Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор



бет19/33
Дата09.06.2016
өлшемі2.55 Mb.
#126025
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   33

«Отаршыл кулактар революция тұсында байып қана кеткен жоқ, сонымен қатар өкіметті де жаулап алды, тіпті партияны да өз қолдарына алды, өздерінің мүдделерін одан әрі нығайту үшін негізінен әр түрлі төтенше мамандар, солшыл эсэрлер, миссионерлер басқарған қызыл армияның құрамына ұйымдасқан түрде кіріп алуға да қолдары жетті, сөйтіп, осы күнге дейін кулактардың мүдделерін қорғап, кеңес өкіметінің әрбір шарасын қарумен тоқтатып келеді. Жергілікті европалық жұмысшылардың көпшілігі осы ережені қолдап отыр, өйткені олардың өзі қыр қазақтарын қара жұмысқа жегіп жүрген ұсақ меншік иелері болып табылады» – деп (сонда, 176-бет) ашына жазды.

Бірақ З.Валидовтің де, Т.Рысқұловтың да пікірін Ленин құлағына қыстырмады. Бұған шамырқана отырып түсінік берген З.Валидовтің өзін «ұсақ буржуазияның» қатарына қосты. Жоғарыдағыдай себептермен Алматыда бүлік шығарған, Қарақол қаласында қырғыз коммунистерін қырып салған «жоғарыдағы қызыл әскерлердің» қарақшылығын дәлел ете келіп, Т.Рысқұлов 1920 жылы 25 мамырда Ленинге:



«1.Мұсылман еңбекшілеріне және олардың қызметкерлеріне сенім көрсету керек, ішкі мәселелерді және Шығыстағы мақсаттарды шешу үшін Түркістанда қуаты күшті мұсылман қызыл армиясын құру аса қажет деп есептеймін, болашақта Түркістанда құрылатын мұсылман армиясының алғашқы кезеңдегі ұйытқысы және құрама негізі ретінде ержүрек және сенімді командирлер басқаратын жақсы жасақталған татар және башқұрт бригадаларын Түркістан республикасынң әскери комиссариятының қарамағына, ал шекар шебінде ұстау үшін тура сондай екі бригаданы Түркістан майданының қарамағына жіберілуі тиіс. Башкирияда, Татарстанда, Түркістанда жасақталған бөлімдер сыртқы күштермен күресу үшін шұғыл түрде шекаралық әскерді толықтыруға аттануы керек. Сөйтіп шұғыл түрде жергілікті колонизатор кулактардан жасақталған қызыл армия бөлімдерін қарусыздандырып тарату қажет не басқа майданға ауыстырылуы тиіс» – деген (сонда, 180-бет) ұсыныс жасады.

Оған Т.Рысқұлов, Низамеддин Хожаев, Г.Бех-Иванов қол қойды. Әрине бұл ұсынысты Ленин кекесінмен, Сталин күдікпен қабылдады. Оған жауап ретінде башқұрт әскерін қасақана шақыртып алып, оңтүстік Украина майданына ауыстырды.Бұл мәліметте саяси сабақ аларлық тәсілім жеткілікті. Тергеу барысындағы жинақталған деректің өзі соған толық дәлел.

1920 жылы 19-мамыр күні «Башқұртстан – Ресейдің автономиялық губерниясы дәргейіндегі құрлым» деп жарияланады. 1919 жылы наурыз айында «автономиялы үкімет» ретінде мойындалып, Ленин мен Сталиннің өзі қолын қойған құжаттан 14 айдан кейін айнып кетуінің мәнін сұраған З.Валидовке Ленин:

«Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісім шартымыз – бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді» - деп (365-бет) жауап береді.

Міне, осы арада үлкени саяси мүдделер тоғысы мен саяси айла-амал басталады. Дүние тарихының астан-кестені шығып, күн сайын өзгеріп жатты. Бірінші дүниежүзілік соғыстан екпін алған майдан шебіндегі жеңіс пен жеңілістер Түркістаннның да, Қазақстанның да, Башқұртстанның да тәуелсіздікке деген үмітін бір жандырып, бір өшіріп жатты. Ресейдегі түркі тектес ұлттар, сыртқы күште – Түркияға ерекше бауырмалдықпен қарады. Ататүрік мемлекеті де сыртта – ағылшындармен, іште – азаматтық күштермен екі майданда соғысып жатты. Түріктер өз тәуелсіздігін сақтап қалу үшін кеңес өкіметімен келісімге барып, оны дос деп танып, Түркістан ұлттары түбінде Ресей Отарынан құтқарады деп сеніп отырған Әзірбайжаннан бас тартты. Бұл кеңестің кеңістігін кеңейтті, түркі бодан жұртының тынысын тарылтты. Большевиктердің Орта Азия мен Қазақстанды алаңсыз билеуіне жол ашты. Түркия мемлекеті: Түркістан халқы ресейге қарсы шықпасын, кеңес өкіметін қолдаңдар – деген ұстанымда болды. Керсінше, түркі дүниесін біріктіруге ұмтылған Әнуар паша сияқты қайраткерлер: жалпытүркі жамиғатының ортақ әскерін жасақтап, Еділ-Жайық бойына дейін азат етіп, Үлкен Түркістан мемлекетін құруға ұмтылды.

Кеңес өкіметінің «Ұлттар декларациясына» сүйене отырып, ортақ Федеративтік Түркістан мемлекетін орнату – қалыптасқан саяси жағдайда нақты шындыққа жақын, аса мүдделі мүмкіндік болатын. 1918-1922 жылғы азаматтық соғыс тұсында мұндай қауіпті серпіп тастайтындай тегеуірінді күш Лениннің қарамағында болмады. Сондықтан да бар айла-амалды қолданып, түркі жұртын шырғада ұстады.

«Алашорда» үкіметімен де жасалған келісім шарттың тағдырын дәл осындай опасыздық күтіп тұр еді.

Сол жылы қазан айында – Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялық республика болып жарияланды. Бұл «Алашорданың» толықтай тарих бетінен ысырылуы еді. А.Байтұрсыновтың өлкелік революциялық комитеттің мүшелігінен және партия мүшелігінен шығарылуы Ленин қол қойған «бір жапырақ қағаздың» отқа өртелуі еді. Қазақ зиялыларының ой-еркі кеңес өкіметінен сырттап, оқшаулана бастады. Бар үміт жібі – Қазақстанның териториясы мен халқының үштен бір бөлігін қамтитын Түркістан республикасына қарай тартылды. Ұлт қайраткерлері Түркістанға –Ташкентке бет бұрып, бар қуат-қайратын мәдениет, оқу-ағарту, ғылым саласына жұмсады.

Мұнда да үш түрлі саяси бағытта: 1) Түркістан республикасын құру (Т.Рысқұлов т.б.), 2) Түркістан-Қазақ автономиялы республикасын құру (С.Қожанов), 3) Россия құрамындағы Түркістан автономиясын құру (еуропалықтар) – туралы күрес жүріп жатты. Ал Қоқан, Бұқара республикалары Тәуелсіз мұсылман мемлекетін құру мақсатында «мұхарамдық» (революциялық, орыс басылымдарында – басмашылар қозғалысы) майдан ашты. Тура сондай қоғамдық буырқаныс тұсында Сталин мен Лениннің қабылдауында жиі болып, олар үнемі назарында ұстаған Башқұртстан үкіметінің төрағасы Заки Валидов Түркістанда астыртын ұйым құрып, кеңес үкіметіне қарсы күресуге шешім қабылдайды. Ол өзінің бұл ойын Кремль бауырына басып жүрген шығыс қайраткерлерінің бәріне айтады. Соның ішінде: Лениннің шығыс ұлттарымен арадағы келісім шартты «жыртып тастайытын бір жапырақ қағаз» деп қарайтынын: «... Шығыс түркі өкілдеріне, соның ішінде Тұрар Рысқұловқа айттым. Ол бұл туралы Бөкей ордасындағы өзінің жақтас коммунисінің біріне хат жазды» - дейді З.Валидов.

З.Валидовтің «Қатираларындағы» бұл пікірлердің растығына Т.Рысқұловтың 1924 жылдың 18-29 сәуір аралығында И.Сталиннің тікелей өзіне дайындаған «Бірлік туы» мен «Ақ жол» газеттері туралы ұзақ баянхатындағы, сондай-ақ И.Сталин мен Л.Кагановичке жолдаған «Партия ұйымдарындағы тазалау кезіндегі Орта Азиядағы асыра сілтеушілік туралы» хатындағы деректер дәлел болады. Т.Рысқұлов өзінің ойын Ленинге:

«Шовинизм мен жергілікті ұлтшылдыққа қарай бұрылған бүйректі қарапайым жолмен жоя алмайсың. Оны сол тұрғындардың арасындағы экономикалық және басқа да қайшылықтарды жою арқылы ғана жүзеге асырасың. Жетісудағы кедей қазақтарға жер берілмесе, кулактары – 125, кедейлері – 15 десятина жерге ие орыстардың жұдырығы желкесінен төніп тұрғанда, қазақтарға: интернационализм деген өте жақсы нәрсе, кеңес өкіметі жағына шығыңдар – деп қалай түсіндірсең де, ол мұны қабылдамайды, және кеңес өкіметін түйілген жұдырық деп есептейді. Сол ортадан шыққан коммунист мұны ашық айтса, оны ұлтшыл деп шығарады. Егерде мұндай теңдік сақталмаса, онда осы ортадан шыққан қазақ коммунисі қазаққа сөз айтудан қалады, өйткені оған бәрібір» – деп (сонда, 220 бет) түсіндірді.

Шындығына көшкенде, қазақ жерге иелік ете ме, жоқ па, Ленинге «бәрібір» еді. Тек орыс пролетариаты билеп-төстесе болды, ал кеңес өкіметінің атынан бүкіл қазақты қырып тастаса тағы да оған «бәрібір» болатын. Әлемдік пролетариат санатында азиялықтар, оның ішінде «молла билеген орта азиялықтар» мәңгілік европалық пролетариаттың протекциясында өмір сүруі тиіс болатын.



Әрине, мұндағы пікірлер партиялық тазалау тұсындағы парткомиссияның құжаттарына негізделген, Голощекиннің тапсырысымен «Алашорда» ісін Т.Рысқұловпен байланыстыра тергеу барысында жинақталған ОГПУ-дің қызметкерлерінің көрсетінділеріне жауап ретінде жазылған. Сондықтан да әшкерелеушілік сарыны басым. Әсіресе, «Алашорда» мен Қожановқа, «Ақ жол» мен «Бірлік туына» қарсы пікірлерді пайымды тұлғаның байсалды пікірі ретінде қабылдауға болмайды. Одан көрі уақыттың төтенше құйыны тұсындағы саяси сауға тілеген жанның қысас пікірі десе де болады. «Алашорда» ісіне тікелей қатысы болғандықтан да және З.Валидовтің естеліктеріндегі тарихи оқиғалардың ішкі ырғағын түсінуге мүмкіндік беретіндіктен де, Т.Рысқұловтың хатынан үзінділер келтіруді жөн көрдік. Өйткені, тарихи шындықтың беті сонда ғана ашылады. Сонымен қатар осынау бір аласапыранды, арпалысты тұстағы оқиғалардың біразы қазір теріс тұжырымдалып, «шындықтың беті боялып» (Абай) кетіп жүр.

Сталин мен Кагановичке бұл хат 1934 жылы 15 желтоқсан күні жазылған. Көлемі отыз беттен асатын хаттың тек тергеу мен ондағы жауаптарға тікелей қатысы бар тұстарын ғана іріктеп алдық:

«Орта Азиядағы партия ұйымдарындағы тазалау жүргізуге байланысты жолд. Петерс тағы да атышулы «Орта Азиядағы ұлтшыл контрреволюциялық ұйым» мәселесін көтеріп, Орта Азиядағы көптеген көрнекті қайраткерлерді, соның ішінде мені де айыптап: 1920-1921 жылдары (яғни осыдан 12-14 жыл бұрын) сол ұлтшыл ұйымның мүшесі болған – деп жала жабады. Көрсетілген ұлтшыл ұйым туралы мәселе баяғыда, «қасымовшылардың» ісі тұсында көтеріліп, орталық комитеттің тарапынан тиісті баға берілген болатын. Алайда жолд. Петерс соны тағы да қозғап отыр: Мен шынымен кінәлімін бе, жоқ па, ол жөнінде бір ауыз сөз сұрамастан, өзінің айыптауын бірден баспасөзде жариялап жіберді. Біреуді алдын-ала және қасақана қаралауды көздеген адам ғана осылай істейді. Тіпті ақгвардияшылардың өзінен оларды жазаға тартпай тұрып сұрақ-жауап алады ғой. Ал сен ғой, 17 жыл партияның қатарында жүріп, Орталық комитет тапсырған белгілі бір жұмысты істеп жүріп, сол Петерстің сіңірген еңбегінен кем еңбек сіңірмеген сен, кез-келген уақытта осындай жолдастан шапалақ жеуің мүмкін екен. Орта Азияның менен басқа да бір топ көрнекті қызметкерлеріне Петерс жолдас осындай айып тағып отыр. Мұндай жұмыс тәсілі және партия мүшесіне, әсіресе аз ұлт өкілдеріне мұндай қарым-қатынас таныту төзуге болмайтын іс.

(...) Мұның барлығы кездейсоқ кемшілік емес, өйткені жолд. Сафаров пен жолд. Петерс баяғыдан-ақ – 1920-1921 жылдардан бастап «Алашорданың» қамқошыларының қатарына кірген (дөрекі болса да айтайын). Түркістанды жақсы білетін «білгір» ретінде жолд. Петерс қарапайым ғана нәрсені шатастырып алды: большевик қазақтарды – ұлтшыл, ал «Алашордашыларды» – кедейлердің қамқоры ретінде қабылдады. Қысқасын айтқанда, біз отставкаға шыққан соң (яғни Сафаров пен Петерес басқарған кезде) Орынбордағы контроревоюциялық «Алашорданың» барлық жетекшілерін (батыс «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ж.Досмұхамедовті, мүшелері Х.Досмұхамедовті, М.Дулатовты, А.Байтұрсыновты т.б.) шақыртып алды. Олар барлық қазақ оқу орындарын, «Ақжол» газетінің редакциясын басып алды және Жетісудағы жер реформасын жүргізуді қолдарына алды. «Ақжолдың» (ТКП(б) мен Түркістан орталық атқару комитетінің органы) редакторы Дулатов: «Ақжол» дегеніміз қызылдардың қанды қызыл жолы емес» – деп түсіндірді және «жер реформасын жүргізіп жатқан кеңес үкіметі емес, біз қазақтың ескі ұлтшылдары» – деп мақала жазды. Ол кездегі басты міндетті – Жетісуда жер реформасын жүргізуді, басмашылармен күресті, Ферғанадағы мақта өндіруді қалпына келтіруді ысырып қойды. Реформаның тонын теріс айналдырып, қоныс аударылушы орыстардың кедейлерін тас-талқан етіп, ескі помещиктерді қозғамады. Жер реформасын Испулов (бұрынғы Колчак полкінің командирі), Қожықов (алашордашыл, Романовтардың таққа отыруының үш жүз жылдығына арнап былтыр кітап шығарды) басқарды. «Алашордашылардың» 1929-1930 жылдарға дейін астыртын контрреволюциялық жұмыс жүргізгені әшкереленіп, олар тиісті жазасын алды. Ал «Алашордадан» шыққан көрнекті қазақ коммунисі (Қожанов т.б.) өздерінің 1927 жылға дейін «Алашордамен» сыбайлас болғанын, енді қол үзгенін газет арқылы мойындады. Ал біз, қазақ большевиктері «Алашордамен» және оның көсемі М.Шоқаевпен аяусыз күрестік» – деп («Алаш қозғалысы», 3 т., 2 кіт. 185-186 беттер) жазды жоғарыдағы баянхатында.

Хатты қатты шіміркеніп отырып жазған және Сталин мен Кагановичті барынша сендіруі үшін қара бояуды қоюлатқан. Партиялық жазалау барысында жинақталған деректердің Т.Рысқұловты әшкерелеу бағытында жүргізілгені өзіне де, Орталық комитетке де жасырын емес болса керек. Сондай-ақ «лайықты жазасын алды, әшкереленді, дәлелденді» деп отырған «Алашорда» ісінің негізгі айыпкерінің бірі Т.Рысқұловтың өзі болғанын да білген. Ж.Досмұхамедовті батыс «Алашорданың» төрағасы болмағанын, Испуловтың – Колчактың әскерінде емес, «Алашорда» жасағында болғанын, Сафаров пен Петерстің «Алашордаға» бүйрегі бұрмағанын, сондай-ақ «Алашорда» кеңесінің мүшесі, Қоқан автономиясының төрағасы М.Тынышбаевті қызметке өзі шақырғанын «ұмыта қоймаса» керек. Сондықтан да «үкімі шығып, лайықты жазасын алғандарды» батыл айыптап, басын арашалауы қай жағынан болса да түсінікті. Түсініксізі – 1924-1925 жылдары Сталиннің жеке өзіне «құпия хат» жазып: «Алашорда» мүшелері мен Қожановтың соңына тыңшы қойып, үйлеріне тінту туралы ұсыныс айтуы, «Ақжол» газетін жаптыруы. Сондай-ақ тура сол кезде М.Дулатов екеуі де «Еңбекші қазақта» істейтін. Әрине, ол кездегі ар өлшемі де басқа. Біз мұны кеңейте талдап жатпаймыз. Тек тергеуге қатысты тұстарды ғана қамтыған құжаттарды назарға ұсынамыз.

Тергеу ісінде сол жылдары Т.Рысқұловтың Орынбордағы жалпықазақтық құрылтайға қатысқаны және Сарымолдаевқа арнап Ж.Досмұхамедовтың адресіне хат жолдағаны туралы айғақ бар. Тергеушілердің назарында осы хатты табу ойы болған, бірақ оның нақты ізіне түсе алмаған. Өзінің З.Валидовпен және М.Сұлтанғалиевпен жазысқан хаттары туралы кейін мынадай түсініктеме берген:

Міне, сол кезде кеңес өкіметінің түлкі бұғаулы пиғылын түсінген саяси қайраткерлер үшінші Интернационалға жеке социалистік партия ретінде мүше боп кіруге ұмтылды. Бұл қозғалысты Заки Валидов:

«... Сол күндері қазақ қайраткерлері де және Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатты. 1919 жылдың наурызында Башқұртстан облыстық коммунистік партиясы құрылды, біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық... Бұл кезде қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді» – деп (268-бет) еске алады.

Демек жауап алу барысында тергеушілердің Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, Т.Рысқұловтың, Низам Хожаевтің, З.Валидовтің арасындағы байланыс туралы қазымырлықпен сұрақ беруінің астарында осындай саяси мәнді оқиғалар жатқанын меңзейді.



өзінің естелігін қырық жылдан кейін қағазға түсірген және шетелде жүрген Заки Валидов ойын қалай жеткізуге де ерікті болатын. Оның «Қатирадағы» куәліктері «Алашорда» қайраткерлерінің ешқашанда ұлт-азаттық күресін тоқтатпағанын дәлелдейді. Керісінше, Сталинге жазған түсініктемесінде Т.Рысқұлов осы саяси оқиғаларға мүлдем басқаша баға береді. Хаттағы түсініктерге қарағанда Т.Рысқұлов «Алашорданың» тергеу ісімен танысқан не толықтай мағлұмат алған. Оған З.Валидовтің естелігімен мазмұндас және оған жауап ретінде жазылғандай әсер қалдыратын хаттағы мына жолдар дәлел:

«Петерс: 1920 жылы партия ұйымында дайындалды деген желеумен, нағында партия ұйымы емес контрореволюциялық «Иттикад уә теракки» ұйымы дайындаған бағдарламамен делегация болып Лениннің қабылдауына кірді. Делегация Москваға барған соң белгілі башқұрт буржуазияшыл-авантюрисі Валидовпен және татар ұлтшылы Сұлтанғалиевпен кеңесіп, «Иттикад уә теракки» ұйымы арқылы бағдарламаны талқылады, сөйтіп өздерінің кім екенін ашып алды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттикад уә теракки» ұйымының ташкенттік белсенділерінің алдында есеп берді, делегация ұсынған платформа белсенділердің қолдауын тауып, таяу уақытта жүзеге асыруға тиісті бағдарлама ретінде қабылданды» - деп жазады. «Правда Востока» газетінің биылға жылғы 14 желтоқсандағы санында жолд. Петерстің сол сөзі сәл қырналып, нақтылана түсіпті. Онда: «бұл арыздың мәтіні «Иттикад уә тераккидің» ішінде дайындалған. Москваға Рысқұлов, Низамиддин Қожаев және патша шенеунігі Көшербаев барды. Москваға барсымен комиссия белгілі башқұрт ұлтшылы Валидовпен (Башкирия), Сұлтанғалиевпен (Татария), Байтұрсыновпен (Қазақстан) кездесті. Кеңесте кеңес өкіметімен күресудің жалпы платформасы талқыланды. Делегация Ташкенте оралған соң «Иттикад уә тераккидің» кеңесінде тобымен отствкаға кету туралы шешім қабылдады» - делініпті (...).

(...) Шындығында да 1920 жылы «Түрккомиссиямен» жұмыс істейтін жергілікті басшылардың арасында үлкен келіспеушіліктер бар еді. «Түрккомиссия» жарты жыл жұмыс істеген соң (бірінші құрам) есеп беру үшін Рудзутак пен Элиава және Бройдо Москваға жүрмек екен. Соны ести сала өзімнің көзқарасымды қорғау үшін бірнеше қызметкермен мен де жолға дайындалдым. Өлкелік комитет пен Түрораткомның президиумымен делегация құрамын келісіп алып, келесі күні «Түрккомиссияның» мүшелерімен бірге Москваға жүріп кеттім. Ресми үкімет келісімінен басқа ешқандай «Иттикад уә теракки» деген ұйымды білмеймін, тек ... баяндама тезис түрінде жолай вагонда жазылды... Ол баяндаманы 1920 жылы ОК-тің саяси бюросында жазбаша түрде оқыдым.

Бұдан кейін біз Валидовтің, Сұлтанғалиевтің, Байтұрсыновтың қатысуымен кеңес өткізді – делінеді. Сіз, жолд. Сталин, жақсы білесіз, бұл кезде Сұлтанғалиев Шығыс халықтарының орталық бюросын басқаратын және Ұлттар жөніндегі халық Комиссариятымен байланыста болатын. Тіпті солшыл коммунист саналатын. 1921 жылы оны сіз ұлттар жөніндегі комиссариаттың коллегиясына мүше етіп ұсындыңыз, тіпті сіздің екінші орынбасарыңыз бола жаздады. Сұлтанғалиев 1923 жылы қызметінен төмендетілген соң жолдан тайды. Бірақта сұлтанғалиевшылармен бірге ешқандай байланысым жоқ екенін үзілді-кесілді жариялаймын. Сұлтанғалиевтың сол кездегі қызметінен Петерс бейхабар, сондақтан да жалақорларға сене салған. 1920 жылы Валидов Сұлтанғалиевке қатты ұрсып сөйледі. Ендеше онымен қалай кеңес өткізеді?

Байтұрсыновқа келетін болсақ, ол біз келмей тұрып Орынборға кетіп қалған болатын. Валидов ол кезде Башқұрт халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болатын, онымен Ленин және Сталин жолдастардың өзі жеке әңгімелесетін. Башқұрттардың қызыл әскері майданда соғысып жүргендіктен де ол кезде Москвада Валидовпен есептесетін. Маған: Валидовтің өз поезды бар, ол Москваға келгенде әскери шерумен қарсы алды – деді. Мен оны білмейтінмін және өткенінен де хабарым жоқ болатын. Бірінші рет көрген адамым және онымен есептеседі екен, болашақта оның кім боларын қайдан білейін. Мен онымен қонақ үйде таныстым, Башқұртстан үкіметінің төрағасымын – деді. Жергілікті жердегі «колонизаторлар» әбден зығырымды шығарды – деп мұңын шақты, жағдайдың қиындап кеткені сондай, «отставкаға» кететінін айтты. Өзінің Ленин жолдастың атына жазған баяндамасының бір данасын берді. Мен оған өзімнің Орталық комитеттке дайындағын баяндамамның бір данасын бердім. Сонымен бәрі де аяқталды» («Алаш қозғалысы, 3 т., 2 кітап, 193 - бет).

Шындығында бәрі де аяқталған жоқ еді. Қайта «тар жол, тайғақ кешу» енді басталған. Баянхаттағы саяси оқиғаларға берген бағасы мен ұстанымы З.Валидовтің де, Ә.Бөкейхановтың да, А.Байтұрсыновтың да, Ә.Ермековтің де пікіріне керағар. Алайда астарын ашып, әдібін жазсаң бұл оқиғаларға Т.Рысқұловтың тікелей қатысқаны анықтала түседі. Ал өзі қатысқан оқиғаларды қандай көзқараспен қабылдап, кімге қалай түсіндіреді және жеке басын қалай қорғайды, ол әр азаматтың таңдауы және сол кезеңдегі бірден-бір дұрыс ұстаным да болуы мүмкін. Мұндай «жұмбақ жайлар» мен пікір қайшылықтары жиі кездесіп отырады. Біздің ойымызша, «тиран (Ленин) мен диктатор (Сталин)» (Валидов) басқарған империяда шындықты айту тәуекелдің ғана ісі емес, тағдырдың зауалы да болатын.

Башқұрт әскерін Оңтүстік Украина майданына шығарып салған З. Валидов Ленинмен екі рет кездесіп, тағы да аз санды халықтардың бостандығы мәселесін көтереді. Сол кездесудегі Лениннің:

«Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыс пролетариатына сүйенетін болады, ал сіздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер, немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті, социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де шығыстағы отар елдерге европалық пролетариаттың – ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың, «басшылығы» жойылмайды» - деген сөзі З.Валидовтің кеңес өкіметіне деген сенімін мүлдем үзеді.

Бұл З.Валидов сияқты түрікшіл командирдің төзімінің соңғы тамшысын тауысты. Ол:



«Бұл шындық (Лениннің сөзін мекзеп отыр – Т.Ж.) кеңес өкіметіне қарсы пәрменді және ашық түрде күрес жүргізу қажеттігін біздің алдымызға міндет етіп қойды. Сол күндері Ташкенттегі олардың пікірлестері Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркістан комиссиясының және Түркістан атқару комитетінің (ТурЦИК-тің) құрамынан шығарылды. Біз, Ахмет Байтұрсынов екеуміз 29 маусым күні Москвадан кетіп қалуға келістік. Бұған Сталин рұқсат бермеді, бірақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемін – деген сылтау айтып Орталық комитеттің хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдің рұхсатын алдым – деп (374-бет) жазды.

Түрккомиссияның жұмысынан Т.Рысқұлов бастатқан большевиктерді шеттетті. Заки Валидовтің «Қатирасында» айтылған Түрккомисия туралы Т.Рысқұлов:



«1920-1921 жылдары әскери коммунизм тұсындағы саясаттың шартына қарсылық білдірген ұсақ буржуазиялың наразылығы күшейді (сол кезде Россияның әр жерінде, Кронштадта көтерілістер орын алды, партия мүшелерінің ішінен де солқылдақтар шықты). Сондай солқылдақтық пен бетбұрыстар артта қалған ұлттық Түркістанда да болды. Ұлтшылдық уклон мен Түрккомиссиямен арадағы жетекшілікке талас – жаулардың жолын ашты, бүкіл халықтың көсемі болып көрініп, өзінің соңынан барлық тұрғындар еріп келе жатқанын Москваның алдында көрсеткісі келді. Мұндай ұстаным дұшпандарға көпір салып берді. Бұл тұрғыдан алғанда, мен сол кезде жіберген үлкен қателіктерімді мойындаймын, содан кейінгі қызмет барысында бұл қателіктерімді терең түсіндім. Шектен шыққан жоқпын, жауыммен де жақындаспадым, 1921-1922 жылдан бастап өз бағытымды түзедім, содан бастап тура жолдан тайға емеспін. Өткен қателігімнен сабақ алып, партияның сара жолын түзу ұстап келемін.

Мені: қайдағы бір ұлтшыл ұйымға мүше болды-мыс делінетін түрлі қауесеттердің барлығы да жала. Мені әлдеқандай бір топшылдықтың қатарына қосып, жазғыру бұрын да болған. Мысалы, 1920 жылы Түркістан майданының ерекше бөлімінің бастығы жолд.Бокии болып тұрған кезде арандатушы Семеновты және бірнеше адамды атты, олар мені – қазақ хандығын құрғалы жүр жеп «Түрккомиссиясымен» арамызды өшіктіруге тырысты. Топқа бөліну тұсында бір топтың екінші топтың үстінен материал жинауы әдетке айналды. Сондай материалдар бір кезде Ташкенте жүргенде менің де үстімнен жиналды. Мысалы, Алматыда Голощекиннің тұсында оның рұқсатымен тұтқынға алынған алашордашыларға: менің үстімнен арыз жазсаңдар, онда сендерді босатамыз – деп мәжбүрлеген. Кейбіреулері жалған көрсетінді берді, кейбірі берген жоқ... Мысалы, Жалисбаевтің тергеуі соған дәлел... Одан: Рысқұлов контрореволюциялық ұйымға тартылған, Қазақстандағы асыра сілтеушіліктер менің нұсқауыммен жүргізілді деп айт, әйтпесе, ату жазасына кесілесің – деген. Жалысбаев өзінің арына қарсы іске барудан бас тартып, өзін-өзі өлтірмек болған...» – деп («Алаш қозғалысы», 3 том, 2 кітап, 190 - 191 беттер) жазды .

Азаттыққа жетудің жолы - оған қарсы күрес екенін түсініп, ол күресті Түркістанда бастау керек – деген шешімге келеді.Сөйтіп, астыртын ұйым құру үшін Түркістанға бет алады. Сол қарсаңда Түркиядан келген «Иттиһат және таракки» («Бірлік пен прогресс») партиясының мүшелері Назым-бей мен Бадри-бей атты түрік қайраткерлерімен жолығады, олар да З.Валидовтің астыртын жұмысқа көшу ниетін қостайды. З.Валидовтің кеңес өкіметі туралы:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   33




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет