Суретсипат материалдарына үлгілер, фотосуреттер, сызбалар сарапшының материалдарын бекітетін өзге де материалдар жатады. Сонымен, заңмен қөзделген жағдай тергеуші мен сотқа сараптамалық қорытындының жүйелі түрде кіріспе, сипаттау және қорытынды бөлімдерін талдап бағалауға және оның нәтижелерін дәлелдеме ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
II. Арнайы бөлімі
Сот сараптамасының жеке түрлерін тағайындаудың ұйымдастырушылық және әдістемелік мәселелері
10 тақырып. Құжаттардың сот сараптамасы
Құжаттардың сот сараптамасының тегі үшке бөлінеді: сот-қолжазба сараптамасы, құжаттардың сот-техникалық сараптамасы, сот-авторлық сараптамасы.
10.1. Сот-қолжазбалық сараптама
Объектілері. Сот-қолжазбалық сараптамасының объектілері – әріптік-сандық жазбалары, қол таңбалар, қолмен жазылған әр түрлі түртінділер (символ). Аталған объектілер бірнеше түрге бөлінеді: әр түрлі жастағы (қарт адамдар, жасөспірімдер), сауатсыз және психикалық ауруға шалдыққан адамдармен, әр түрлі жағдайларда жазылған жазбалар (қолтаңбалар).
Объектілерге сәйкес сараптамалық әдістемелер жасалды: мысалы, сауатсыз, есірткі заттарымен, алкогольді мастық күйдегі қолжазбаларды (қолтаңбалар) зерттеу әдістемесі (әріптік түрде) т.с.с.
Пәні. Сот-қолжазбалық сараптаманың пәні азаматтық, қылмыстық және әкімшілік өндірістегі фактілер (мән-жайлар) және олар сот-қолжазба саласындағы арнайы білім негізінде анықталады.
Міндеттері. Сот-қолжазбалық сараптаманың міндеттері диагностикалық, ситуациялық, классификациялық және идентификациялық болып бөлінеді.
Диагностикалық және ситуациялық міндеттер белгілі-бір факторлардың қолжазбаға әсер етуін және қандай жағдайда қолжазба орындалғанын анықтайды (мас күйінде, отырып немесе тұрып жазғандығын, басқа тұлғаның қолжазбасына ұқсас етіп жазуы, стресс жағдайында т.с.с.). Аталған міндеттер сарапшының алдына жеке мақсат ретінде қойылып, бірақ қолжазбаны орындаған тұлғаны теңдестіру міндетімен қатар қосымша шешілуі мүмкін. Аталған міндеттерді шешу кезінде келесі сұрақтар қойылады:
зерттеліп жатқан қолжазба әдейі өзгертіліп жазылған жоқ па ?
зерттеліп жатқан қолжазба белгілі-бір тұлғаның қолжазбасына ұқсас етіп жазылған жоқ па ?
зерттеліп жатқан қолжазбаны тұлға қандай қалыпта орындады ?
зерттеліп жатқан қолжазба қандай да бір әдеттегідей емес күйде орындалды ма ?
Сот-қолжазбалық сараптамасына диагностикалы-ситуациялық өзге де сұрақтар қойылуы мүмкін, мәселен:
«…» сөздер мен «…» сандар алғашқы құжатқа басқа тұлғамен қосымша жазылған жоқ па ?
«…» сөздер мен «…» сандар алғашқы құжатқа басқа тұлғамен белгілі-бір факторлардың әсерімен қосымша жазылған жоқ па ?
Достарыңызбен бөлісу: |