2-тарау. Пилотсыз ұшу аппараттарын есепке алу
4. ПҰА-ныпайдалану мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органда есепке алынуға тиіс Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2011 жылғы 18 мамырдағы №220 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7148 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелерін тіркеу қағидаларында көзделген ПҰА-нықоспағанда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымда (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 409 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №15553 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларында айқындалған тәртіппен есепке қойылғаннан кейін жүзеге асырылады.
3-тарау. Пилотсыз ұшу аппараттары операцияларын санаттарға бөлу
5. ПҰА операцияларына қолданылатын қағидалар мен рәсімдер тиісті ПҰА-ның пайдалану сипаттамаларын ескере отырып, қолдану салаларына, операциялар ауданының сипаттамаларына, ықтимал тәуекелдерге барабар.
6. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ПҰА операцияларының мынадай санаттары белгіленеді: "ашық" және "ерекше".Конструкцияның типі мен максималды ұшу массасы бойыншаПҰА-ны сыныптау осы Қағидаларға 7-қосымшада келтірілген.
7. "Ашық" санатындағы операцияларға ПҰА-ның мынадай талаптар сақталған кездегі операциялары жатады:
1) пилотсыз ұшу аппараттарында авиациялық жұмыстарды және жаппай көрсету ұшуларын (аэрошоу) орындауды қоспағанда, жоспарланған ұшудың нақты биіктігі (жер бетінен ПҰА-ның ұшу биіктігіне дейінгі тігінен қашықтығы) 50 метрден аспайды;
2) ұшу қалалар мен кенттердің халық тығыз орналасқан аудандарынан тыс орындалады, олар осы Қағидалар шеңберінде көп қабатты тұрғын ғимараттар (шағын аудандар, тұрғын кешендер, тұрғын үй массивтері, қонақ үй кешендері), әкімшілік ғимараттар (мемлекеттік органдардың ғимараттары, көп қабатты бизнес-орталықтар және кеңсе үй-жайлары), мемлекеттік мекемелер, сауда объектілері (сауда-ойын-сауық орталықтары, базарлар, жәрмеңкелер), Концерт залдары, спорт құрылыстары, ойын-сауық құрылыстары, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, көлік құрылыстары (вокзалдар, станциялар, порттар), оларға жапсарлас ашық аумақты қоса алғанда;
3) ұшу G класындағы әуе кеңістігінің шекарасы шегінде метеорологиялық минимумды (көлденеңінен 1500 метрден кем емес көріну және тігінен 300 метрден кем емес бұлттардың төменгі шекарасы) сақтау шартымен орындалады);
4) диспетчерлік аймақта – жер бетінен 50 метр биіктікке дейін созылатын және әуеайлақ қоршауынан 5,5 км жақын емес (қоршау болмаған жағдайда-әуеайлақ шекарасын көрсететін таңбаланған белгілерден 5,5 км жақын емес), ал ұшу маршруты (жоспарланған траектория) әуеайлақ қоршауынан 5,5 км жақын емес (қоршау болмаған жағдайда – әуеайлақ шекарасын көрсететін таңбаланған белгілерден 5,5 км жақын емес) өтеді);
5) ұшуларды орындау кезінде пилотсыз ұшу аппаратына жауапты сыртқы пилот немесе пайдаланушы басқа әуе кемелеріне, адамдарға, көлік құралдарына, кемелерге және құрылыстарға қатысты пилотсыз ұшу аппаратының траекториясы мен орналасқан жерін бақылау үшін жеткілікті, соқтығысуға жол бермеу мақсатында бөгде адамның көмегінсіз (оның ішінде оптикалық құралдарды пайдаланбай) тікелей көзбен шолып байланыста болуға тиіс;
6) ПҰА ұшу кезінде кез келген жүкті тасымалдамайды және қандай да бір материалдарды тастамайды;
7) сыртқы ұшқыш әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес ПҰА қолдану тәртібімен танысқан.
8. "Ашық" санатындағы ПҰА-ның ұшу жоспары әуе қозғалысын басқару органдарына жіберілуге жатпайды. Әуе кеңістігін пайдалануға қысқа мерзімді шектеулер белгіленбейді.
9. "Ерекше" санатындағы операцияларға келесі ПҰА операциялары жатады:
1) авиациялық жұмыстарды жер немесе су бетінің биіктігіне қарамастан орындау;
2) қалалар мен кенттердің халық тығыз орналасқан аудандары бойынша ұшуларды орындау;
3) Жер және су бетінен 50 метр биіктіктен және одан жоғары созылып жатқан әуе кеңістігінде ұшуды орындау;
4) әуеайлақ қоршауынан 5,5 км шегінде ұшуды орындау (қоршау болмаған жағдайда – әуеайлақ шекарасын көрсететін таңбаланған белгілерден 5,5 км шегінде).
10. "Ерекше" санатындағы ұшулар мынадай талаптар орындалған жағдайда орындалады:
1) қалалар мен кенттердің халық тығыз орналасқан аудандарының үстінен ұшуды орындауға не ПҰА-ларын қолдана отырып авиациялық жұмыстарды орындауға уәкілетті ұйымның рұқсатының болуы;
2) пайдаланушы немесе пилотсыз ұшу аппаратының иесі әзірлеген, жауапкершілік аймағында (ауданында) ұшуды орындау жоспарланған ӘҚБ орталығымен және ӘҚҚ органымен келісілген пилотсыз ұшу аппаратының ұшуын жүргізу жөніндегі ақпараттың болуы, қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларының (бұдан әрі - ҚР ӘПҚ) 82-2-тармағында көрсетілген жағдайларда қысқа мерзімді шектеуді енгізу;
3) ПҰА-ның ұшуы берілген ұшу жоспарына және ӘҚБ орталықтарынан әуе кеңістігін пайдалануға алынған шартқа қатаң сәйкестікте жүзеге асырылады;
4) ұшуды орындау ауданын бағалау және қажет болған жағдайда осы Қағидаларға сәйкес құзыретті мемлекеттік органдармен келісу жүргізілді.
11. "Ерекше" санатында ПҰА-ның ұшуы басқарудың VLOS, RLOS тәсілдерімен орындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |