Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі көлік стратегиясы



жүктеу 0.95 Mb.
бет3/5
Дата12.06.2016
өлшемі0.95 Mb.
1   2   3   4   5

3. СТРАТЕГИЯНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

 

Көлік жүйесін кешенді дамыту және оның алдына қойылған мақсаттар мен міндеттер мемлекеттік көлік саясатының көліктің әрбір түрі үшін тең дәрежеде маңызды мынадай негізгі бағыттарын атауға мүмкіндік береді:

 

көлік қызметін мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру;



көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту;

көлік қызметтері нарығын дамыту;

көлік жүйесін өңірлік дамыту;

көлік процестерінің қауіпсіздігін арттыру;

Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалану тиімділігін арттыру;

көлік саласындағы инновациялық даму;

көлік саласындағы ғылыми және кадрлік әлеуетті арттыру.

 

3.1. Көлік қызметін мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру

 

Көлік жүйесінің дамуы мен тиімді жұмыс істеуінің барынша маңызды шарттары оның теңгерімділігі мен өзіндік жеткіліктілігі болып табылады. Нақ осы екі шартты орындау қандай да бір міндеттерді шешуге арналған бағыттар мен күш-жігерді шоғырландыру дәрежесін анықтай отырып, экономика мен халықтың көлік қызметтеріне қажеттіліктерінің өзгеруіне уақтылы және жедел ден қою қабілетін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.



Сонымен қатар, бір жағынан, көлік жүйесінің өзіндік жеткіліктілігі мемлекеттің қатысуын жоққа шығармайды, екінші жағынан – көлік субъектілерінің шаруашылық қызметіне шектен тыс және негізсіз араласу көлік жүйесінің дамуындағы теңгерімдікті бұзып, тиімділігін төмендетуі мүмкін.

Нормативтік құқықтық қамтамасыз ету және құқық қолданумен қатар, мемлекеттің фискальдық саясаты мемлекеттік реттеудің барынша пәрменді және тиімді құралы болып табылады және көлік жүйесінің дамуына ықпал ететін болады.

Сөйтіп, мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру тікелей және жанама реттеу салаларын қамтитын болады және мынадай негізгі бағыттардан тұрады:

көлік саласындағы заңнаманы жетілдіру;

көлік субъектілерін, өнімдері мен қызметтерін лицензиялау мен сертификаттау тетіктерін жетілдіру;

көлік қызметінің жекелеген түрлерінде тарифтік-баға реттеуді жетілдіру;

көлік саласындағы фискальдық саясатты жетілдіру;

көлік саласындағы техникалық реттеу жүйесін реформалау;

көліктегі бақылау-қадағалау қызметінің (құқық қолдану тетігінің) тиімділігін арттыру;

орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимыл деңгейін арттыру;

әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін және тасымалдар көлемін болжау әдістерін пайдалану негізінде көлік кешенін дамыту мен жаңғыртуды жоспарлаудың бірыңғай жүйесін құру;

көлік саласындағы шағын және орта бизнесті дамыту;

көлік кешеніндегі инвестициялау үшін қолайлы ахуал жасау және қаржы институттарын ынталандыру;

қоғамдық бірлестіктердің рөлін арттыру;

көлік саласындағы техникалық реттеу жүйесін реформалау.

 

 



 

 

НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАР:



 

мемлекет пен шаруашылық субъектілерінің функциялары мен өкілеттіктерін бөлу;

көлік саласында техникалық реттеу (техникалық регламенттер) саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;

көліктің әрбір түрінің функционалдық ерекшеліктерін ескере отырып, бірыңғай көзқарас негізінде нормативтік құқықтық актілер әзірлеу және қабылдау;

бірыңғай көлік кешені шеңберінде көліктің жекелеген түрлерін және олардың инфрақұрылымын дамыту;

көлік қызметтері мен инфрақұрылым қызметтері нарығында бәсекелестікті дамыту және монополиялық саланы қысқарту;

энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны көліктің келеңсіз әсерінен қорғау.

 

СТРАТЕГИЯЛЫҚ АКЦЕНТТЕР:



 

құқық бұзушылыққа барабар әкімшілік ықпал етуді қамтамасыз ететін және бақылаушы органдар тарапынан қызмет бабын теріс пайдаланушылыққа жол бермейтін құқық қолдану жүйесінің тиімділігін арттыру;

көлік қызметінің жекелеген түрлерін мемлекеттік қолдау;

тоғыспалы субсидиялауға жол бермеу.

 

3.2. Көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту

 

Инфрақұрылымның даму деңгейі көлік жүйесінің тиімділік дәрежесін айқындайды. Көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамыту мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:



 

көлік процестерін ақпараттық қамтамасыз етудің жаһандық жүйесін құру, сондай-ақ қозғалысты бақылау мен басқарудың қазіргі заманғы техникалық құралдарын енгізу;

магистральдық темір жол желісінің, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының, қалалардағы көше-жол желілерінің және ішкі су жолдарының тасымалдау және өткізу қабілетін, сондай-ақ теңіз, өзен және әуе порттарының өндірістік қуаттарын арттыру;

логистика қағидаттарын пайдалана отырып, оңтайлы көлік инфрақұрылымын қалыптастыру, жолаушы және жүк тасымалдарын ұйымдастыру мен жүзеге асыру процесінде барлық көлік түрлері арасындағы технологиялық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін, Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағыттары бойынша меридиандық және ендік орналасудың жетілдірілген моделі негізінде мультимодальдық көлік дәліздерін, терминалдар желісін және көлік-логистикалық орталықтар құру;

Қазақстанның ірі қалаларындағы жолаушы көлігі жүйесін дамыту және жетілдіру. Астана және Алматы қалаларында жолаушылар ағыны ерекше қауырт учаскелерде, оның қозғалысына жолақтар бөлуді ұйымдастыра отырып, рельспен жүретін жылдам электр көлігі жүйесін құру.

 

НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАР:



 

инфрақұрылымды дамытудағы басымдық барлық елді мекендердің және өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы объектілерінің оған жыл бойғы қол жетімділігін қамтамасыз ету болуы тиіс;

инфрақұрылымды дамыту әлемдік ғылым мен техника жетістіктерін кеңінен қолдану базасында жүзеге асырылуы тиіс;

инфрақұрылым объектілерін жоспарлау өндірістік күштерді орналастырудың, елді мекендерді, аграрлық секторды дамытудың және Қазақстанды аумақтық дамытудың перспективті жоспарларымен байланыстырылуы тиіс;

инфрақұрылымды пайдалану оны ұстауға арналған шығындарды пайдаланушылардан алынатын алымдар есебінен қалыптасатын кірістермен барынша жаба отырып, коммерциялық негізде жүзеге асырылуы тиіс;

инфрақұрылым объектілерін салудың және олардың жұмыс істеуінің міндетті шарттарының бірі халықтың санитарлық-эпидемиологиялық әл-аухаты мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету болуы тиіс.

 

СТРАТЕГИЯЛЫҚ АКЦЕНТТЕР:



 

көлік инфрақұрылымын бірыңғай көлік жүйесін құру шарттарының бірі ретінде кешенді дамыту;

көлік инфрақұрылымын жоспарлаудың, жаңғырту мен дамытудың негізі ретінде елді әлеуметтік-экономикалық дамыту;

көлік инфрақұрылымын дамытудың инвестициялық-инновациялық моделін қолдану.

 

3.3. Көлік қызметтері нарығын дамыту

 

Көлік қызметтерінің отандық нарығын дамыту үшін еркін бәсекелестік пен салауатты нарық қатынастарының маңыздылығын сезіне отырып, мемлекет нарықты ырықтандыру және операторлар мен нарықтың басқа да субъектілерінің шаруашылық қызметіне мемлекеттің қатысуын шектеу саясатын жүргізуді жалғастырады.



 

НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАР:

 

нарықтық реттеу негізінде көлік қызметінің әлеуетті бәсекелес және монополиялық салаларын бөлу мен тарифтік реттеу саласын қысқарту болуы тиіс;



көлік қызметтері мен инфрақұрылым қызметі нарығына барлық шаруашылық субъектілері үшін қол жетімділіктің тең шарттарын қамтамасыз ету.

 

СТРАТЕГИЯЛЫҚ АКЦЕНТТЕР:



 

тасымалдаушылардың, экспедиторлар мен көлік қызметін тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің рөлін арттыру;

қызметтер ұсыну сапасын бақылау жүйесін ИСО халықаралық стандарттар талаптарына сай дамыту;

көлік қызметтерінің экспортын дамыту және көлік қызметтерінің халықаралық нарығында отандық операторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау.

 

3.4  . Көлік жүйесін өңірлік дамыту

 

Республика өңірлерінің әлеуметтік және экономикалық дамуындағы елеулі айырмашылықтар белгілі бір дәрежеде көлік жүйесінің өңірлік дамуының біркелкі болмауына әсерін тигізеді. Бұл ұстауы жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын инфрақұрылым объектілеріне қол жетімділік дәрежесінен және олардың жай-күйінен, сондай-ақ әлеуметтік маңызды жолаушылар тасымалдарын ұйымдастырудан көрінеді.



Мыналарды:

функциялар мен өкілеттіктерді бөлу, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды одан әрі орталықсыздандыру кезінде әрбір өңірде көлік жүйесінің біркелкі дамуын қамтамасыз етудегі орталық атқарушы органдардың үйлестіруші рөлін сақтау;

барлық деңгейдегі атқарушы билік органдарының қаржылық-экономикалық мүмкіндіктерін, сондай-ақ оларға қолайлы жағдайлар жасай отырып, өңірлік даму үшін жеке меншік инвестицияларды барынша пайдалану қажет.

 

НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАР:



 

республиканың әрбір өңіріндегі көлік жүйесінің даму деңгейі көлік стандарттарының ең төменгі деген талаптарының орындалуын қамтамасыз етуі тиіс;

орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылының негізінде әрбір өңірде мемлекеттік көлік саясатын іске асыруға бірыңғай көзқарас қамтамасыз етілуі тиіс.

 

СТРАТЕГИЯЛЫҚ АКЦЕНТТЕР:



 

көлік инфрақұрылымын дамытуды жоспарлау негізінде Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық, өнеркәсіптік, аумақтық және кластерлік дамыту бағдарламалары жатуы тиіс;

көлік инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға арналған инвестицияларға қажеттіліктерді анықтау әлеуметтік-экономикалық дамудың перспективті жоспарлары мен көрсеткіштерін ескере отырып жүргізілуі тиіс;

орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимыл деңгейін арттыру;

көліктің жекелеген түрлерін дамытудың республикалық және өңірлік бағдарламаларын әзірлеуді және іске асыруды үйлестіру.

Экономикалық және әлеуметтік процестердегі көлік жүйесінің қызмет көрсету рөлін ескере отырып, осы саясатты жүзеге асыру халық пен өндіруші күштердің көліктік қызметтерге деген қажеттіліктерін, көлік жүйесін біркелкі жүктемелеуді және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешетін болады.

 

3.5  . Көліктегі қауіпсіздікті арттыру

 

Таяу перспективада болжанатын тасымалдар көлемінің және автомобильдендірілу деңгейінің артуын ескере отырып, қазірдің өзінде көліктегі авариялылықтың алдын алу және көлік процестерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тиімді іс-шаралар қабылдаудың өткір қажеттілігі туындап отыр.



Көлік қауіпсіздігі саясатын іске асыру мақсатында мемлекет, бір жағынан, ырықтандыруды, рәсімдердің оңайлатылуын, екінші жағынан, ашықтықты, бақылау мен алдын алуды қамтамасыз етуі тиіс.

Көлік процестерінің қауіпсіздігін арттыру үшін:

көлік құралдарының техникалық жай-күйін бақылаудың тиімділігі мен жүйелілігін арттыру;

жол қозғалысы қауіпсіздігінің белгіленген ережелерін сақтауды бақылаудың тиімділігін арттыру;

кадрлар даярлаудың бірыңғай жүйесін құру, көліктің барлық түрлерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметтің сәйкестілігін растау және лицензиялау;

қазіргі заманғы, аса сенімді техника мен жабдықты, диагностикалау және жөндеу құралдарын белсенді енгізу;

көлік операторларын кәсіби даярлау деңгейін арттыру;

жолаушылар мен жүк тасымалын ұйымдастыру және жүзеге асыру технологиялық процестерінің белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету;

көлік оқиғаларының себептерін дер кезінде анықтау және олардың алдын алу мен санын азайту жөнінде шаралар қабылдау мақсатында осындай оқиғалар туралы ақпаратты жинау, өңдеу және талдау;

Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының ережелерін іске асыру және көлік қауіпсіздігі жүйесінің қызметін ресурстық қамтамасыз ету қажет.

Террорлық актілердің және қауіпсіз әрі үздіксіз көлік қызметіне өзге де заңға қайшы араласулардың жүзеге асырылу мүмкіндігін болдырмауға қабілетті көліктегі қауіпсіздіктің осы заманғы және тиімді жүйесі құрылуы тиіс. Осындай жүйені енгізу тиімді халықаралық практикаға сәйкес болуы, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуы және олардың конституциялық құқықтарын сақтауы тиіс.

Көліктің экологиялық қауіпсіздігін арттыру және көлік процестерінің қоршаған ортаға келеңсіз әсерін азайту үшін осы саладағы мемлекеттік саясат мыналарды қамтитын болады:

тиісті мониторинг жүйесін әзірлеу мен енгізу және экономикалық ынталандыруды қолдану арқылы экологиялық талаптарға жауап бермейтін автокөлік құралдарының импортын шектеу және біртіндеп тоқтату;

транзиттік қозғалысты қоса алғанда, көлік құралдарының халықаралық экологиялық қауіпсіздік стандарттарына көшу;

экологиялық бақылау қызметін құруды және олардың орталық уәкілетті орган алдында мерзімді есеп беруін қамтамасыз етуді қоса алғанда, инфрақұрылымды пайдалану нәтижесінде қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін көлік инфрақұрылымының иелері мен операторларының жауапкершілігін арттыру;

мониторинг жүйесін әзірлеу және қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнама шеңберінде тиісті шараларды қолдана отырып, көлік инфрақұрылымы объектілерінде құрылыс, жөндеу, пайдалану және басқа да жұмыстарды орындау нәтижесінде экологиялық талаптарды бұзғаны және қоршаған ортаға келтірілген зияны үшін мердігерлік және инженерлік-консультациялық құрылымдардың жауапкершілігін арттыру.

 

НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАР:



 

шаруашылық қызметінің нәтижелерімен салыстырғанда азаматтардың өмірі мен денсаулығының басымдығы;

азаматтардың жауапкершілігімен салыстырғанда мемлекет жауапкершілігінің басымдығы;

ел ішінде өндірілетін және импорт бойынша да әкелінетін көлік құралдары экологиялық қауіпсіздік пен көлік процестерінің қауіпсіздігі саласындағы стандарттардың талаптарына сәйкес келуі тиіс.

 

СТРАТЕГИЯЛЫҚ АКЦЕНТТЕР:



техникалық-технологиялық процестердің, әуе, жер үсті және су көлігі түрлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау жүйесін жетілдіру;

көлік инфрақұрылымы мен техникалық қызмет көрсету процестерінің сенімділік және қауіпсіздік деңгейін арттыру;

қоршаған ортаны ластаудың жылжымалы көздеріне қойылатын экологиялық талаптарды қатайту, мониторинг және құқық қолдану жүйесін жетілдіру, жауапкершілікті арттыру.

 

3.6  . Транзиттік әлеуетті пайдаланудың тиімділігін арттыру

 

Транзиттік әлеует өзінің аумағы арқылы халықаралық транзитті жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттің қызмет көрсету мүмкіндігін айқындайтын сыртқы және ішкі факторлар мен шарттардың жиынтығын білдіреді.



Транзиттік әлеуетті пайдалану тиімділігі мемлекеттің қолда бар мүмкіндігін толық көлемде іске асыру қабілетімен айқындалады.

Жаһандану мен кірігу процестерінің жеделдеуі транзитті дамыту мен оның сапасын арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасауды мемлекеттік басымдықтар деңгейіне көтере отырып, Қазақстанға қалыптасқан транзиттік мемлекет ретінде сапалық жаңа талаптар қояды.

Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту және тиімді пайдаланудың алғышарты Қытай мен Еуропа арасындағы жаңа жүк ағындарының туындауы болып табылады, бұған мыналар септігін тигізеді:

Қытайда іске асырылып жатқан Бірыңғай көлік стратегиясы («Қарқынды қадам») және "Go West" («Батысқа қарай жүру») ҚХР-дің батыс провинцияларын жедел дамыту бағдарламасы. Олар ірі көліктік инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде қазақстан-қытай шекарасында құрылып жатқан «Қорғас» еркін сауда аймағына жаңа темір жол желілерін (атап айтқанда, пайдаланудың алғашқы жылдарында тасымалдау көлемі жылына 6 млн. тоннадан асатын Цзиньхе – Қорғас), сондай-ақ "Шығыс-Батыс" бес стратегиялық автомобиль жолын (соның ішінде Ляньюньгань – Қорғас, Шанхай – Хэфэй – Сиань - Қорғас) салуды жүзеге асыруды көздейді, бұл Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан транзиттік жүк ағынының перспективті ұлғаюын болжауға мүмкіндік береді;

Бостон портынан (АҚШ-тың солтүстік-шығыс бөлігінде) бастау алып, норвегиялық Нарвик портына дейінгі теңіз жолы бойынша өтетін Трансазиялық темір жол магистралінің (Петропавл – Достық) Солтүстік дәлізі бағыты бойынша Норвегия, Швеция, Финляндия және Ресей аумақтары бойынша өтетін, Суэц каналы арқылы оңтүстік теңіз дәлізіне балама болып табылатын АҚШ – ҚХР бағытындағы "N.E.W. - corridor" көлік дәлізін дамыту перспективалары;

"NELTI" жаңа автокөлік бастамасын іске асыру.

Баламалы бағыттар, атап айтқанда Транссібір магистралі тарапынан қазіргі бәсекелестік жағдайында Солтүстік–Оңтүстік дәлізі шеңберінде Бандар-Аббас –Бандар-Анзали – Ақтау порттарын пайдалана отырып, Қытайдың шығыс порттарынан шығатын трансмұхиттық жол жүктерді тасымалдаудың тартымды бағыттарының бірі болуы мүмкін.

Бұдан басқа, әлемдік нарықтың Орталық Азия өңіріне және Ресейге әртүрлі тауарлар транзиті бойынша БАЭ алып отырған орнықты коммерциялық жағдайы Ақтау теңіз порты арқылы жүктерді тасымалдау бағытын дамыту үшін жағдай жасап отыр. Бұл ретте, шығыс Қытайдан жүк ағынын осы бағытқа ішінара қайта бағыттауға ықпал ететін бірқатар факторлардың болуын атаған жөн, атап айтқанда:

жолдағы барлық порттарда (Дубай – Бандар-Аббас – Бандар-Анзали –Ақтау) қазіргі шығындарды мейлінше азайтуға ықпал ететін еркін экономикалық аймақтар режимінің болуы;

электр тұрмыс техникасын, халық тұтынатын тауарларды, доңғалақты техниканы, контейнерлердегі жүкті орнықты тасымалдау бойынша Бандар-Аббас – Бандар-Анзали – Ақтау бағытын пайдаланудағы соңғы жылдардың табысты тәжірибесі;

Батыс Қазақтанның мұнай кен орындарын әзірлеуді жүзеге асыратын Қытайдың бірқатар ірі компанияларының әртүрлі жүктерді жеткізуге мүдделілігі.

Осы бағыттағы орнықты қызметті ұйымдастыру Каспийдегі порт инфрақұрылымдарының және кеме қатынасының дамуына ықпал ететін болады, сондай-ақ темір жол-паром және қазіргі автопаром қатынасының (РО-РО) жандануына серпін береді. Сонымен бірге, Транссібір арқылы өтетін жүктерді қайта бағдарлау үшін баламалы бәсекелес бағытты іс жүзінде құру бастапқы кезеңде жыл сайын шамамен 100 мың тонна жүк ағынын және 10 мыңнан астам стандартты контейнерлерді қамтамасыз етуге қабілетті.

Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттің одан әрі өсуін ескере отырып, толассыз тарифті, жеткізу жылдамдығын, жүктердің сақталуын, ақпараттық қамтамасыз етілуін және шекаралық және кедендік қызметтер тарапынан транзиттік көліктің қызметіне кедергі болатын әкімшілік тосқауылдардың болмауын қамтамасыз ететін транзиттік дәліздерді кешенді дамыту қажет.

Осыған байланысты:

транзиттік тасымалдарды дамыту, оның ішінде көлік дәлізіне барлық қатысушы-мемлекеттермен толассыз бірыңғай тарифті қалыптастыру мәселелерінің мемлекетаралық қатынастар деңгейінде шешілуіне саяси жәрдемдесу;

көлік инфрақұрылымының қазіргі элементтерін қалпына келтіруді және жаңаларын салуды қоса алғанда, транзиттік көлік дәліздерінің инфрақұрылымын басымдықты келісілген дамыту;

жол бойы сервисі объектілерін дамытуды қоса алғанда, транзиттік көлік дәліздерінің бәсекеге қабілеттілігін, олардың техникалық және сервистік деңгейін әлемдік стандарттарға дейін жеткізу арқылы арттыру;

Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жүктердің басымдықты, кедергісіз және қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету;

ішкі де, халықаралық қатынастағы да жүктің көлемдері, түрлері мен көлік түрлері бойынша тасымалдардың бағыттары жөніндегі деректерді жинақтауға, талдауға және болжауға, сондай-ақ жүктің тұрған орны туралы ақпарат жинауға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы байланыс жүйелері мен көліктік деректер базасының ақпараттық талдау жүйесін енгізу;

қосарланған сақтандыруды болдырмайтын екі жақты халықаралық шарттар жасасу;

инфрақұрылымды дамытуға отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

халықаралық және транзиттік тасымалдарға анағұрлым сапалы қызмет көрсету үшін Қазақстан өңірлерінің көліктік тораптарында өңірлік көліктік-логистикалық орталықтар мен терминалдық кешендер құру;

мультимодальдық, контейнерлік тасымалдарды дамыту қажет.

 

НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАР:



 

икемді тарифтік саясат транзиттің ұлғаюын ынталандыруы тиіс;

Қазақстанның аумағы бойынша транзиттік қозғалыстан түсетін кірістер есебінен инфрақұрылымды ұстауға арналған шығындарды өтеу;

транзиттік жүк тасқынын зерттеу мен талдауды ынталандыру және жүктерді баламалы бағыттардан біздің мемлекеттің аумағы арқылы өтетін көлік дәліздеріне бағдарлау жолдарын іздеуге бастамашы болу;

транзиттік әлеуеттің дамуына ықпал ету барлық мемлекеттік органдардың стратегиялық басымдығы болуы тиіс.

 

Стратегиялық акценттер:



 

республика көлік дәліздерінің халықаралық жүйедегі бәсекеге қабілеттілігін дамыту және арттыру;

Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өтудегі өткізу пункттерін техникалық және технологиялық жарақтандыру деңгейін арттыру.

 

3.7  . Көлік саласындағы инновациялық даму

 

Экономиканың жүк қажеттілігін төмендету немесе бұл көрсеткіш көлік жүйесінің тиімділігі мен көлік қызметінің мультипликативтік дәрежесін анықтайтындықтан, өндірілетін өнім (қызметтер) бірлігіне жұмсалатын көлік жұмыстары көлемін азайту ел экономикасының даму деңгейін арттыру тұрғысында көлік жүйесі алдында тұрған мемлекеттік міндеттердің бірі болып табылады.



Сондықтан, тауарлар өндіру мен қызметтердегі көліктік құрамдасының бөліктің үлестік салмағын азайтуды мемлекет көлік жүйесінің негізгі стратегиялық басымдықтары қатарына жатқызуы тиіс, бұл көлік өнімі мен қызметін халықтың барлық топтары үшін анағұрлым қол жетімді етуге мүмкіндік береді.

Бұл орайда, мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті құқықтық негіздерді қамтамасыз ету және мультимодальдық тасымалдарды дамыту мен логистикалық орталықтар құру үшін қажетті экономикалық жағдайлар жасау болып табылады.

Көлік процестерінің тиімділігін арттыруда оларды ақпараттық қамтамасыз етудің елеулі маңызы бар. Спутниктік навигация жүйесін қарқынды дамыту, өндірілетін өнімдер мен қызметтер туралы ақпараттық деректер базасын құру қажет.

Көлік процестерінің қоршаған ортаға келеңсіз әсерін шектеу және реттеу көлік құралдарының экологиялық өлшемдерін бақылау үшін көліктік бақылау органдарын және экологиялық органдарды қазіргі заманғы жабдықпен және технологиялармен (газ анализаторлары, түтін өлшегіштер, отындағы ауыр металдардың құрамын анықтауға арналған құралдар және т.с.с.) жарақтандыруды қажет етеді.

Әрине, бастапқы кезеңде көлік жүйесінің техникалық және технологиялық деңгейін арттыру мемлекет тарапынан да, жеке сектор тарапынан да едәуір күрделі қаржы салымдарын талап етеді. Сонымен бірге, дамыған елдер тәжірибесі жаңа технологияларды дамытуға және енгізуге, энергия- және ресурстарды үнемдеуге, кешенді ақпараттандыруға инвестиция салудың толық ақталатынын және қысқа мерзімде жоғары экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.

 

НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАР:



 

ұлттық көлік жүйесін инновациялық дамыту ең алдымен көлік қызметтеріне қол жетімділікті арттыруға және экономиканың жүкті қажетсінуін азайтуға бағытталуы тиіс;

енгізілетін жаңа технологиялар республиканың ішінде жүзеге асырылатын көлік процестерінің жаһандық көлік жүйесі процестерімен біріздендірілуін қамтамасыз етуі тиіс.

 

СТРАТЕГИЯЛЫҚ АКЦЕНТТЕР:



 

көлік технологияларын жетілдіру және қазіргі заманғы техника мен жабдықты енгізу;

өндірістік және көлік процестерін ықпалдастыру және кешенді ақпараттандырумен қамтамасыз ету.

 

3.8. Көлік саласындағы ғылыми және кадр әлеуетін арттыру



 

Көлік жүйесін қарқынды дамыту мен жоғары көлік әлеуетіне қол жеткізудің негізгі құрамдастары арасында жоғары технологиялы және тиімді көлік жүйесінің ажырамас бөлігі және міндетті шарты болып табылатын ғылыми және кадр әлеуетін арттырудың маңыздылығын ерекше атаған жөн.

Ғылымды дамыту, әсіресе, ерекше маңыздысы, жоғары білікті кадрлар даярлау белгілі бір уақытты талап ететіндіктен, мемлекет мамандарға деген болашақ қажеттілікті дұрыс айқындауды күні бұрын ойлап, оларды оқыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасауы тиіс.

Көлік саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру үшін бірнеше бейінді жоғары оқу орындарын белгілеу және олардың базасында жүк ағынын және жолаушы көлігін жоспарлауға оқыту орталықтарын құру қажет. Міндеті, басқа міндеттерімен қатар, көлік модельдерін, жоспарлау тетіктерін әзірлеу, санаткерлік ресурстарды дайындау, оқыту және халықаралық тәжірибені дарыту болатын институттарға мемлекеттік органдар қолдау көрсетуі тиіс. Институттар мемлекеттік органдарға даму бағдарламаларын әзірлеуде, сұранысты болжауға, жобаларды анықтау мен бағалауға және жолаушы мен жүк көлігінің қызметін қамтамасыз етуге байланысты басқа да мәселелерді шешуде жәрдем көрсететін болады.

 

НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАР:



 

республиканың көлік жүйесін инновациялық дамытудың негізіне көлік саласындағы өз ғылыми әлеуетімізді дамыту алынуы тиіс;

көліктің барлық түрлері үшін кәсіби кадрлар даярлау көлік жүйесінің дамуынан озыңқы, жұмыстың жаңа әдістерінің енгізілуі және жаңа технологиялардың енгізілуін ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс.

 

СТРАТЕГИЯЛЫҚ АКЦЕНТТЕР:



 

көлік саласындағы ғылыми мекемелерді дамыту және ауқымды зерттеулерді ынталандыру;

мемлекеттік қызметшілер мен көлік қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру;

жоғары, орта техникалық және кәсіби білім беру жүйесін дамыту;

қазіргі ұлттық бейіндік жоғары оқу орындарының базасында жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын жасау. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасында JAR талаптарын енгізе отырып, жетекші әлемдік азаматтық авиация академияларымен бірлескен оқыту бағдарламаларын жасау қажет. Ұлттық теңіз және өзен флотының дамуына орай қазақстандық мамандарды шетелдердің мамандандырылған оқу орындарында оқытуды көздеу қажет.

 

4. КӨЛІКТІҢ ЖЕКЕЛЕГЕН ТҮРЛЕРІНДЕ СТРАТЕГИЯНЫ ІСКЕ АСЫРУ



ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Мемлекеттік көлік саясаты, бір жағынан, мемлекеттік реттеу мен араласуды біртіндеп азайтудан, ал, екінші жағынан, жеке бастамашылық пен бәсекелестікті дамыту үшін қолайлы ахуал мен жағдайлар жасаудан тұруға тиіс.



Мемлекеттік көлік саясатының басты қағидаттары мен бағыттарының көліктің жекелеген түрлеріне олардың технологиялық және функционалдық өзгешеліктеріне, көлік жүйесі мен мемлекет ішінде өтетін әлеуметтік-экономикалық процестерге қатысуының әртүрлі дәрежесіне, сондай-ақ Стратегияны іске асыру сәтіндегі әртүрлі мәрелік жағдайларға байланысты қолданылуында бірқатар ерекшеліктері бар.

 

 



4.1. Темір жол көлігінде

 

4.1.1. Көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту

 

Темір жол көлігінің инфрақұрылымын дамыту қолданыстағы темір жол желісін Қазақстан халқының, экономикасы мен өнеркәсібінің қажеттілігінен шыға отырып, жаңа учаскелер салу арқылы желілерді оңтайландырумен қатар қауіпсіздік пен қозғалыс жылдамдығын әлемдік стандарттарға сәйкес келтіруге бағытталатын болады.



Қалпына келтіру, жүк тасымалдылығы көп учаскелердің өткізу қабілетін арттыру және электрлендіруді қоса алғанда, халықаралық транзит дәліздерінде және негізгі республикаішілік бағыттарда магистральдық желінің техникалық жай-күйінің деңгейі басымдылық ретімен арттырылуы тиіс.

Инфрақұрылым объектілерінің негізгі қорларына кезең-кезеңімен жаңарту жүргізілуі және олар темір жол көлігінің халықаралық стандарттарына сәйкес келтірілуі тиіс.

Темір жол көлігінің желісін өңірлік басымдықта дамыту Солтүстік – Оңтүстік (Ресей – Орталық Азия) және Шығыс – Батыс (Оңтүстік Шығыс Азия – Қытай – Еуропа) бағыттарында жүргізілетін болады.

Стратегияны іске асыру кезеңінде жаңа темір жол желілерін салу жөніндегі мынадай инфрақұрылымдық жобалар қаралатын және экономикалық негіздеме болған жағдайда іске асырылатын болады:

Бейнеу – Шалқар станциясы учаскесі, поездардың жүру бағытының ұзақтығын батыс өңірі мен Азия елдерінің Ақтау теңіз порты арқылы қатынасында орта есеппен 530 км-ге қысқарады;

Қорғас – Сарыөзек учаскесі, ол қолданылып жүрген бағыттармен салыстырғанда Ақтау портынан Қытайға дейінгі темір жол тасымалдарының қашықтығын едәуір қысқартады, ал Шалқар – Бейнеу темір жол желісін салу жобасы іске асырылғаннан кейін Цзиньхе – Ақтау бағытының ұзақтығы қазіргі 3 920 км-дан 3 222 км-ге дейін қысқарады;

Жезқазған – Сексеуіл станциясы учаскесі, ол Қазақстанның орталық облыстарынан Ақтау портына анағұрлым қысқа шығуды қамтамасыз етеді және іргелес өңірде көмір, мұнай-газ, мыс-темір рудасы және басқа да кен орындарын игеруде жәрдем етеді;

Шар станциясы – Өскемен учаскесі, ол Локоть станциясы арқылы қолданыстағы бағыттармен салыстырғанда тасымалдау қашықтығын Ресей аумағы арқылы жүруді қажет етпестен 300 км-ден астамға қысқартады;

Қазақстан жүктерін Каспий теңізіне неғұрлым тиімді тасымалдау және Ақтау теңіз портынан шамадан тыс жүктемені азайту үшін Маңғышылақ – Баутино және Ералиев – Құрық жаңа темір жолдары құрылысы жүзеге асырылатын болады.

Темір жолдарды одан әрі жаңғырту үшін жүк тасымалдылығы көп Мақат – Қандыағаш, Алматы – Ақтоғай, Қостанай – Железорудная және Хромтау – Алтынсарин учаскелерін электрлендіру бойынша іс-шаралар жүргізілетін болады.

Өңірлер арасында өте қысқа бағыттар бойынша жүк тасымалдарын оңтайландыруға және жаңа темір жол желілерін салу арқылы Қазақстан Республикасынан тысқары жерге экспортталатын тауарларды жеткізуді жеделдетуге мүмкіндік беретін ұлттық тұйық темір жолдар желісін қалыптастыру жүк поездарының артық жүрістерін болдырмауға және түпкі өнім құнындағы көліктік құрамдастар үлесін төмендетуге мүмкіндік береді.

Темір жол көлігінің инфрақұрылымдық жобаларын іске асыруда олардың жоғары капитал қажеттілігіне байланысты мемлекеттік-жеке меншіктік серіктестік нысаны кеңінен қолданылатын болады. Жаңа инфрақұрылымдық объектілер құрылысы кезінде жеке бастамашылықты тарту үшін мемлекеттік-жеке меншіктік серіктестіктің әртүрлі схемасы қолданылатын болады.

 

4.1.2. Көлік қызметі нарығын дамыту

Темір жол көлігінде жүргізілген құрылымдық қайта құрулар көлік қызметтерінің бәсекелі нарығын қалыптастыру мен дамыту үшін негіз және қажетті алғышарттар құрады. Тасымалдау қызметін қызмет көрсетуден бөлу және магистралдық желені ұстау жолаушылар мен жүктер тасымалдары бойынша қызметтер ұсынуда бәсекелі ортаның қалыптасу мүмкіндігін көздейді. Локомотивтік тарту мен жүк вагондарын ұсыну жөніндегі қызметтер де бәсекелі секторға бөлінген.

Сонымен бірге магистральдық темір жол жүйесінің қызметтерін ұсыну табиғи-монополиялық сала болып қала береді және мемлекеттің қарауында болады. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының жоғары әлеуметтік қыры мен магистральдық желіні пайдаланғаны үшін тарифтер деңгейіне экономикалық тәуелділігін ескере отырып, оларды қалыптастыру оны жөндеуге және ұстауға арналған белгілі бір шығындар нормасын және Ұлттық режимді ұсыну туралы 1994 жылғы тарифтер мен сауда туралы бас келісімнің (ТСБК) талаптарын ескерумен, магистральдық темір жол желісі қызметтеріне тарифтерді маңызды өлшемдер бойынша саралау мүмкіндігін көздейтін айқын әдістемеге негізделуі тиіс.

Кез келген ықтимал операторға көлік қызметтері нарығына қол жеткізудің бірыңғай талаптары мен тең шарттарын белгілеу үшін тиісінше нормативтік құқықтық база жетілдірілуге тиіс. Лицензиялау мен сертификаттау жүйесі осы талаптардың орындалуын және ұсынылатын қызметтердің қажетті сапалық деңгейін қолдауды қамтамасыз етуі тиіс.

Мемлекет белгілейтін әлеуметтік мәні бар қатынастар (облысаралық, ауданаралық және қалааралық) бойынша жолаушыларды тасымалдауға арналған тарифтердің шекті деңгейін шектеу Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес көзделетін мемлекеттік бюджеттен (республикалық немесе жергілікті) субсидиялар түрінде осындай тасымалдарды ұйымдастыруға байланысты залалдар үшін тасымалдаушыларға өтемақы тетіктерін көздеуі тиіс.

Жүк тасымалдарының технологиялық және экономикалық тиімділігін арттыру үшін негізгі ынталандыру ретінде жүк тасымалдары жөніндегі қызметтерді ұсынатын тасымалдаушылар мен операторлар арасындағы бәсеке ортаны қамтамасыз ету қажет. Бұл, бірінші кезекте тасымалдау жылдамдығын арттыруға, жүк вагондарының жүктерді өңдеу пункттерінде себепсіз көп бос тұруын болдырмауға және белгілі бір дәрежеде вагондар тапшылығының проблемасын шешуге мүмкіндік береді.

Тиеу ресурстарын босату және кәсіпорындардың кірме жолдарында жүк операциялары кезінде жылжымалы құрамның бос тұруын қысқарту мақсатында жүк жөнелтуші кәсіпорындардың темір жол инфрақұрылымын дамыту мен жаңғырту қажет.

 

4.1.3. Транзиттік әлеуетті іске асыру



 

Темір жол көлігі транзиттік әлеуетті дамытудың және оны пайдалануды арттырудың ең жақсы перспективаларына ие.

Транзиттік қозғалыс үшін темір жол дәліздерінің тартымдылығын кешенді арттыруға инфрақұрылымның сапасын арттыруды, тариф саясатын жетілдіруді және әкімшілік сипаттағы тосқауылдарды жоюды қамтуы тиіс. Қызметтерді жетілдіру нақтылық, сенімділік және тасымалдау жылдамдығы сияқты өлшемдер бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Козғалыстың қауіпсіздігі мен әмбебаптығын қамтамасыз ету жүйесін кұру қажет.

Трансазиялық темір жол магистралі бойынша халықаралық тасымалдарды қамтамасыз етуде қазақстан-қытай шекарасындағы Достық станциясын дамыту ерекше маңызға ие.

Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін дамыту және тиімді пайдалану, сондай-ақ көлік-логистикалық кластерді іске асыру шеңберінде өткізу нарығында өнімдер мен қызметтерді жылжытудың тиімді схемасын қалыптастырудағы мемлекеттің, көлік ұйымдарының және тауар өндірушілердің күш-жігерін үйлестіру мақсатында Астана, Алматы, Ақтау қалаларында, сондай-ақ Достық станциясында және Қазақстанның басқа да өнеркәсіптік дамыған өңірлерінде мемлекеттік деңгейдегі өңірлік көлік-логистикалық орталықтар ұйымдастырылатын болады.

Достық – Алашанькоу халықаралық шекаралық өткізу пункті арқылы темір жол көлігімен тасымалдаудың орнықты өсуі мақсатында, қытай жағынан Алашанькоу мен Үрімші станцияларының және Ақтоғай – Достық учаскесінің терминалдық сыйымдылығын 2015 жылға қарай 25 млн. тоннаға дейін кеңейтуді қоса алғанда, оның өткізу қабілетін барынша ұлғайтуға мүмкіндік беретін іс-шараларды іске асыру қажет.

Қолданыстағы магистральдар арасындағы байланыстыратын учаскелерді салу жолымен Қазақстан аумағы арқылы «түзетуші» темір жол желілерін перспективалық құру транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін Түркіменстан, Иран, Түркия және Еуропа елдері бағыттары бойынша жылына 100 млн. тоннаға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді. Жаңа учаскелерді жобалау оларды кейіннен электрлендіруді ескере отырып жүргізілуі тиіс.

Қытайдан транзиттік тасымалдарды одан әрі ұлғайтуды қамтамасыз ету екінші халықаралық шекаралық темір жол өткелін ашумен және Қытай салып жатқан Цзинхэ – Қорғас темір жол желісі құрылысының жалғасы болып табылатын Қорғас – Сарыөзек темір жол желісін салумен шешілуі мүмкін, бұл еркін сауда (Қорғас шекаралық өткізу пунктінде) аймағын дамытуға оң әсер етеді.

Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін, оның ішінде Трансазиялық темір жол магистралінің Солтүстік дәлізін тиімді пайдалануды арттырудың басымдық жобаларының қатарына халықаралық трансконтиненталдық интермодаль дәлізін («N.Е.W. – corridor») дамыту жөніндегі Халықаралық темір жол одағының (ХТЖО) жобасы жатады. Бұл бағыттағы контейнерлік ағынның әлеуетті қуаты алғашқы жылдары 100 мыңнан астам, ал тасымалдау көлемі жылына 25 млн. тонна жүкке дейін жетеді.

 

4.1.4. Инновациялық даму және кадр әлеуетін қалыптастыру

 

Темір жол көлігі саласында инновациялық дамудың және кадр әлеуетін қалыптастырудың негізгі бағыттары:



магистральдық темір жолдарды қазіргі заманғы техникалық құрылғылармен, сондай-ақ оларды диагностикалау және ұстау жүйелерімен жарақтандыру;

вагондар мен локомотивтерді шығару және жөндеу жөніндегі кәсіпорындарды дамыту үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ темір жол техникасының жетекші әлемдік өндірушілерімен бірлескен кәсіпорындар құруды ұйымдастыру;

темір жол көлігінде автоматтандырылған басқару жүйесін енгізуді қоса алғанда, көлік процестерін ақпараттық қамтамасыз етудің кіріктірілген жүйесін жасау;

мультимодальдық және интермодальдық (контейнерлік, контрейлерлік, аралас) тасымалдарды дамыту және қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін қазіргі заманғы логистика кешендерін құру;

темір жол саласының кадрларын даярлау және қайта даярлау жүйесін жетілдіру болып табылады.

 

4.2. Автомобиль көлігінде

 

Бірыңғай көлік жүйесін дамытуды қамтамасыз етуде автомобиль көлігінің рөлін сипаттайтын мемлекеттік көлік саясатын іске асырудың ерекшеліктері мынадай бағыттар бойынша бірқатар бірінші кезектегі міндеттерді шешу қажеттігінен тұрады.



 

4.2.1. Көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту

 

Республиканың кең-байтақ аумағы мен автомобиль жолдары желісінің салыстырмалы төмен тығыздығы, тасымалдардың алыс қашықтықтары жиынтығында төсемнің бүлінуі немесе болмауы көлік шығыстарының өсуіне және өндірілетін өнімнің өзіндік құнының артып кетуіне әкелетін болғандықтан, олардың техникалық жай-күйіне ерекше мән беріледі.



Халықаралық көлік дәліздерін, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды қалпына келтіру және дамытуды мемлекеттің аумақты дамыту бағдарламаларымен белгіленген, оның экономикалық кеңістігінің тұтастығын қамтамасыз ететін, өңірлік және әкімшілік-аумақтық бірліктер арасындағы байланыс үшін қызмет ететін бағыттарда басымдық тәртібімен жүзеге асыру қажет.

Облыс орталықтарын аудан орталықтарымен байланыстыратын автомобиль жолдары республикалық деңгейге беріліп, республикалық бюджет есебінен ұсталуға тиіс.

Жол инфрақұрылымын дамытудың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

алты негізгі халықаралық транзит дәліздерін қайта жаңартуды аяқтау:

1)Ташкент – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас;

2) Шымкент – Қызылорда – Ақтөбе – Орал – Самара;

3) Алматы – Қарағанды – Астана – Петропавл;

4) Астрахань – Атырау – Ақтау – Түркіменстан шекарасы;

5) Омбы – Павлодар – Семей – Майқапшағай;

6) Астана – Қостанай – Челябі – Екатеринбург;

күрделі және орташа жөндеуді, жекелеген учаскелерді жоғары техникалық санатқа көшіруді (қайта жаңарту), қауіпті учаскелерді жою мен жолдарды кеңейтуді қоса алғанда, ортақ пайдаланудағы халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының және олардың инженерлік құрылыстарының көлік-пайдалану жай-күйін қозғалыс қарқынын және осьтік жүктемесін ескере отырып, нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына кезең-кезеңімен сәйкес келтіру;

ортақ пайдаланудағы халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары желісін, олардың мақсатты қолданылуына сәйкес келуіне кепілдік беретін және пайдалануға рұқсат берілген автокөлік құралдарының жыл бойы қауіпсіз жүруін қамтамасыз ететін деңгейде ұстауды (пайдалануды) қамтамасыз ету;

жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту және оны халықаралық талаптарға сәйкес келтіру;

ортақ пайдаланудағы жолдар желісін оңтайландыру, өңіраралық және облысаралық автомобиль қатынастары проблемаларын шешу үшін автомобиль жолдарының жаңа учаскелерін және инженерлік құрылыстарды салу;

автомобиль көлігінің келеңсіз әсерін азайту мақсатында ірі елді мекендер айналасында кіреберіс және айналма жолдарды салу және қайта жаңарту;

жол-пайдалану жұмыстарының барлық түрлерінің конкурстық негізде орындалуына көшуін қоса алғанда, жол-пайдалану қызметтерінің және жолдардың ағымдағы жай-күйін басқару жүйесінің тиімділігін арттыру;

жүк тасымалдауды жүзеге асырған кезде пайдаланылатын автокөлік құралдарының салмақ және көлем параметрлерін бақылаудың тиімді жүйесін құру;

транзиттік жолдарды қоса алғанда, автомобиль жолдарын пайдаланушылардан алынатын төлемдер мөлшерін оларды жөндеуге және ұстауға арналған мемлекет шығыстарын барынша өтеуді қамтамасыз ететін деңгейге дейін кезең-кезеңімен жеткізу;

өздерінің техникалық-пайдалану сипаттамалары бойынша жол қозғалысы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін автомобиль жолдарын, көше-жол желілерін және инженерлік құрылыстарды кезең-кезеңімен қайта жаңарту;

жол-пайдалану жұмыстарының көлемі мен құнын нормаланған жоспарлаудан және пайдалану қызметтерін жол техникасымен қамтамасыз етуден бас тарту;

қалалардың және өзге де елді мекендердің ішіндегі және маңындағы жұмыстарды қоса алғанда, жол жұмыстарын орындаған кезде экологияның жай-күйіне және адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға қойылатын талаптарды қатайту, бақылауды қамтамасыз ету және оларды сақтамағаны үшін жауапкершілікті арттыру;

жол саласының кәсіпорындарын институционалдық дамыту және техникалық қайта жарақтандыру, ағымдағы ұстауды жоспарлау мен басқарудың қазіргі заманғы технологиялары мен жүйелерін енгізу, инженерлік-техникалық және басқару қызметкерлерін даярлау деңгейін және біліктілігін арттыру;

Қазақстанның барлық қалаларында, Астана және Алматы қалаларында көше қозғалысын басқарудың балама құралдарын енгізуді қоса алғанда, қозғалысты басқару құралдарының технологиялық деңгейін жаңарту;

нормативтік-техникалық базаны одан әрі жетілдіру, техникалық реттеуге көшуді жүзеге асыру.

Автожол инфрақұрылымын дамытудың негізгі міндеттері:

негізгі халықаралық транзиттік дәліздерді, сондай-ақ республикалық маңызы бар халықаралық бағыттар мен жолдарды қайта жаңарту жөніндегі бірінші кезектегі шараларды қолдану;

ішкі және келушілер туризмін және кластерлік бастамаларды дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының тарихи, мәдени және табиғи туристік объектілеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін ортақ пайдаланудағы жолдардың жекелеген учаскелерін қайта жаңарту жөніндегі шараларды жүзеге асыру болып табылады:

1) Алматы – Аягөз – Георгиевка;

2) Таскескен – Бақты;

3) Шонжы – Көлжат;

4) Үшарал – Достық (іріктеп);

5) Қызылорда – Жезқазған – Павлодар – Ресей Федерациясының шекарасы (іріктеп);

6) Жезқазған – Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы (іріктеп);

7) Бейнеу – Ақжігіт - Өзбекстан шекарасы (екінші кезең).

Экологиялық жағдайға автомобиль транзит көлігінің келеңсіз әсерін азайту мақсатында халықаралық автокөлік дәліздерінде орналасқан республиканың барлық қалалары айналма жолдармен қамтамасыз етілуге тиіс.

Автожол саласын қаржыландырудың балама көздерін іздеу мақсатында құрылыс жобаларын іске асыру және автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерін қайта жаңарту кезінде мемлекет-жеке меншік серіктестігінің тетіктерін енгізуді көздеу қажет.

 

1   2   3   4   5


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет