Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі


-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚАРЖЫЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗУДІҢ НЕГІЗДЕРІ



бет14/18
Дата20.07.2016
өлшемі326.4 Kb.
#211566
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

29-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚАРЖЫЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗУДІҢ НЕГІЗДЕРІ
      146-бап. Бақылау объектісі басшысының құқықтары мен
                міндеттері
      1. Бақылау объектісінің басшысы:
      1) бақылаудың мақсатын, уақытын, ұзақтығын, оның нәтижелерін, тұжырымдары мен ұсынымдарын білуге;
      2) мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының тиісті құжатын ұсынбаған мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін бақылауға жібермеуге;
      3) бақылау нәтижелерімен келіспеген жағдайда он күн мерзімде мемлекеттік қаржылық бақылау органына бақылау актісіне қарсылық (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытынды) жіберуге;
      4) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің отырысында жүргізілген сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауға байланысты тиісті есеп беруге;
      5) бақылауды жүзеге асырған мемлекеттік қаржылық бақылау органының іс-әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым беруге құқылы.
      2. Бақылау объектісінің басшысы:
      1) мемлекеттік қаржылық бақылау органының қызметкерлерін жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге;
      2) мемлекеттік қаржылық бақылау органының қызметкерлерін бақылауды жүзеге асыру үшін сұратылып отырған бүкіл қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге, оның анықтығы, объективтілігі мен толықтығы үшін дербес жауапкершілікте болуға;
      3) мемлекеттік қаржылық бақылау органы қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне араласпауға, бақылау жүргізуге кедергі келтірмеуге және оның ауқымын шектемеуге;
      4) бақылау актісін (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыны) жүргізілген бақылау нәтижелерімен танысуға берген күннен бастап үш күн мерзімде белгіленген тәртіппен бақылау актісіне (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға) қол қоюға құқылы. Нәтижелермен келіспеген жағдайда, бақылау актісіне (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға) қарсылықтың болуы туралы ескертпемен қол қойылады. Бақылау актісіне (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға) қарсылық білдіру осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында айқындалған мерзімде ұсынылады;
      5) мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының қаулысында және ұсынысында көрсетілген кемшіліктерді толық жою және оларды алдағы уақытта болдырмау жөнінде қабылданған шаралар туралы ақпаратты уақтылы табыс етіп отыруға;
      6) түсімдерді бюджетке енгізуді, негізсіз пайдаланылған қаражатты бюджетке өндіріп алуды не оларды есеп бойынша қалпына келтіруді, сондай-ақ тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді берушілердің шарттық міндеттемелерді орындауын қамтамасыз етуге міндетті.
      Ескерту. 146-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      147-бап. Бақылау нәтижелері туралы есептілік
      1. Бақылау объектісінің белгіленген тәртіппен қаралмаған қарсылықтары бар бақылау материалдарын есептілікке қосуға жол берілмейді.
      2. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бақылау нәтижелері туралы есептілікке енгізілетін ақпараттың анықтығы үшін жауапты болады.
      148-бап. Мүдделер қақтығысы
      1. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының объективтілігі мен тәуелсіздігін шектеуге қабілетті қызмет немесе қатынастар мүдделер қақтығысы болып танылады.
      2. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының:
      1) бақылау объектісі басшысының, жауапты хатшысының немесе олардың өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де адамының, құрылтайшысының немесе қатысушысының жақын туысы, жекжаты немесе сенім білдірілген адамы болып табылатын;
      2) бақылау объектісінің онда жеке мүліктік мүдделері бар қызметкерлері, қатысушылары, лауазымды адамдары арасынан;
      3) бақылау объектісінде жұмыс істеген не тексерілетін кезеңде бақылау объектісі басшысының, жауапты хатшысының немесе олардың өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де адамының, құрылтайшысының немесе қатысушысының жақын туысы, жекжаты немесе сенім білдірілген адамы болып табылатын қызметкерлеріне бақылау жүргізуге тыйым салынады.
      3. Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының қызметкерлері бұл туралы бақылауды тағайындаған басшыларға жазбаша хабарлауға тиіс. Мүдделер кақтығысы ахуалының туындағаны үшін жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік қаржылық бақылау органының қызметкеріне жүктеледі.
      Ескерту. 148-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.07.21 N 465-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      149-бап. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары, бақылау
                объектілері лауазымды адамдарының жауапкершілігі
      1. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының қызметкерлері бақылау актілерінде жазылған мәліметтердің анықтығы, объективтілігі мен толықтығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
      2. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының лауазымды адамдарына олардың өз құзыреттеріне сәйкес қызметтік міндеттерін орындауына, бақылау жүргізу үшін жіберуге бас тарту, қажетті құжаттарды, материалдарды, қызмет туралы ақпаратты және өзге де мәліметтерді беруден бас тарту, анық емес ақпарат беру түріндегі кедергі келтіру, бақылауды жүзеге асыруға өзге де кедергі жасау, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы актілерді орындамау немесе тиісінше орындамау бақылау объектілерінің Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылығына әкеп соқтырады.
      3. Қызметті жүзеге асыру процесінде Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының талаптарын сақтамау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
      150-бап. Дауларды шешу
      Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары лауазымды адамдарының, бақылау объектілерінің іс-әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалына алады.
8-бөлім. Бюджеттік инвестициялар және концессиялық жобалар
      Ескерту. 8-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 8-бөлім жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
30-тарау. Бюджеттiк инвестицияларды және концессиялық жобаларды
жоспарлау
      Ескерту. 30-тарау жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      151-бап. Бюджеттiк инвестициялар және концессиялық
                жобалар туралы жалпы ережелер
      1. Мемлекеттік инвестициялық жобалар мынадай түрлерге бөлінеді:
      1) бюджеттiк инвестициялар;
      2) концессиялық жобалар.
      Мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау мемлекеттік, салалық бағдарламаларды және аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру шеңберінде инвестициялық ұсынысқа экономикалық қорытынды негізінде жүзеге асырылады.
      2. Бюджеттік инвестициялар мен концессиялық жобалар республикалық және жергілікті болып бөлінеді.
      3. Мыналар:
      1) бюджеттiк инвестициялар мен концессиялық жобаларды жүзеге асыру нәтижесiнде алынған мүлiкке туындайтын меншiк (республикалық немесе коммуналдық) құқығына байланысты республикалық немесе жергiлiктi ретіндегі меншік түрі бойынша критерий;
      2) пайда алушылар бойынша, егер экономикалық пайда алушылар екi және одан да көп облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың субъектiлерi болып табылса – республикалық, егер экономикалық пайда алушылар бiр облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың субъектiлерi болып табылса – жергiлiктi ретіндегі критерий республикалық және жергiлiктi бюджеттiк инвестициялар мен концессиялық жобаларды айқындау критерийлері болып табылады.
      4. Бюджеттiк инвестицияларды және концессиялық жобаларды республикалық ретінде айқындау үшiн олардың осы баптың 3-тармағында көрсетілген критерийлердің бiрiне сәйкестiгi жеткiлiктi болады.
      5. Жергiлiктi бюджеттiк инвестициялар мен концессиялық жобаларды облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) деп сыныптау осы баптың 3-тармағында көзделген критерийлердің негiзiнде жүзеге асырылады.
      6. Республикалық бюджеттiк инвестицияларды орталық мемлекеттiк органдар республикалық бюджет қаражаты есебiнен iске асырады.
      7. Жергiлiктi бюджеттiк инвестицияларды жергiлiктi атқарушы органдар жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен iске асырады.
      8. Бюджеттік инвестициялар:
      1) техникалық жағынан күрделі және (немесе) бірегей және техникалық жағынан күрделі емес және (немесе) үлгілік болуы мүмкін объектілерді құруға (салуға) және реконструкциялауға, ақпараттық жүйелерді енгізуге және дамытуға;
      2) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталын қалыптастыру немесе ұлғайту арқылы саланы (салаларды) институционалдық дамытуға бағытталуы мүмкін.
      9. Іске асыру көзі мен тәсілін айқындау критерийлері:
      1) бюджеттік инвестицияларды немесе концессиялық жобаларды іске асыруда артықшылықты таңдау критерийі жекеше сектордың, квазимемлекеттік сектордың субъектілері немесе мемлекеттік орган (бюджеттік бағдарлама әкімшісі) арасындағы инвестицияларды іске асыру және басқару тиімділігінің көрсеткіштері негізінде жүзеге асырылады;
      2) қаржыландыру тетіктері бойынша критерий пайдалар мен шығындарды талдау негізінде жоспарланатын іс-шараның мүмкіндіктері негізге алына отырып, оларды қаржыландыру көздері мен тәсілдеріне сәйкес айқындалады.
      10. Мыналар:
      1) республикалық бюджет;
      2) жергілікті бюджет бюджеттік инвестицияларды қаржыландыру көздері болып табылады.
      11. Мемлекеттік инвестициялық жобаларды бюджеттен қаржыландыру тәсілдері:
      1) бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыру;
      2) бюджеттік инвестициялық жобаны бюджеттік кредиттеу;
      3) заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру немесе ұлғайту;
      4) қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруын бюджеттік кредиттеу;
      5) мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді орындау.
      12. Мемлекеттік инвестициялық жобаны қаржыландыру тетіктері бюджеттік инвестициялар көздерін және мемлекеттік инвестициялық жобаларды қаржыландыру тәсілдерін қамтиды.
      13. Аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған, осы Кодекстің 153 және 154-баптарында белгіленген жоспарлау кезеңдерінен өтпеген бюджеттік инвестициялар Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсынысы болған кезде республикалық бюджет жобасына немесе оны ағымдағы қаржы жылының бірінші жартысында нақтылау шартымен нақтыланған республикалық бюджет жобасына енгізіледі.
      Бұл ретте бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Республикалық бюджеттік комиссияның оң ұсынысы алынған күннен бастап республикалық бюджетті нақтылауға немесе түзетуге дейін осы Кодекстің 153 және 154-баптарында көрсетілген тиісті құжаттаманы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
      Тиісті құжаттама белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, бюджеттік инвестициялар нақтылау немесе түзету кезінде республикалық бюджеттен алып тасталады. Бұл ретте көрсетілген бюджеттік инвестицияларды іске асыруға көзделген сомалар бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшісінің басқа бюджеттік инвестициялары арасында қайта бөлінуі мүмкін.
      Аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған, Республикалық бюджеттік комиссияның оң ұсыныстары бар бюджеттік инвестицияларды қарау және іріктеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Егер аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған республикалық бюджеттік инвестициялар бойынша осы Кодекстің 153 және 154-баптарында көрсетілген құжаттар ұсынылғаннан кейін олардың құны тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заңда көзделген сомадан асып кететін жағдайда, бюджеттік инвестициялардың жалпы құны жоспарлы кезеңге арналған бюджетке белгіленген тәртіппен нақтылау жүргізу жолымен жаңа бастамаларға бюджеттік бағдарлама шығыстары есебінен ұлғайтылады.
      Егер аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған республикалық бюджеттік инвестициялар бойынша осы Кодекстің 153 және 154-баптарында көрсетілген құжаттар ұсынылғаннан кейін олардың құны тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заңда көзделген сомадан аз болған жағдайда, онда қалған сома бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшісінің бір бюджеттік бағдарламасы шегінде бюджеттік инвестициялар арасында қайта бөлінеді не бюджетті белгіленген тәртіппен түзету не нақтылау жолымен алып тасталады.
      14. Бюджеттік инвестицияларды жоспарлау және іске асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 151-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      152-бап. Инвестициялық ұсыныстарды әзiрлеу
      1. Инвестициялық ұсыныстарды бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi әзiрлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға енгізеді.
      2. Инвестициялық ұсыныстар салалық сараптамадан өткiзiлуге жатады.
      3. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi ұсынылатын инвестициялық ұсыныстардың негізділігі үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
      4. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган инвестициялық ұсынысқа экономикалық қорытынды дайындайды.
      Мемлекеттік инвестициялық жобаларды бюджеттен қаржыландырудың ықтимал түрлері мен тәсілдерін айқындау мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның экономикалық қорытындысының нәтижесі болып табылады.
      5. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның экономикалық қорытындысына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен инвестициялық жобаны дайындау бойынша іс-шаралар өткізеді.
      6. Инвестициялық ұсынысты әзірлеу және түзету, оған қажетті сараптамаларды жүргізу және бюджеттік инвестицияларды іріктеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      153-бап. Бюджеттiк инвестициялық жобаларды жоспарлау
      1. Бюджеттiк инвестициялық жобаларды жоспарлау мынадай үш кезеңде жүзеге асырылады:
      1) инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу және оларға сараптамалар жүргізу;
      2) техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін жобаларды қоспағанда, бюджеттiк инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу;
      3) бюджеттi әзiрлеу сатысында бюджеттiк инвестициялық жобаларды iрiктеу.
      2. Аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған, Республикалық бюджеттік комиссияның оң ұсыныстары бар бюджеттік инвестициялық жобалар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің республикалық бюджетті нақтылауға немесе түзетуге дейін жетіспейтін құжаттаманы ұсынуы туралы кейінге қалдыру шартымен бюджет жобасына енгізіледі.
      3. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға бюджеттік инвестициялық жобаны іске асырудың орындылығы туралы мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысына экономикалық қорытынды негізінде техникалық-экономикалық негіздемелер енгізеді.
      4. Үлгілік жобалар, үлгілік жобалық шешімдер және қайталап қолданылатын жобалар бойынша құрылысы көзделіп отырған, техникалық жағынан күрделі болып табылмайтын жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу талап етілмейді.
      Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін жобалардың тізбесін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      5. Бюджеттік инвестициялық жобаны қарауды және іріктеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу тәртібіне сәйкес әзірленген техникалық-экономикалық негіздеме негізінде жүзеге асырады.
      Үлгілік жобалар, үлгілік жобалық шешімдер және қайталап қолданылатын жобалар бойынша құрылысы көзделіп отырған, техникалық жағынан күрделі болып табылмайтын жобаларды қарау және іріктеу инвестициялық ұсынысты қарау кезеңінде жүзеге асырылады.
      6. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік инвестициялық жобаларын қарайды және бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне олар бойынша экономикалық қорытынды жібереді.
      7. Осы Кодекстің 151-баптың 13-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, бюджеттік инвестициялық жобаларды бюджет жобасына енгізу үшін:
      бюджеттік инвестициялық жобаны одан әрі іске асырудың орындылығы туралы мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысына оң экономикалық қорытындының;
      техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін жобаларды қоспағанда, бюджеттік инвестициялық жобаның белгіленген тәртіппен бекітілген техникалық-экономикалық негіздемесінің;
      тиісті бюджеттік комиссияның оң ұсынысының болуы негіз болып табылады.
      8. Бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі пайдалар мен шығындарды экономикалық талдау негізінде жүргізілетін бюджеттік инвестициялық жобаның жүзеге асырылатындығы мен тиімділігін зерделеу нәтижелерін қамтиды.
      Техникалық шешімдердің өзгеруіне және қосымша шығыстарға әкеп соғатын бюджеттік инвестициялық жобаның белгіленген техникалық-экономикалық параметрлері өзгерген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейіннен қажетті сараптамалар жүргізіле отырып, бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне түзету жүргізіледі.
      9. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық немесе жергілікті уәкiлеттi орган бюджеттік комиссиялар мақұлдаған, экономикалық қорытындысы бар инвестициялық ұсыныстарда қамтылған инвестициялық жобалар бойынша бюджеттiк инвестициялық жобалардың тiзбесiн қалыптастырады, олардың техникалық-экономикалық негiздемелерін әзiрлеу немесе түзету, сондай-ақ, оларға қажетті сараптамалар жүргізу мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық немесе жергілікті уәкiлеттi органның тиiстi бөлiнетiн бюджеттiк бағдарламасының қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның бөлінетін бюджеттік бағдарламасы бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге бөлінген қаражаттың игерілу кезеңі бір жылдан асатын, бірақ тиісті бюджеттік комиссияның ұсынысында айқындалған мерзімнен аспайтын мерзімді құрауы мүмкін.
      10. Бюджеттік инвестициялық жобаның белгіленген техникалық-экономикалық параметрлерін растау үшін техникалық-экономикалық негіздеме Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген экономикалық және басқа да сараптамалардан өтуге жатады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      11-тармақ 24.04.2004 бастап қолданысқа енгізіледі және 31.12.2011 дейін қолданыста болады - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-б. қараңыз).
      11. Осы бапта белгіленген рәсімдерді сақтамай, тиісті бюджетте бекітілген іске асырылатын бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша экономикалық сараптама мен қорытынды талап етілмейді.
      12. Бюджеттік инвестициялық жобаның экономикалық сараптамасы салалық сараптаманың, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілетін басқа да сараптамалардың негізінде жүргізіледі, сондай-ақ ол бюджеттік инвестициялық жобаны экономикалық талдауды кешенді бағалау болып табылады.
      13. Басқа мемлекеттердің аумағында іске асыруға жоспарланып отырған, сондай-ақ құрылыс қызметін көздемейтін бюджеттік инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасы техникалық-экономикалық негіздеменің және оған салалық орган сараптамасының қорытындысы негізінде жүргізіледі.
      14. Республикалық бюджеттік инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға жүзеге асырады.
      15. Республикалық бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша экономикалық қорытындыны Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғаның экономикалық сараптамасының қорытындысы негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган дайындайды.
      16. Жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерінің, сондай-ақ, республикалық бюджеттен берілетін кредиттер мен нысаналы даму трансферттері есебінен қаржыландыруға жоспарланатын жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамаларын жергілікті атқарушы органдар айқындайтын заңды тұлғалар жүзеге асырады.
      17. Жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың, сондай-ақ нысаналы даму трансферттері мен республикалық бюджеттен берілетін кредиттер есебінен қаржыландыруға жоспарланатын жобалардың экономикалық қорытындысын жергілікті атқарушы органдар айқындайтын заңды тұлғалардың экономикалық сараптамасының қорытындысы негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар дайындайды.
      18. Бюджеттік инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасын жүзеге асыру үшін айқындалған заңды тұлғалар бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыру жөніндегі ұсынылатын шешімдердің экономикалық сараптамасының сапасы үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      19. Қажет болған жағдайда экономикалық сараптаманы жүзеге асыру үшін айқындалған заңды тұлғалар жүргізілген сараптамаларда қамтылмаған мәселелер бойынша қосымша сараптама жүргізуді талап етеді.
      20. Экономикалық қорытындының нәтижелері бойынша бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бекітеді.
      21. Бюджеттік инвестициялық жобаларды, оның ішінде техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу талап етілмейтін, сондай-ақ сметалық құнын ұлғайту болжанатын бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      154-бап. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына
                мемлекеттiң қатысуы арқылы бюджеттiк
                инвестицияларды жоспарлау
      1. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысуы арқылы бюджеттiк инвестицияларды жоспарлау мынадай үш кезеңде жүзеге асырылады:
      1) инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу және оларға сараптамалар жүргізу;
      2) қаржылық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу;
      3) бюджетті әзірлеу сатысында заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды іріктеу.
      2. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды іске асырудың орындылығы туралы мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысына экономикалық қорытынды негізінде қаржылық-экономикалық негіздемелер енгізеді.
      Бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесі заңды тұлғалардың жарғылық капиталына бюджет қаражатын салудың орындылығы, негізділігі жөніндегі мәліметтерді және нәтижесін бағалауды қамтитын құжатты білдіреді.
      Заңды тұлғаны дамыту мақсаттары үшін заңды тұлғаның жарғылық капиталын бюджет қаражаты есебінен ұлғайтуға жол беріледі.
      Іс-шараларды, техникалық-технологиялық шешімдерді толықтыруға және (немесе) өзгертуге, бекітілген іс-шараларға көзделген шығыстарды ұлғайтуға әкеп соғатын, заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың белгіленген қаржылық-экономикалық параметрлері өзгерген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейіннен қажетті сараптамалар жүргізіле отырып, бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесіне түзету жүргізіледі.
      Бюджеттік комиссияның қарауынсыз және ұсынуынсыз бюджеттік инвестициялардың түзетілген қаржылық-экономикалық негіздемесін бекітуге жол берілмейді.
      3. Ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдингтiң жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысуы арқылы бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыру кезiнде көрсетілген заңды тұлғалар акцияларының мемлекеттiк топтамасын иелену және пайдалану құқықтары жоқ бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiне сәйкес ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдинг акцияларының эмиссиясын төлей алады.
      Республикалық бюджеттiк бағдарламалардың осы әкiмшiлерi тиiстi бюджеттiк бағдарламалардың жоспарлануын, негiздемесін және iске асырылуын, осы Кодекске сәйкес олар бойынша есептiлiкті, мониторингті және олардың нәтижелерін бағалауды қамтамасыз етедi.
      4. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi орган, осы баптың 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің ұсынысы мен экономикалық қорытынды негізінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысуы арқылы жоспарланатын бюджеттiк инвестицияларды iрiктеуді жүзеге асырады және қорытындыны тиісті бюджеттік комиссияның қарауына жібереді.
      5. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен жоспарланатын бюджеттік инвестициялар бойынша экономикалық қорытынды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғаның экономикалық сараптамасының қорытындысы негізінде дайындалады.
      6. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы іске асыруға жоспарланатын, аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған, Республикалық бюджеттік комиссияның оң ұсыныстары бар бюджеттік инвестициялар Республикалық бюджеттік комиссияның оң ұсынысы алынған күннен бастап республикалық бюджетті нақтылауға немесе түзетуге дейін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жетіспейтін құжаттаманы ұсынуы туралы кейінге қалдыру шартымен бюджет жобасына енгізіледі.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      7-тармақ 24.04.2004 бастап қолданысқа енгізіледі және 31.12.2011 дейін қолданыста болады - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-б. қараңыз).
      7. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы іске асырылатын, осы бапта белгіленген рәсімдерді сақтамай, тиісті бюджетте бекітілген бюджеттік инвестициялар бойынша экономикалық сараптама мен қорытынды талап етілмейді.
      8. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен іске асыруға жоспарланатын бюджеттік инвестициялардың экономикалық сараптамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға жүзеге асырады.
      9. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен іске асыруға жоспарланатын бюджеттік инвестициялардың, сондай-ақ нысаналы даму трансферттері есебінен қаржыландыруға жоспарланатын бюджеттік инвестициялардың экономикалық қорытындысы жергілікті атқарушы органдар айқындайтын заңды тұлғалардың экономикалық сараптамасының қорытындысы негізінде дайындалады.
      10. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен іске асыруға жоспарланатын бюджеттік инвестициялардың экономикалық сараптамасын жергілікті атқарушы органдар айқындайтын заңды тұлғалар жүзеге асырады.
      11. Жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың экономикалық сараптамасын жүзеге асыруға айқындалған заңды тұлғалар жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды іске асыру бойынша ұсынылатын шешімдердің экономикалық сараптамасының сапасына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      12. Бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісінің құзыретіне жатқызуға болмайтын экономиканың түрлі салаларында жобалардың іске асырылуын көздейтін, бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесін ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдинг бекітетін осы ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдингтің жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды қоспағанда, заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялар жөніндегі экономикалық қорытындының нәтижелері бойынша бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесін бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бекітеді.
      13. Бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесін әзiрлеу немесе түзету, сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысуы арқылы iске асыруға жоспарланатын бюджеттiк инвестицияларды iрiктеу тәртiбi мен мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 154-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      155-бап. Концессиялық жобаларды жоспарлау
      Концессиялық жобаларды жоспарлау концессиялық жобаны іске асырудың орындылығы туралы мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысына экономикалық қорытынды негізінде мынадай үш кезеңде жүзеге асырылады:
      1) концессиялық ұсыныстарды әзiрлеу және іріктеу;
      2) концессиялық жобалардың конкурстық құжаттамасын әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу;
      3) концессия шартын жасасу.
      Ескерту. 155-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі).
      155-1-бап. Концессиялық ұсыныстарды әзірлеу және іріктеу
      1. Концессиялық ұсыныстарды әзірлеу және іріктеу Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ концессиялық жобаларды консультациялық қолдауға Үкімет немесе жергілікті атқарушы органдар айқындаған заңды тұлғалар концессиялық ұсыныстардың негізділігі үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      2. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары немесе жергілікті атқарушы органдар республикалық және жергілікті маңызы бар концессиялық жобалар бойынша концессиялық ұсыныстарға талдау жүргізу және оларды пысықтау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган айқындайтын заңды тұлғаларды тартады.
      3. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 3-2) тармақшасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, концессия мәселелерi жөнiндегi мамандандырылған ұйымның сараптамасы негiзiнде концессиялық ұсыныс бойынша қорытынды дайындайды.
      Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергілікті уәкiлеттi орган «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 3-2) тармақшасында белгіленген жағдайда, жергілікті атқарушы орган айқындайтын заңды тұлға тартылатын болса, оның сараптамасы негізінде концессиялық ұсыныс бойынша қорытынды дайындайды.
      4. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган бюджеттік комиссиялар мақұлдаған, концессиялық ұсыныстарда қамтылған концессиялық жобалар бойынша концессиялық жобалардың тізбесін қалыптастырады, олардың конкурстық құжаттамаларын әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 155-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      155-2-бап. Концессиялық жобалардың конкурстық
                  құжаттамаларын әзірлеу немесе түзету,
                  сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу
      1. Бюджеттік комиссиялар мақұлдаған, концессиялық ұсыныстарда қамтылған концессиялық жобалар бойынша концессиялық жобаның конкурстық құжаттамасының ажырамас бөлігі болып табылатын концессиялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеуді немесе түзетуді қамтитын концессиялық жобалардың конкурстық құжаттамаларын әзірлеу немесе түзету жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның бөлінетін бюджеттік бағдарламасы бойынша концессиялық жобалардың конкурстық құжаттамаларын әзірлеуге немесе түзетуге бөлінген қаражаттың игерілу кезеңі бір жылдан асатын, бірақ тиісті бюджеттік комиссияның ұсынысында айқындалған мерзімнен аспайтын мерзімді құрауы мүмкін.
      2. Концессиялық жобалардың конкурстық құжаттамаларын әзірлеуді немесе түзетуді қаржыландыру мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Республикалық концессиялық жобалардың конкурстық құжаттамаларын әзірлеуге не түзетуге, осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғалар тартылады.
      Жергілікті концессиялық жобалардың конкурстық құжаттамаларын әзірлеуге немесе түзетуге, осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жергілікті атқарушы орган немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғалар тартылады.
      3. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 3-3) тармақшасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, концессиялық жобаның конкурстық құжаттамасының ажырамас бөлiгi болып табылатын концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негiздемесiн қамтитын концессиялық жобалардың конкурстық құжаттамасын концессия мәселелерi жөнiндегi мамандандырылған ұйымға сараптамаға жiбередi.
      Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергілікті уәкiлеттi орган «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 3-3) тармақшасында белгіленген жағдайда, концессиялық жобаның конкурстық құжаттамасының ажырамас бөлiгi болып табылатын концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негiздемесiн қамтитын концессиялық жобалардың конкурстық құжаттамасын жергілікті атқарушы орган айқындайтын заңды тұлғаға сараптамаға жiбередi.
      4. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасына сәйкес тиісті сараптамалардың негізінде концессиялық жобаның конкурстық құжаттамасы бойынша қорытындылар қалыптастырады және оларды Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына енгізеді.
      5. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасына сәйкес тиісті сараптамалар мен келісулер негізінде концессиялық жобаның конкурстық құжаттамасы бойынша қорытындылар қалыптастырады және оларды тиісті бюджеттік комиссияның қарауына енгізеді.
      6. Конкурстық құжаттамаға тиісті бюджеттік комиссияның қарауынсыз мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді қосуға жол берілмейді.
      7. Әзірленген жобалау-сметалық құжаттамасы бар, сондай-ақ техникалық жағынан күрделі болып табылмайтын, үлгілік жобалар, үлгілік жобалық шешімдер және қайталап қолданылатын жобалар негізінде іске асырылатын жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу талап етілмейді.
      Конкурстық құжаттаманы әзірлеу немесе түзету концессиялық жобаның концессиялық ұсыныста қамтылған маркетингтік, қаржылық-экономикалық параметрлері ескеріліп, қолда бар жобалау-сметалық құжаттаманы концессия объектісінің нақты алаңына байланыстыру арқылы жүзеге асырылады.
      8. Концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 155-2-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      155-3-бап. Концессиялық жобаларды консультациялық қолдау
      1. Концессиялық жобаларды консультациялық қолдау Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның бөлінетін бюджеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган концессиялық жобаларды консультациялық қолдау жөнінде қызметтер көрсетуге арналған қорытындыны тиісті бюджеттік комиссияның қарауына енгізеді.
      3. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган бюджеттік комиссиялар мақұлдаған әрбір концессиялық жобаны консультациялық қолдау жөніндегі қызметтерді қаржыландыру көлемдері бойынша концессиялық жобаларды консультациялық қолдау жөніндегі қызметтердің тізбесін қалыптастырады, ол мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Республикалық концессиялық жобаларды консультациялық қолдауға қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғалар тартылады.
      Жергілікті концессиялық жобаларды консультациялық қолдауға қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы орган немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғалар тартылады.
      Ескерту. 155-3-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі).
      156-бап. Мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді
                қабылдау үшін негіздер
      Мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді қабылдау концессия шарттарына қол қою жолымен жүзеге асырылады.
      Мыналардың:
      1) болған жағдайда келіссөздер хаттамасының;
      2) Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасына сәйкес құрылған концессия жөніндегі комиссияның конкурс жеңімпазын айқындау туралы ұсыныстарының;
      3) бюджеттік комиссияның мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді қабылдау туралы ұсыныстарының болуы мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді қабылдау үшін негіз болып табылады.
      Концессиялық жобаларды ұсыну, қарау және іріктеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      156-1-бап. Дербес бiлiм беру ұйымдарын дамыту үшiн
                  құрылтайшының нысаналы салымын салу арқылы
                  жүзеге асырылатын бюджеттiк инвестицияларды
                  жоспарлау
      Ескерту. 156-1-бап алып тасталды - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет