Техника қауіпсіздігінің ережелері
Лабораторияда қауіпсіздік сақтау ережелері және алғашқы көмек
Лабораториялық бөлмелерде тәжірибелерді орындаушылартөмендегі ережелерді қатаң сақтауы тиіс.
1.Лабораториялық тапсырманы орындау кезінде оқытушының нұсқауларын сақтап, жұмыс желісінен ешқандай ауытқымауы керек.
2.Сақтық ережесін оқып, оқытушыдан рұқсат алған және қауіпсіздік техникасының ережелерімен танысқандығы жөніндегі арнайы журналға қол қойған студенттер ғана тәжірибелерді орындауға жіберіледі.
3.Зертханалық жұмысты орындауға дайындығы тексерілген және рұқсат алған студенттер ғана тәжірибелерді жүргізуге жіберіледі
4.Улы, концентрлі қышқылдармен (сілтілермен) және өткір иісті заттармен жұмыс тек желдеткіш шкафта жүргізіледі.
5.Жұмысты орындау барысында электр көзіне қосылып тұрған пештерді, жанып тұрған шамдарды, газдарды қараусыз қалдыруға болмайды.
6.Жұмыстың соңында суды, электрлік шамды және газды сөндіріп кету керек.
7.Жұмыс аяқталғанда жұмыс орнын тазалап, кезекшіге немесе лаборантқа өткізіп, қолды жақсылап жуу керек.
8.Лабораторияда алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін қорапша болу қажет. Химиялық лабораторияда жұмыс істеу қауіпсіздік шараларын толық сақтауды талап етеді. Қауіпсіздік сақтамау әдетте өрт, қопарылыс және т.б. келеңсіз жағдайға соқтыратындығын әр қашан есте сақтау керек.
Зертханалық жұмыстарды орындау барысында студенттер қандай бір болмасын улы немесе ағзаға зиянды заттармен жұмыс істейді. Сонымен бірге тоқ көзінен энергия алатын пештермен, спирт шамымен жұмыс істейді. Мысалы, гравиметриялық талдау әдісінде ұнтақтарды ыстық күйде пештен алу қауіпті. Бұл жағдайда пештің суығаны керек, ал соңынан арнайы ұстағыш көмегімен тигельді немесе қайықшаны термостатқа салады. Суыған соң таразыға салып өлшейді. Техниканы сақтамаса орындаушы өзінің денсаулығына және мемлекеттің мүлкіне зиян келтіреді. Нәтижесінде жұмыс орындалмайды, ал жабдықтар істен шығуы мүмкін.
Зертханада келесі қауіпсіздік техникасын сақтау керек:
-улы заттармен, концентрлік ерітінділермен жұмысты желдеткіш сөренің астында орындау керек;
-қышқылдардың, сілтілердің, зиянды заттардың ерітінділерін құйғанда арнайы резеңке түтікті пайдалану керек;
-қыздыру және жану құралдарын қадағалаусыз қалдыруға болмайды;
-оңай тұтанып кететін органикалық заттармен (эфир, ацетон) жұмысты от көздерінен қашықтау, яғни алшақ жерде жүргізу керек;
-жарылғыш және от қауіпті заттардың рұқсат етілген мөлшерімен ғана жұмыс істеуге болады, ал өрт болған жағдайда бұл заттарды зертханадан бірінші кезекте алып шығу керек; өртті сөндіру үшін зертханада бар құралдарды (құмды, киіз кесігін, асбест ұнтағын) пайдалана білу керек;
-зертханада арнайы киіммен жұмыс істеу керек;
-жұмысты зертханада жалғыз қалған адамға орындауға тиым салынған;
-жұмысты аяқтаған соң жұмыс орнын тазалап, суды, электр шамын, аспаптарды, газды (бар болған жағдайда) өшіру керек.
Зертханада қатерлі жағдай болғанда алдымен оқытушыны ескерту керек. Естен танғанда мүсәтір спиртін иіскетеді. Ал жарақат алғанда қан аққан жерді стрептоцидпен өңдеп, таңу керек. Мұрыннан қан аққанда маңдайға салқын мата қойып, тұмсығына сутегінің асқын тотығының 3 /-дық ерітіндісіне батырылған мақта тампонын қою керек.
Дене күйгенде суық суға батырып, таниннің 3-5 /-дық ерітіндісімен өңдеп, күйген жерді өңдеуге арналған сықпаны пайдаланады. КМnО4-ның 0,1 /-дық ерітіндісін антисептикалық шара ретінде қолдануға болады. Қышқылдармен күйіп қалғанда жарақаттанған жерді ас содасының 2-3 /-дық ерітіндісімен немесе аммиакпен өңдеп, соңынан КМnО4-ның 3 %-дық ерітіндісіне батырылған мақта танған дәкемен орайды.
Қышқылмен уланған кезде мүмкін болса, көбірек су ішіп құсу керек, соңынан ауыздың қуысын ас содасының 5 %-дық ерітіндісімен шайып, артынан сүт ішкен дұрыс.
Сілтімен уланған жағдайда су ішіп құсу керек, соңынан ауыздың қуысын сумен шайып, артынан лимон қосылған шай ішкен (немесе сірке қышқылының 1-2 %-дық ерітіндісі) дұрыс.
Қорғасынның, мыстың, барийдің, кадмийдің тұздарының ерітінділерімен уланған жағдайда су ішіп құсу керек, соңынан ауыздың қуысын сумен шайып, артынан сүт, белсендірілген көмірмен су ішкен дұрыс, жұмыртқаның ақуызын жұтқан жақсы.
Сапалық талдау бойынша лабораторияық жұмыстың нәтижесін өңдеп жазу жолдары
1.Лабораториялық жұмысты жүргізу кезінде әр студенттің лабораториялық дәптері болуы керек. Оның сыртына студеттің аты-жөні, курсы, топ нөмірі жазылады. Әр жұмыс бойынша есеп толтырылады.
2. Есеп мынадай ретте жасалынады.
1)жұмыстың аты, нөмірі және жүргізілген мерзімі (айы, күні)
2)жұмыстың мақсаты мен міндеттері;
3)құрал жабдықтар
4) химялық реакциялардың теңдеулері, пайдаланылған аспаптардың сызбанұсқасы, таблицалар, есептеулер, нәтижелері кесте қисық түрінде кескіндеу.
5)қорытынды.
Лабораториялық журнал жұмыс кезінде толтырылады. Жұмыстың соңында журналды окытушы тексеріп қол қояды.
Достарыңызбен бөлісу: |