e) Ата-аналарынан айыру
(9-бап)
Бұл мәселе бойынша егжей-тегжейлі ақпарат 2003 жылы Конвенцияны орындау туралы бастапқы баяндаманың 175 – 187-тармақтарында және
2007 жылы Баланың құқықтары туралы конвенцияны Қазақстан Республикасының іске асыруы туралы екінші және үшінші мерзімді баяндаманың 209 – 215-тармақтарында көрсетілген.
Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша 2010 жылы ана-ана құқығынан бір мыңға жуық ата-ана айырылды.
2010 жылы Сәбилер үйлерінде үш жасқа дейінгі 1 586 бала (2007 жылы – 2 131 бала) тәрбиеленуде. Жетімдер үйлерінде – 599 бала (2007 жылы –
673 бала) бар. Болу уақыты баланың мәртебесін анықтағанға дейін 6 айға дейін.
«Үміт» үйлерінде – бір жасқа дейінгі 369 бала (2007 жылы – 413 бала).
Астана қаласында Сәбилер үйінің жанынан өмір тәжірибесі және туған отбасында қолдауы жоқ аналар үшін «Үміт» үйі ашылды. Бұл жерде жас аналар өздерінің балаларымен бірге тұрады, оларды емізеді, бір жасқа дейін тәрбиелейді. Әзірше мұндай модулды орталық біреу ғана, мұндай орталықтарды еліміздің басқа өңірлерінде де ашу жоспарланып отыр.
Білім беру ұйымдарында ата-аналараға арналып дәрістер өткізіледі, ата-аналар кеңестері, әкелер кеңестері жұмыс істейді.
Қоғамдық санаға дені сау әрі толық отбасы бейнесін сіңіру мақсатында 2009 жылы телеарналарда ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі рөлін арттыруға бағытталған «Мен және менің отбасым», «Я и моя семья» бағдарламасы берілді.
Жыл сайын республикада Халықаралық отбасы күніне арналған «От чистого истока» отбасылық шығармашылықтың өңірлік фестивальдары өткізіледі.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әрбір бала өмір сүруге және отбасында тәрбиеленуге құқылы. Ата-анасы болмаған кезде, олар ата-ана құқығынан айырылған кезде және ата-ана қамқорлығын жоғалтудың басқа жағдайларында баланың отбасында бәрибелену құқығын қамқоршылық және қорғаншылық органдар заңнамада белгіленген тәртіппен қамтамасыз етеді.
Тиісті органдар мен ұйымдардың отбасылық айналадан айырылған балалардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері Азаматтық кодексте, «Неке және отбасы туралы», «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы», «Баланың құқықтары туралы», «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында көрсетілген.
d) Отбасылардың бірігуі
(10-бап)
Бұл мәселе бойынша егжей-тегжейлі ақпарат 2003 жылы Конвенцияны орындау туралы бастапқы баяндаманың 188 – 192-тармақтарында және
2007 жылы Баланың құқықтары туралы конвенцияны Қазақстан Республикасының іске асыруы туралы екінші және үшінші мерзімді баяндаманың 216 – 219-тармақтарында көрсетілген.
Балаларды биологиялық отбасыларына қайтару жөніндегі жұмыс жүргізілуде. 2007 жылдан бастап 4 000-нан астам бала қайтарылды. Жыл сайын биологиялық отбасыларына қайтарылған балалардың саны ұлғаюда. 2010 жылы 1 328 бала (2007 жылы – 1 004 бала) қайтарылды.
e) Баланы ұстауды қалпына келтіру
(27-баптың 4-тармағы)
Баланы ұстауды қалпына келтіру мәселелері Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттеледі және 2003 жылы Конвенцияны орындау туралы бастапқы баяндаманың 195 – 199-тармақтарында көрсетілген.
f) Отбасынан айырылған балалар
(20-бап)
Бұл мәселе бойынша егжей-тегжейлі ақпарат 2003 жылы Конвенцияны орындау туралы бастапқы баяндаманың 200 – 213-тармақтарында және 2007 жылы Баланың құқықтары туралы конвенцияны Қазақстан Республикасының іске асыруы туралы екінші және үшінші мерзімді баяндаманың 227 – 236-тармақтарында көрсетілген.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Неке және отбасы туралы», «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы», «Балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар туралы», «Мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында көрініс тапты.
2010 жылдың аяғында республикада жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 210 мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым саналады, оларда 14 052 баланың тұруы мен тәрбиеленуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Алайда, психологтар мен педагогтардың көптеген зерттеулері, баланы интернат үлгісіндегі мекемеге орналастыру оның негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз етпейтіндігін көрсетеді, бұл, өз кезегінде, баланың жеке ерекшеліктерінің бұзылуына әкеледі. Интернат мекемесі жағдайында баланың әлеуметтік дамуы, әдетте, отбасының, жақын адамдардың және достарының болмауынан шектелген. Жетімдер жас кезінен бастап өзінің мінез-құлқын ата-анасының іс-қимылына қарап түзеу мүмкіндігінен айырылған, сондықтан балалар үйлері мен интернаттарда біртекті ортада болу бұл балаларда төмендетілген өмірлік стандарттарды қалыптастырады.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін отбасылыққа барынша жақындатылған жағдай жасау мақсатында республикада балалар үйлері мен интернат мекемелерін деинституционализациялау, оларды ірілендіру жөніндегі белгілі бір жұмыс жүргізіледі. Бүгінгі таңда отбасы үлгісінде жұмыс істейтін балалар үйлерінде балалар өзара туыстық қатынаста байланысқан, бір-біріне құштар және дос 8 – 10 адамнан тұрады. Бұдан басқа, балалар үйлерінде баланы жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбиелеу бағдарламасы енгізілген, отбасылыққа жақын жағдай жасалған.
210 ұйымның ішінен 7 отбасылық үлгідегі балалар ауылы (349 бала),
3 SOS балалар қалашығы (190 бала), 22 отбасылық үлгідегі балалар үйі
(330 бала) жұмыс істейді, оларға отбасылық әдет-ғұрыптың негізгі белгілері мен ерекшеліктері тән.
Барлық ұйымдарда оқу және тәрбиелеу үшін жағдай жасалған, лингафондық және мультимедиялық кабинеттер бар, 148 ұйым Интернет желісіне қосылған.
Жыл сайын өңірлерде балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы өз отбасына тәрбиелеуге алуға ниет білдіретін адамдарды іздестіруге және тартуға бағытталған «Ризашылық», «Доброта во благо детям...!» қайырымдылық мерекесі, «Қуан сәби», республикалық акциясы өткізіледі.
Осының арқасында 2010 жылдың қысқы және көктемгі каникулдарында қазақстандық азаматтардың отбасыларында қонақ үйлік отбасыларда балалар үйлерінің 1103 тәрбиеленушісі демалды. Жыл сайын балалар үйлерінде тәрбиеленуші 120-дан астам бала жазғы каникул кезеңінде шетелде демалады.
Талантты, дарынды балалар халықаралық конкурстарға қатысады. Мәселен, мысалы, 2011 жылғы 30 сәуірде «Үміт» балалар үйінің 27 баласы түріктің Фетхие қаласындағы Халықаралық конкурс-фестивальға қатысты, онда қатысқан 23 елдің ішінен 2-орынды жеңіп алды.
2011 жылы 38 386 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баладан 22 067 (2007 жылы – 29 147) қамқоршылықта (қорғаншылықта),
2 267 – патронаттық тәрбиелеуде (2007 жылы – 1 823).
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың проблемаларын шешу мақсатында 2011 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен, Байланыс және ақпараттандыру, Мәдениет министрліктерімен бірлесіп әзірлеген Әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуды насихаттауға бағытталған үгіт-насихат жұмысының іс-шаралар жоспары бекітілді.
Осы жоспарға сәйкес республиканың өңірлерінде әкелердің конференциялары, дөңгелек үстелдер өткізіледі, облыстық телеарналарда «Әр балаға – отбасының бақыты» («Каждому ребенку – счастливую семью») бейнеролигінің көрсетілімі, балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін біздің азаматтарымыздың отбасыларына орналастыру мәселелеріне арналған «Надежда детских сердец» телебағдарламасының циклі ұйымдастырылды.
Қазақстандық омбудсменнің мекемесі еліміздің балалар мекемелерінде балалардың құқықтарын қорғау мониторингін ұдайы негізде жүзеге асырады.
Мәселен, 2010 жылы Астана, Алматы, Көкшетау, Шымкент, Павлодар, Жезқазған, Сәтпаев қалаларындағы 22 балаларға арналған интернат мекемелеріне барды.
g) Ұл (қыз) асырап алу
(21-бап)
Ұл (қыз) асырап алу ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың балама нысандарының бірі болып табылады. Ұл (қыз) асырап алудың негізгі мақсаты ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларды туған отбасындағы жағдайлармен қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес баланы асырап алу мәселелеріндегі басымдық балаға ана-анасының қамқорлығынсыз қалған деген мәртебені айқындаған сәттен бастап баланы асырап алуға құқығы бар біздің елдің азаматтарына тиесілі.
«Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған күннен бастап 1999 жылдан бастап 41 091 бала асырап алынды, оның ішінде 31 929 баланы қазақстандық азаматтар, 487 баланы шетелдегі туысқандары, 8 675 баланы шетелдік азаматтар асырап алды.
2009 жылмен салыстырғанда Қазақстан азаматтары асырап алған балалар санының өсу үрдісі байқалуда (2009 жыл – 3 044 бала, 2010 жыл – 3 100 бала).
Сонымен бірге шетелдік азаматтар асырап алған балалардың саны қысқарды (2009 жыл – 669 бала, 2010 жыл – 506 бала).
2010 жылғы 12 наурызда Қазақстан Республикасы Балаларды қорғау және шетелдіктің бала асырап алуына қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияны ратификациялады.
Қазіргі уақытта ұлттық заңнаманы осы Конвенцияның нормаларына сәйкес келтіру жөніндегі жұмыс жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысында 2010 жылғы қыркүйекте Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары директорларының және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мамандардың республикалық кеңесінің «Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының Балалардың құқықтарын қорғау және шетелдіктің бала асырап алуына қатысты ынтымақтастық туралы Гаага конвенциясының ережелерін іске асыру шеңберіндегі міндеттері туралы» мәселе бойынша кеңейтілген отырысы өткізілді.
2011 жылғы наурызда Астана қаласында «Балаларды қорғау және шетелдіктің бала асырап алуына қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияны ратификациялау тұрғысынан шетелдіктің бала асырап алуының өзекті мәселелері» тақырыбына республикалық семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңеске мемлекеттік органдардың, ҚР Бас прокуратурасының, Астана қаласының Ювеналды сотының, БҰҰ-ның Балалар қорының (ЮНИСЕФ) ҚР-дағы өкілдері қатысты.
Ақпараттық-түсіндіру жұмысын белсенді ету үшін БАҚ арқылы жетім балаларды қазақстандық азаматтардың отбасыларына орналастыру бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Мен және менің отбасым», «Я и моя семья» телебағдарламасы дайындалды, ол «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілді.
Республиканың жетекші телеарналарында 2010 жылы әлеуметтік бейнероликтер көрсетілуде. «Ел арна» телеарнасында «Наши дети» бағдарламалар сериясы шығады. Жергілікті газеттерде «Каждому ребенку - семью», «Я ищу маму!», «Мама, найди меня», «Миру нужен я, мне нужна семья» және басқа да арнайы айдарлар ашылды.
h) Заңсыз алып бару және қайтармау
(11-бап)
Заңсыз алып бару және қайтармау туралы конвенцияның 11-бабының нормалары 2003 жылы Конвенцияның орындалуы туралы бастапқы баяндаманың 193-194-тармақтарында және Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы конвенцияны іске асыру туралы екінші және үшінші мерзімдік баяндаманың 221-224-тармақтарында көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Адам саудасымен күрес, сондай-ақ Гуманитарлық құқық және адам құқықтары жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар 1980 жылғы 25 қазанда Гаага қаласында қабылданған Халықаралық балалар ұрлаудың азаматтық аспектілері туралы конвенцияны Қазақстанның ратификациялауы туралы ұсынысты қолдады.
Қазіргі кезде Халықаралық балалар ұрлаудың азаматтық аспектілері туралы конвенцияға Қазақстан Республикасының қосылуы туралы мәселе пысықталуда.
Конвенция балаларды заңсыз орнын ауыстырудан қорғауға, сондай-ақ басқа мемлекетке заңсыз апарылған балаларды қайтаруға бағытталған (1-бап).
Қазақстан Республикасының Конвенцияға қосылуы мемлекетаралық деңгейде балалар мен олардың ата-аналарының (өзге заңды өкілдерінің), біздің еліміз азаматтарының құқықтарының қосымша кепілдіктерін қамтамасыз етуге, шет мемлекеттердегі заңсыз апарылған немесе ұстап отырылған балаларды қайтару туралы мәселені шешу кезінде Қазақстанның басқа мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасауының пәрменді құқықтық тетігін жасауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте Қазақстанның Конвенцияға қосылу, бұл жайында қазақстандық және шетелдік азаматтар мен ұйымдарды кеңінен хабардар ету фактісінің өзі-ақ балалар ұрлау оқиғаларын қысқартып, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге кепілдік беруге мүмкіндік беретін пәрменді алдын алу шарасы болады.
і) Қиянат жасау мен ұқыпсыз қараудан (19-бап) қорғау,
сондай-ақ табиғи және психикалық қалпына келтіру мен
әлеуметтік қайта ықпалдастыру
Осы мәселе бойынша ақпарат 2003 жылы Конвенцияның орындалуы туралы бастапқы баяндаманың 232-234-тармақтарында және Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы конвенцияны іске асыруы туралы екінші және үшінші мерзімдік баяндаманың 260-263-тармақтарында қамтылған.
j) Бала туралы қамқорлыққа байланысты жағдайларды
мерзімдік бағалау
(25-бап)
Конвенцияның 25-бабына сәйкес қамқорлықты мерзімдік бағалау және бала туралы қамқорлықпен, оны қорғаумен, табиғи не психикалық емдеумен байланысты барлық басқа да жағдайлар 2003 жылы Конвенцияның орындалуы туралы бастапқы баяндаманың 230-231-тармақтарында және Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы конвенцияны іске асыруы туралы екінші және үшінші мерзімдік баяндаманың 255-259-тармақтарында көрсетілген.
Бұдан бұрын көрсетілген нормалар мен ережелер қазіргі кезде де толық көлемінде қолданылады.
«Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» ҚР Заңының
46-бабына сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті Мемлекет басшысына жыл сайын республикадағы балалардың жағдайы туралы баяндама дайындап, ол Балалар құқықтарын қорғау комитетінің сайтында орналастырылады, жеке кітапша болып басып шығарылады.
2009 жылғы наурызда Парламент Мәжілісіндегі үкімет сағатында «Қазақстан балалары» бағдарламасының бірінші кезеңін іске асыру туралы есеп тыңдалды.
2009 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комитетте Конвенцияның ережелерін орындау шеңберінде балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бағып-күту, тәрбиелеу және оқыту жағдайларын жасау жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыс туралы республика министрліктері мен ведомстволарының есебі тыңдалды.
2010 жылы Қазақстан Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары бойынша әмбебап мерзімдік шолу рәсімінен ойдағыдай өтті. Қазіргі кезде БҰҰ Адам құқықтары комитетінің ұсыныстарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалған.
2011 жылы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілдің оның 2010 жылғы қызметі туралы есебі әзірленді, онда адамның, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қатысты ахуалға талдау жасалған, олардың бұзылуына байланысты өзекті проблемалар мен себептер белгіленген.
Омбудсменнің «балалар құқықтарын қорғау және көтермелеу» қызметінің басым бағыты бойынша жұмыс шеңберінде балалар құқықтарын қорғау мониторинг жүргізу үшін Астана, Алматы қалаларының, сондай-ақ Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарының 30 балалар мекемесіне ат басы бұрылды. Мониторинг барысында білім алу, денсаулығын қорғау, дем алу, бос уақыт пайдалану, мәдени және шығармашылық өмірге қатысу, ақпаратқа қолжетімділік, ана тілін, мәдениетін пайдалану жөніндегі балалар құқықтарының сақталу мәселелері зерделенді.
2011 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Парлментінің Мәжілісінде Еуропалық Одақ пен БҰҰ Балалар Қоры Өкілдігі (ЮНИСЕФ) делегациясының қатысуымен БҰҰ Бала құқықтары комитетінің ұсыныстарын орындау мәселелері қаралды.
VI. Базалық медициналық қызмет көрсету және
әлеуметтік қамсыздандыру
а) Мүгедек балалар
b) (23-бап)
Республикада мүгедек балаларды әлеуметтік қорғауға, оңалтуға және оларды қоғамға қосуға маңызды мән беріледі.
Қазақстан Республикасында, 01.01.2011 жылғы жағдай бойынша,
54 495 мүгедек бала, оның ішінде бірінші топтағы 16 жасқа дейінгі
45 810 мүгедек бала, 18 дейінгі 1 016 мүгедек бала, екінші топтағы 18 жасқа дейінгі 3 052 мүгедек бала, үшінші топтағы 18 жасқа дейінгі 4 617 мүгедек бала есепте тұр.
Қазіргі кезде әлеуметтік қорғау жүйесінде әлеуметтік мекемелер желісі жұмыс істейді, олардың ішінде тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған 3 интернат үй, 17 балалар психоневрологиялық интернат үйі, 6 оңалту орталығы, үйде әлеуметтік көмек көрсететін 160 бөлімше бар, оларда мүгедек балалардың 30 % астамы (17 мыңнан астам адам) арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.
Мүгедек балалар тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде тегін емдеумен, оңалтумен қамтамасыз етіледі. Амбулаториялық жағдайларда халықтың жекелеген санаттары, ауру түрлері бойынша, оның ішінде мүгедек балалар, тегін медикаменттермен және арнайы тағам өнімдерімен қамтамасыз етіледі. Мүгедек балаларға оңалту көмегі өңірлік деңгейде де, республикалық деңгейде де көрсетіледі. Кешенді оңалту медициналық терапияны, психологиялық-педагогикалық түзетуді және әлеуметтік бейімделуді қамтиды.
Балаларға оңалту көмегі республикалық маңызы бар орталықтарда: Астана қаласы – балалар оңалту орталығы (РБОО), Алматы қаласы – «Балбұлақ» балалар оңалту орталығы, «Алатау» балалар клиникалық санаторийі, Бурабай курорты – балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығы; 39 өңірлік деңгейдегі оңалту орталықтарында көрсетіледі, олардың қызметі жыл сайын мүмкіндіктері шектеулі 8,5 мыңға жуық балаға кешенді медициналық-психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік оңалтуға бағытталған.
РБОО-да герман жабдығымен жарақтандырылған ортездік шағын-зауыт жұмыс істейді, ол денені және патологиясы өзгерген аяқ-қолды физиологиялық күйге келтіретін әртүрлі арнайы құралдар жасап шығарады, бұл оңалтудың ажырамас бөлігі болып табылады.
Есту қабілеті тумай жатып және туғаннан кейін қатты бұзылған мүгедек балаларға медициналық көмек көрсету үшін 2007 жылдан бері республикада кохлеарлық имплантация бойынша бірегей операциялар жүргізілуде. Осындай 430 операция жасалды. Есту қабілеті бұзылған балалар осындай операция жасату үшін бұдан бұрын шетелге жіберілетін.
Интернат үйлерде мүгедектердің тұрмыс сапасын арттыру үшін 2009 жылдан бастап Мүгедек балаларды әлеуметтік қорғау саласында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын енгізуге республикалық бюджеттен жалпы сомасы 2,5 миллиард теңге (1,7 млн. АҚШ доллары) бөлінді, ол медициналық-әлеуметтік ұйымдарда әлеуметтік жұмыс бойынша мамандардың, әдіскерлердің, дефектолог мұғалімдердің, логопедтердің, дене шынықтыру мұғалімдерінің, еңбек бойынша нұсқаушылардың, музыкалық жетекшілердің, невропатологтардың, педиатр-дәрігерлердің, физиотерапевтердің, диетологтардың қосымша штат бірліктерін енгізуге жұмсалды. Баланың әлеуметтік даму деңгейін басшылыққа ала отырып, жасына қарай – бір топта 6-12 адамнан топтар жасақтау ұйымдастырылды, сөйтіп әрбір балаға жеке көзқарас таныту қамтамасыз етілді. Интернат үйлерді қазіргі заманғы көмекші, медициналық, оқу жабдықтарымен жарақтандыру мүгедек балалардың оңалту қызметтеріне деген қажеттіліктерін неғұрлым толық қанағаттандыру үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік берді.
Мақсатты ағымдағы трансферттер қаражаты есебінен психоневрологиялық ауруларға шалдыққан және (немесе) тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедек балаларға сондай-ақ жартылай стационар жағдайында – күндіз болу бөлімдерінде, отбасына қолдау көрсету қызметтерінде, үйге барып қызмет көрсету жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінді.
Жартылай стационарларды, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерін дамыту, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде дамыту интернат мекемелерінде бағылатын мүмкіндіктері шектеулі балалар санын қысқартуға бағытталған.
Мемлекет басшысының 2006 жылғы 1 наурыздағы «Қазақстанның дүние жүзінің 50 неғұрлым бәсекеге қабілетті елінің қатарына ену стратегиясы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында 2008 жылы «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» ҚР Заңы қабылданды, оны қабылдау мен іске асыру:
- арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетудің қазіргі заманғы моделін қалыптастыруға;
- ауыр өмірлік ахуалға тап болған адамдарға әлеуметтік қызмет көрсетудің кешенді жүйесін құруға;
- қызметі бәсекелестік ортасын құрып, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретін үкіметтік емес ұйымдардың қатысуы есебінен арнайы әлеуметтік қызметтер нарығын кеңейтуге;
- халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтер тізбесін кеңейтуге және сапасын арттыруға;
- әлеуметтік қызметтер мен ұйымдардың құқықтық мәртебесін айқындауға, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетудің біріңғай тетігін жасауға, әлеуметтік қызметкерлердің құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, уәкілетті органдардың құзіретін анықтауға және т.б. мүмкіндік берді.
Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетудің бәсекелестік нарығын қалыптастыру мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындауға үкіметтік емес ұйымдар барған сайын кеңінен тартылуда:
2009 жылы ҮЕҰ арнайы әлеуметтік қызметтерімен психоневрологиялық ауруларға ұшыраған 1,5 мыңдай бала 156,9 млн. теңге сомаға қамтылды.
2010 жылы - психоневрологиялық ауруларға ұшыраған 2 мыңнан астам бала 446,5 млн. теңге сомаға қамтылды.
2011 жылы 273,6 млн. теңге сомаға 2,1 мың балаға қызмет көрсету жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес мүгедектерге, оның ішінде мүгедек балаларға жеке оңалту бағдарламасына (ЖОБ) сәйкес жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебінен санаторлық-курорттық емдеу, арнайы қозғалыс құралдары (орындық арбалар), техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар (протездік-ортопедиялық, сурдо-тифлотехникалық құралдар мен міндетті гигиеналық құралдар (кіші дәрет қабылдағыштар, үлкен дәрет қабылдағыштар, жаялықтар) береді. Соңғы екі жыл ішінде 7 мыңнан астам балаға протез-ортопедиялық көмек көрсетілді. Көру және есту қабілеттері бұзылған 3 мыңға жуық бала сурдо-тифлотехникамен қамтамасыз етілді, мүгедек балаларға 1 748 орындық арба берілді. Жыл сайын 1000 бала санаториялық-курорттық емдеуге жіберіледі.
Оңалту жүйесін жетілдіру, мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсетуді күшейту және олардың өмір сапасын жақсарту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп 2010-2011 жылдарға арналған ауру мен мүгедектіктің алдын алу мәселелері бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі және қабылдады.
«Денсаулық сақтау объектілеріне санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық ережесін бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрлігінің 2010 жылғы 23 шілдедегі № 533 бұйрығымен мүгедектердің қоғамдық орындарда болуының жайлы жағдайларын жасау үшін белгілі бір санитариялық нормалар бекітілді. Атап айтқанда, арбамен қозғалатын мүгедектер үшін кірме жолдар, ішкі жолдар мен жаяулар жолдары қатты жамылғымен жасалады және пандустар жабдықталады, сатылармен қозғалу үшін ересектер мен балалар үшін қосарланған ұстағыш тұтқалар, зағиптар мен нашар көрушілер үшін – ұстағыш тұтқалар учаскелері жабдықталады, сатының бірінші және соңғы баспалдақтары кедір-бұдыр етіп жасалып, қарама-қарсы бояумен боялады, әжетханаларда арнайы кабинеттер жабдықталады.
Денсаулық сақтау министрлігі мүмкіндіктері шектеулі балалардың өзекті проблемаларын шешу мәселелерінде басқа мүдделі министрліктермен және ведомстволармен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен тығыз ынтымақтастық жасайды.
Қазіргі кезде республикада мүмкіндіктері шектеулі 147 мыңнан астам баланың бар екені анықталып отыр 2007 жылы – 120 мыңнан астам болған).
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың білім алуы, дамуындағы кемшіліктерді түзетуі және әлеуметтік бейімделуі үшін оларға мемлекеттің жағдайларды қамтамасыз ететініне кепілдік берілген.
Мүмкіндіктері шектеулі балаларға білім беру қызметтерін қанағаттандыру үшін республикада арнайы коррекциялық білім беру ұйымдарының тармақталған желісі жұмыс істейді:
9 676 мектеп жасына дейінгі балаға тәрбие беруге арналған 34 арнайы балалар бақшасы мен жалпы тұрпаттағы балалар бақшалары жанында
280 арнайы топ;
26 мың баланы (15,5 %) 101 коррекциялық мектеп және жалпы білім беретін мектептер жанында 1 155 арнайы сынып;
17 150 бала коррекциялық-педагогикалық көмек алатын жалпы білім беру ортасына тартылған;
9 391 бала жеке бағдарламалар бойынша үйде оқиды.
«Мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық коррекциялық қолдау туралы» ҚР Заңының 9-бабының
3-тармағын орындау мақсатында білім беру ұйымдарының жаңа тұрпаттары құрылды. Осындай ұйымдар құру қажеттілігіне балалардың бәріне біріне тегіс қазір бар арнайы (коррекциялық) мекемелер тұрпаттарында баламалы коррекциялық-педагогикалық қолдау алуға мүмкіндік бермейтін аурулардың алуан түрлігі себеп болып отыр.
Егер 2003 жылы 2 оңалту орталығы, 14 кабинет пен 99 логопедтік пункт ашылса, 2010 жылы – олардың саны тиісінше 17, 124 және 402 болды.
Білім беру ұйымдарының осы түрлері жалпы білім беретін мектептерде оқитын дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларға коррекциялық-педагогикалық қолдау көрсетуді және бұдан бұрын «оқи алмайтындар» деп есептеліп келген балаларды жалпы білім беретін процеске қосуды қамтамасыз етеді. Қамту 15,5 % қамтиды немесе 26 мыңнан астам бала уақтылы көмек алады. Республикалық бюджет есебінен Қарағандыда 250 орындық ауру балаларға арналған арнайы мектеп-интернат салынды. Алматы облысында осындай мектеп-интернат құрылысы жүргізілуде.
«Білім туралы» ҚР Заңының 6-бабының 16 және 17-баптарына және «Мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық коррекциялық қолдау туралы» ҚР Заңына сәйкес арнайы білім беру ұйымдарының жаңа түрлері: психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (60 мың балаға бір ПМПК), оңалту орталықтары (облысқа бір орталық), психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеттері (ауданға бір кабинет) ашылды.
Қазіргі кезде 57 облыстық, қалалық және аудандық ПМПК, оның ішінде бір республикалық ПМПК жұмыс істейді.
ПМПК желісінің кеңеюімен дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды анықтау жақсарды. Мысалы, егер 2007 жылы дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалардың анықталған саны 120 мыңнан астам адамды құраса (балалар қауымының 2 %), 2010 жылы 147 679 бала анықталып, анықтау пайызы 3,4 % дейін өсті. Мүмкіндіктері шектеулі балалар мен арнайы ұйымдар желісі туралы деректердің орталықтандырылған банкі енгізілді. Бұл білім беру ұйымдарының желісін кеңейту, жалпы республика бойынша да, жекелеген өңірлер бойынша да арнайы білім жүйесін басқару сапасын жақсарту жөнінде үйлестірілген шаралар қолдануға мүмкіндік береді.
Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдердің оқумен 125 444-і қамтылған, бұл 85,0 % құрайды, оның ішінде: ерте жас – 2139 бала (39,1 %); мектеп жасына дейін – 18 911 бала (61,4 %); мектеп жасы – 104 494 немесе мектеп жасындағы мүмкіндіктері шектеулі балалардың жалпы санының 93,8 %.
Түрлер бойынша:
психикалық дамуы кідірген – 37 937 (27,7 %);
сөйлеуі бұзылған – 31 395 (22,9 %); 2008 жылмен салыстырғанда балалар санының азаюы (-1,3 %);
ақыл-есі кем – 24 213, бұл жалпы санның 17,7 % құрайды;
тірек-қозғалыс аппараты бұзылған – 19 046 (13,9 %);
нашар көретін балалар – 14 640 (10,7 %);
нашар еститін – 7 482 (5,5 %);
естімейтін – 1 883 (1,4 %) және зағип балалар – 314 (0,2 %).
Мүмкіндіктері шектеулі балаларды, оның ішінде мүгедек балаларды үйде оқытуды ұйымдастыру үшін жағдайларды жақсарту мақсатында 2011 – 2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында қашықтықтан оқыту көзделген.
Бұл үшін 2011 жылдан 2013 жылға дейін арнайы жабдықпен қамтамасыз ету көзделген (мүгедек балалардың жұмыс орындарын ауру түрін, жеке басының ерекшеліктерін, мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін, осы орындарды Интернетке қосуды ескере отырып компьютерлік техниканың жинақтамасымен және бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықтау).
Мәселен, Павлодар облысында ерекше мұқтаждықтары бар барлық балалар үйде оқиды, компьютерлермен, электронды оқу бағдарламаларымен және оқулықтармен қамтамасыз етілген, Интернетке қосылған.
Арнайы білім беру ұйымдарына компьютерлік техника мен қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар ойдағыдай енгізілуде, олар балалардың әлеуметтік бейімделуі мен оңалуына, оқытушылар құрамының біліктілік деңгейін арттыруға, әрбір бала үшін оңалтудың жеке бағдарламаларын шығармашылық тұрғыда жасауға жәрдемдеседі.
«Білім туралы» Республика Заңының 14-бабына сәйкес дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың ұсыныстарын ескере отырып анықталатын оқушылар мен тәрбиеленушілердің даму ерекшеліктері мен ықтимал мүмкіндіктерін ескеретін арнайы білім беретін оқу бағдарламалары жасалады.
Арнайы білім беретін оқу бағдарламалары жалпы білім беретін оқу бағдарламаларының негізінде әзірленеді және мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытуға және дамытуға бағытталған, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың ұсыныстарын ескере отырып анықталатын оқушы тәрбиеленушілердің психофизикалық ерекшеліктері мен танымдық мүмкіндіктерін ескереді.
Оқытуға вариативтік көзқарас мүмкіндіктері шектеулі оқушылардың танымдық дамуының әртүрлі деңгейіне бағдарланған арнайы оқу бағдарламалары мен оқулықтарды пайдалануды көздейді.
Ұлттық ғылыми-практикалық коррекциялық педагогика орталығы өткізген талдауға сәйкес республика мектептерінің арнайы оқу әдебиетімен, оның ішінде көмекші мектептердің оқушылары үшін және көруі, естуі, сөйлеуі бұзылған балаларға арналған коррекциялық бағыттағы пәндер бойынша қамтамасыз етілуі 57 % құрайды. Есту, көруі, тірек-қозғалыс аппаратының функциялары, сөйлеуі бұзылған, зияткерлігі сақталған психикалық дамуы кідірген балалар жалпы білім беретін мектептердің оқулықтары мен оқу-әдістемелік жинақтамалары бойынша оқиды, олармен қамтамасыз етілу 100 % құрайды.
Бірегей оқулықтар мен оқу-әдістемелік жинақтамалардың 296 атауы шығарылды, олардың ішінде қазақ тілінде 39 % атау, орыс тілінде – 61 % атау балалар үшін:
зияткерлігі бұзылған – 133 атау (44,9 %);
естімейтін – 44 атау (14,7 %);
нашар еститін – 16 атау (5,4 %);
көрмейтін – 58 атау (Брайль ғарпімен) (19,6 %);
нашар көретін – 42 атау (ірі ғаріппен) (14,2 %);
сөйлеуі мүлдем бұзылған – 2 атау (0,7 %).
Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы қаражаты шеңберінде транферттер арқылы 2002 жылдан 2010 жылға дейін коррекциялық білім беру ұйымдары арнайы жабдықпен, көмекші техникалық және компенсаторлық оқыту құралдарымен: сурдотехникамен (сымсыз және сымды оқу сыныптары, аудиомерлер), тифлотехникамен (оқитын машианалар, тифлокешендер); релакцияға арналған сенсорлық және жұмсақ бөлмелермен, логопедтік және оқу тренажерлерімен қамтамасыз етілген. Бүгінде қамтамасыз етілу 40 – 60 % құрайды.
Кәсіби білім – мүгедектерді әлеуметтік қорғаудың маңызды құралдарының бірі. Заңнамаға сәйкес бірінші және екінші топтардың мүгедектері мен мүгедек балаларға техникалық және кәсіптік, орта мектептен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде мынадай жеңілдіктер көзделген:
- білім беру ұйымына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы;
- мемлекеттік білім гранттарын бюджеттен қаржыландыру арқылы тегін мемлекеттік білім алу конкурсына қатысу кезінде бірдей көрсеткіштер жағдайында медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға болатын бірінші және екінші топтар мүгедектерінің, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек балалардың артықшылық құқығы болады;
- мемлекеттік тапсырыс немесе грант бойынша техникалық және кәсіптік, орта мектептен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асырып жатқан білім беру ұйымдарында оқып жатқан мүгедектерді стипендиямен қамтамасыз ету жөніндегі жеңілдіктер;
- денсаулық жайы жалпы тұрпаттағы мектеп жасына дейінгі ұйымдар мен білім беру ұйымдарында болуына мүмкіндік бермейтін мүгедек балалар үшін балалар бақшалары мен басқа да арнайы коррекциялық ұйымдар құрылады;
- мүгедек балаларды тәрбиелеу мен оқытуды жалпы немесе арнайы мектеп жасына дейінгі ұйымдар мен басқа да оқу мекемелерінде жүзеге асыру мүмкіндігі болмағанда ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің тілегін ескере отырып, тәрбиелеу мен оқыту үйде жүргізіледі.
Мүгедектердің, бала кезінен мүгедектердің және мүгедек балалардың білім алуы кезінде оларды бағып-күтуге жұмсалатын шығындарды Қазақстан Республикасының заңнамасы белгілеген тәртіппен толық немесе ішінара мемлекет көтереді. 2008 жылғы 11 желтоқсанда «Мүгедектер құқықтары туралы конвенцияға және Мүгедектер құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттамаға қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданды.
Сонымен бірге оларды оқыту, әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік қолдауды күшейту үшін бірдей мүмкіндіктер жасау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жыл сайын:
медициналық тексеру (тегін) өткізіліп тұрады;
жатақханадан орын беріледі (тегін);
материалдық көмек көрсетіледі;
дене шынықтыру сабақтарынан және ауыр дене еңбегінен босатылады (мүгедектік тобына және ауруының күрделілік дәрежесіне байланысты);
жеке сабақтар өткізіледі;
емтихандар тапсыру кезінде психологиялық және дене бітімінің ерекшеліктері ескеріледі;
психологтар әңгімелер өткізіп тұрады (жүйелі түрде);
оқу бітірушілерге жұмысқа тұру үшін жағдайлар жасалады және т.б., ата-аналармен тығыз байланыс орнатылған.
Кәсіптік лицейлер мен колледждерде 605,2 мың адам, оның ішінде 1 392 І-ІІ топтардың мүгедектері мен мүмкіндіктері шектеулі жастар оқиды.
Соңғы үш жыл ішінде квота бойынша жоғары оқу орындарына оқуға түсетін адамдар санының көбеюі байқалады (2008-2009 оқу жылы –8 194 адам, 2010-2011 оқу жылы – 8 577 адам).
Адамдардың осы санатымен жұмыс істейтін кадрлар мен мамандар маңызды рөл атқарады. Дефектолог-мамандар даярлауды республикада 1978 жылдан бері Абай атындағы ҚазҰПУ-да педагогика кафедрасы жүзеге асырып келеді. Даярлау мемлекеттік және орыс тілдерінде төрт бағыт бойынша жүргізіледі: логопедия, олигофренопедагогика, сурдопедагогика, тифлопедагогика.
Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде оқыту олигофренопедагогика мен логопедия мамандықтары бойынша жүргізіледі.
Сонымен бірге мүгедектер проблемалары бұрынғысынша өзекті, олар оны өз бетімен шеше алмайды. Мысалы, Қазақстанда қалалардың инфрақұрылымы дене бітімінің мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін әлі де болса бейімделмеген, емдеу мекемелері жетіспейді, жұмысқа тұру және жұмыспен қамту проблемасы ең өткір проблемалардың бірі болған күйінде қалып отыр, өйткені жұмыс берушілер мүгедектер өздеріне тапсырылған жұмысты орындай алмайтынына сенімді болып, осы адамдарды жұмысқа алудан бас тартады. Мұндай көзқарас мүгедектікке қабілеттен гөрі зор маңыз берілетін қауіп пен таптауырын түсініктерге сүйенеді. Сондықтан дамыған елдердің осы проблеманы мүгедектердің өздерінің қатысуымен зерделеу жөніндегі дүниежүзілік тәжірибені ескере отырып, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсарту бойынша ұзақ мерзімді жұмыс жоспары жасалуда.
Мүгедектерді, оның ішінде мемлекет қамқорлығын ерекше қажет ететін мүгедек балаларды қолдау жөнінде жүйелі жұмыс Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 желтоқсандағы ««Мүгедектер құқықтары туралы конвенцияға және Мүгедектер құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттамаға қол қою туралы» Жарлығын жүзеге асыру шеңберінде қарастырылып отыр.
Алдағы уақытта мүгедектерді, оның ішінде мүгедек балаларды еңбекпен қамту, денсаулық сақтау, білім, ақпарат саласындағы қызметтермен, мәдени және спорттық, саяси және қоғамдық өмірге қатысудың қолжетімділігімен қамтамасыз ету, медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жаңғырту, мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесі, оңалтуды жетілдіру, оңалту және арнайы әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттыру бойынша іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |