Қазақстан республикасының Қылмыстық кодексi



бет23/24
Дата14.06.2016
өлшемі1.97 Mb.
#135966
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24

442-бап. Қашқындық

1. Қашқындық, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке келмеу –

бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Қызмет бабымен сенiп тапсырылған қарумен қашу, сол сияқты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қашқындық –

үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер –

он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –

он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.

Ескерту. Осы баптың бiрiншi немесе екінші бөлiктерінде көзделген қашқындықты жасаған әскери қызметшiні, егер қашқындық ауыр мән-жайлардың тоғысу салдары болып табылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.


443-бап. Әскери қызметті атқарудан жалтару немесе бас тарту

1. Әскери қызметшiнiң аурумын деп жалған сылтаурату немесе өзiне қандай да бiр болмасын зақым келтiру (дене мүшесiн зақымдау) не денсаулығына өзге де зиян келтiру немесе жалған құжат жасау немесе өзгеше алдау жолымен әскери қызмет мiндеттерiн орындаудан жалтаруы, сол сияқты әскери қызметті атқарудан бас тартуы –

бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

2. Ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған дәл сол іс-әрекеттер –

он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –

он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.

444-бап. Жауынгерлiк кезекшiлiктi атқару қағидаларын бұзу

1. Қазақстан Республикасына кенеттен жасалған шабуылды уақтылы байқау және оған тойтарыс беру бойынша не оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша жауынгерлiк кезекшiлiктi (жауынгерлiк қызметті) атқару қағидаларын бұзу, егер бұл іс-әрекет мемлекеттiң мүдделерiне елеулі зиян келтiруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкiн болса, –

екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –

үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –

он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға не өлiм жазасына жазаланады.

Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшiні, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.


445-бап.  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын

күзету жөніндегі қағидаларды бұзу

1. Шекаралық нарядтың құрамына кiретiн немесе Мемлекеттік шекараны күзету жөніндегі өзге де мiндеттерді орындайтын адамның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидаларды бұзуы, оның ішінде өткізу пункттерінде бұзуы, егер бұл іс-әрекет мемлекет қауіпсіздігі мүдделерiне елеулі зиян келтiруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса,–

екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет –

бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.


446-бап. Қарауыл (вахта) қызметiн атқарудың жарғылық қағидаларын бұзу

1. Қарауыл (вахта) құрамына кiретiн адамның қарауыл (вахта) қызметiнiң жарғылық қағидаларын бұзуы, егер бұл іс-әрекет қарауыл (вахта) күзететiн объектiлерге зиян келтiруге немесе өзге де зиянды зардаптардың болуына әкеп соқса, –

екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет –

екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.


447-бап. Iшкi қызмет атқарудың немесе гарнизонда патруль болудың жарғылық қағидаларын бұзу

1. Бөлiмнiң тәулiктiк нарядына (қарауыл мен вахтадан басқа) кiретiн адамның iшкi қызмет атқарудың жарғылық қағидаларын бұзуы, сол сияқты патруль нарядының құрамына кіретін адамның гарнизонда патруль болудың жарғылық қағидаларын және осы қағидаларды дамытуға шығарылған бұйрықтар мен өкiмдердi бұзуы, егер олар зиянды зардаптарға әкеп соқса, олардың алдын алу осы адамның мiндетiне кіретін болса, –

бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекеттер –

бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттердi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет