37-тарау. БЮДЖЕТТІК КРЕДИТТЕУ ТАЛАПТАРЫ 180-бап. Кредиттік шарттың негізгі талаптары 1. Кредиттік шартта бюджеттік кредиттің мынадай негізгі талаптары міндетті түрде болуға тиіс:
1) берудің мақсаты;
2) мөлшері;
3) валютасы;
4) мерзімі;
5) игеру кезеңі;
6) сыйақы ставкасы.
2. Бюджеттік кредиттің негізгі талаптары және қарыз алушылардың санаты кредитордың шешімімен белгіленеді.
3. Кредиттік шартқа қосымша талаптар, оның ішінде бюджеттік кредитті беру тәсілін айқындайтын талаптар, бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету графигі, бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері енгізіледі.
181-бап. Бюджеттік кредиттің мерзімі 1. Қарыз алушы бюджеттік кредит алатын, пайдаланатын, оған қызмет көрсететін және оны өтейтін уақыт кезеңі бюджеттік кредиттің мерзімі болып табылады.
2. Бюджеттік кредиттің мерзімі бюджеттік кредиттің қаражатын кредитордың шотынан аударған кезден бастап есептеледі.
3. Бюджеттік кредиттер берілу мерзіміне қарай мынадай түрлерге бөлінеді:
1) қысқа мерзімді - 1 жылға дейін;
2) орта мерзімді - 1 жылдан 5 жылға дейін;
3) ұзақ мерзімді - 5 жылдан 30 жылға дейін.
182-бап. Бюджеттік кредитті игеру кезеңі Бюджеттік кредиттің берілу мақсаттарына сәйкес іс-шараларды іске асыру үшін қарыз алушы бюджеттік кредитті пайдалана алатын уақыт кезеңі бюджеттік кредитті игеру кезеңі болып табылады.
183-бап. Бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері 1. Бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуы кепілмен, кепілдікпен, кепілгерлікпен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген басқа да тәсілдермен қамтамасыз етіледі.
Жергілікті атқарушы органдарға және тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржы агенттіктеріне республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер міндеттемелерді орындау қамтамасыз етілмей бөлінуі мүмкін.
Қаржы агенттіктерін республикалық бюджеттен қамтамасыз етілмейтін бюджеттік кредиттер алатын қаржы агенттіктерінің тізбесіне енгізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Бюджеттік кредиттің қайтарылуын қамтамасыз ету құны сыйақы сомасы ескеріле отырып, бюджеттік кредит мөлшерінен кем болмауға тиіс.
3. Бюджеттік кредит жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді бағалау жөнінде көрсетілген қызметтерге ақы төлеуді қарыз алушы жүргізеді.
Ескерту. 183-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
184-бап. Сыйақы ставкасы 1. Бюджеттік кредитті пайдаланғаны үшін қарыз алушы жүзеге асыратын төлем - сыйақы болып табылады.
2. Жылдық проценттер түрінде көрсетілетін сыйақы шамасы сыйақы ставкасы болып табылады.
3. Сыйақы ставкасы тіркелген немесе құбылмалы болуы мүмкін.
Мөлшері бюджеттік кредиттің барлық мерзіміне өзгеріссіз белгіленетін сыйақы ставкасы тіркелген сыйақы ставкасы болып табылады.
Мөлшері қаржы нарығындағы конъюнктураға байланысты өзгеріп тұратын сыйақы ставкасы құбылмалы сыйақы ставкасы болып табылады.
4. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган шығарған мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақының орташа өлшемді ставкасы кірістіліктің орташа өлшемді ставкасы деп танылады.
Жергілікті атқарушы органдарға, қаржы агенттіктеріне бюджеттік кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын қоспағанда, бюджеттік кредиттер бойынша сыйақы ставкасы, айналыс мерзімі бюджеттік кредиттің мерзіміне сәйкес келетін мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістіліктің орташа өлшемді ставкасынан төмен болмайтын шамада белгіленеді.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган шығарған тиісті мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістіліктің орташа өлшемді ставкасын анықтау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
185-бап. Бюджеттік кредит беру тәсілдері Бюджеттік кредит:
1) қарыз алушының төлем құжаттарына ақы төлеу;
2) бір мерзімде не аудару графигіне сәйкес бөліп-бөліп немесе қарыз алушының тиісті құжаттар беруіне қарай қарыз алушының банк шотына аудару арқылы берілуі мүмкін.
186-бап. Бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету графигі 1. Бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету графигі бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі төлемдердің мерзімдерін, кезеңділігін белгілейді.
2. Кредиттік шартта жеңілдік кезеңін беру көзделуі мүмкін.
Бюджеттік кредит мерзімінің құрамына кіретін уақыт кезеңі жеңілдік кезеңі болып табылады, бұл кезеңде қарыз алушы кредитті өтеуді жүзеге асырмайды. Жеңілдік кезеңінің ұзақтығы кредит мерзімінің ұзақтығының үштен бірінен аспауға тиіс.
Бір жылға дейінгі мерзіммен қаржылық агенттіктерді бюджеттік кредиттеу кезінде бюджет кредиті мерзімінің соңында бюджеттік кредитті өтеуге жол беріледі.
Ескерту. 186-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
38-тарау. БЮДЖЕТТІК КРЕДИТТЕУ РӘСІМДЕРІ 187-бап. Бюджеттік кредит беру туралы шешім қабылдау Бюджеттік кредит беру туралы шешім қабылдау:
1) төмен тұрған бюджеттердiң қолма-қол ақша тапшылығын жабуға бағытталатын бюджеттік кредиттерді қоспағанда, мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындаған тәртiппен мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық немесе жергілікті уәкiлеттi органның бюджеттiк кредиттеудiң орындылығын айқындауын;
2) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдардың бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бюджеттік кредиттеу арқылы іске асыруға ұсынатын бюджеттік бағдарламаларды олардың бюджеттік кредиттеу критерийлеріне сәйкес келуі тұрғысынан қарауын қамтиды.
Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап ететін бюджеттік инвестициялық жобаларды және қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруын бюджеттiк кредиттеудiң орындылығын айқындауы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғаның экономикалық сараптамасының қорытындысы негізінде республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап ететін бюджеттік инвестициялық жобаларды және қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруын бюджеттiк кредиттеудiң орындылығын айқындауы экономикалық сараптаманың қорытындысы ескеріле отырып, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап ететін бюджеттік инвестициялық жобаларды және қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруын бюджеттiк кредиттеудiң экономикалық сараптамасын жергілікті бюджет қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдар айқындайтын заңды тұлғалар жүзеге асырады;
3) бюджет комиссиясының бюджеттік өтінімді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның қорытындысын қарауын;
4) бюджеттік комиссияның бюджеттік кредиттер беруге бағытталған бюджеттік бағдарламаны бюджет жобасына енгізу жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдауын қамтиды.
Ескерту. 187-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.06.2013 № 102-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 03.12.2013 № 150-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
188-бап. Бюджеттік кредит беру рәсімі 1. Бюджеттік кредит беру рәсімі мынадай кезеңдерді:
1) бюджеттік кредиттің негізгі талаптарын айқындауды;
2) қарыз алушыны, оның ішінде түпкілікті қарыз алушыны ол болған жағдайда айқындауды;
3) кредиттік шарт және олармен байланысты шарттар жасасуды;
4) қарыз алушыға бюджеттік кредит беруді қамтиды.
2. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тиісті бюджеттер бекітілгеннен кейін бюджеттік кредиттердің негізгі шарттары туралы және қарыз алушылардың санаттары туралы кредитор шешімдерінің жобаларын бекітуге енгізеді.
3. Қарыз алушыларды:
1) Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджеттік кредиттеу кезінде тапсырма шартына сәйкес сенім білдірілген өкіл (агент);
2) қаржы агенттіктерін қоспағанда, мамандандырылған ұйымдарды бюджеттік кредиттеу кезінде конкурс нәтижелері бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшісі айқындайды. Мамандандырылған ұйымдарды іріктеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді;
3) жергілікті атқарушы органдар бюджеттік кредиттеу кезінде қарыз алушылар осы Кодекске сәйкес айқындалады;
4) шет мемлекеттерді бюджеттік кредиттеу кезінде қарыз алушылар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда бюджеттік кредиттер алады.
Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджеттік кредиттеу сенім білдірілген өкілдер (агенттер) арқылы жүзеге асырылады.
5. Бюджеттік кредит беру кредиттік шарт, тапсырма шарттары және бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді растайтын құжаттар жасалып, тіркелгеннен кейін жүзеге асырылады.
6. Бюджеттік кредиттер беру жөніндегі рәсімдерді, оның ішінде оларды беру кезіндегі қажетті құжаттардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Ескерту. 188-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
189-бап. Шет мемлекеттерді кредиттеудің ерекшеліктері 1. Шет мемлекеттерге бюджеттік кредиттер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебінен беріледі.
2. Шет мемлекеттерге бюджеттік кредиттер шет мемлекеттер бюджеттік кредит беру туралы халықаралық шартқа міндетті күш беру үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді жүргізген жағдайда беріледі.
3. Шет мемлекетті бюджеттік кредиттеудің тәртібі мен талаптары бюджеттік кредит беру туралы халықаралық шартта белгіленеді.
Шет мемлекеттерге берілген бюджеттік кредит бойынша негізгі борыш шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасы алдындағы борышын құрайды.
190-бап. Бюджеттік кредитті пайдалану Қарыз алушы бюджеттік кредит қаражатын бюджеттік бағдарлама мен кредиттік шартта көзделген мақсаттарға ғана пайдаланады.
Түпкілікті қарыз алушы бюджеттік кредит қаражатын Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес кредиттік шартта көзделген мақсаттарға ғана пайдаланады.
Бюджеттік кредит нысаналы мақсатта пайдаланылмаған жағдайда, қарыз алушы және түпкілікті қарыз алушы Қазақстан Республикасының заңдарына және кредиттік шарт талаптарына сәйкес жауаптылықта болады.
Ескерту. 190-бап жаңа редакцияда - ҚР 02.07.2014 N 225-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
191-бап. Бюджеттік кредитке қызмет көрсету 1. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның немесе сенім білдірілген өкілдің (агенттің) бюджеттік кредит қаражатының пайдаланылуын есепке алу және қарыз алушының кредиттік шарт талаптарына сәйкес негізгі борышты, сыйақыны және басқа да төлемдерді өтеуге төлемдер жасауды жүзеге асыру жөніндегі қызметі бюджеттік кредитке қызмет көрсету деп танылады.
Ол бойынша есептелген сыйақы, комиссиялық төлемдер, тұрақсыздық төлемдері (айыппұлдар, өсімпұлдар) сомасы ескерілмей алынған және өтелмеген бюджеттік кредит сомасы негізгі борыш болып табылады.
2. Негізгі борышқа қызмет көрсету кредиттік шарт талаптарына сәйкес, белгілі бір уақыт кезеңіндегі сыйақының, өзге де төлемдердің жиынтық төлемдерін білдіреді.
Бюджеттік кредитті (кредиттік шартты) өтеу және оған қызмет көрсету графигіне сәйкес мерзімі басталған, қарыз алушы төлемеген төлемдер сомасы берешек болып табылады.
3. Сыйақыны есептеу кредитордың шотынан бюджеттік кредит аударылған күннен бастап ол толық өтелген күнге дейін бюджеттік кредит бойынша негізгі борыш сомасына қойылған сыйақы ставкасы бойынша жүргізіледі.
4. Сыйақыны есептеу тәртібі кредиттік шартта белгіленеді.
Сыйақыны есептеу үшін жылдың 360 күні және айдың 30 күні не толық емес ай кезінде өткен күндердің іс жүзіндегі саны есепке алынады.
Төлем мерзімі басталған кезде қарыз алушы тиісті бюджетке негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлем тапсырмасымен ақша аудару арқылы кезекті төлемдерді жүзеге асыруға міндетті.
5. Берешек пайда болған кезде бюджеттік кредитке қызмет көрсету төлемдердің мынадай кезектілігімен жүзеге асырылады:
1) есебіне жазылған тұрақсыздық төлемі (айыппұлдар, өсімпұлдар);
2) есебіне жазылған сыйақы;
3) негізгі борышты өтеу.
192-бап. Бюджеттік кредитті өтеу 1. Қарыз алушының кредиттік шартқа және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджеттік кредит бойынша негізгі борышты өтеуі бюджеттік кредитті өтеу болып табылады.
2. Бюджеттік кредиттен қарыз алушылардың кредитормен немесе сенім білдірілген өкілмен (агентпен) келісім бойынша кредитті мерзімінен бұрын өтеуге құқығы бар.
Қарыз алушы кредиттік шарттың талаптарын бұзған кезде кредитордың немесе сенім білдірілген өкілдің (агенттің) тапсырма шартына сәйкес кредитті мерзімінен бұрын өтеуді талап етуге құқығы бар.
Қамтамасыз етілмеген бюджеттік кредит алған қаржы агенттігінің акцияларын сатуға олар бюджеттік кредитті қамтамасыз етуді ұсынған жағдайда жол беріледі.
РҚАО-ның ескертпесі!
2-1) тармақша 01.06.2015 дейін қолданыста болады - ҚР 02.07.2014 № 225-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).
2-1. Кредитормен келісу бойынша бюджеттік кредитті өтеу, оның ішінде мерзімінен бұрын өтеу қарыз алушының немесе түпкілікті қарыз алушының инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыру кезінде туындаған мүлкімен жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Қарыз алушыда бюджеттік кредит бойынша берешек пайда болған кезде кредитор немесе сенім білдірілген өкіл (агент) тапсырма шартына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кредиттің өтелуін қамтамасыз ететін шаралар қабылдайды.
4. Бюджеттік кредит бойынша берешекті өтеу есебінен өндіріліп алынған мүлік Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен өткізілуге және (немесе) мемлекеттік меншікке айналдыруға жатады.
5. Бюджеттік кредитті өтеу есебінен мемлекеттік меншікке айналдырылатын мүлікке бағалау жүргізуге арналған шығыстар тиісті бюджет қаражаты есебінен төленеді.
6. Бюджеттік кредит бойынша берешекті мерзімінен бұрын өтеу кезінде немесе өтеу есебінен мүлікті мемлекеттік меншікке айналдыру кезінде кредитор талаптарының мөлшері мүлік құнының сомасына азайтылады.
7. Жергілікті атқарушы органда жоғары тұрған бюджет бөлген бюджеттік кредит бойынша берешек болған кезде бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшесіне осы Кодекстің 100-бабының 1 және 2-тармақтарының 4) тармақшаларында көзделген шараларды қабылдау туралы жазбаша нұсқау береді.
Ескерту. 192-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).
39-тарау. БЮДЖЕТТІК КРЕДИТТІ ҚАЙТА ҚҰРЫЛЫМДАУ ЖӘНЕ ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫ АУЫСТЫРУ 193-бап. Бюджеттік кредитті қайта құрылымдау 1. Тараптардың келісімі бойынша олардың кредиттік шарттар бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдерінің, қаржылық және өзге де талаптарының өзгеруі бюджеттік кредитті қайта құрылымдау болып табылады.
2. Бюджеттік кредитті қайта құрылымдау туралы шешім қарыз алушыда қаржылық жағдайды сауықтыру жөнінде жоспар болған кезде қарыз алушының қаржылық жағдайын талдау негізінде қабылданады.
3. Бюджеттік кредитті қайта құрылымдау:
1) негізгі борышты өтеу және (немесе) сыйақыны төлеу мерзімдерін өзгерту;
2) бюджеттік кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесін өзгерту;
3) бюджеттік кредиттің берілу мақсаттарына сәйкес іс-шараларды іске асыру үшін қарыз алушының бюджеттік кредитті пайдалана алатын игеру кезеңін өзгерту;
4) бюджеттік кредит валютасын өзгерту;
5) бюджеттік кредит, кредит бойынша сыйақы және өзге де төлемдер бойынша берешекті капиталдандыру (жиынтықтау) арқылы жүзеге асырылады.
4. Бюджеттік кредитті қайта құрылымдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның жанындағы консультативтік-кеңесші органның оң қорытындысы болған кезде әрбір кредиттік шарт бойынша кредитордың шешімі негізінде жүзеге асырылады.
5. Бюджеттік кредитті қайта құрылымдау әрі кеткенде бір рет жүзеге асырыла алады.
Бюджеттік кредитті қайта құрылымдау кредиттік шартқа қосымша келісім жасау арқылы ресімделеді.
Ескерту. 193-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
194-бап. Бюджеттік кредит бойынша борышты аудару Бюджеттік кредит бойынша борышты аударуға кредитор шешімінің негізінде кредиттік шарт тараптарының келісімі бойынша жол беріледі.
Борышты аудару бюджеттік кредит бойынша борышты өтеу есебіне өндіріп алынған (ұсынылған) мүлікті берген кезде жүзеге асырылуы мүмкін.
40-тарау. ТАЛАП ҚОЮ МЕРЗІМІНІҢ ӨТУІ, КРЕДИТОРЛАР ТАЛАПТАРЫНЫҢ ТОҚТАТЫЛУЫ ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК КРЕДИТТЕР БОЙЫНША КЕПІЛДІКТІҢ ТОҚТАТЫЛУЫ 195-бап. Талап қою мерзімінің өтуі Бюджеттік кредиттер бойынша кредиторлардың талаптарына талап қою мерзімі қолданылмайды.
196-бап. Кредитордың бюджеттік кредитті өтеу жөніндегі талаптарының тоқтатылуы және кепілдіктің тоқтатылуы 1. Кредитордың бюджеттік кредитті өтеу жөніндегі талабы қарыз алушы кредиттік шарт бойынша міндеттемелерді тиісінше орындаған кезде, қарыз алушы мен кредитор бір тұлға болғанда не қарыз алушы - заңды тұлға таратылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес немесе сот актісінің негізінде тоқтатылады.
2. Кредитордың мемлекеттік білім беру және студенттік кредиттер бойынша талаптары қарыз алушы қайтыс болған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда республикалық бюджет туралы заңның негізінде тоқтатылады.
3. Қарыз алушы - заңды тұлға таратылған жағдайда кредитордың бюджеттік кредитті өтеу жөніндегі талабының тоқтатылуы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндеттемелердің орындалуын бағалау жөніндегі алдын ала рәсімдер жүргізілгеннен кейін:
1) республикалық бюджеттен берілген бюджеттік кредиттер бойынша - республикалық бюджет туралы заңның негізінде;
2) жергілікті бюджеттен берілген бюджеттік кредиттер бойынша - мәслихаттың шешімі негізінде жүзеге асырылады.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген, таратылған қарыз алушылардың берешегі, сондай-ақ кредитордың талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту немесе ішінара қанағаттандыру туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде талаптар тоқтатылған қарыз алушылардың берешегі кредитордың есептен шығаруына жатады.
5. Алып тасталды - ҚР 02.07.2014 N 225-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
Ескерту. 196-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
41-тарау. БЮДЖЕТТІК КРЕДИТТЕР БОЙЫНША БАҚЫЛАУ, МОНИТОРИНГ, ЕСЕПКЕ АЛУ 197-бап. Бюджеттік кредиттерді бақылау 1. Кредитор және (немесе) сенім білдірілген өкіл (агент) бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуын және ол бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін жағдайдың болуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.
2. Бюджеттік кредитті нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау фактілері анықталған жағдайда кредитор немесе сенім білдірілген өкіл (агент) қарыз алушыдан кредиттің заңсыз пайдаланылған сомасын кредиттік шартта белгіленген мөлшерде айыппұл ала отырып өндіріп алады.
198-бап. Бюджеттік кредиттер мониторингі және есепке алу 1. Бюджеттік кредиттер бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен міндетті тіркеуге, есепке алуға және оларға мониторинг жүргізілуге жатады.
Бюджеттік кредиттер бойынша осы Кодекске сәйкес бюджеттік мониторинг және нәтижелерді бағалау жүзеге асырылады.
2. Кредиторлар қарыз алушылар мен сенім білдірілген өкілдер (агенттер) тұрғысында барлық берілген бюджеттік кредиттердің тізілімін жүргізеді.
12-бөлім. МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛДІК БЕРГЕН ҚАРЫЗ АЛУ ЖӘНЕ БОРЫШ, МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛГЕРЛІГІ 42-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛДІК БЕРГЕН ҚАРЫЗ АЛУ ЖӘНЕ БОРЫШ, МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛГЕРЛІГІ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 199-бап. Қарыз алу туралы жалпы ережелер 1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қарыз алуы, мемлекет кепілдік берген қарыз алу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қарыз алуы "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жергілікті атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қарыз алуы мемлекеттік қарыз алу болып табылады.
3. Мемлекеттік емес қарыз алуды Қазақстан Республикасының резиденттері кез келген мөлшерде, кез келген валютада және кез келген нысанда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектеулерді ескере отырып, өз бетінше жүзеге асырады.
Мемлекеттік емес қарыздарды заңды тұлғалар мемлекеттік кепілдікпен және мемлекет кепілгерлігімен тарта алады.
4. Жедел басқару құқығында мүлкі бар заңды тұлғаларға мемлекеттік емес қарыз алуды жүзеге асыруға тыйым салынады.
200-бап. Мемлекеттік қарыздардың түрлері мен нысандары 1. Мемлекеттік қарыздар қарыз алушыға қатысты алғанда:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыздары;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қарыздары;
3) жергілікті атқарушы органдардың қарыздары болып бөлінеді.
2. Несие капиталының нарықтарына қарай мемлекеттік қарыздар:
1) мемлекеттік сыртқы қарыздар;
2) мемлекеттік ішкі қарыздар болып бөлінеді.
3. Қарыз алу нысаны бойынша мемлекеттік қарыздар:
1) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару;
2) қарыз шарттарын жасасу болып бөлінеді.
4. Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар қолданылу мерзімі бойынша:
1) 1 жылға дейінгі айналыс мерзімімен қысқа мерзімді;
2) 1 жылдан 5 жылға дейінгі айналыс мерзімімен орта мерзімді;
3) 5 жылдан артық айналыс мерзімімен ұзақ мерзімді болып бөлінеді.
5. Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару мақсаттары бойынша:
1) бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында шығарылатын;
2) борыштық құралдардың ішкі нарығын дамытуға жәрдемдесу мақсатында шығарылатын болып бөлінеді.
Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар құжаттамалық және құжаттамалық емес нысанда шығарылуы мүмкін. Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар ұсынушыға арналып құжаттамалық нысанда ғана шығарылуы мүмкін. Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар нақты және дисконттық құны бойынша сыйақының тіркелген және тіркелмеген (құбылмалы) ставкасымен шығарылуы мүмкін.
201-бап. Мемлекеттік борыш 1. Өзара талаптарды ескермей, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің борышына немесе мәслихаттардың шешімдерімен жергілікті атқарушы органдардың борышына жатқызылған алынған (игерілген) және өтелмеген мемлекеттік қарыздардың белгілі бір күнге, сондай-ақ борыштық міндеттемелердің белгілі бір күнге сомасы мемлекеттік борыш болып табылады.
2. Мемлекеттік борыш ішкі және сыртқы мемлекеттік борышты қамтиды.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының резиденттері алдындағы мемлекеттік ішкі қарыздары мен басқа да борыштық міндеттемелері бойынша мемлекеттік борышының құрамдас бөлігі мемлекеттік ішкі борыш болып табылады.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан Республикасының резидент еместері алдындағы мемлекеттік сыртқы қарыздар мен басқа да борыштық міндеттемелері бойынша мемлекеттік борышының құрамдас бөлігі мемлекеттік сыртқы борыш болып табылады.
202-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі міндеттемелері 1. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық бюджеттің қаражатымен қамтамасыз етілетін үкіметтік борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөнінде міндеттемелер атқарады.
2. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттердің қаражатымен қамтамасыз етілетін өзінің борышын өтеу және оған қызмет көрсету жөнінде міндеттемелер атқарады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі және жергілікті атқарушы органдар бір-бірінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың міндеттемелері қарыз берушіге негізгі борыш қайтарылған және борышқа қызмет көрсету жөніндегі төлемдер толық мөлшерде төленген кезде орындалды деп есептеледі.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі және жергілікті атқарушы органдар борышты қалыптастыру, өзгерту және оған қызмет көрсету процесін есепке алуды, талдауды және бақылауды жүзеге асыру арқылы тиісінше үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы органдар борышының мониторингін жүзеге асырады.
203-бап. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты, мемлекет кепілгерлігі бойынша борышты және тәуекелдерді басқару 1. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты, мемлекет кепілгерлігі бойынша борышты және тәуекелдерді басқару:
1) алдағы жоспарлы кезеңге арналған мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыштың, мемлекет кепілгерлігі бойынша борыштың жай-күйі мен болжамын онда соған сәйкес үкіметтік борышты және жергілікті атқарушы органдардың борышын өтеу мен қызмет көрсетудің көлемдері, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерлігін ұсынудың лимиттері белгіленетін көрсеткіштерді айқындай отырып, жыл сайынғы бағалауды қамтиды.
Алдағы жоспарлы кезеңге арналған мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыштың, мемлекет кепілгерлігі бойынша борыштың жай-күйі мен болжамын жыл сайынғы бағалауды дайындауды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қатысуымен жинақталған мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың, мемлекет кепілгерлігі бойынша борыштың көлемдері мен құрылымының негізінде жүзеге асырады;
2) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен және республикалық бюджет туралы заңда бекітілетін тәртіппен үкіметтік борыш лимитін, мемлекеттік кепілдіктер және мемлекет кепілгерлігін беру лимиттерін және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін жергілікті атқарушы органдар борышының лимиттерін айқындауын;
3) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте бекітілетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз алу көлемдерін, нысандары мен шарттарын, үкіметтік борышты өтеу мен қызмет көрсету көлемдерін айқындауын;
4) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік қарыздарды тіркеуін және есепке алуын және мемлекеттің оның кепілдіктері мен кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты талаптарды, мемлекеттік қарыздар мен мемлекеттік борышты, мемлекет кепілдік берген борышты және мемлекет кепілгерлігі бойынша борышты алу, пайдалану, өтеу және қызмет көрсету мониторингін, сондай-ақ мемлекеттің оның кепілдіктері мен кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты туындаған мемлекет талаптарын жүзеге асыруын;
5) борыш құрылымын оңтайландыру және оған қызмет көрсету жөніндегі, оның ішінде борышты мерзімінен бұрын өтеу, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды эмитенттің сатып алуы мен сатуы, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты, мемлекеттің кепілгерлігі бойынша борышты қайта құрылымдау, борышты қайта қаржыландыру, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш, мемлекет кепілгерлігі бойынша борыш және мемлекеттің алдындағы борыш тәуекелдерін басқару жөнінде іс-шаралар дайындап, іске асыруын;
6) мемлекеттік борыштың, мемлекет кепілдік берген борыштың, мемлекет кепілгерліктері бойынша борыштың және мемлекет алдындағы борыштың тәуекелдерін басқару өзіне бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган рәсімдер мен операцияларды регламенттеу, белгіленген лимиттер мен талаптарды сақтау, құралдар мен нарықтарды әртараптандыру, әртүрлі туынды қаржы құралдарын (тәуекелдерді басқару мақсаттары үшін нарықта пайдаланылатын опциондар, своптар, форвардтық, фьючерлік және басқа да мәмілелер) қолдану әдістерін пайдаланып, оларды анықтауды, сәйкестендіруді, бағалау мен барынша азайтуды, сондай-ақ үшінші тұлғалардың алдындағы борыштық міндеттемелері мемлекеттік кепілдіктермен және кепілгерліктермен қамтамасыз етілген заңды тұлғалардың борышын басқаруда уақтылы ден қою мен қажетті шаралар қабылдауды қамтиды.
2. Мемлекеттік борыштың, мемлекет кепілдік берген борыштың, мемлекет кепілгерліктері бойынша борыштың және мемлекет алдындағы борыштың тәуекелдерін басқару Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 203-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
204-бап. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың, мемлекет кепілгерлігі бойынша борыштың жай-күйі туралы мәліметтерді жариялау Қазақстан Республикасы мемлекеттік борышының ағымдағы жай-күйі, мемлекеттік борышты өтеу есебіне төленген ақша сомасы, берілген мемлекеттік кепілдіктер және мемлекет кепілгерліктері және кепілдіктер мен кепілгерліктер бойынша төленген ақша сомасы туралы мәліметтер ашық болып табылады және олар бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның статистикалық ақпарат нысанында тоқсан сайын ресми жариялауына жатады.
Ескерту. 204-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.03.19 № 258-IV Заңымен.