Қазақстан - зайырлы мемлекет
Қазақстан - зайырлы мемлекет! Себебі, мемлекет пен дін өзінше бөлек, автономды өмір сүреді, мектеп діннен ажыратылған. Мемлекеттің қарекеттері азаматтық заң нормаларымен реттелінеді де дін істеріне араласпайды. Ал діннің тіршілігі діни нормалармен реттелінеді, мемлекет жұмысына араласпайды. Адам, азамат қандай көзқарас, наным не сенім ұстанамын десе де өз еркі. Конституцияда көрсетілген ар мен ұждан бостандығы талаптары адамды сеніміне және көзқарасына байланысты қудалауға тиым салады. Яғни, дін заңмен қорғалады. Алайда дін нормалары мен тәжірибесі азаматтық заң нормаларына қайшы келмеуі керек. Дін саясатпен шұғылданбауы тиіс. Бір сөзбен айтқанда құрылымдары мен институттары Конституциямен баянды етілген мемлекет жұмысына дін ешбір кедергі келтірмеуі тиіс.
Зайырлы мемлекеттер діннің үстемдігіне де, дінді мансұқтауға да заң бойынша жол бермейді. Дегенмен, зайырлы мемлекет пен атеистік мемлекеттің арасын ажырата алмайтын жағдай ТМД елдерінде, қазақстандық қоғамда да жиі кездеседі. Төркініміз — кеңес үкіметі ұлт десе ұлтшыл деп айыптауға дайын тұратын еді. Енді бүгін дін десе, әсіресе ислам діні туралы сөз бола қалса, ол дінді ұстанушыларға «экстремист», «террорист», «ваххабист» дейтіндер көбейді. Шындығында мұндай анықтаманы тек сот бере алады.
Әлі де болса дінді жау көрмесе де, идеология саласында бәсекелес көреді. Жастардың көбірек мешітке баратыны, болмаса ерекше киінсе осыдан бір зайырлы мемлекетке қауіп-қатерді жасырын іздеушілер бар. Жаңарған діни сананы елдің басын біріктіретін, мәдениетінің, дәстүрінің тірегіне айналдырудың орнына дін мен мемлекет, дін мен мәдениет арасына бөгет салуға, елді жікке бөлуге тырысу байқалады.
Құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметкерлер де өз қызметін тым кең мағынада түсініп, өз қызметтерінде өз құзыреттері шеңберінен асып жатады, мемлекеттік басқа органдардың қызметін алмастыруға тырысушылық байқалады. Қай салада да барлығын бақылап, ашса алақанымда, жұмса жұдырығымда болсын деген ниет ойдағыдай нәтиже бермейтіндігі белгілі. Тізгіндеп, күнде «достық» әңгімеге шақыру адамды ашындырып өзіне өзі қол салуға дейін апарады. Экстремизммен күресті желеу етіп, азаматтардың жеке ісіне араласу да орын алуда.Кейде қылмыстық қақтығыстық астарына діни мән берушілік жиі кездеседі. Діннен ғана қауіп-қатердің себебін іздеу әлеуметтік басқа да себептерін іздеуді шектейді.
Бұл, біріншіден, көрші славян елдерінің бұқаралық ақпарат құралдарының барлық пәлені мұсылмандардан көріп, оларды құбыжық етіп көрсетіп, өздерін ақтауға тырысушылығынан туып отыр. Бұл әсіресе Шешенстандағы соғыс кезінде жиі көрініс берді.
Екіншіден, діншілдікті — «фанатизм», радикалдық іс-әрекеттермен байланыстыратын психология өз ішімізде әлі де көрініс алып отыр. Дін ата-бабаларымыздың құндылығының негізі дегенімізбен, әлі оның парқына бара алмай жүрміз. Орыс ақыны А. Вознесенский айтқандай, «мы некрещенные дети советской империи» деп, бүгінгі қазақтардың да кіндігін негізінен атеистер кескен, рухани тәрбие алмай, енді көп дүниені ой елегінен өткізудеміз. Сондықтан да зайырлы мемлекеттің не екенін біреу біліп, біреуі білмей атеистік мемлекетке теңейді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында дін мемлекеттен бөлінген делінбеген. «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңының 4-бабында «Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген» — делінген. Ал Конституция заңының бірінші бабында Қазақстан «зайырлы» мемлекет деп жариялаған.
Достарыңызбен бөлісу: |