Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы 1-бап


-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ӨТКЕРУ



бет5/9
Дата03.03.2020
өлшемі0.85 Mb.
#448072
1   2   3   4   5   6   7   8   9
kazakstan respublykasynyn memlekettik kyzmeti turaly

6-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ӨТКЕРУ


31-бап. Лауазымдық нұсқаулықтар

Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және өзге де заңнамасында белгіленгендерден туындайтын лауазымдық өкілеттіктері және жауаптылығы біліктілік талаптары негізінде айқындалады және лауазымдық нұсқаулықтарда көрсетіледі. 

Лауазымдық нұсқаулықтарды мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам бекітеді және олардың орындалуы мемлекеттік лауазымға жүктелетін нақты функциялар тізбесін қамтиды. 

Лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлеу мен бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.



32-бап. Жұмыс уақыты

1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмыс уақытының ұзақтығы осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес айқындалады. 

2. Мемлекеттік қызметшілер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді. 

3. Мемлекеттік органдар бекітетін мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртіптемесі қағидалары жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимін белгілейді. 

4. Шұғыл, күнi бұрын болжанбаған жұмыстарды орындау үшiн мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылуы мүмкiн. 

Осы тармақта көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері (сағаттары) беріледі немесе жұмысына мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленеді.



33-бап. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау

1. Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау мақсатында олардың жұмысын бағалау жүргізіледі. 

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды. 

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалаудың нәтижелері бонустарды төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау, мемлекеттік лауазымын төмендету не қызметтен шығару жөніндегі шешімдерді қабылдауға негіз болып табылады. 

2. Мемлекеттік саяси қызметшілердің жұмысын бағалауды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын уәкілетті адам (орган) жүргізеді. 

3. Орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі хатшысының – Жоғары Сот Кеңесі аппараты басшысының қызметін бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізеді. 

4. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалауды "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісін мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) жүргізеді. 

"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін уәкілетті орган бекітеді. 

"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қанағаттанарлықсыз бағасы уәкілетті комиссиямен келісу бойынша онымен жасалған еңбек шартын бұзуға негіз болып табылады. 

5. Мемлекеттік органдар уәкілетті орган бекіткен үлгілік әдістеменің негізінде "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді. 

6. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қатарынан екі жыл бойы қанағаттанарлықсыз баға алуы ол біліктілік талаптарына сай келген және төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған кезде оның мемлекеттік лауазымын төмендетуге әкеп соғады. 

Төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған немесе мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан кезде мемлекеттік қызметші атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығарылады. 

7. Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің жұмысын бағалау нәтижелеріне қатысты шағым жасауға құқылы. 

Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).



34-бап. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту

1. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтиды. 

Мемлекеттік қызметшілерді даярлау – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша академиялық және ғылыми дәреже алуға арналған оқу процесі. 

Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау – қосымша кәсіби білім алуға арналған оқу курстары. 

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру – олардың құзыретін жетілдіруге арналған оқыту семинарлары. 

2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттырудан өтеді. 

3. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады. 

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мемлекеттік орган қызметінің бейіні бойынша өзге де білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуы мүмкін. 

4. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындайды. 

Ескерту. 34-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); ҚР 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен; ҚР 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.



35-бап. Көтермелеу

1. Мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың жұмысын бағалаудың нәтижелері бойынша қолданылады. 

Мемлекеттік қызметшілерге мынадай көтермелеулер қолданылуы мүмкін: 

1) біржолғы ақшалай сыйақы беру; 

2) алғыс жариялау; 

3) бағалы сыйлықпен марапаттау

4) грамотамен марапаттау; 

5) құрметті атақ беру; 

6) көтермелеудің өзге де нысандары, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттау. 

2. Нақ сол ерекшеленгені үшін мемлекеттік қызметшіге бір ғана көтермелеу қолданылуы мүмкін. 

Көтермелеулерді қолдану тәртібі мемлекеттік органдардың актілерінде белгіленеді. 

3. Мемлекеттік қызметшілерді ерекше еңбек сіңіргені үшін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынуға болады.



36-бап. Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасы

Мемлекеттік қызметшілердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім алуы мен тәжірибе жинақтауы мақсатында мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша олардың тағылымдамасы өткізіледі. Тағылымдамадан өту кезеңінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) және жалақысы сақталады. 

Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тағылымдамасы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

37-бап. Мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету

1. Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету олардың бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріліп жүзеге асырылады. 

2. Мемлекеттік органда мемлекеттік қызмет бабында ілгерілеу мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдарға сатылап көтеріліп орналасуды көздейді. 

Басқа мемлекеттік органдардағы жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдар болып оларға неғұрлым жоғары біліктілік талаптары қойылатын, ал біліктілік талаптары тең болған кезде – неғұрлым жоғары жалақы белгіленген мемлекеттік лауазымдар түсініледі. 

3. Мемлекеттік қызметшіге оның қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде ауысу тәртiбiмен, сондай-ақ конкурстардың қорытындылары бойынша мемлекеттік лауазымға орналасуына жол берiлмейдi. 

Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).



38-бап. Міндеттерді уақытша жүктеу

1. Қызметтік қажеттілікке байланысты мемлекеттік қызметшіге атқаратын мемлекеттік лауазымынан босатпай, осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, басқа мемлекеттік лауазымның міндеттері уақытша жүктелуі мүмкін. 

Орталық мемлекеттік органдардың дербес құрылымдық бөлімшелері басшыларының, орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелері, облыстық атқарушы органдар, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдары, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аудандық, қалалық атқарушы органдар басшыларының, қалалар мен аудандар әкімдері орынбасарларының міндеттерін үш айдан аспайтын кезеңге уақытша жүктеуге жол беріледі. 

Бұл ретте, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының көмекшілері мен кеңесшілеріне басшылық мемлекеттік лауазым міндеттері жүктелмейді. 

2. Мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік лауазымдарды уақытша қоса атқарғаны және уақытша болмаған мемлекеттік қызметшінің міндеттерін атқарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша ақы белгіленеді. 

Ескерту. 38-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.



39-бап. Мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шетелдегі мекемелеріне және өзге де ұйымдарға іссапарға баруы

1. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органдардың алдына қойылған міндеттерді орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шет елдердегі мекемелеріне, халықаралық және өзге де ұйымдарға олардың бірінші басшыларымен келісу бойынша іссапарға жіберілуі мүмкін. 

2. Іссапарға барған мемлекеттік қызметшілердің бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы), сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген құқықтары, кепілдіктері, жеңілдіктері, өтемақылары, үстемеақылары, төлемдері, зейнетақымен қамсыздандырылуы және әлеуметтік қорғалуы сақталады. 

Ескерту. 39-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); ҚР 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен; ҚР 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.



40-бап. Мемлекеттік қызметшілердің әскери қызметке шақырылуы

Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырылған жағдайда оларға мерзімді әскери қызмет кезеңінде жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі және олардың жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) сақталады.



41-бап. Мемлекеттік қызметшілерді ротациялау

1. Мемлекеттік қызметті өткеру кезінде кәсіби әлеуеттің неғұрлым тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметшілерді ротациялау жүзеге асырылады. 

Мемлекеттік саяси қызметшілерді және "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ротациялау деп оларды тиісінше бос немесе уақытша бос мемлекеттік саяси лауазымдарға және "А" корпусының мемлекеттік лауазымдарына не мемлекеттік саяси қызметшілер мен "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар түсініледі. 

Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ротациялау деп "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар түсініледі. 

2. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ротация жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін, ротациялауға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды. 

Басқа жерге ротациялау кезінде мемлекеттік әкімшілік қызметшілер "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етіледі. 

"Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін өңіраралық ротациялауды үйлестіруді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады. 

Егер Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда өзгеше көзделмесе, мүгедек, жүкті болып табылатын, он төрт жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, мүгедек балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар (қорғаншы болып табылатын) жалғызбасты ата-ана болып табылатын немесе асырауында қарт ата-анасы бар мемлекеттік қызметшілерді басқа жерге көшумен байланысты ротациялауға осы мемлекеттік қызметшілердің келісімімен ғана жол беріледі. 

Аталған мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс. 

Ескерту. 41-бап жаңа редакцияда - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).



42-бап. Мемлекеттік органды құру кезеңінде азаматтарды жұмысқа қабылдау

1. Мемлекеттік органды құру туралы акт қабылданған күннен бастап, қызметтік қажеттілік жағдайында, бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарда көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін азаматтарды үш айдан аспайтын мерзімге жұмысқа қабылдауға жол беріледі. 

Ұзартуға болмайтын осы мерзім ішінде көрсетілген мемлекеттік лауазымдар осы Заңға сәйкес бос болмауға тиіс. 

"А" корпусының бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарында көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылдау "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған адамдар қатарынан жүзеге асырылады. 

2. Міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылданатын адамдар саны мемлекеттік органның штат санының жиырма пайызынан аспауға тиіс. 

Мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын осындай адамдар мен оларды жұмысқа уақытша қабылдаған мемлекеттік орган арасындағы еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет