174-бап. Ұжымдық еңбек дауы тараптарының ереуіл барысындағы міндеттері
Ереуіл өткізу кезеңінде ұжымдық еңбек дауының тараптары осы дауды келіссөздер жүргізу арқылы шешуді жалғастыруға міндетті.
Жұмыс беруші, мемлекеттік органдар және ереуілді басқаратын орган ереуіл кезеңінде қоғамдық тәртіпті, ұйым мүлкінің сақталуын және жұмыскерлердің қауіпсіздігін, сондай-ақ тоқтап қалуы адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндіретін машиналардың және жабдықтардың жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі, өздеріне байланысты шараларды қабылдауға міндетті.
175-бап. Жұмыскерлерге ереуіл өткізуге байланысты берілетін кепілдіктер
1. Ереуілдерді ұйымдастыру немесе оларға қатысу (осы Кодекстің 176-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда) жұмыскердің еңбек тәртібін бұзуы деп қаралмайды және осы Кодексте көзделген тәртіптік ықпал ету шараларының қолданылуына әкеп соқпайды.
2. Ереуіл кезінде жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы), еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеміне құқығы, еңбек өтілі сақталады, сондай-ақ еңбек қатынастарынан туындайтын өзге де құқықтарына кепілдік беріледі.
Ереуіл жалақының төленбеуіне немесе уақтылы төленбеуіне байланысты өткізілгеннен басқа жағдайларда, ереуілге қатысушы жұмыскерлердің ереуіл уақыты ішіндегі жалақысы сақталмайды.
176-бап. Заңсыз ереуілдер
1. Ереуілдер:
1) "Соғыс жағдайы туралы" және "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес соғыс жағдайы немесе төтенше жағдай не ерекше шаралар енгізілген кезеңдерде; Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери басқару органдары мен әскери бөлімдерінде және ел қорғанысын, мемлекет қауіпсіздігін, авариялық-құтқару, іздестіру-құтқару жұмыстарын, өртке қарсы жұмыстарды қамтамасыз ету, төтенше ахуалдардың алдын алу немесе оларды жою мәселелерімен айналысатын ұйымдарда; арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарында; қауіпті өндірістік объектілер болып табылатын ұйымдарда; жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету станцияларында;
2) халықтың тыныс-тіршілігін энергиямен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру, газбен жабдықтау, авиациялық, теміржол, автомобиль, қоғамдық және су көлігі, байланыс, денсаулық сақтау бойынша қамтамасыз етумен тікелей байланысты ұйымдарда, егер жұмыскерлер өкілдерінің жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісімі негізінде айқындалатын халыққа қажетті тиісті көрсетілетін қызметтердің ең төмен тізбесі мен көлемі сақталмаса;
2-1) қызметін тоқтата тұру ауыр және қауіпті салдарлармен байланысты болатын қауіпті өндірістік объектілерде, егер негізгі жабдықтардың, механизмдердің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілмесе;
3) осы Кодексте көзделген мерзімдер, рәсімдер мен талаптар ескерілмей жарияланған жағдайда;
4) адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндіретін жағдайларда;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда заңсыз болып танылады.
Осы тармақта көрсетілген негіздердің біреуі болғанда, сот тиісті шешім қабылдағанға дейін прокурор ереуілді тоқтата тұруға құқылы.
2. Алып тасталды - ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3. Ереуілді заңсыз деп тану туралы шешімді сот Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қабылдайды.
4. Ереуілді заңсыз деп тану туралы шешімді сот жұмыс берушінің немесе прокурордың өтініші бойынша қабылдайды.
Сот шешімі жұмыскерлердің назарына ереуілді басқаратын орган арқылы жеткізіледі, ол ереуілге қатысушыларға сот шешімі туралы дереу хабарлауға міндетті, ал ереуілді басқаратын орган болмаған кезде – тікелей жұмыс беруші жеткізеді.
Жұмыс беруші сот шешімінің мәтінін көпшілікке көрінетіндей қолжетімді жерлерде орналастыруды қамтамасыз етеді.
Ереуілді заңсыз деп тану туралы сот шешімі дереу орындалуға, ал ереуіл тоқтатылуға тиіс.
Адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда прокурор немесе сот тиісті шешім қабылданғанға дейін ереуілді тоқтата тұруға құқылы.
5. Ереуілді басқарушы органның сот шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
6. Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандатушы адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
Ескерту. 176-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2020 № 344-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |