312-бап. Экономикалық шоғырлануға тыйым салу
Егер экономикалық шоғырлану бәсекелестiктi шектеуге әкеп соғатын болса, оған тыйым салынады.
313-бап. Экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтінішхат бойынша шешім
1. Монополияға қарсы орган экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша:
1) экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы;
2) дәлелді қорытынды бере отырып, экономикалық шоғырлануға тыйым салу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
2. Монополияға қарсы органның экономикалық шоғырлануға келісім беру немесе экономикалық шоғырлануға тыйым салу туралы шешімі монополияға қарсы органның актісімен ресімделеді және осындай шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде өтінішхат беруші тұлғаға, ал қаржылық ұйымдарға қатысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне де жіберіледі.
3. Монополияға қарсы органның экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы шешімі экономикалық шоғырлануға қатысушылардың экономикалық шоғырланудың бәсекелестікке теріс ықпалын жоятын немесе бәсеңдететін белгілі бір талаптар мен міндеттемелерді орындауымен байланыстырылуы мүмкін. Мұндай шарттар мен міндеттемелер, оның ішінде мүлікті басқару, пайдалану немесе оған билік ету жөніндегі шектеулерге қатысты болуы мүмкін.
4. Экономикалық шоғырлану монополияға қарсы органның экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы шешімі қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде жүзеге асырылуға тиіс. Егер экономикалық шоғырлану белгіленген мерзімде жүзеге асырылмаса, экономикалық шоғырлануға қатысушылар экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы жаңа өтінішхат береді.
5. Монополияға қарсы орган өз бастамасы бойынша не мүдделі тұлғаның өтініші бойынша:
1) егер шешім қабылданғаннан кейін үш жыл ішінде осы шешімді қабылдаудан бас тартылуға тиіс екендігіне негіз болатын мән-жайлар белгілі болған;
2) егер шешім экономикалық шоғырлануды жүзеге асыру туралы өтінішхат берген тұлға ұсынған дәйексіз ақпарат негізінде қабылданса, мұның өзі заңсыз шешім қабылдауға алып келген;
3) экономикалық шоғырланудың қатысушылары монополияға қарсы органның шешіміне орай туындаған талаптар мен міндеттемелерді орындамаған жағдайларда, экономикалық шоғырлануға келісім беру немесе оған тыйым салу туралы шешімін қайта қарауы мүмкін.
6. Шешімді қайта қарау нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган:
1) шешімді өзгеріссіз қалдырады;
2) шешімді өзгертеді;
3) шешімнің күшін жояды;
4) жаңа шешім қабылдайды.
7. Егер монополияға қарсы орган шешімді қайта қарау нәтижелері бойынша экономикалық шоғырлануға берілген келісімнің күшін жою туралы шешім қабылдаса, нарық субъектісін, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу монополияға қарсы органның талап қоюы бойынша сот тәртібімен заңсыз деп танылады және күші жойылады.
8. Өтініш беруші монополияға қарсы органның бұрын қабылдаған шешімін өзгерте алатын қосымша ақпарат пен құжаттарды қарау үшін осы Заңда белгіленген тәртіппен өтінішхат береді.
9. Монополияға қарсы органның экономикалық шоғырлануға бұрын қабылданған шешімін қайта қарау жөніндегі шешімі монополияға қарсы органның актісімен ресімделеді және мұндай шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде мүдделі тұлғаға жіберіледі.
314-бап. Монополияға қарсы органның жасалған экономикалық шоғырлану туралы хабарлама бойынша шешiм қабылдауы
1. Егер монополияға қарсы органға жасалған экономикалық шоғырлану туралы хабарлама келiп түскеннен кейiн күнтiзбелiк қырық бес күн өткен соң монополияға қарсы орган хабарламаны жiберген тұлғаға мәмiленiң күшiн жою қажеттiгi туралы жазбаша жауап жiбермеген жағдайда, экономикалық шоғырлану жүзеге асырылған болып саналады.
2. Егер монополияға қарсы орган жасалған экономикалық шоғырлану туралы хабарламаны қарау кезiнде оны жасаудың бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға, оның iшiнде нарық субъектісінің үстем жағдайының пайда болуы немесе күшеюi жолымен шектеуге немесе жоюға әкеп соғатыны немесе әкеп соғуы мүмкiн екендiгiн анықтайтын жағдайда, монополияға қарсы орган күнтiзбелiк отыз күн iшiнде орындалуға тиiсті нұсқама шығарады.
3. Нұсқама орындалмаған жағдайда монополияға қарсы орган нарық субъектiсiн монополияға қарсы органның нұсқамасын орындауға мәжбүрлеу туралы талап қоюмен сотқа жүгiнеді.
315-бап. Экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтінішхатты қарауды тоқтату негіздері
1. Экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтінішхатты қарау:
1) өтініш берушілерден өтінішхатты кері қайтарып алу туралы хабарлама түскен;
2) өтініш беруші ақпаратты монополияға қарсы орган белгілеген мерзімде бермеген, егер мұндай ақпараттың болмауы өтінішхатты қарауға кедергі келтіретін болған;
3) өтініш беруші өтінішхатты объективті түрде қарауға ықпал ететін дәйексіз ақпарат берген жағдайларда тоқтатылуға жатады.
2. Монополияға қарсы органның өтінішхатты қарауды тоқтату туралы шешімі монополияға қарсы органның актісімен ресімделеді және мұндай шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде өтінішхат беруші тұлғаға жіберіледі.
3. Өтініш беруші өтінішхатты қарау тоқтатылғаннан кейін монополияға қарсы органға экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы жаңа өтінішпен жүгінуге құқылы.
22-тарау. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын анықтау
316-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеуді бастау үшін негіздер
1. Монополияға қарсы орган өз өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергейді және тергеу нәтижелері бойынша шешім қабылдайды.
2. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы туралы мәліметтердің монополияға қарсы органға келіп түсуі тергеуді бастау үшін негіз болып табылады, олар:
1) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы көрсетіле отырып, мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар;
2) жеке немесе заңды тұлғаның өтініші;
3) монополияға қарсы органның өз қызметін жүзеге асыруы кезінде нарық субъектілерінің іс-әрекеттерінен Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылу белгілерін анықтауы;
4) бұқаралық ақпарат құралдарының монополияға қарсы органға өтініші;
5) бұқаралық ақпарат құралдарында қамтылған ақпарат болып табылады.
3. Тергеудiң басталуы тергеу жүргізу туралы бұйрықпен ресiмделедi.
4. Тергеудiң басталуы туралы бұйрықтың көшiрмесi қол қойылған күнiнен бастап үш жұмыс күнінен кешiктiрiлмей, өтiнiш берушiге және тергеу объектiсiне жiберiледi.
317-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеуге қатысушы тұлғалар
1. Мыналар:
1) өтініш беруші - Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы туралы мәліметтерді монополияға қарсы органға жіберген жеке немесе заңды тұлға;
2) тергеу объектісі - өзінің іс-әрекетіне қатысты тергеу жүргізілетін жеке немесе заңды тұлға. Аталған тұлғалар тергеу жүргізу туралы бұйрық шығарылған кезден бастап тергеу объектісі болып танылады;
3) мүдделі тұлғалар - Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы туралы істі қарауға байланысты құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын жеке немесе заңды тұлғалар;
4) монополияға қарсы органның лауазымды адамы - монополияға қарсы органның тергеу жүргізуге уәкілетті қызметкері;
5) куә - тергеу үшін маңызы бар қандай да бір мән-жайлар өзіне белгілі болуы мүмкін кез келген жеке тұлға;
6) сарапшы - арнайы ғылыми немесе практикалық білімі бар, іске қатысуға мүдделі емес жеке тұлға Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеуге қатысушы тұлғалар болып табылады.
2. Тергеу жүргізу кезінде іске қатысушы тұлғалар өз құқықтары мен міндеттерін өзі немесе өкілі арқылы жүзеге асыруға құқылы.
3. Егер тергеу барысында тергеу объектісінің емес, өзге тұлғаның іс-әрекетінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзу белгілері бар екендігі анықталса, монополияға қарсы орган мұндай тұлғаны осы Кодекстің 58-бабында көзделген тәртіппен тергеу объектісі ретінде тартады.
318-бап. Тергеу жүргізу
1. Нарық субъектісінің, мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның іс-әрекеттерінде осы Кодекстің 316-бабының 2-тармағында көзделген мәліметтерді қарау шеңберінде белгіленетін Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін нақты деректер болған жағдайда монополияға қарсы орган тергеу жүргiзу туралы бұйрық шығарады.
2. Тергеу жүргізу туралы бұйрықта:
1) тергеу объектісінің атауы;
2) тергеу барысында анықталуға жататын мәселелер тізбесі және мән-жайлар тобы;
3) тергеудің басталу және аяқталу мерзімі;
4) монополияға қарсы органның тергеу жүргізуге уәкілетті лауазымды адамдарының тегі, аты және әкесінің аты қамтылуға тиіс.
4. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуына тергеу жүргізу туралы бұйрық шығарылған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі. Монополияға қарсы орган істі тергеуді екі айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін. Мерзімді ұзарту туралы бұйрық шығарылады, бұйрықтың көшірмелері шығарылған күнінен бастап үш күн ішінде өтiнiш берушiге және тергеу объектiсiне жiберiледi.
5. Монополияға қарсы орган тергеу басталғанға дейін тергеуді тағайындау туралы актіні құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне, оның ішінде электрондық форматта ұсыну арқылы оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркейді.
6. Монополияға қарсы орган тергеу барысында бірнеше тергеуді біреуіне біріктіру туралы немесе бөліп алу және жеке тергеу жүргізу туралы шешім қабылдай алады.
319-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу кезіндегі дәлелдемелер
1. Тергеуді дұрыс жүргізу үшін маңызы бар кез келген нақты деректер, оның ішінде:
1) өтініш берушінің, тергеу объектісінің, мүдделі тұлғалардың және куәлердің түсініктемелері;
2) сарапшылардың қорытындылары;
3) заттай дәлелдемелер;
4) өзге де құжаттар (оның ішінде компьютерлік ақпаратты, фото және кино түсірілімдерін, дыбыс және бейне жазбаларды қамтитын материалдар) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылу фактілерінің дәлелдемелері бола алады.
2. Дәлелдемелерді жинауды монополияға қарсы органның лауазымды адамы жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеуге қатысушы адамдар нақты деректер ұсынуға және олардың дәйектілігін дәлелдеуге құқылы.
320-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеуге қатысушы тұлғалардың құқықтары
Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеуге қатысушы тұлғалардың:
1) нарықтың басқа субъектiлерiнiң құпия ақпараты және (немесе) коммерциялық құпиясы бар материалдарын қоспағанда, iстің материалдарымен танысуға, олардан үзiндi көшірмелер жасауға және көшiрмелерiн алуға;
2) дәлелдемелер ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға;
3) іске қатысушы басқа тұлғаларға сұрақтар қоюға;
4) сарапшылар тарту туралы өтінішхатпен шығуға;
5) жазбаша немесе ауызша нысанда түсініктемелер беруге, тергеу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге;
6) іске қатысушы басқа тұлғалардың өтінішхаттарымен танысуға, іске қатысушы басқа тұлғалардың өтінішхаттарына, дәлелдеріне қарсылық білдіруге құқығы бар.
321-бап. Монополияға қарсы органның лауазымды адамдарының тергеу жүргiзу кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi
1. Монополияға қарсы органның лауазымды адамдарының тергеу жүргiзу кезiнде:
1) тергеу объектiсiнiң аумағына және үй-жайларына кедергiсiз кiруге;
2) тергеу нысанасына сәйкес тергеу объектiсiнiң автоматтандырылған деректер базасына (ақпараттық жүйелерiне) қол жеткiзуге;
3) тергеу объектiсiнiң басшыларынан, лауазымды адамдарынан және басқа да қызметкерлерiнен тергеу нысанасына қатысты қажеттi ақпарат, құжаттар немесе олардың көшiрмелерiн, тексеру барысында туындаған мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түрде түсiнiктемелер сұратуға және алуға;
4) тергеу жүргiзу кезiнде Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттiк органдарының мамандарын сарапшылар ретiнде тартуға құқығы бар.
2. Тергеу объектiсiнiң басшысы және (немесе) лауазымды адамы монополияға қарсы органның тергеу жүргiзуге жауапты лауазымды адамының ауызша сауал салуы бойынша ақпаратты, құжаттарды немесе олардың көшiрмелерiн, сондай-ақ жазбаша немесе ауызша түсiнiктемелердi беруден бас тартқан жағдайда, оларға тиiсiнше жазбаша сауал салу тапсырылады. Жазбаша сауал салуды тергеу объектiсiнiң басшысына тапсыру мүмкiн болмаған жағдайда сауал салу тергеу объектiсi басшысының атына хабарламалы тапсырыс хатпен почта байланысы арқылы жiберiледi.
3. Сұратылатын ақпаратты тергеу объектiсiнiң коммерциялық құпиясына жатқызу тергеудi жүзеге асыратын монополияға қарсы органның лауазымды адамдарына ақпарат беруден бас тарту үшiн негiз бола алмайды.
Монополияға қарсы органның лауазымды адамдарының аталған ақпаратты пайдалануы Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын ақпаратты жария етуге қойылатын талаптар сақтала отырып жүзеге асырылуға тиiс.
3-1. Нарық субъектiсi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпаратты құпия ақпаратқа жатқызған жағдайда монополияға қарсы органға мәлiметтердi берген кезде нарық субъектiсi белгi қою арқылы оның сипатының құпиялылығын көрсетуге мiндеттi.
4. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақпаратты басқа мемлекеттiк органға беру жағдайларын қоспағанда, тергеу барысында тергеу объектiсi туралы монополияға қарсы орган алған кез келген ақпарат таратылуға жатпайды.
5. Монополияға қарсы органның тергеудi жүзеге асыратын лауазымды адамдарының тергеу нысанасына қатысы жоқ талаптар қоюына және өтiнiшпен жүгiнуiне тыйым салынады.
7. Бұзушылықтар және тергеу жүргiзу туралы мәлiметтердi қараған кезде монополияға қарсы органның лауазымды адамдары:
1) дәлелдемелердiң жан-жақты, толық және объективтi жиналуы және зерттелуi үшiн барлық шараларды қабылдауға;
2) бұзушылықтар туралы мәлiметтердi алдын ала қарау нәтижелерi туралы қорытындыны уақтылы әзiрлеуге;
3) тергеудi тоқтата тұру, қайта бастау туралы және тергеу нәтижелерi бойынша, сондай-ақ сараптама тағайындау туралы қорытындыны уақтылы әзiрлеуге;
4) аумақтық органдар қорытындыларды бекiткен не бұзушылықтар туралы мәлiметтердi қарау және бұзушылықтарды тергеу туралы бұйрықтарға қол қойған күннен бастап үш жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде осы құжаттардың көшiрмелерiн орталық мемлекеттiк органға жiберуге мiндеттi.
322-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы туралы iстi тергеуді тоқтата тұру
1. Монополияға қарсы орган:
1) монополияға қарсы орган, сот, алдын ала тергеу органдары Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу үшiн маңызы бар басқа iстi қараған;
2) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуына сол тергеу объектiсiне қатысты басқа тергеу жүргiзiлген;
3) сараптама жүргiзiлген жағдайларда, Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеудi тоқтата тұруға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу мерзiмi тергеудi тоқтата тұру кезiнде үзiледi және тергеу қайта басталған күннен бастап жалғасады.
3. Монополияға қарсы органның лауазымды адамы тергеудi тоқтата тұру және қайта бастау, сондай-ақ сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымның көшiрмесi осындай ұйғарым шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде сарапшыға жiберiледi.
323-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеудi тоқтату
Монополияға қарсы орган:
1) тергеу объектiсiнiң iс-әрекеттерiнде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылық болмаған;
2) жалғыз тергеу объектiсi - заңды тұлға таратылған;
3) жалғыз тергеу объектiсi - жеке тұлға қайтыс болған;
4) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында белгiленген талап қою мерзiмi өтiп кеткен;
5) монополияға қарсы орган қарайтын iс-әрекеттерде (әрекетсiздiкте) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтың болуы туралы немесе болмауы туралы қорытынды қамтылған заңды күшiне енген сот актiсi болған жағдайда, Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеудi тоқтатады.
324-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу нәтижелері бойынша монополияға қарсы органның шешімдері
1. Монополияға қарсы органның лауазымды адамы Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу нәтижелері бойынша қорытынды әзірлейді, оның негізінде монополияға қарсы орган:
1) осы Кодекстің 323-бабында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеуді тоқтату туралы;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы;
3) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын жою туралы нұсқама шығару туралы;
4) қылмыстық іс қозғау үшін материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы тиісті шешім (шешімдер) қабылдайды.
2. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу нәтижелері бойынша қорытындыға монополияға қарсы органның лауазымды адамы (лауазымды адамдары) қол қойған күн тергеудің аяқталуы болып есептеледі.
Тергеу нәтижелері бойынша қорытындының көшірмесі оған қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей тергеу объектісіне тапсырылады немесе хабарламасы бар хатпен жіберіледі.
3. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу нәтижелері туралы қорытындыны бекіту тергеу аяқталған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде монополияға қарсы органның бұйрығымен ресімделеді.
4. Тергеу нәтижелерi бойынша қорытындыны бекіту туралы бұйрықтың көшірмесі қол қойылған күнінен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей тергеу объектiсiне тапсырылады немесе хабарламалы хатпен жiберiледi. Өтiнiш берушi қабылданған шешiм туралы нақ сол мерзiмде хабардар етiледi.
5. Тергеу нәтижелері бойынша қорытындыны бекіту туралы бұйрыққа қол қойылған (шешім қабылданған) күн әкімшілік құқық бұзушылықты жасау фактілері анықталған кез болып есептеледі.
6. Тергеу объектісі тергеу нәтижелері бойынша қорытындыны бекіту туралы бұйрыққа Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен сотқа шағым бере алады.
23-тарау. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзудың жолын кесу және монополияға қарсы органның нұсқамаларын қайта қарау
325-бап. Монополиялық табысты айқындаудың негіздері және тәртібі
1. Осы Кодекспен шектелген монополиялық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған нарық субъектісінің табысы монополиялық табыс болып табылады.
2. Нарық субъектісі монополиялық табысты:
1) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер жасауы;
2) нарық субъектісінің өзінің үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдалануы нәтижесінде алуы мүмкін.
3. Монополиялық табыс нарық субъектісінің осы баптың 1-тармағында аталған іс-әрекеттерді жүзеге асырған кезінен бастап нарық субъектісі осы іс-әрекеттерді тоқтатқан кезге дейін айқындалады.
4. Монополиялық табыс:
1) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі монополиялық жоғары бағаны қолдану кезінде алынған табыс пен осы Кодекстің 280-бабының ережелеріне сәйкес айқындалған бағалар негізінде есептелген табыс арасындағы айырма ретінде монополиялық жоғары бағалар белгілеген кезде;
2) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі үстем жағдайға ие нарық субъектісінің бәсекелестерді тауар нарығынан ығыстырып шығару есебінен өткізу көлемін ұлғайту нәтижесінде алған қосымша табысы ретінде монополиялық төмен баға белгілеген кезде;
3) монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі тауар өткізуші нарық субъектісінің осындай тауарды өндіру мен өткізуге қажетті шығыстар мен пайдасы негізінде айқындаған бағасы бойынша осы нарық субъектісінің тауарды сатып алу шығындары мен тауарларды монополиялық төмен бағалар бойынша сатып алу кезінде қалыптасқан шығындары арасындағы айырма ретінде монополиялық төмен баға белгілеген кезде;
4) нарық субъектісі, осы іс-әрекеттерден алынған, тауарларды өндіруге және (немесе) өткізуге қажетті негізделген шығыстар мен іс жүзінде төленген салық шегерілген бүкіл табыс ретінде бәсекелестікке қарсы келісімдерді немесе келісілген іс-әрекеттерді жасаған кезде айқындалады.
5. Монополиялық табысты алып қою Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
326 -бап. Монополияға қарсы ден қою шаралары
1. Монополияға қарсы орган белгіленген өкілеттіктеріне сәйкес:
1) нарық субъектілеріне:
осы Кодексті бұзуды тоқтату және (немесе) олардың салдарын жою;
бастапқы жағдайды қалпына келтіру;
осы Кодекске қайшы келетін шарттарды бұзу немесе өзгерту;
егер белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарт жасасудан негізсіз бас тарту не жалтару бұзушылық болып табылса, нарықтың басқа субъектісімен шарт жасасу;
осы Кодекстің бұзылуына жол бермеу туралы орындалуы мiндеттi нұсқамалар беруге;
2) мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарға өздері қабылдаған актілердің күшін жою немесе оларды өзгерту туралы, бұзушылықтарды тоқтату, сондай-ақ өздері жасаған, осы Кодекске қайшы келетін келісімдерді бұзу немесе өзгерту туралы орындалуға міндетті нұсқамалар беруге;
3) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жазалар қолдануға;
4) сотқа талап қойып және өтінішпен жүгінуге, сондай-ақ соттар Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының қолданылуы мен бұзылуына байланысты істерді қараған кезде процестерге қатысуға құқылы.
2. Осы Кодекс бұзылған жағдайда нарық субъектілері, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар:
1) монополияға қарсы органның нұсқамаларына сәйкес бұзушылықтарды тоқтатуға және оның салдарын жоюға, бастапқы жағдайды қалпына келтіруге, шартты бұзуға, нарықтың басқа субъектісімен шарт жасасуға немесе оған өзгерістер енгізуге, монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасына сәйкес келмейді деп таныған актінің күшін жоюға, нұсқамада көзделген өзге де іс-әрекеттерді орындауға;
2) келтірілген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге;
3) монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолдану туралы қаулысын орындауға міндетті.
3. Нұсқама монополияға қарсы орган белгілеген ақылға қонымды мерзімде орындалуға жатады.
Монополияға қарсы орган берілген нұсқамалардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
Нұсқама орындалмаған жағдайда, монополияға қарсы орган нарық субъектісін, мемлекеттік органды монополияға қарсы органның нұсқамасын орындауға мәжбүрлеу туралы талап қойып сотқа жүгінуге құқылы.
327-бап. Нұсқаманы ресімдеуге қойылатын талаптар
Нұсқама монополияға қарсы органның қатаң есептілік бланкісінде ресімделеді және ол:
1) өзіне (өздеріне) қатысты нұсқама жасалған нарық субъектісінің немесе мемлекеттік органның атауын;
2) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзудың белгіленген фактісінің (фактілерінің), сондай-ақ нарық субъектісі немесе мемлекеттік орган бұзған құқық нормаларының сипаттамасын;
3) нарық субъектісі немесе мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықты жою үшін жасауға тиіс (немесе оны (оларды) жасаудан тартынуға тиіс) іс-әрекеттерді;
4) нұсқаманың орындалу мерзімін;
5) нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты беру мерзімін;
6) нұсқамаға қол қоюға уәкілетті адамның қолын;
7) монополияға қарсы органның елтаңбалық мөрін қамтуға тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |