6-бап. Бюджеттің түрлері мен деңгейлері туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасында мынадай деңгейдегі бюджеттер: республикалық бюджет; облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері; аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті бекітіледі, атқарылады және дербес болып табылады.
Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті жергілікті бюджеттерге жатады.
2. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда, Қазақстан Республикасында төтенше мемлекеттік бюджет әзірленуі, бекітілуі және атқарылуы мүмкін.
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасында талдамалы ақпарат ретінде пайдаланылатын және бекітуге жатпайтын мемлекеттік және шоғырландырылған бюджет, облыстардың бюджеті жасалады.
Мемлекеттік бюджет өз араларында өзара өтелетін операциялар ескерілместен, республикалық және жергілікті бюджеттерді біріктіретін, мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
Өз араларында өзара өтелетін операциялар ескерілмей, республикалық бюджетті, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерін, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының түсімдері мен шығыстарын біріктіретін мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры шоғырландырылған бюджет болып табылады.
Облыс бюджеті өз араларында өзара өтелетін операциялар ескерілместен, облыстық бюджетті, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджетін біріктіретін орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
7-бап. Республикалық бюджет
1. Осы Кодексте айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және орталық мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылай қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың жалпы республикалық бағыттарын іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры республикалық бюджет болып табылады.
2. Республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен бекітіледі.
8-бап. Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері
1. Осы Кодекспен айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және облыстық деңгейдегі, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті мемлекеттік органдарының, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылай қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері болып табылады.
2. Облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттері тиісінше облыстық мәслихаттардың, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихаттарының шешімдерімен бекітіледі.
9-бап. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті
1. Осы Кодекспен айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті мемлекеттік органдарының, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге және тиісті ауданда (облыстық маңызы бар қалада) мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті болып табылады.
2. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының шешімімен бекітіледі.
10-бап. Төтенше мемлекеттік бюджет
1. Төтенше мемлекеттік бюджет республикалық және жергілікті бюджеттер негізінде қалыптастырылады және Қазақстан Республикасында төтенше немесе соғыс жағдайларында енгізіледі.
2. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қабылдануы туралы Қазақстан Республикасының Парламенті дереу хабардар етіледі.
3. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылу уақытында республикалық бюджет туралы заңның және барлық деңгейлердегі жергілікті бюджеттің бюджеттері туралы мәслихаттар шешімдерінің қолданылуы тоқтатыла тұрады.
4. Төтенше мемлекеттік бюджет төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген мерзім ішінде қолданыста болады.
Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылуы тоқтатылысымен республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау жүргізіледі.
3-тарау. Бюджет құрылымы
11-бап. Бюджет түсімдері
1. Кірістер, бюджет кредиттерін өтеу сомалары, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түскен түсімдер, қарыздар бюджеттің түсімдері болып табылады.
2. Салықтық, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер, трансферттік түсімдер бюджет кірістері болып табылады.
3. Нысаналы трансферттерді қоспағанда, кірістер нысаналы мақсатқа ие болмайды. Кірістердің жаңа түрлерін енгізу, қолданылып жүргендерінің күшін жою немесе оларды өзгерту осы Кодекске міндетті түрде өзгерістер немесе толықтырулар енгізіле отырып жүзеге асырылады.
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Салықтық түсімдер Қазақстан Республикасының Салық және Кеден кодекстерінде белгіленген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер болып табылады.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2010 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Салықтық емес түсімдер негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерге жатпайтын, Қазақстан Республикасының Салық кодексінде, кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделгеннен басқа, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде белгіленген, бюджетке міндетті, қайтарымсыз төлемдер, байланысты гранттар, сондай-ақ трансферттерден басқа, бюджетке тегін негізде берілетін ақша болып табылады.
6. Бюджетке:
1) мемлекеттік мекемелерге бекітілген мемлекеттік мүлікті сатудан;
2) мемлекеттік материалдық резервтен тауарлар сатудан;
3) мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін жеке меншікке сатудан немесе оларды тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруден не Қазақстан Республикасының заңдарында немесе халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен өзге де тәсілмен өткізуден;
4) мемлекетке тиесілі материалдық емес активтерді сатудан түсетін ақша негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер болып табылады.
7. Трансферттер түсімдері бюджеттің бір деңгейінен басқасына, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін трансферттер түсімдері болып табылады.
8. Бюджеттік кредиттерді өтеу сомалары бюджеттен алынған кредиттер бойынша негізгі борышты қайтаруға, сондай-ақ заңды тұлғалардың төленген мемлекеттік кепілдіктер бойынша талаптарды қайтаруына байланысты бюджетке түсетін түсімдер болып табылады.
9. Мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер заңды тұлғалардың, оның ішінде мемлекеттік меншіктегі халықаралық ұйымдардың, мүліктік кешен түріндегі мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың қатысу үлестерін, бағалы қағаздарын, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың жедел басқаруындағы немесе шаруашылық жүргізуіндегі өзге де мемлекеттік мүлікті сатудан бюджетке түсетін түсімдер.
10. Қарыздар мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруға және (немесе) қарыз шарттарын жасасуға байланысты бюджетке ақша түсімдері болып табылады.
12-бап. Бюджет шығыстары
1. Шығындар, бюджет кредиттері, қаржы активтерін сатып алу, қарыздарды өтеу бюджеттің шығыстары болып табылады.
2. Шығындар қайтарымсыз негізде бөлінетін бюджет қаражаты болып табылады.
3. Бюджеттік кредиттер бюджеттен қайтарымды, жедел және ақылы негізде бөлінетін ақша болып табылады.
4. Қаржы активтерін сатып алу заңды тұлғалардың, оның ішінде халықаралық ұйымдардың қатысу үлестерін және бағалы қағаздарын мемлекеттік меншікке сатып алуға бағытталған бюджет қаражаты болып табылады.
5. Қарыздарды өтеу Қазақстан Республикасы ратификациялаған мемлекеттік сыртқы қарыздар туралы, сондай-ақ ішкі қарыздар бойынша халықаралық шарттарға сәйкес негізгі борышты өтеуге бағытталған бюджет қаражаты болып табылады.
245-бапқа сәйкес 13-бап алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
13-бап. Бюджет құрылымы
1. Бюджет құрылымы мынадай бөлімдерден тұрады:
1) кірістер:
салықтық түсімдер;
салықтық емес түсімдер;
негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер;
трансферттер түсімі;
2) шығындар;
3) таза бюджеттік кредиттеу:
бюджеттік кредиттер;
бюджеттік кредиттерді өтеу;
4) қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо:
қаржы активтерін сатып алу;
мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер;
5) бюджет тапшылығы (профициті);
6) бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану):
қарыздар түсімі;
қарыздарды өтеу;
бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары.
2011.24.11. № 495-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 14-бап өзгертілді
14-бап. Республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы (профициті)
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қарыздарды өтеудi қоспағанда, республикалық немесе мемлекеттік бюджет шығыстарын шегергендегі республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы (профициті) қарыздар түсімдері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан трансферттер түсімдерін алып тастағандағы республикалық немесе мемлекеттік бюджет түсімдерінің сомасына тең.
2. Мұнайға қатысты емес тапшылық бекітілмейді және талдамалық мақсатта пайдаланылады. Бюджет шығыстарының мұнайға қатысты емес түсімдерден тәуелділігін төмендету үшін экономиканың мұнайға қатысты емес секторын нысаналы дамыту есебінен ұзақ мерзімді кезеңде мұнайға қатысты емес тапшылық мөлшері кемітілуге тиіс.
15-бап. Таза бюджеттік кредиттеу
Таза бюджеттік кредиттеу бюджеттік кредиттердің және бюджеттік кредиттерді өтеудің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
16-бап. Қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо
1. Қаржы активтерімен операцияларға:
1) қаржы активтерін сатып алу;
2) мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер кіреді.
2. Қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо қаржы активтерін сатып алу және мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.
3. Қаржы активтерін сатып алу және мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
245-бапқа сәйкес 17-бап алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
17-бап. Бюджет тапшылығы (профициті)
Бюджет тапшылығы (профициті) кірістер мен шығындар, таза бюджеттік кредиттеу және қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо арасындағы айырмаға тең.
Tepіc белгісімен алынған шама - бюджет тапшылығы, оң белгімен алынғаны - бюджет профициті болып табылады.
245-бапқа сәйкес 18-бап алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
18-бап. Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану)
1. Бюджет тапшылығын қаржыландыру қарыз алу және бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары есебінен бюджет тапшылығын жабу жолымен қамтамасыз етіледі;
Бюджет тапшылығын қаржыландыру көлемі алынған қарыздар, бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары сомасының қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасынан асып түсуі ретінде айқындалады.
Бюджет тапшылығын қаржыландыру мәні оң белгімен белгіленеді және бюджет тапшылығының шамасына сәйкес келеді.
2. Бюджет профицитін пайдалану қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге бюджет профицитін, қарыздар қаражатын, бюджеттің пайдаланылатын қаражаты қалдықтарын жұмсау жолымен жүзеге асырылады.
Бюджет профицитін пайдалану көлемі қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасының алынған қарыздар және бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары сомасынан асып түсуі ретінде айқындалады.
Бюджет профицитін пайдалану мәні теріс белгімен белгіленеді және бюджет профицитінің шамасына сәйкес келеді.
4-тарау. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтері
19-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтері туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Yкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтері республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу кезінде жоспарланбаған шығындарды, олардың тосындығына және ағымдағы қаржы жылында шұғыл қаржыландыруды талап ететіндігіне байланысты қаржыландыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттер құрамында құрылады.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервіне:
1) төтенше резерв;
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тіршілігін қамтамасыз етуге арналған резерв;
2) шұғыл шығындарға арналған резерв;
3) соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға арналған резерв;
4) облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға арналған резерв кіреді.
3. Облыстық деңгейдегі атқарушы органдардың резервіне:
1) төтенше резерв:
2) шұғыл шығындарға арналған резерв;
3) соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға арналған резерв;
4) аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға арналған резервті қамтиды.
4. Аудандық деңгейдегі атқарушы органдардың резервіне:
1) төтенше резерв;
2) шұғыл шығындарға арналған резерв;
3) соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға арналған резерв кіреді.
245-бапқа сәйкес 19-баптың 5-тармағы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
5. Қазақстан Республикасы Үкіметі резервінің жалпы көлемі республикалық бюджет туралы заңмен белгіленеді.
Жергілікті атқарушы орган резервінің жалпы көлемі трансферттер мен қарыздарды есептемегенде, тиісті жергілікті бюджет түсімдері көлемінің екі пайызынан аспауға тиіс.
245-бапқа сәйкес 19-баптың 6-тармағы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
2011.24.11. № 495-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен ақша бөлу қаржы жылы аяқталғаннан кейін күшін жоятын, тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қаулыларымен, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның құқықтық актілерімен ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық немесе жергілікті бюджеттерде бекітілген көлем шегінде жүзеге асырылады.
Бір қаржы жылынан астам іске асыру мерзімімен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың, сондай-ақ адам өмірінің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына және олардың денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлардың зардаптарын жоюға байланысты авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын және өзге де іс-шараларды жүргізу үшін шығындардың жалпы сомасы айқындала отырып және ағымдағы қаржы жылының сомалары және Қазақстан Республикасының Үкіметі кейінгі қаржы жылдарында қосымша шешім қабылдайтын сомалар көрсетіле отырып, Үкіметтің резервінен қаражат бөлінеді.
Резерв түрлерінің біріне көзделген қаражат жеткіліксіз болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның резервтері қаражатының жалпы көлемін қайта бөлу арқылы тиісті резервтің жоспарлы мақсаттылығын ұлғайтады.
7. 2012.16.02. № 557-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
20-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Төтенше резерв Қазақстан Республикасының аумағында әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою, төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүргізу мақсатында және Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттерге ресми гуманитарлық көмек көрсетуі үшін пайдаланылады.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тіршілігін қамтамасыз етуге арналған резерв төтенше жағдайлар аймақтарында, эвакуациялау маршруттарында және эвакуацияланатын адамдар орналасқан жерлерде адамдардың өмірін сақтауға және денсаулығын қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін пайдаланылады.
2. Шұғыл шығындарға арналған резерв Қазақстан Республикасының немесе оның әкімшілік-аумақтық бірлігінің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жағдайларды жою мақсатында пайдаланылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарына арналған резерві сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерімен айқындалатын өзге де күтілмеген шығындарға пайдаланылуы мүмкін.
3. Соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерді орындау резерві соттардың шешімдері бойынша Қазақстан Республикасы Yкіметінің, орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың міндеттемелерін орындауға пайдаланылады.
4. Кезекті қаржы жылында облыстық бюджетте, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінде қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда, кезекті қаржы жылына республикалық бюджетте олардың бюджеттерін кредиттеу үшін резерв көзделеді.
Келесі қаржы жылында бюджеттерінде қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерін кредиттеу үшін кезекті қаржы жылына облыстық бюджетте резерв көзделеді.
Кезекті қаржы жылында қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда, қаржы жылы шегінде алты айға дейінгі мерзімге қарыз беру жүзеге асырылуы мүмкін және республикалық немесе жергілікті бюджетті нақтылау қажет етілмейді.
5. Резерв құрамында көзделген ақша толық көлемінде пайдаланылған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган қажет болған кезде Қазақстан Республикасының Парламентіне немесе тиісті мәслихатқа республикалық бюджет туралы заңға немесе жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы Қазақстан Республикасының Yкіметі немесе жергілікті атқарушы орган резервтерінің мөлшерін ұлғайту туралы ұсыныстар енгізеді.
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның резервінен бөлінген ақша қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған немесе ішінара пайдаланылған жағдайда, бюджет бағдарламасының әкімшісі бөлінген ақшаның пайдаланылмаған бөлігін ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанына дейін тиісті бюджетке қайтаруды қамтамасыз етеді.
7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
5-тарау. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру, пайдалану және басқару
Достарыңызбен бөлісу: |