (дауыс беру, шешімді айқындау және (немесе) қабылдайтын шешімдерге шарттың күшіне қарай немесе өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігі бар) Қазақстан Республикасы резиденті банкінің акцияларын иелену (дауыс беру, шешімді айқындау және (немесе) қабылдайтын шешімдерге шарттың күшіне қарай немесе өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігінің болуы) арқылы банк холдингі бас ұйымы болып табылатын заңды тұлғаларға;

мынадай талаптардың бірін орындаған кезде:

банк холдингінде тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес жеке кредиттік рейтингі, сондай-ақ көрсетілген тұлғалардың шоғырландырылған қадағалауға жататындығын білдіретін олар шыққан елдің қаржы қадағалау органының жазбаша растауы болған;

уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органы арасында ақпарат алмасу туралы келісім, сондай-ақ рейтингтік агенттіктердің бірінің ең төменгі талап етілетін рейтингі болған кезде банк холдингі болып табылатын Қазақстан Республикасының резидент еместерінің еншілес ұйымдары болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті еместерге қолданылмайды. Ең төменгі рейтинг пен рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.

4. Осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін не акцияларын банктің сатып алуы бір заңды тұлғаға банктің меншікті капиталының он пайызынан аспауға тиіс. Бұл шектеу банктің жарғылық капиталға қатысу үлестерін не көрсетілген заңды тұлғалардың акцияларын иеленуіне, оның ішінде оларды құру жағдайларына да қолданылады.



Банктің осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерінің не акцияларының жиынтық құны уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған мөлшерден аспауға тиіс.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген шектеу осы Заңға сәйкес өзіне қатысты қайта құрылымдау жүргізілген басқа банкке бақылау жасауды өздерінің сатып алуымен байланысты банктерге қолданылмайды.

5. Банктің қаржы ұйымдарының, сондай-ақ банктер, сақтандыру ұйымдары, жинақтаушы зейнетақы қорлары, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар мәртебесі бар Қазақстан Республикасының резиденті емес-заңды тұлғалардың орналастырылған (артықшылықты және қоғам сатып алған акциялары шегеріле отырып) акцияларының немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерінің он немесе одан көп пайызы мөлшерінде сатып алуына және иеленуіне банк уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін өз капиталының ең төменгі жеткіліктілігіне қойылатын қосымша талаптарды банк орындаған жағдайда жол беріледі. Бұл талап банк көрсетілген заңды тұлғаларды құрған жағдайларға да қолданылады.

6. Банк конгломераты, банк немесе банк холдингі бас ұйымының банктің не банк холдингінің еншілес ұйымдарына, банк не банк холдингі капиталына қомақты қатысатын ұйымдарға тиесілі акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жиынтық үлесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын лимиттерден аспауға тиіс.

7. Заңды тұлғалардың кепіл ретінде қабылданған акциялары немесе жарғылық капиталға қатысу үлестері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес банктің меншігіне өткен жағдайларда, банктер осы ұйымдардың акцияларын немесе жарғылық капиталына қатысу үлестерін сатып алған кезде банктің осындай заңды тұлғаларға қатысуы банктің меншікті капиталының он пайызынан аспауға тиіс.



Акцияларды немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін өткізу мерзімі, банк кепіл ретінде қабылдаған осы ұйымдардың акцияларын немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін банктің осы Заңның 11-2-бабында айқындалған шарттармен құрылған (сатып алынған) еншілес ұйымына беру жағдайларын қоспағанда, он екі айдан аспауға тиіс.

Осы тармақта белгіленген шектеулер, банктің осы Заңның 11-2-бабында айқындалған жағдайларда құрылған (сатып алынған) еншілес ұйымын қоспағанда, банктердің еншілес ұйымдарына қолданылады.

8. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген тыйым салу:



тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық қаржы ұйымдарының облигацияларын;

талап етілетін ең төменгі рейтингі бар облигацияларды меншікке сатып алу жағдайларына қолданылмайды. Талап етілетін ең төменгі рейтинг пен рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді;

Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған, банктің немесе банк холдингінің еншілес ұйымы болып табылатын арнайы қаржы компаниясының банк немесе банк холдингі мен арнайы қаржы компаниясы арасындағы секьюритилендіру мәмілесін жүзеге асыру шеңберінде шығарылған облигацияларын;

банктің немесе банк холдингінің меншікті облигацияларын және банк немесе банк холдингі міндеттемелеріне кепілдік берген осы банктің немесе банк холдингінің еншілес ұйымдары шығарған облигацияларды меншікке сатып алу жағдайларына қолданылмайды. Мұндай облигациялармен мәмілелер жасасу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

Осы бапта белгіленген шектеулер ұйымның бұдан бұрын шығарылған облигациялары бойынша міндеттемелері осы ұйымның қайта құрылымданатын міндеттемелерінің тізбесіне енгізілген жағдайда банктің, банк холдингінің бұдан бұрын сатып алған облигацияларының орнына қайта құрылымдау процесіндегі ұйымдардың облигацияларын сатып алу жағдайларына қолданылмайды.

9. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызметтен басқа банктер мынадай қызмет түрлерімен:



1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың қызметiн автоматтандыру үшiн пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етілімді өткізумен;

2) ақпарат жеткізгіштің кез келген түрінде банк қызметiнiң мәселелерi жөнiндегi арнайы әдебиеттi өткізумен;

3) өз мүлкін өткізумен;

4) төлем карточкалары мен чек кітапшаларын шығарумен, өткізумен және таратумен;

5) банкаралық клирингті жүзеге асырумен;

6) электронды ақшаны шығару, өткізу, сатып алу және өтеу, сондай-ақ электрондық ақшамен операциялар жасау жөніндегі ақпаратты жинау және өңдеу бойынша қызмет көрсетумен;

7) қарыз алушылар кепiлге қойған мүліктi Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген тәртiппен өткізумен;

8) қаржылық қызметке байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсетумен;

9) банк қызметiне байланысты мәселелер бойынша басқа тұлғалардың мүдделерiн бiлдiрумен не облигация ұстаушылардың өкілі ретінде;

10) банктік және қаржылық қызмет саласындағы мамандардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi оқуды ұйымдастырумен;

11) ақпараттандыру саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы болған кезде электронды цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электронды цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыру жөніндегі, сондай-ақ көрсетілетін банктік қызметтерін пайдаланатын өз клиенттеріне қатысты тіркеу куәлігінің дәйекті екенін растау жөніндегі қызметпен;

12) банк пен Қазақстан Республикасының резиденттері сақтандыру ұйымдарының арасында олардың атынан сақтандыру шарттарын жасасуға шарт болған кезде Қазақстан Республикасының резиденттері сақтандыру ұйымдарының атынан сақтандыру шарттарын жасасумен айналысуға құқылы.

10. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген қызметтен басқа, банк холдингтері мынадай қызмет түрлерiмен:



1) банк холдингімен ерекше қатынасы жоқ тұлғадан өз мұқтажы үшін иеленген мүлікті сатып алумен;

2) қаржылық қызметпен байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсетумен;

3) меншікті мүлкін банк холдингімен ерекше қатынасы жоқ тұлғаға сатумен айналысуға құқылы.

11. Банктер мен банк холдингтеріне «алтын акция» шығаруға тыйым салынады.

12. Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, банктер қайталама нарықта мемлекеттік бағалы қағаздармен және мемлекеттік емес бағалы қағаздармен, сондай-ақ туынды қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелерді тек қана бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында жасайды.

13. Осы баптың талаптары:



1) ислам банктерінің банк холдингтеріне;

2) көрсетілген банктің акцияларын тікелей иеленетін (дауыс беру, шешімді айқындау және (немесе) қабылданатын шешімдерге шарттың күшіне қарай немесе өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігі бар) Қазақстан Республикасының резиденті банк холдингінің акцияларын немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін иелену (дауыс беру, шешімді айқындау және (немесе) қабылданатын шешімдерге шарттың күшіне қарай немесе өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігінің болуы) арқылы банктің акцияларын жанама иеленетін (дауыс беру, шешімді айқындау және (немесе) қабылданатын шешімдерге шарттың күшіне қарай немесе өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігі бар) банк холдингтеріне;

3) мынадай талаптардың бірін орындаған кезде:

тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес жеке кредиттік рейтингі, сондай-ақ банк холдингі, банк холдингінің белгілеріне ие тұлға шыққан елдің қаржылық қадағалау органының көрсетілген Қазақстан Республикасының резиденттері емес-тұлғалардың шоғырландырылған қадағалауға жататындығы туралы жазбаша растауы болған;

уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органы арасында ақпарат алмасу туралы келісім, сондай-ақ рейтингтік агенттіктердің бірінің ең төменгі талап етілетін рейтингі болған кезде банк холдингі, банк холдингінің белгілеріне ие тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті еместерге қолданылмайды. Ең төменгі рейтинг пен рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.

4) қаржы ұйымдары болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденттері - банк холдингтеріне;

5) егер осы Заңға сәйкес өзіне қатысты қайта құрылымдау жүргізілген банк қайта ұйымдастырылатын банктердің біреуі болып табылатын жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен біріктіру нысанында қайта ұйымдастыруды жүргізген кезде, басқа банктің акцияларын не ұстаушысы басқа банк болып табылатын өзге де бағалы қағаздарды не басқа банкке тиесілі заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін сатып алуымен байланысты банктерге қолданылмайды.

 

  1   2   3   4   5   6   7   8   9


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет