Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі


-бөлім. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін және оның ведомстволарын қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есебінің және қаржылық есептілігінің жүйесі



бет12/18
Дата20.07.2016
өлшемі326.4 Kb.
#211566
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18

5-бөлім. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін және оның ведомстволарын қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есебінің және қаржылық есептілігінің жүйесі
      Ескерту. 5-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05   N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
22-тарау. БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕПКЕ АЛУ ЖҮЙЕСІ
      114-бап. Бухгалтерлік есепке алудың және қаржылық
                есептіліктің мақсаты
      Бухгалтерлік есепке алудың және қаржылық есептіліктің мақсаты мүдделі адамдарды мемлекеттік мекемелердің қаржылық жағдайы туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.
      115-бап. Бухгалтерлік есепке алудың және қаржылық
                есептіліктің принциптері мен негізгі сапалық
                сипаттамалары
      1. Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілікті жасау принциптері есептен шығару және қызмет үздіксіздігі болып табылады.
      Есептен шығару принципі ақы төлеу уақытына қарамастан, оларды жасау фактісі бойынша операциялардың нәтижелерін танумен қамтамасыз етіледі.
      Қызмет үздіксіздігі принципі мемлекеттік мекеменің алдағы болашақта жұмыс істейтін ниеті бар екенін, қызметін таратудың немесе қызмет ауқымдарын едәуір қысқартудың қажеті болмайтынын білдіреді. Егер мұндай ниет немесе қажеттілік бар болса, онда қаржылық есептілік арнаулы ережелер бойынша жасалады.
      2. Қаржылық есептіліктің негізгі сапалық сипаттамалары түсініктілік, орындылық, сенімділік және салыстырмалылық болып табылады.
      Түсініктілік - қаржылық есептілікте берілетін ақпарат пайдаланушыларға түсінікті болуы тиіс.
      Орындылық - шешімдер қабылдайтын пайдаланушылар үшін ақпараттың орынды болуы және олардың оқиғаны бағалауына көмектесуі, бұрынғы бағаларын растауы немесе түзетуі тиіс.
      Сенімділік - елеулі қателер мен бұрмалаушылықтардың болмауы және пайдаланушылардың ақпаратқа шынайы ақпарат ретінде сенуі.
      Салыстырмалылық - әртүрлі кезеңдердегі және әртүрлі мемлекеттік мекемелердің ақпаратын салыстыру мүмкіндігі. Ұқсас операциялардың қаржылық нәтижелері барлық мемлекеттік мекемелер үшін бірыңғай әдіснама бойынша жүзеге асырылуға тиіс.
      116-бап. Бухгалтерлік есепке алу жүйесі
      1. Бухгалтерлік есепке алу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасымен және есепке алу саясатымен регламенттелген мемлекеттік мекемелердің операциялары туралы ақпаратты жинаудың, тіркеудің және жинақтаудың тәртіпке келтірілген жүйесін білдіреді.
      2. Есепке алу саясаты мемлекеттік мекемелер барлық мемлекеттік мекемелер үшін бірыңғай болып табылатын қаржылық есептілікті жасау мен ұсыну кезінде қолданатын принциптерді, негіздерді, ережелерді, қағидаларды және практиканы қамтиды. Есепке алу саясатын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлеп, бекітеді.
      3. Бухгалтерлік есепке алудағы операциялар мен оқиғалар бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есепке алу шоттарының жоспары негізінде көрсетіледі.
      4. Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу тәртібін, мемлекеттік мекемелерде түгендеу жүргізу тәртібін, мемлекеттік мекемелер үшін бухгалтерлік құжаттама нысандарының альбомын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілейді.
      5. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісім бойынша қажет болған жағдайларда олардың қызмет ерекшелігін ескеріп және мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізудің белгіленген тәртібін сақтай отырып, мемлекеттік мекемелерде өз жүйесінің бухгалтерлік есепке алу жөніндегі жалпы ережелерін қолдану тәртібі туралы нұсқаулар шығара алады.
      Ескерту. 116-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
23-тарау. ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТІЛІК
      117-бап. Қаржылық есептілік
      1. Қаржылық есептілік мемлекеттік мекеменің қаржылық жағдайы және қаржылық жағдайындағы өзгерістер туралы ақпаратты білдіреді.
      2. Мемлекеттік мекеменің қаржылық есептілігі:
      1) бухгалтерлік балансты;
      2) алынып тасталды - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      2-1) қаржы қызметінің нәтижелері туралы есепті;
      2-2) таза активтердің/капиталдың өзгерістері туралы есепті;
      3) қаржыландыру көздері бойынша мемлекеттік мекеменің шоттарындағы ақша қозғалысы туралы есепті;
      4) түсіндірме жазбаны қамтиды.
      3. Мемлекеттік мекеменің қаржылық есептілігі бастапқы құжаттармен расталады.
      4. Мемлекеттік мекеме барлық операциялардың бірыңғай бухгалтерлік есепке алынуын жүргізеді.
      5. Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілейді.
      Ескерту. 117-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      118-бап. Шоғырландырылған қаржылық есептілік
      Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi мен бюджеттi атқару жөнiндегi жергілікті уәкiлеттi органдар бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен шоғырландырылған қаржылық есептiлiктi жасауға мiндеттi.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      118-бапты екінші бөлікпен толықтыру көзделген - ҚР 02.07.2014 № 225-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 118-бап жаңа редакцияда - ҚР 02.07.2013 № 112-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      119-бап. Есепті кезең
      1. Жылдық қаржылық есептілік үшін 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанды қоса алғандағы күнтізбелік жыл есепті кезең болып табылады.
      2. Жаңадан құрылған мемлекеттік мекеме үшін бірінші есепті жыл ол мемлекеттік тіркелген кезден бастап сол жылдың 31 желтоқсанын қоса алғандағы кезеңді қамтиды.
      120-бап. Қаржылық есептілікті ұсыну
      1. Мемлекеттік мекемелер қаржылық есептілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне табыс етеді.
      2. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қаржылық есептілікті:
      1) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржылық бақылау органдарына ұсынады.
      2-1. Бюджеттi атқару жөнiндегi жергілікті уәкiлеттi органдар бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға шоғырландырылған қаржылық есептiлiктi ұсынады.
      3. Қаржылық есептілік Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен беріледі.
      4. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган аралық қаржылық есептілікті ұсыну мерзімін анықтауға және жылына кемінде бір рет өзге де кезеңділікті белгілеуге құқылы.
      Ескерту. 120-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2013 № 112-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі!
      23-тарауды 120-1 және 120-2-баптармен толықтыру көзделген - ҚР 02.07.2014 № 225-V  Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
6-бөлім. БЮДЖЕТТІК ЕСЕПКЕ АЛУ МЕН ЕСЕПТІЛІК
24-тарау. БЮДЖЕТТІК ЕСЕПКЕ АЛУ
      121-бап. Бюджеттік есепке алу бойынша негізгі ережелер
      Бюджеттік есепке алу бірыңғай қазынашылық шоттан және мемлекеттік мекемелердің шоттарынан жасалатын операциялар туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың талаптары мен міндеттемелері туралы ақшалай түрдегі ақпаратты жинаудың, тіркеудің және жинақтаудың Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасымен реттелген, тәртіпке келтірілген жүйесін білдіреді.
      122-бап. Бюджеттік есепке алуды жүргізу
      1. Бюджеттік есепке алу деректері бюджеттік есептілік жасау үшін негіз болып табылады.
      2. Бюджеттік есепке алуды жүргізу тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
      123-бап. Бюджеттік есептіліктің сапалық сипаттамалары
      1. Бюджеттік есептілік мынадай:
      1) жасалған операциялардың түпнұсқалығын және есепке алуда оларды көрсеткен кезде қателердің жоқтығын білдіретін анықтық;
      2) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген барлық талап етілетін ақпараттың көрсетілуін білдіретін толықтық;
      3) осы Кодекстің және басқа да нормативтік құқықтық актілердің есептілікті жасау жөніндегі ережелерінің сақталуын білдіретін сәйкестік сапалық сипаттамаларға сай келуге тиіс.
      2. Алынған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілген қызметтің) бюджетке түсетін түсімдері бюджеттік есептілікте ақшалай түрде көрсетіледі.
      124-бап. Бюджеттік есептіліктің түрлері
      1. Бюджеттік есептілік есептердің мынадай түрлерін:
      1) мемлекеттік мекемелердің есептерін:
      тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түскен ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есепті;
      демеушілік пен қайырымдылық көмектен ақшаның түсімі мен жұмсалуы туралы есепті;
      дебиторлық берешек туралы есепті;
      кредиторлық берешек туралы есепті;
      2) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің есептерін:
      бюджеттік мониторингтің нәтижелері туралы есепті;
      тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түскен ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есепті;
      демеушілік пен қайырымдылық көмектен ақшаның түсуі және оның жұмсалуы туралы есепті;
      дебиторлық берешек туралы есепті;
      кредиторлық берешек туралы есепті;
      стратегиялық жоспардың іске асырылуы туралы есепті;
      бюджеттік бағдарламаларды іске асыру туралы есепті;
      3) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың бюджеттік есептілігін:
      республикалық, тиісті жергілікті бюджеттердің, облыс бюджеттерінің, мемлекеттік және шоғырландырылған бюджеттердің атқарылуы туралы есептерді;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдері мен пайдаланылуы туралы есепті;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшасын бақылау шотындағы ақша қозғалысы туралы есепті;
      мемлекеттік, республикалық және жергілікті бюджеттер бойынша тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) сатудан түскен ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есепті;
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың талаптары мен міндеттемелері туралы есепті;
      мемлекеттік, республикалық және жергілікті бюджеттер бойынша демеушілік және қайырымдылық көмектен ақшаның түсуі және оның жұмсалуы туралы есепті;
      мемлекеттік, республикалық және жергілікті бюджеттердің дебиторлық берешегі туралы есепті;
      мемлекеттік, республикалық және жергілікті бюджеттердің кредиторлық берешегі туралы есепті;
      бюджеттік мониторинг нәтижелері бойынша республикалық (жергілікті) бюджеттің атқарылуы туралы талдамалық есепті;
      3-1) шоғырландырылған қаржылық есептілікпен бір мезгілде берілетін есептерді;
      4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жергілікті атқарушы органның есептерін:
      республикалық немесе тиісті жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы жылдық есепті қамтиды.
      2. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган өз құзыреті шегінде бюджеттік есептіліктің қосымша нысандарын белгілейді.
      3. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер бюджеттік есептілікті жасау және табыс ету жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алуға міндетті.
      4. Стратегиялық жоспардың іске асырылуы туралы есепті қоспағанда, осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 3-1) тармақшаларында көрсетілген бюджеттік есептілікті жасау және ұсыну тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілейді.
      Ескерту. 124-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 150-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
      125-бап. Бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсыну
      1. Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есеп бекітілген, нақтыланған, түзетілген республикалық және жергілікті бюджеттерді, қабылданған, төленбеген міндеттемелерді, бюджет түсімдерінің атқарылуын және (немесе) тиісті бюджеттің бюджеттік бағдарламалары бойынша төленген міндеттемелерді көрсетеді.
      2. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ай сайын есепті айдан кейінгі айдың бірінші күніндегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті органға, тоқсан сайын - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне мемлекеттік, шоғырландырылған, республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есептерді, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп береді.
      3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдары ай сайын есепті айдан кейінгі айдың бірінші күнгі жағдай бойынша әкімдікке, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясына, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдарына, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органға облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы есеп береді.
      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдары ай сайын және жыл қорытындылары бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға осы Кодекстің 124-бабында көзделген есептерді береді.
      4. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органы ай сайын есепті айдан кейінгі айдың бірінші күнгі жағдай бойынша әкімдікке, облыстың тексеру комиссиясына, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органына, облыстың бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органына және Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органға аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы есепті, сондай-ақ осы Кодексте көзделген басқа да есептерді береді.
      Ескерту. 125-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.21 N 465-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      126-бап. Стратегиялық жоспардың іске асырылуы туралы есеп
      1. Стратегиялық жоспардың іске асырылуы туралы есеп оны іске асыру барысы, мемлекеттік орган қызметінің мақсаттарына, міндеттерімен нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізудегі прогресс туралы ақпаратты қамтиды.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. Стратегиялық жоспардың іске асырылуы туралы есепті жыл сайын ағымдағы қаржы жылының 15 ақпанына дейінгі мерзімде:
      Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдарға және Қазақстан Республикасының Президенті нәтижелердің бағалауын жүргізуге уәкілеттік берген органдарға;
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кіретін мемлекеттік органдар, - Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдарға және Қазақстан Республикасының Президенті нәтижелердің бағалауын жүргізуге уәкілеттік берген органдарға;
      жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар, - әкімге, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарға және Қазақстан Республикасының Президенті нәтижелердің бағалауын жүргізуге уәкілеттік берген органдарға ұсынады.
      3. Стратегиялық жоспарлардың іске асырылуы туралы есептер бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға жатады.
      Стратегиялық жоспардың іске асырылуы туралы есепті жасау және ұсыну тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті белгілейді.
      Ескерту. 126-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
25-тарау. БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫ ТУРАЛЫ ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП
      127-бап. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық
               есепті ұсыну
      1. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті айдан кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасайды және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және мемлекеттік қаржылық бақылау органдарына ұсынады.
      2. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп:
      1) республикалық бюджет туралы заңға қосымшаларға сәйкес республикалық бюджет көрсеткіштерінің атқарылуы туралы деректерді білдіретін тиісті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептен;
      2) есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің түсімдер бойынша атқарылуы, жүргiзiлген бюджеттiк мониторинг және оның нәтижелерiн бағалау негiзiнде республикалық бюджеттік бағдарламалардың орындалуы туралы талдамалық есептен тұрады.
      Республикалық бюджеттік бағдарламаларды орындау туралы талдамалық есеп бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен бюджеттік бағдарламалар бөлігінде жасалады;
      3) түсіндірме жазбадан тұрады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақты 4) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 02.07.2014 № 225-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
      3. Түсіндірме жазба елдегі экономикалық ахуал және республиканың тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң баптарының орындалуы туралы талдамалық ақпаратты қамтиды.
      4. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын ағымдағы жылдың 20 сәуірінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентіне және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ұсынады. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Парламентінде қарау кезінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етеді.
      5. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      Ескерту. 127-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2014 N 225-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
      128-бап. Қазақстан Республикасының Парламентінде
                республикалық бюджеттің атқарылуы туралы
                жылдық есепті талқылау және бекіту
      1. Қазақстан Республикасының Парламенті Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін алғаннан кейін есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жылдық есебін өз кезегімен қарау арқылы Палаталардың бөлек отырысында - алдымен Мәжілісте, содан кейін Сенатта талқылайды.
      2. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті талқылаған кезде Қазақстан Республикасының Парламенті:
      Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген адамдардың республикалық бюджеттің атқарылуы және тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған елдегі салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы баяндамасын;
      Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасының республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндамасын;
      Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары уәкілеттік берген адамдардың республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп бойынша қорытынды жасалған қосымша баяндамаларын тыңдайды.
      3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептері Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенатында талқыланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында бекітіледі.
      Ескерту. 128-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      129-бап. Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар
                қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы
                жылдық есепті ұсыну
      1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдары есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей есепті қаржы жылындағы облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық есепті әкімдікке, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау және Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті органына ұсынады.
      2. Есепті қаржы жылындағы облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық есеп:
      1) облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті туралы мәслихаттың шешіміне қосымшаларға сәйкес облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері көрсеткіштерінің атқарылуы туралы деректерді білдіретін тиісті қаржы жылындағы облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы есептен;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2) облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің түсімдер бойынша атқарылуы, жүргізілген бюджеттік мониторинг және оның нәтижелерін бағалау негізінде жергілікті бюджеттік бағдарламалардың орындалуы туралы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың есепті қаржы жылындағы стратегиялық жоспарларының нәтижелеріне, мақсаттарына қол жеткізілуін және міндеттерінің шешілуін талдау нәтижелері туралы талдамалық есептен;
      3) түсіндірме жазбадан тұрады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақты 4) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 02.07.2014 № 225-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
      3. Түсіндірме жазба экономикалық ахуал және тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы, тиісті қаржы жылына арналған облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті баптарының орындалуы туралы талдамалық ақпараттан тұрады.
      4. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігі есепті қаржы жылындағы облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық есепті жыл сайын қосымшаларымен бірге:
      1) ағымдағы жылдың 20 сәуірінен кешіктірмей облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясына;
      2) ағымдағы жылдың 1 мамырынан кешіктірмей облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихатына ұсынады.
      Ескерту. 129-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.21 N 465-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      130-бап. Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар
                қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы
                жылдық есепті қарау және бекіту
      1. Мәслихат өткен қаржы жылындағы облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің атқарылуы туралы облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдіктерінің жылдық есебін облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясының есебін алғаннан кейін бір айдың ішінде мәслихаттың тұрақты комиссияларында қарайды.
      2. Жылдық есепті қараған кезде мәслихат:
      әкімдік уәкілеттік берген адамдардың облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы және тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған өңірдің салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы баяндамасын;
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы төрағасының облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуын бақылау нәтижелері туралы баяндамасын;
      мәслихат уәкілеттік берген адамның (адамдардың) облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы есеп бойынша қорытынды жасалған баяндамасын тыңдайды.
      3. Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық есеп мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралғаннан кейін мәслихаттың сессиясында бекітіледі.
      Ескерту. 130-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.21 N 465-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      131-бап. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің
                атқарылуы туралы жылдық есепті ұсыну
      1. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органы есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызынан кешіктірмей есепті қаржы жылғы аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті қосымшаларымен қоса әкімдікке, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына және Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органға ұсынады.
      2. Есепті қаржы жылындағы аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есеп:
      1) аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті туралы мәслихаттың шешіміне қосымшаларға сәйкес аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті көрсеткіштерінің атқарылуы туралы деректерді білдіретін тиісті қаржы жылындағы аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы есептен;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2) аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің түсімдер бойынша атқарылуы, жүргізілген бюджеттік мониторинг және оның нәтижелерін бағалау негізінде жергілікті бюджеттік бағдарламалардың орындалуы туралы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың есепті қаржы жылындағы стратегиялық жоспарларының нәтижелеріне, мақсаттарына қол жеткізілуін және міндеттерінің шешілуін талдау нәтижелері туралы талдамалық есептен;
      3) түсіндірме жазбадан тұрады.
      3. Түсіндірме жазба экономикалық ахуал және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы, тиісті қаржы жылына арналған аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті баптарының орындалуы туралы талдамалық ақпаратты қамтиды.
      4. Аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігі есепті қаржы жылындағы аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті жыл сайын қосымшаларымен бірге:
      1) ағымдағы жылдың 20 наурызынан кешіктірмей құрамына тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) кіретін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясына;
      2) ағымдағы жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихатына ұсынады.
      Ескерту. 131-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.21 N 465-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
      132-бап. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің
                атқарылуы туралы жылдық есепті қарау және бекіту
      1. Мәслихат аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің есепті қаржы жылындағы аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есебін облыстың тексеру комиссиясының аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы есебін алғаннан кейін бір ай ішінде мәслихаттың тұрақты комиссияларында қарайды.
      2. Жылдық есепті қараған кезде мәслихат:
      әкімдік уәкілеттік берген адамның аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы баяндамасын;
      облыстың тексеру комиссиясы төрағасының немесе төраға уәкілеттік берген мүшесінің аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуын бақылау нәтижелері туралы баяндамасын;
      мәслихат уәкілеттік берген адамның (адамдардың) аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы есеп бойынша қорытынды жасалған баяндамасын тыңдайды.
      3. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есеп мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралғаннан кейін мәслихаттың сессиясында бекітіледі.
      Ескерту. 132-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.07.21 N 465-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет