37-бап. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның құзыретi
Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган:
1) кәсiпкерлiктi дамыту мен қолдау жөніндегі мемлекеттiк саясатын жүргiзудi жүзеге асырады;
2) шағын кәсiпкерлiктi дамыту мен қолдаудың мемлекеттiк шараларының орындалуын ұйымдастырады және үйлестiредi;
3) кәсiпкерлiк субъектiлерiн қаржыландыру және оларға кредит беру жөнiндегi шараларды жетiлдiру туралы ұсыныстар әзiрлейдi;
4) кәсiпкерлiк ортаға, инвестициялық ахуалға және кәсiпкерлiктi дамытудың инфрақұрылымына талдау жүргiзедi;
5) кәсiпкерлiк субьектілерінің қызмет саласында зерттеулер жүргiзудi ұйымдастырады, Қазақстан Республикасының Үкіметіне кәсіпкерлікті дамытудың жылдық есебін жібереді;
6) кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытуды қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейді және Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсынады;
7) республика өңiрлерiнде шағын кәсiпкерлiк инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытуға септiгiн тигiзедi;
8) шағын кәсiпкерлiк саласында кадрлар даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жүйесiн қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;
9) кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мен қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асырады;
10) кәсiпкерлiктi дамыту мәселелері жөнiндегi орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдарды ведомствоаралық үйлестiрудi жүзеге асырады;
11) орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестер қызметін үйлестіреді;
12) инновациялық, инвестициялық және индустриялық дамудың мемлекеттiк бағдарламаларын iске асыруда шағын кәсiпкерлiктiң қатысуы үшiн жағдайлар жасайды;
13) инвесторлар, грант берушi халықаралық ұйымдар үшiн кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту мәселелерiнде жағдай жасайды;
14) кәсiпкерлiк субъектiлерiне әдiснамалық көмек ұйымдастырады;
15) кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) халықаралық нарықтарына шығуы үшiн жағдай жасайды;
16) кәсiпкерлiктi дамыту саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
17) кәсiпкерлiктi дамыту мен қолдау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты насихаттайды;
18) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары жол беретiн кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн регламенттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiне хабарлайды;
19) уәкілетті мемлекеттік органдар әзірлейтін тәуекелдерді бағалау критерийлерін, ведомстволық есептіліктің және тексеру парақтарының нысандарын бірлесіп бекіту арқылы мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізу процесін үйлестіруді жүзеге асырады;
20) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
21) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді;
22) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын әзірлейді;
23) қызметкерлердің жылдық орташа санының және жылдық орташа табыс есептеу қағидаларын әзірлейді;
24) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
38-бап. Жергiлiктi өкiлді органдардың құзыретi
Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлді органдары:
1) жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының Қазақстан Республикасындағы шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту мәселелерi бойынша есептерiн қарайды;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
39-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретi
Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары:
1) кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк саясатының iске асырылуын жүзеге асырады;
2) кәсiпкерлiктi дамыту үшiн жағдай жасайды;
3) өңiрлерде мемлекеттiк бағдарламалардың iске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етедi және ол үшiн жауаптылықта болады;
4) өңiрде шағын кәсiпкерлiктi және инновациялық қызметтi қолдау инфрақұрылымының объектiлерiн құру мен дамытуды қамтамасыз етедi;
5) жергiлiктi атқарушы органдардың жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және нарықтық инфрақұрылым объектiлерiмен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындайды;
6) сарапшылық кеңестердiң қызметiн ұйымдастырады;
7) жергілікті деңгейде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етеді;
8) өз құзыреті шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
9) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4-тарау. КӘСIПКЕРЛIКТI ҚОЛДАУ
1-параграф. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау
40-бап. Кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдаудың негiзгi бағыттары
1. Кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
кәсiпкерлiктi реттеу мәселелерi жөнiндегi заңнаманы жетiлдiру;
кәсiпкерлiктi қолдау орталықтарын, бизнес-инкубаторларды, технологиялық парктердi, индустриялық аймақтарды және кәсiпкерлiк инфрақұрылымының басқа да объектiлерiн құру және дамыту;
бюджет қаражаты есебiнен кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк және ақпараттық қамтамасыз ету;
кәсіпкерлікті қаржылық қолдау.
2. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мыналарды:
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мемлекеттiк қаржылық, материалдық-техникалық және ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ ғылыми-техникалық әзiрлемелер мен технологияларды пайдалану үшiн жағдай жасауды;
шағын кәсiпкерлiктi дамытудың мемлекеттiк, салалық (секторальдық) және өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеудi;
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк тiркеудiң және таратудың оңайлатылған тәртiбiн белгiлеудi;
оңтайлы салық салу режимiн белгiлеудi;
шағын кәсiпкерлiкке кредит берудiң бағдарламаларын қабылдауды;
шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту үшiн инвестицияларды, оның iшiнде шетелдiк инвестицияларды тарту мен пайдалану жүйесiн жасауды;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) сатып алудың кепiлдендiрiлген көлемiн қамтамасыз етудi;
жұмыс iстеп тұрған оқу және зерттеу орталықтарын, консалтингтiк ұйымдар мен шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың ақпараттық жүйелерiн дамыту және жаңаларын құру арқылы кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыруды;
ұлттық даму институттарын құруды қоса алғанда, осы баптың
1-тармағында көрсетiлген бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
3. Кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мен дамыту:
мемлекеттiк органдардың жанында кәсiпкерлiк проблемаларын зерделеу және оны дамыту ұсыныстарын әзiрлеу жөнiндегi ғылыми-зерттеу институттарын құру;
орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердiң қызметiн ұйымдастыру;
кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың қаржы институттарын құру;
бизнес-инкубаторлардың және индустриялық аймақтардың қызметiн ұйымдастыру;
жер учаскелерiн, ғимараттарды, үй-жайларды сату не тұрғын үй-жайларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын емес үй-жайға ауыстыру арқылы жүзеге асырылады.
41-бап. Кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық қолдау
1. Кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық қолдау:
1) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) кепілдік берілген көлемін сатып алу;
2) екінші деңгейдегі банктер арқылы кредит беруді ұйымдастыру;
3) экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру;
4) арнайы инвестициялық бағдарламаларды іске асыру;
5) бюджет қаражаты есебінен қарыздар беру;
6) кәсіпкерлік субъектілеріне қаржы институттары беретін кредиттер, лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
7) кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттеріне ішінара кепілдік беру;
8) лизинг жолымен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қаржылық қолдауға жататын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі жүзеге асырылатын экономика саласын (салаларын) қаржылық қолдау тәртібін, нысанын, мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін тартылатын заңды тұлғаны (тұлғаларды), қаржылық қолдау мөлшері мен мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін қажетті басқа да талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Кәсіпкерлік субъектілерінің бастамаларын мемлекет тарапынан қаржылық қолдауды, оның ішінде негізгі қызметінің мақсаты қаржылық ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету болып табылатын, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі арнайы қор жүзеге асырады.
Арнаулы қордың негізгі міндеттері:
1) кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен микрокредит ұйымдарының желісін дамыту;
2) жеке кәсіпкерлік субъектілері екінші деңгейдегі банктерден және өзге де заңды тұлғалардан кредиттер алған кезде оларға кепілдік беру жүйесін жасау;
3) қаржы лизингін дамыту;
4) кәсіпкерлік субъектілерін оқыту және консалтингтеу;
5) кәсіпкерлік субъектілері үшін сапа менеджменті жүйесін енгізу жөніндегі операцияларды қоса қаржыландырудың гранттық жүйесін дамыту;
6) кәсіпкерлік субъектілерін ақпараттық-талдамалық қолдау;
7) қаражатты екiншi деңгейдегi банктерде және өзге де заңды тұлғаларда негізделген түрде орналастыру арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында, арнаулы қордың ішкі нормативтік құжаттарында тікелей көзделген өзге де тәсілдермен кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру;
8) кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық институттар беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау;
9) арнаулы қордың жарғысына сәйкес басқа да міндеттер болып табылады.
Арнаулы қордың міндеттерін іске асырудың тәртібі мен шарттарын ұлттық басқарушы холдинг айқындайды.
42-бап. Индустриялық аймақтар
1. Индустриялық аймақтар кәсiпкерлiктi дамыту үшiн экономикалық және ұйымдық жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
2. Индустриялық аймақтардың мiндеттерi:
1) өнеркәсiп саласындағы кәсiпкерлiктi жедел дамытуға жәрдемдесу;
2) жаңа өндiрiстер инфрақұрылымын құруға және дамытуға арналған шығындарды оңтайландыру;
3) өндiрiс тиiмдiлiгiн арттыру;
4) халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.
43-бап. Кәсіпкерлік субъектілерін мүліктік қолдау
Мемлекеттiк органдар кәсiпкерлiк субъектiлерiне жер учаскелерiн, ғимараттарды, үй-жайларды сатады, не жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес өзгертедi, не Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес сатып алу-сату шартына не рұқсатқа қажеттi инфрақұрылымға қосудың техникалық шарттарын мiндеттi түрде қоса отырып, тұрғын үйдi тұрғын емес үй-жай етiп қайта жабдықтауға рұқсат бередi. Кәсiпкерлiк субъектiлерiн одан әрi инфрақұрылымға қосу сатып алу-сату шартына не рұқсатқа сәйкес жүзеге асырылады.
44-бап. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мен дамыту
1. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдаудың негiзгi қағидаттары:
Қазақстан Республикасында шағын кәсiпкерлiктi дамытудың басымдығы;
шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдаудың кешендiлiгi;
қолдау инфрақұрылымының және жүзеге асырылатын шаралардың шағын кәсiпкерлiктiң барлық субъектiлерi үшiн қолжетiмдiлiгi;
шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастық болып табылады.
2. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мен дамыту:
1) қаржылық қолдау көрсету;
2) шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтарының желiсiн ұйымдастыру;
3) бизнес-инкубаторлардың қызметiн ұйымдастыру;
4) бiр жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттiк меншiк объектiлерiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне сенiмгерлiкпен басқаруға немесе жалға беру;
5) өндiрiстiк қызметтi ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшiн жалға немесе сенiмгерлiк басқаруға берiлген мемлекеттiк меншiк объектiлерiн және олар алып жатқан жер учаскелерін шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң меншiгiне Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын тәртiппен көзделген шарттарды олар орындаған жағдайда шарт жасасқан кезден бастап бiр жыл өткен соң өтеусiз беру арқылы жүзеге асырылады.
Осы тармақтың 1) тармақшасын қоспағанда, осы шарттар сауда-делдалдық қызметтi жүзеге асыратын шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне қолданылмайды.
45-бап. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтары
Шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтары халықты кәсiпкерлiкке тарту, жаңа шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн құру мақсатында құрылады.
Шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтарының мiндеттерi:
1) кәсiпкерлiк ахуалды, отандық және халықаралық нарықтарды, экономиканың салалары мен секторларын талдау;
2) маркетинг және менеджмент саласында қызметтер кешенiн көрсету;
3) инвестициялық және бизнес-жобаларды әзiрлеу жөнiндегi қызметтердi, консультациялық және басқа да қызметтер көрсету;
4) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң инновациялық белсендiлiгiн арттыруға жәрдемдесу;
5) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң кәсiби өсуiне жәрдемдесу;
6) ақпараттық және сараптамалық ресурстарға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету;
7) семинарлар, тренингтер өткiзу;
8) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң деректер базасын қалыптастыру;
9) шағын кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi ақпаратты және оны дамытудың проблемалық мәселелерiн талдау мен жинақтау болып табылады.
46-бап. Бизнес-инкубаторлар
Бизнес-инкубаторлар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қалыптасуына және дамуына жәрдем көрсету үшiн құрылады.
Бизнес-инкубатордың мiндеттерi:
1) бизнес-инкубаторға орналастыру үшiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн iрiктеу;
2) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне бiлiм беру, маркетингтiк, консалтингтiк және басқа да ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтер көрсету болып табылады.
47-бап. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн мүліктік қолдау
Сауда-делдалдық қызметтi қоспағанда, өндірістік қызметті және қызмет көрсету саласын ұйымдастыру үшiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне бiр жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттiк меншiк объектiлерi сенiмгерлiкпен басқаруға немесе жалға берiлуi мүмкiн.
Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң жалға алу немесе сенiмгерлiкпен басқару шарттарының талаптарын орындауын бақылауды республикалық және коммуналдық меншiкке иелiк етуге уәкiлеттi тиiстi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
48-бап. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мен дамыту жөніндегі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары
1. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары негізінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары бәсекеге қабілетті өнімдерді өндіру, сондай-ақ инновациялық, білім беру қызметі, қаржы және құқықтық консалтинг салаларында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық, оқу-әдістемелік көмек көрсету үшін әзірленеді.
3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары:
нормативтік құқықтық қорын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды;
шағын кәсіпкерлік қызметінің басымды түрлерін;
шағын кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша шараларды;
шағын кәсіпкерлікті кредиттік-қаржылық және мүліктік қолдау жөніндегі шараларды;
шағын кәсіпкерлікке халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын тартуға бағытталған шараларды;
ірі өнеркәсіп ұйымдарының шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бизнестің бөлігін беруді, сондай-ақ олардан бейінді емес ілеспелі қызмет түрлерін сатып алуды ынталандыруға бағытталған шараларды;
шағын кәсіпкерлік қолдау бойынша мемлекеттік саясатты насихаттау жөніндегі шараларды;
шағын кәсіпкерлікті қолдау, дамыту және қорғау бойынша мемлекеттік саясатты іске асырумен байланысты басқа де шараларды қамтиды.
49-бап. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау
1. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау олардың бәсекеге қабiлеттi тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) шығаруға мүмкiндiк беретiн кәсiби деңгейiн арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
2. Шағын кәсiпкерлiктi оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау:
кәсiпкерлiктi жүргiзу мәселелерi бойынша оқу семинар-тренингтер және ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру;
кәсiпкерлiктi жүзеге асыру тәжірибесі, жаңа технологиялар нарығы туралы әдiстемелiк құралдар, ақпараттық бюллетеньдер тарату;
өңiрлерде ақпараттық, консалтингтiк орталықтар желiсiн құру;
өңiрлерде шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқытуды ұйымдастыру үшiн менеджерлер даярлау арқылы жүзеге асырылады.
3. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.
50-бап. Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау
-
Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау мынадай нысандарда жүргізіледі:
-
мемлекеттік қолдаудың әр түрлі нысандарын ұсыну;
-
жаңа негізгі өндіріс құралдарын – ауылшаруашылық техника паркін, жабдықтарды, мал басын жаңарту үшін жағдай жасайтын қаржы құралдарын қолдану;
-
қаржы-кредиттік құралдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету;
-
ауыл шаруашылығына инвестицияларды тарту үшін қажетті жағдай жасау;
-
өнім экспортын қолдау;
-
салалық ғылымды дамыту және агротехникалық білімдерді тарату.
2. Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау республикалық және өңiрлiк деңгейлерде жүргiзiледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
3. Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын кәсiпкерлiк субъектілерін мемлекеттiк қолдау көрсетудiң мерзiмi, көлемi мен шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
51-бап. Кәсiпкерлiктi ақпараттық қамтамасыз ету
Барлық деңгейдегi мемлекеттiк органдар таратуға шек қойылмаған, оның iшiнде осы Кодекстің 7-бабында көзделген ақпарат пен материалдарды тегiн негiзде тарату үшiн интернет-ресурстар құруға және олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге және олардың жарнамасын, сондай-ақ осы ақпаратты кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты жаңартып отыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
2-параграф. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қолдауы
52-бап. Кәсiпкерлiктi қолдаудың негiзгi бағыттары
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз мүшелерін қолдауды мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырады:
ақпаратты-талдамалық қолдау;
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген кәсіпкерлерді қаржылық емес, сервистік қолдау;
арнайы экономикалық аймақтарды басқаруға қатысу;
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортын дамыту және ілгерілету;
Қазақстан Республикасы өткізу пункттерінің инфрақұрылымы, оның ішінде сервистік (кедендік) инфрақұрылым объектілерінің жабдықталуын және техникалық жарақтандырылуын (мемлекеттік бақылау органдарының арнайы жабдықтарын қоспағанда), сондай-ақ көрсетілген өткізу пункттерінде шекаралық, кедендік бақылау түрлерін ұйымдастыру үшін қажетті ғимараттарды, үй-жайларды және құрылыстарды күтіп-ұстауды және жөндеуді қоса алғанда, олардың салынуын (реконструкциялануын), жұмыс істеуін (пайдаланылуын) инвестициялар тарту арқылы қамтамасыз етуге қатысу;
кеден ісі саласында қызметтер көрсетуді жақсарту мақсатында кеден инфрақұрылымының қазіргі заманғы стандарттарын әзірлеуге қатысу;
кәсіпкерлерді оқытуды ұйымдастыру, сондай-ақ оларға бизнес ашу және жүргізу жөнінде консалтингтік қызметтер көрсету;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стандарттар мен техникалық регламенттерді әзірлеуге қатысу және кәсіпкерлердің оларды сақтауын қамтамасыз ету;
тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер мен олардың өнiм берушiлері дерекқорын қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ өнiм берушiлердi дерекқорға енгізу үшін оларды бағалау критерийлерін әзірлеу;
уәкілетті ұйымдар ұсынатын, жыл сайынғы, орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жүргізілген, жүргізілетін және жоспарланып отырған сатып алу туралы мәліметтер мен ақпаратты талдау және мониторинг жүргізу үшін жинау, өндеу және қорыту;
тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер нарығын талдау, оның ішінде тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер нарығы мониторингінің ақпараттық талдамалық жүйесін құру және жүргізу;
сатып алу және жергілікті қамту үлесін арттыру саласында талдамалық зерттеу.
2. Кәсіпкерлікті қолдаудың өзге бағыттары Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы заңнамасымен айқындалады.
5-тарау. КӘСIПКЕРЛIК СУБЪЕКТIЛЕРIНІҢ БIРЛЕСТIКТЕРIН
ҚҰРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ НОРМАТИВТIК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТIЛЕРГЕ САРАПТАМА ЖАСАУҒА ҚАТЫСУЫ
1-параграф. Кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерi
53-бап. Кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерi
-
Кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлер жобаларына сараптама жасау үшiн аккредиттелуге үмiткер кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерi:
республикалық деңгейде - кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiнiң одағын (қауымдастығын), республикалық салааралық, салалық қауымдастықтарын (одақтарын), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсiпкерлiк субъектілерінің республикалық бiрлестiктерін;
облыстық деңгейде - кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық бiрлестiктерінің филиаларын, кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктерін, шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің облыстық бірлестіктерін;
қалалық, аудандық деңгейлерде - кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық бірлестіктерінің филиалдарын, кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктерін, шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктерін құрады.
-
Кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн қаржыландыру кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң ерiктi мүшелiк жарналары және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қамтамасыз етiледi.
54-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
1. Кәсіпкерлік бастаманы іске асыру және Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары мен бизнес қауымдастығы арасындағы өзара пайдалы әріптестікті дамыту үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыс істейді.
2. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының міндеттері:
1) кәсіпкерлік қауымдастықты шоғырландыру;
2) кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру, қорғау;
3) мемлекеттік экономикалық және өзге де саясатты әзірлеу және іске асыру кезінде кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерінің мемлекеттік органдармен өзара тиімді іс-қимылын ұйымдастыру арқылыкәсіпкерлердің мүдделерін қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайларды жасауға жәрдемдесу;
5) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлікті жүзеге асыру мәселелерін реттейтін заңнамасын жетілдіру процесіне қатысу;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттер болып табылады.
3. Заңнамада өзге коммерциялық ұйымдарға, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпкерлік субъектілеріне мүше болу міндеттілігі белгіленген кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасында заңнамаға сәйкес тіркелген (есептік тіркелуден өткен) кәсіпкерлік субъектілерінің бәрі оған мүше болуға міндетті қағидат бойынша құрылады.
4. Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құру және оның қызметі мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |