Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы 1-бап


-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ТОҚТАТУЫ



бет9/9
Дата03.03.2020
өлшемі0.85 Mb.
#448072
1   2   3   4   5   6   7   8   9
kazakstan respublykasynyn memlekettik kyzmeti turaly

10-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ТОҚТАТУЫ


59-бап. Мемлекеттік саяси қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатуы

Мемлекеттік саяси қызметшінің саяси лауазымда атқаратын өкілеттіктері: 

1) ол Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан; 

2) мемлекеттік орган таратылған (жойылған); 

3) мемлекеттік саяси қызметші өзінің кірістері және өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы көрінеу жалған мәліметтер ұсынған; 

4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтамаған; 

5) өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлікті сенімгерлік басқаруға бермеген; 

6) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған; 

7) мемлекеттік саяси қызметшіге қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген; 

8) мемлекеттік саяси қызметшінің өкілеттіктерін доғару туралы жеке жазбаша өтініші негізінде отставкасы қабылданған; 

9) мемлекеттік саяси қызметшіні ол атқаратын лауазымға тағайындау (сайлау) құқығы берілген лауазымды адам (орган) тиісті шешім қабылдаған; 

10) басқа жұмысқа ауысқан; 

11) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін бұрын қызметтен шығарылған, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында қылмыс жасаған адамды мемлекеттік қызметке қабылдаған

12) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс туралы соған қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан адамды мемлекеттік қызметке қабылдаған; 

13) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатылған, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс туралы қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан; 

14) мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тартуға негiз болып табылатын көрiнеу жалған құжаттарды немесе мәлiметтерді мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде ұсынған; 

15) егер Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында өзгеше көзделмесе, ол Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен жағдайларда тоқтатылады. 

Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілер зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін өз өкілеттігін жүзеге асыруды Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының шешімі бойынша, әдетте, бес жылға дейінгі мерзімге жалғастыра алады; 

16) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздер туындаған жағдайларда тоқтатылады. 

Мемлекеттік саяси қызметшінің өкілеттіктері мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған, мемлекеттік қызметшілердің саны немесе штаты қысқартылған, мемлекеттік саяси лауазым мемлекеттік әкімшілік лауазымға өзгертілген жағдайларда да тоқтатылуы мүмкін. 

Ескерту. 59-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.04.2019 № 249-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

60-бап. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң отставкаға шығуы және қызметтен шығарылуы

1. Отставка дегенiмiз мемлекеттiк саяси қызметшiнiң тиiстi мемлекеттiк лауазымдағы мiндеттерiн атқаруды тоқтатуы, ол оның жазбаша өтініші негiзiнде жүзеге асырылады. 

2. Отставканы мемлекеттiк саяси қызметшiнi осы мемлекеттiк лауазымға тағайындаған (сайлаған) мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам қабылдайды немесе одан уәжді түрде бас тартады. Отставканы қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешiм жазбаша өтініш берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде қабылданады. Отставкадан бас тартылған жағдайда саяси қызметшi қызметтiк өкілеттiктерiн атқаруды жалғастыруға тиiс және оның қызметтен шығарылуға құқығы бар. 

Отставкадан бас тартылған жағдайда мемлекеттік саяси қызметшi заңға сәйкес отставкадан бас тарту туралы шешiм қабылдаған адамның (органның) шешімі бойынша тәртіптік жауаптылыққа тартылуы мүмкін. 

3. Мемлекеттік саяси қызметшілер Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және өзге де заңнамасында белгіленген негіздерде және тәртіппен отставкаға өтініш береді және отставкаға кетеді. 

Егер отставкаға шығу негіздері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген болса, мемлекеттік саяси қызметшілер осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жалпы негіздер бойынша қызметтен шығарылады. 

3-1. Осы тармақтың 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген мемлекеттік саяси қызметшілер, егер олар тағайындалған күннен бастап үш ай өткен соң сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған жағдайда: 

1) өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, жауапты хатшы, аппарат басшысы не орталық мемлекеттік органның облыстық, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумақтық бөлімшесінің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде – орталық мемлекеттік органның басшысы; 

2) өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың әкімі

3) өзі жетекшілік ететін ведомствоның, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде – орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары; 

4) өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде – облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімінің орынбасары; 

5) өзінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде, осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген адамдарды қоспағанда, әкім отставкаға өтініш береді. 

Мемлекеттік саяси қызметшілер осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен не Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі тоқтатқаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде отставкаға өтініш береді. 

4. Лауазымдық өкiлеттiктерiн өрескел бұзу, мемлекеттiк қызметте болуға лайықсыз теріс қылықтар жасау мемлекеттiк саяси қызметшiнiң отставкаға шығуына негiз бола алмайды, ал қызметтен шығаруға негiз болып табылады. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердi қызметтен шығарудың негiздерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды. 

Ескерту. 60-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

61-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуына мыналар негіз болып табылады: 

1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін олардың жауаптылығын қарау жағдайларын қоспағанда, олардың өз қалауы бойынша қызметтен шығару туралы өтініш беруi; 

2) басқа мемлекеттік лауазымға орналасуы; 

3) мемлекеттік қызметте болу мерзімін тараптардың өзара келісімі бойынша бір жылға ұзарту құқығы ескеріліп, олардың Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуы; 

4) еңбек шарты мерзiмiнiң аяқталуы не Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген негiздер бойынша еңбек шартының бұзылуы; 

5) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген олардың өкілеттік мерзімдерінің аяқталуы; 

6) олар атқаратын мемлекеттік лауазымдардың саяси лауазымдарға не жергілікті өкілді органдар азаматтарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тағайындайтын немесе олар сайланатын мемлекеттік лауазымдарға өзгертілуі; 

7) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң өз кірістері мен өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы көрiнеу жалған мәлiметтер ұсынуы; 

8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мiндеттерді және (немесе) шектеулердi сақтамауы; 

9) өзіне заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы меншiк құқығымен тиесілі үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті сенiмгерлік басқаруға бермеуi; 

10) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы; 

11) әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауы; 

12) қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкiмiнің заңды күшіне енуi; 

13) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін бұрын қызметтен шығарылған, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында қылмыс жасаған адамды мемлекеттік әкімшілік лауазымға қабылдау; 

14) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс туралы соған қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан адамды мемлекеттік әкімшілік лауазымға қабылдау; 

15) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық істің Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатылуы, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс туралы қылмыстық істі қылмыстық қудалау органының немесе соттың Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатуы; 

16) мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тартуға негiз болып табылатын көрiнеу жалған құжаттарды немесе мәлiметтердi мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде ұсынуы; 

17) мемлекеттiк лауазымға тағайындалу кезiнде осы Заңда белгіленген талаптарға сай келмеуі; 

18) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға конкурстан тыс орналасуы; 

19) аттестаттаудың терiс нәтижелерi; 

20) осы Заңға сәйкес олардың жұмысын бағалаудың қанағаттанарлықсыз нәтижелері; 

20-1) сынақ мерзімінің қанағаттанарлықсыз нәтижелері; 

21) мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасауы; 

22) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де негiздемелер. 

2. "А" корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерінің мемлекеттік қызметті тоқтатуына мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адамның (органның) уәкілетті комиссия ұсынымы негізінде қабылданатын шешімі де негіз болып табылады. 

3. Осы баптың 1-тармағының 7), 8), 9), 11), 12), 13), 14), 15), 16) және 21) тармақшаларына сәйкес қызметтен шығарылған мемлекеттік әкімшілік қызметшілер терiс себептермен шығарылған болып танылады 

4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi қызметтен шығаруды мемлекеттiк органның мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылдауға құқығы бар тиiстi лауазымды адамы осы Заңға сәйкес жүргiзедi. 

5. Қызметтен шығарумен келіспеген жағдайда мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң жоғары тұрған басшылық алдында, уәкiлеттi органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне не сотқа өзін қызметтен шығару туралы шешімге қатысты шағым жасауға құқығы бар. 

6. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, сондай-ақ мемлекеттік органдардың мемлекеттік әкімшілік қызметшілер болып табылатын басшыларының ауысуы жаңадан тағайындалған мемлекеттiк саяси және (немесе) әкімшілік қызметшілердің бастамасы бойынша мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшінің атқаратын мемлекеттік лауазымдағы мемлекеттiк қызметiн тоқтатуына негiз болып табылмайды. 

Ескерту. 61-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

11-тарау. ӨЗГЕ ДЕ МӘСЕЛЕЛЕР


62-бап. Мемлекеттік қызметке қайта орналастыру

1. Адамды мемлекеттік қызметке қайта орналастыру, егер оның өтініші соттың ақтау үкімі күшіне енген не ақтайтын негіздер бойынша қылмыстық істің тоқтатылуы туралы қаулы шығарылған кезден бастап үш ай ішінде берілген болса, өтініш берген күнінен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей жүргізіледі. 

2. Мемлекеттік қызметші сот шешімімен мемлекеттік лауазымға қайта орналастырылған жағдайда бұл лауазымнан осы негіз бойынша шығарылған адам үш ай ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен ішкі конкурстарға қатысуға құқылы. 

3. Мемлекеттік органнан қылмыс жасағаны үшін сотталуына байланысты қызметтен шығарылып, кейіннен ақталған және тиісінше мемлекеттік лауазымға қайта орналастырылған мемлекеттік қызметшілерге жұмыста мәжбүрлі түрде болмаған уақыты үшін Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиян өтеледі. 

4. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен заңсыз шығарылған жағдайда осыған байланысты оларға келтірілген нұқсан олар қызметтен шығарылған мемлекеттік органның есебінен толық көлемде өтелуге тиіс. 

Қызметтен заңсыз шығарылған мемлекеттік қызметшілер біліктілік талаптарына сай келген жағдайда мемлекеттік қызметке бұрынғы (олардың келісімімен – соған тең) мемлекеттік лауазымға қайта орналастырылады және қызметтен заңсыз шығарылғаннан кейін қол жеткізе алмаған барлық құқықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл кезең мемлекеттік қызмет өтіліне қосылады.



63-бап. Аттестаттау

1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестаттау тәртібін, оның мерзімдерін және аттестатталатын мемлекеттік қызметшілердің санаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша өткізіледі. 

2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестаттауды өткізу үшін құрамына кемінде бес адам кіруге тиіс аттестаттау комиссиясы құрылады. Аттестаттау комиссиясын төраға басқарады. 

3. Аттестаттау қорытындысы бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің біреуін қабылдайды: 

1) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келеді және мемлекеттік лауазымын жоғарылатуға ұсынылады; 

2) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келеді; 

3) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай емес және мемлекеттік лауазымын төмендетуге ұсынылады; 

4) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай емес және қызметтен шығаруға ұсынылады. 

4. Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себеппен екі рет келмеген мемлекеттік әкімшілік қызметшілер қызметтен шығарылуға ұсынылады. 

5. Аттестаттаудан өтпеген және (немесе) мемлекеттік органдарда өзге де, оның ішінде төмен тұрған мемлекеттік лауазымдарда мемлекеттік қызметті жалғастырудан бас тартқан мемлекеттік әкімшілік қызметшілер қызметтен шығарылуға тиіс. 

6. Аттестаттау қорытындысы бойынша мемлекеттік әкімшілік лауазымын жоғарылату жоғары тұрған бос мемлекеттік әкімшілік лауазым болған және мемлекеттік қызметші осы лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген жағдайда конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады. 

7. Аттестаттау комиссиясының аттестаттау қорытындысы бойынша қабылдаған шешімі мемлекеттік қызметшіні жоғары тұрған мемлекеттік әкімшілік лауазымға ұсынуға, мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік әкімшілік лауазымын төмендетуге немесе оны қызметтен шығаруға негіз болып табылады. 

8. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның басшысына, уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне не сотқа аттестаттау комиссиясының шешіміне қатысты шағым жасай алады.

64-бап. Мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді тарту

1. Мемлекеттік органдар уәкілетті комиссияның шешімі бойынша шетелдік жұмыскерлерді Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмысқа қабылдай алады. Шетелдік жұмыскерлер мемлекеттік лауазымдарға орналаса алмайды және лауазымды адамдар бола алмайды. 

Шетелдік жұмыскерлердің лауазымдарын мемлекеттік органдар уәкілетті комиссияның келісімі бойынша белгілейді. Мемлекеттік органдар қабылдайтын шетелдік жұмыскерлер қызметінің сапасы үшін дербес жауаптылық мемлекеттік органдардың басшыларына жүктеледі. 

2. Мемлекеттік органдарға жұмысқа қабылдау кезінде шетелдік жұмыскерлер Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары уәкілетті органмен бірлесе отырып айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының міндетті арнайы тексеруінен өтуге тиіс. 

3. Шетелдік жұмыскерлерді тарту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. 

Ескерту. 64-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2017 № 86-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).



65-бап. Мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық

Мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасы уәкілетті органының мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту мен жетілдіруге бағытталған, шетелдік және халықаралық ұйымдар қатысатын бастамаларға, бағдарламалар мен жобаларға қатысуы арқылы жүзеге асырылады. 

Халықаралық ынтымақтастық мынадай бағыттарды қамтиды: 

1) мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық ұйымдарды құру және олардың қызметіне қатысу; 

2) мемлекеттік қызметшілерді шет елдерде оқыту; 

3) шетелдік мемлекеттік қызметшілерді және өзге де адамдарды Қазақстан Республикасында оқыту; 

4) мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша бірлескен зерттеулерді жүзеге асыру.

66-бап. Мемлекеттiк қызметті өткерудiң өзге де мәселелерi

Мемлекеттiк қызметті өткерудің осы Заңда реттелмеген өзге де мәселелерi Қазақстан Республикасының заңдарында, уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнің актілерінде, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде регламенттеледі. 


12-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР


67-бап. Мемлекеттік қызметті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

Мемлекеттік қызметті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен мемлекеттік бюджеттің қаражаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.



68-бап. Өтпелі ережелер

1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған азаматтар "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына "Б" корпусының кадр резервінде болудың бір жылдық мерзімі өткенге дейін конкурс өткізілмей тағайындалуы мүмкін. 

2. Алып тасталды - ҚР 30.11.2016 № 26-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі). 

Ескерту. 68-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.11.2016 № 26-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).



69-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. 

2. "Мемлекеттік қызмет туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 21, 773-құжат; 2001 ж., № 13-14, 170-құжат; 2003 ж., № 4, 24-құжат; № 18, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 61-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 17, 140-құжат; № 19, 147-құжат; 2009 ж., № 24, 122, 126-құжаттар; 2010 ж., № 24, 148-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; № 20, 158-құжат; 2012 ж., № 5, 36-құжат; № 13, 91-құжат; № 21-22, 123-құжат; 2013 ж., № 8, 50-құжат; № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат) күші жойылды деп танылсын. 

Ескерту. 69-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 20.12.2016 № 33-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).



Қазақстан Республикасының 




Президенті 

Н. НАЗАРБАЕВ 

 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет