437-бап. Бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамау
1. Бағынбау, яғни бастықтың бұйрығын орындаудан бас тарту, сол сияқты бастықтың белгiленген тәртiппен берiлген бұйрығын бағыныштының өзгедей қасақана орындамауы –
бір жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Қызмет мүдделерiне елеулi зиян келтiрген дәл сол іс-әрекеттер –
екі жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алпыс тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, сол сияқты ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер –
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер –
бес жылдан он бес жылға дейiнгі мерзiмге, ал ауырлататын мән-жайлар болған кезде – он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он бес жылдан жиырма жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
6. Қызметке ұқыпсыз қарау не адал қарамау салдарынан бұйрықты ауыр зардаптарға әкеп соққан орындамау –
бес жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
7. Осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген, соғыс уақытында, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекет –
үш жылдан он жылға дейнгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
438-бап. Бастыққа қарсылық көрсету немесе оны қызметтiк мiндеттерiн бұзуға мәжбүрлеу
1. Бастыққа, сол сияқты өзiне жүктелген әскери қызмет
мiндетін орындайтын өзге адамға қарсылық көрсету немесе оны осы мiндеттердi бұзуға күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы мәжбүрлеу –
бес жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) қару немесе арнайы құралдар қолданып;
3) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған дәл сол іс-әрекет –
үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, сол сияқты адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
439-бап. Бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттерi
1. Бастықтың әскери қызмет мiндеттерiн орындауы кезiнде немесе осы мiндеттердi орындауға байланысты оған қатысты жасалған ұрып-соғу, денсаулыққа жеңiл зиян келтiру немесе өзге де күш қолдану –
бір мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) қару қолданып;
3) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, сол сияқты адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
440-бап. Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу
1. Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын жәбiрленушiнi ұрып-соғудан, денсаулығына жеңiл зиян келтіруден немесе өзге де күш қолданудан көрінген не оның абыройы мен қадiр-қасиетiн түсіруге немесе қорлауға байланысты бұзу –
үш жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не жетпіс бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекет –
бес жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген:
1) екi немесе одан да көп адамға қатысты;
2) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
3) қару немесе арнайы құралдар қолданып;
4) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған іс-әрекеттер –
төрт жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған не адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер –
сегіз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
441-бап. Бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету
1. Бейбіт уақытта жасалған, бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты қызметке дәлелсіз себептермен мерзімінде келмеу, егер өз бетімен болмаушылық бес тәуліктен асып кетсе, бірақ бір айдан ұзаққа созылмаса, –
бес жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Дәл сол іс-әрекеттер, егер өз бетімен болмаушылық бір айдан ұзаққа созылса, –
екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Қызмет бабымен сеніп тапсырылған қарумен жасалған не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, егер өз бетімен болмаушылық бір тәуліктен ұзаққа созылса, –
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, егер өз бетімен болмаушылық бір тәуліктен ұзаққа созылса, –
бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Ұзақтығына қарамастан, соғыс уақытында бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету–
он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген іс-әрекетті жасаған әскери қызметші, егер бұл іс-әрекет ауыр және өзге де мән-жайлардың тоғысу салдары болып табылса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |